Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ғибырат 2688 3 пікір 27 Ақпан, 2024 сағат 13:22

Осы жұрт Оңдасыновты ұмытты ма?

Сурет aigak.kz сайтынан алынды

Мемлекет және қоғам қайраткері
Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл

 Кешегі Кеңестер Одағы кезеңінде ұлтымыздың, мемлекетіміздің қалыптасуына қажырлы еңбегімен сүбелі үлес қосқан азаматтардың алдыңғы қатарына Нұртас Оңдасыновты қосуға болады. Нұртас Дәндібайұлы 1940-1953 жылдар аралығында Қазақ Республикасы Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдары халқымыздың күш-жігерін біріктіріп, дұшпанды жеңу жолында аяусыз күресті. Қалаларда ондаған-жүздеген зауыт, фабрикалар салынып, олардың жұмыстары 2-3 маусымдық жүйеге ауыстырылып, жұмысшылар күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Ел басына түскен ауыртпашылықтан еңсесін тіктей алмай жатқан жылдары үкіметті басқарған қайраткер іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Алдымен сауатсыздықты жою ісіне белсене кірісті. Шалғай аудандарда мұғалімдер дайындайтын училищелер, облыс орталықтарында мұғалімдер даярлайтын курстар, училищелер, облыс орталықтарында мұғалімдер институттарын ашуға айрықша мән берді. Еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, руханиятын дамытуға орасан зор үлес қосты.

Соғыстың ауыр кезеңдеріне қарамастан, халықтың рухын көтеру мақсатында Н.Оңдасыновтың төрағалығымен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 95 және 100 жылдық мерейтойлры жоғары дәрежеде атап өтілді. Оңдасыновтың қолдауымен көптеген қалаларда жоғары оқу орындары ашылды. Бір ғана Алматыда Политехникалық, Қыздар педогогикалық институтының, Құрманғазы атындағы консерваторияның, Медициналық, Шет тілдері, Дене шынықтыру иниституттарының іргетасы қаланды. Опера және балет театры, облыстарда драма театрлары ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдастырылуына ұйытқы болды.

Ол - Қазақстанда тұңғыш рет Ғылым Академиясының дербес құрылысына бірден-бір атсалысқан адам. Жаңа ғимараттың салынуына қаражат қарастырып, іргетасы қаланғанда ырымдап «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп күміс ақша шашқаны белгілі. Қазақ Ғылым Академиясына Қаныш Сәтбаевтың басшы болып келуіне себепші болды. Қаныш Имантайұлының газетке жарияланған мақаласындағы болашақ ғылымның сөз зерделеуі ұнап, жаңа ой-пікірлерін білуге, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, пікір алысқаннан кейін, Кеңестер Одағы Ғылым Академиясының президенті В.Л.Комаровқа алып барып: «Қазақ Ғылым Академиясының болашақ президенті...» деп таныстырады.

1942 жылдың басында кенді Алтай, Лениногор, Риддерге іс-сапармен барған Н.Оңдасынов білімді, байсалды Дінмұхамед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырады. Д.Қонаев он жыл бойы Н.Оңдасыновтың орынбасары қызметін атқарады.

Нұртас Дәндібайұлы 1954-1955 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.

«Жауапты қызметтерде жүріп шығармашылықтан да қол үзбеді. Араб, парсы, орыс тілдеріне жүйрік еді. 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсы-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көріп, халық ықыласына бөленді», – деп жазады Д.А.Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты кітабында.

Қостанайға барған сапарында Хакімжан Наурызбаевтың талантын танып, Алматыға алып келіп оқытады. Осылайша қазақтың тұңғыш мүсіншісіне қамқорлық жасайды. Сол Хакімжан - Алматы қаласындағы Абай ескерткішінің авторы.

Оңдасыновтың Қазақ еліне жасаған еңбегін айту үшін бірнеше том кітап жазу қажет. Ол кісінің жарқын қолтаңбасы еліміздің барлық өңірінен көрініс табады. Соның айғағы - сол жылдары елімізде ашылған мұнай, түрлі түсті металдардың орасан зор кен орындары. Ондаған, жүздеген қала мен қалашықтар, кеңшарлар мен ұжымшарлардың өркендеп өсіп көркеюі, халқымыздың соғыстан кейінгі жылдардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы.

