Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 1940 0 пікір 21 Ақпан, 2024 сағат 12:14

Ырысбек Жанболатұлы. Жұмбақ қала - Сейпіл

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Алматы облысының Райымбек (Нарынқол), Кеген, Шонжы аудандарының териториясына Қытай жақтан сұғынып келіп "Кетпен тауы" деп аталатын тау бар.

Ал бұл тау Қытай жерінде "Үйсін тауы" деп аталады. Үйсін тауының күңгейі мен теріскейінде Іле қазақ автономиялы облысының Күнес, Тоғызтарау, Шапшал, Текес, Моңғұлкүре деген аудандары орналасқан. Таудың екі қапталында Үйсін обалары молынан кездеседі. Өйткені қытай археологтары мен таришылары солай деп зерттеп жүр.

Ақын Ырысбек Жанболатұлы Наронқолдың Сүмбесінің (Абай ауылы) іргесіндегі, Моңғұлкүре (Өртекес) ауданының Түргенбұлақ ауылында дүниеге келген.

Оның айтуына қарағанда, осы Түргенбұлақ ауылының орнында тарихта жермен жексен болып кеткен "Сейпіл" деген қала болған екен.

"Біздің бала кезімізде осы "Сейпіл" деп атап кеткен ежелгі жұмбақ қалада адам сүйектері шашылып жататын, оны үлкендер қайтадан жерлеп қоятын. Сол жерден үй салған адамдар көне заттар тауып алатын. Кейде ірі адамдардың сүйегі шығатын, бір жілігінің өзі қазіргі адамдардың жілік сүйегінен бір есе үлкен болатын. Өртекестегі Үйсіндер тарихына тиесілі "Қызыл қала" осы Жұмбақ қала болуы әбден мүмкін. Осы қала туралы толғаныстан "Жұмбақ қала" деген поэмам дүниеге кеді", - дейді ақын.

Біз ақынның осы поэмасын сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

ЖҰМБАҚ ҚАЛА

Дүниеге қанбай көзі шөлдеген,
Ал адамзат не қасірет көрмеген?
Бақыт іздеп бар өмірін сарп қып,
Баян таппай келте өмірден ақыры,
Бірін-бірі жерге суық жерлеген.

Жер бетінде жатқан талай сыр тұнып,
Ақиқатын шындығымен сын қылып.
Кедей бай боп, патша Құдай болам деп,
Өресімен пенде шіркін ұмтылып.
Өтті талай заман көші қым-қуыт.

Паң, тәкаппар, сағым дала жатқан бір,
Талай тарих керуені асқан қыр.
Тас меңіреу жатыр төбе көсіліп,
Құпиясын білер аспан – тек жан бір,
Жұмбақ сырын жер жасырып тән жатыр,
Өтті қанша содан бері заман дүр?!
Беймәлім бұл кім болды екен, тәйірі-ай,
Жұмбақ сыры топыраққа айналған,
Көне жұмбақ қаладағы адам бір.
Ханзада ма шейіт болған соғыста,
Әлде, сірә, сатып алған құл ма екен?
Сыңғырлаған ару ма әлде сырғасы,
Канизагі болған ханым күң бе екен,
Кімге қоныс болған, сірә, бұл мекен?!

Қиял шіркін еркін оймен шарласын,
Дүниені көздеп жанар жанғасын.
Құпиясы ашылмаған сан ғасыр,
Кім тонады жұмбақ қала қамбасын,
Кім бұрды екен күйретуге ат басын.
Неткен жауыз жүрек жұтқан тас бауыр,
Бір қаланың ойран қылған қақпасын.

Салтанатын тәрк етіп жаулаған,
Талай патша қызығына қанбаған.
Зұлымдық пен мұң қалаға күйреген,
Күңіреніп жылайды аспан, тау, далам.
О, Хан-Тәңір, көк тіреген, сен айтшы,
Жаралғалы қасиетіңнен танбаған.

Қай ғасырдан тарихыңды бастадың,
Үйсіннен бе, әлде, ертедегі Сақ па, Ғұн?!
Жарты әлемді жаулаған ол Шыңғыс па,
Қай ғасырдан бастау алып жатқаның?
Елесімен жатқан терең бір сағым,
Кім отарлап, кім қиратып кім шапты?
Қай патшаның алған келіп хан тағын.

Күбірімен сыбырлаған пенденің,
Кім талқандап, кім жойды екен еңбегін?
Жер бетінде жойылған мың сан халық,
Қатал тағдыр тартып өмір кермегін.

Жер жасырып күнбезін күн қақтаған,
Дүниенің сырын адам таппаған.
Хан сарайын алтынменен аптатып,
Жеңер бәрін, жеңер ғасыр аттаған.
Семсер қылыш қынабында жатпаған,
Сан керуен дүниені таптаған.

