Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аласапыран 1743 15 пікір 27 Ақпан, 2024 сағат 15:57

Ресей енді Приднестровьені қорғауға көшті...

Сурет Google іздеу жүйесінен алынды

«Z» пропаганданың соңғы кездегі қозғаған тақырыбы - «Санду Приднестровьені жоюға келісім берді ме?», «Молдова АӘО (СВО) өткізу аймағына кіре ме?» төңірегінде өрби бастады.

Енді «Z» пропаганда осы бағытта не көйітіп жатыр, соған біршама тоқталып өтпекпіз.

«Молдова мен Украинаның Приднестровьеге қысымы күшеюде. Кишинёв Тираспольге экономикалық қысымды арттырып, жақын арада оны қандай да бір жолмен өзіне бағындыруды көздеп отыр», - деп байбалам жасауда ресейлік БАҚ.

Бұған дейін Майя Санду мен оның жақындары Днестрдегі қақтығысты «бейбіт» реттеуді қолдайтынын айтқан болатын. Бұл дегеніміз ресейлік бітімгершілерді өңірден шығару және Кишиневтің билігін қалпына келтіру.

СОНЫМЕН РЕСЕЙШІЛ БАҚ НЕ ДЕП БАЙБАЛАМ САЛУДА?

«1 қаңтардан бастап Кишинев Приднестровьеге келіп түсетін тауарлардың импортына қосымша баж салығын енгізген болатын. Бұл Приднестровьенің экономикалық «егемендігін» шектеуге бағытталған алғашқы қадам емес. Приднестровьені орталыққа бағындыру көп жылдар бойы дәйекті түрде нығайып келеді. Приднестровьеде жағдай күрделене түсуде, көптеген жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар банкрот болудың алдында тұр», - дейді Ресейшіл БАҚ.

Румын саясаттанушысы Ханс Хартманның айтуынша, осыдан үш-төрт апта бұрын Санду Киевпен келіссөздер барысында Приднестровьедегі қарулы күштерді басып алуға келісім берген. Хартманнның айтуынша, бұл он мыңдаған ресейлік азаматтың өліміне алып келеді, ал Кишинев «демократия мен бостандық үшін күреспен» ақталады.

Ресейлік тарихшы Александр Дюков: «Ресейдегі президенттік сайлау қарсаңында Приднестровьеге шабуыл жасау – Киевке Авдеевкадағы сәтсіздігі үшін Батыстық қамқоршыларының алдында ақталуға мүмкіндік береді», - депті.

Бір апта бұрын Приднестровьеде Украина СІМ-інің арнайы өкілі Паун Роговей болып, ПМР президенті Вадим Красносельскиймен кездесті. Ресми баспасөз хабарламасына сәйкес, Роговей Киевтің қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бейілділігін растады. Шын мәнісінде, келіссөздерде Тираспольге қысым көрсету туралы да, Днестр маңы аумағы арқылы украин астығын экспорттауға байланысты түрлі схемаларды талқылау туралы да сөз болуы мүмкін. ПМР билігі қазір не халықаралық жағдайдың өзгеруіне, не ӘҚК барысында түбегейлі өзгеріске үміттеніп, уақытты созуға мәжбүр.

28 ақпанда Тирасполь қаласында барлық деңгейдегі депутаттардың съезі өтеді. Приднестровье тәуелсіздігінің бүкіл тарихында мұндай съездер небәрі алты рет өткізілген. Жергілікті оппозициялық саясаткер Геннадий Чорба ПМР-ді оның құрамына қабылдау үшін Ресейге жүгіну туралы шешім қабылданатынын айтады.

Чорбаның айтуынша, 29 ақпанда Владимир Путин Федералдық жиналысқа жасаған үндеуінде бұл өтінішке жауап бере алады.

Бұның жүзеге аса қоюы екіталай. Себебі Мәскеуде Приднестровьеде әскери көмек үшін қаражат арсеналы өте шектеулі. Бірақ Ресей, Приднестровьені Украина мен Молдоваға бере салмайды.

Атап айтқанда, Приднестровье басып алынған жағдайда РФ Қарулы Күштері оның аумағындағы Молдова ГРЭС-ін соғуға моральдық құқық алады, ол бүкіл оң жағалауды электрмен қамтамасыз етеді.

Бұл Майя Сандудың сайлауалды науқанына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бір жағынан, ол үшін соғыс жағдайын енгізіп, сайлауды мүлдем тоқтату, яғни украиналық сценарий бойынша жүру деген сылтау болуы мүмкін. Екінші жағынан, өмір сүру жағдайының күрт нашарлауымен соқтығысу Сандудың қоғамдағы қолдау деңгейін айтарлықтай төмендетеді.

Ресейлік зомби жәшік біздің де біраз отандастарымыздың басын айналдырып болды. Осы бағытта шындық пен өтіріктің ара жігін ашатын өткір мақалалар халықаралық тақырыпқа жиі жазылғаны жөн сияқты. Біз өз тарапымыздан сол ақтаңдақтың орнын толтыруға тырыстық.

Abai.kz

15 пікір