Оңдасынов өзі туып-өскен Оңтүстік өлкесін де назарынан тыс қалдырмаған. Іс-сапармен үнемі келіп-кетіп отырған. Өткен ғасырдың 40-жылдары Орталық Қазақстаннан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан, Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Қазығұрт аймақтарынан алғашқы кезеңде 18 мыңға жуық, кейіннен 14 мыңға жуық өз еркімен келген ерікті жұмысшылар Мырзашөлді игеруге Оңдасыновтың басшылығымен жұмылдырылды. Тың жерлерді игеруде «Достық» каналы мен жүздеген шақырым арық-атыздарды салуда жұмысшылар қыруар еңбек жасады. Соның арқасында мемлекетке жүз мыңдаған бағалы, стратегиялық маңызды шикізат, ақ мақта тапсырылды.

Үлкен кісінің осында келген сапарларының бірі жайында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, тоқсанға таянған ел ағасы, қазыналы қария Бекежан Тоқсанбаев былайша сыр шертеді:

«Нұртас ағамен тұңғыш рет 1943 жылы Қызылқұм ауданында жүздестім. Аудандық партия комитетінде ауылдық кеңес төрағасы Үсенбек Өтебаевпен бірге отырғанбыз. Ойда-жоқта есіктен әрең сыйып, ірі тұлғалы, көрікті де сұлу кісі кіріп келді. Бәріміз орнымыздан қарғып тұрып сәлемдестік. Сол сәтте Үсенбек Өтебаев кабинетте аялдамастан, сыртқа шығып кетті. Мен тосыннан келген тұлғалы кісіге қызығып, абдырап отырдым. Бір жағынан келген кісінің кім екенін білгім келген. Ол Қасымовқа тік қарап: «Мына адам кім?» - деп Өтебаевты сұрады. «Ол... ол өзіміздің ауыл советіміз - Өтебаев Үсенбек» дегенді естігенде Оңдасынов: «Ой, жарықтық, өзі қызық жан екен» деп таңырқап тұрып қалды. Сосын Қасымов екеуі ауданның шұғыл, уақыт күттірмейтін күрделі мәселелерін талқылап жатты».

Нұртас Оңдасыновтың Мырзашөлге келгені жөнінде қоғам қайраткері, еңбек ардагері Әділхан Сұлтанбеков естеліктер кітабында былайша жазады: «Бұл 1950 жылдың көктем айының бірі болатын. Мақтаарал ауданының Ильич поселкесіне (бүгінде Атакент) Қазақ Республикасының Кеңестер атқару комитетінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың келгенін естідік. Ол кісі бұқара халықтың басын жиып, 1 Май – (Мамыр) Халықаралық ынтымақ күнімен шын жүректен және де Ұлы Отан соғысының Ұлы жеңісіне бес жыл толуымен қызу құттықтады. Бірнеше кеңшарларды, ұжымшарларды, мақта өңдеу зауыттарын аралап, іс-тәжірибе жұмыстарымен етене танысты. Жұмысшылармен, шаруалармен жүзбе-жүз кездесіп, олардың әлеуметтік жағдайларынан да хабардар болды. Сол кезде Ильич ауданы атқару комитетінің төрағасы болған менің жездем Тілеуімбет Бейсенбаев пен Жібек әпкеміздің үйі үлкен қуанышқа бөленіп, ұлды болып, Нұртас ағамыз еліміздің бақытты азаматы болып ержетсін деген ниетпен есімін Бақыт қойған еді. Бүгінде Бақыт, Зибо жиендеріміз үлкен ғалымдар, өсіп-өнген жандар» - деп сөзін түйіндепті.

Бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толғалы отыр. Ұлы тұлғаның халқымызға, соның ішінде Мырзашөл өңіріне сіңірген орасан зор еңбектерін еске ала отырып, Атакент қалашығында Оңдасынов атамыздың ескерткішін орнатып, бір көшеге атын берсек, бұл өскелең ұрпаққа үлгі-өнегесі мол іс болатын еді.

Айыпберген Балтабайұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Түркістан облысы

Abai.kz

3 пікір