Қанша патша өткен өктем жар салып,
Қанша керуен көш түзеген тамсанып.
Жұмбақ қала сырын бүгіп тұр шөгіп,
Сұп-сұр ғасыр хикаясын ақтарып.

Сәулетімен жалғасып бақ жанбаған,
Өтті қанша өзгеріп мың сан ғалам.
Жолақ, жолақ жолдар жатыр бел асып,
Замананың үні желмен зарлаған.

Құлындайын құндақтаған көгендеп,
Сыр жасырған құпиясын шегендеп.
Тұр тарих ақтарылмай парағы,
Жатыр жылап қасіретін жеңем деп,
Жұмбақ қала куәсі боп жер мен көк.

Құпиясын қимай терең жатқа анық,
Күйін бөлек сыр далаға ақтарып.
Қай антұрған жермен жексен етті екен,
Қанша қылыш жүзінен от, қан тамып?
Қаншама батыр сауыт киіп қан кешіп,
Қаншама адам зар жылады шерменде,
Қаншама адам жауға ұрандап аттанып?

Дүбірімен түркі көшіп шарлаған,
Сыр шертеді тәкаппар тау, паң далам.
Кезеңінде керуеннің ізі қап,
Мұңын шаққан жұлдыздарға самсаған.
Жер бетінде жатыр жұмбақ бір қала,
Жауыздықтан қалжыраған, шаршаған.

Мұңлық сырын айтар жан жоқ бір қанып,
Жасады деп бұл қалада бір халық.
Топырағына тері сіңген қанымен,
Тамырына тарихтың шырмалып,
Жасын төгіп қандай мұңлық жылады
Зарын жұтып қасіретпен мұңданып?
Содан бері қанша ғасыр, жыл өтті,
Тағы құлап қанша патша жындандып.

Жатыр шөгіп сыры жұмбақ бір қала,
Топырағында торқа болып мұң нала.
Қанша патша тағында бас игізіп,
Қанша сұмдық болған тағы зіл-зала.

Анау қамал қай хандықтың қамалы,
Аттила ма, Күлтегін бе, Тамарис?
Ай толықсып аспанында жанады,
Жым-жырт күйге енген көне қаланың,
Бағы жанып, шамы неге жанбады?!

Құпиясын қайнатып ой тарих,
Күй боп еніп кетті ме, әлде, санаға.
Домбырадан төгілген күй шанағы,
Теңіз толқып ұрғандай кеп жағаға,
Мұңын терең жұлдыздарға шаға ма?!

Мұрагер ме таласқан хан тағына,
Зұлым мыстан түскен бе әлде зарына.
Сыр жасырып жұмбақ қала мұнары,
Отырмаған патша келіп тағына.

Обаларын ескерткіш қып орнатқан,
Жағасында өзен ағып, жол жатқан,
Үйсіндердің бәлкім көне жұрнағы,
Болар бәлкім Қараша хан, Бақтияр,
Тәңір Құты хан ордасы орнатқан.
Болған ғажап тұлпарлардың мекені,
Таққа хандық ханзадасы таласып,
Жансыз келіп есіл халқын сорлатқан.
Елжау Күнби қорғаны ма кешегі.

Тарихқа тас меңіреу том жатқан
Хан[1] орданың үш ханымын сый қылып,
Отаршылдар тарихына жол тартқан,
Ой таласып Хан-Тәңірі заңғармен,
Көк Тәңірі құдіретіне сыйынып,
Сахарада салтанатпен алған дем.
Тарихтың өшпей биік шынары,
Шұғыласы биігінде нұр құйып.

Мұңын терең бөлісетін таулармен.
Үйсіннің бұл ордасы ма күн сүйген,
Сыры жұмбақ бұл қаланы кім білсін?!
Бар шындығын ұрлап жатқан күндермен.
Пенде тірлік қызығымен күн көрген,
Қалды кімнен жұмбақ қала, жұмбақ сыр,
Кімдер кетіп, бұл қалаға кім келген?!

Етегінде Үйсін таудың тұншығып,
Қыршын үміт қыршынынан қыршылып,
Құпиясы жұмбақ әлем бір сынық,
Күнде өтемін жағасынан ескермей,
Күйбеңімен күн өткізген тіршілік,
Бұл қаланың сыры жұмбақ, беймәлім,
Жазылмаған дастан түгіл, күнделік,
Содан бері қанша ғалам өзгеріп,
Қанша талдар қурады екен,
Қанша талға бүр шығып?!
Бір керуен ел келеді жалғасып,
Құдайына жасап жүрген құлшылық,
Бірақ, әттең...
Айтар мұңлық шежіресін қарттар жоқ,
Көкейіне сәуле қонған тұп тұнық,
Жатыр шөгіп жұмбақ қала тарихы,
Мені есейткен туған жерде тұншығып.

[1] Хан - Қытайдың Хан патшалығы.

Ырысбек Жанболат

Abai.kz

0 пікір