Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Мәдениет 1131 2 пікір 14 Ақпан, 2024 сағат 15:11

Ақботаның әсемдік әлемі

Суреттер автордың ұсынылуымен жарияланды

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Ақбота Рахаттың шығармашылығы туралы

Кәсіби актерлік жолын 2005 жылы бастап, қазірде көптің көзайымына айналған Ақбота Рахат Григориан күнтізбесінің 84 жылы дүниеге келген. Қиялының жүйріктігі сондай, тіпті үй жинағанда да сары сыпырғышын қолына алып, теңіздей толқыған қою қара шаштарын жайып жіберіп, тас төбесінен камераға түсіріп тұр деп елестетеді екен. Ән айтып жүріп үй сыпырады деген әңгімелерді көп тыңдаушы едік, ал өзін актриса сезініп тербелуін бірінші рет естуім. Құдды бір болашақ Аркадина роліне дайындалып жүргендей.

Сахна табалдырығын аттаған әрбір актер өз кіндік қаны тамған ауыл-аймағының бір-бір әртісі болған десек қателеспеспіз. Алматы шаһары маңында орналасқан Ақши ауылындағы көңілді концерттердің, театрландырылған көріністердің бірде-бірі Ақботасыз өтпеген. Ешқайда аяқ басып көрмеген қыз бала Алматының қақ ортасында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бар екенін де білмеген. Әпкесі жетектеп әкеліп белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиевқа тапсырмағанда қазіргідей Аркадина, Ангустиас, Бөрте, Қамажай бейнелерін көрмес пе едік. Өзі сондай ерекше, биязы, жүзі жылы, жайдарлы, дауысының үні мүлдем бөлек, естігенде құлағың елең ете қалады. Осы күнге дейін даусын анық сипаттайтын бірде-бір сөз таба алған емеспін. Кейде ойлаймын, сөз сөйлегенде майын ағызатын қазақ халқында осы бір керемет дауысқа теңеу болмағаны ма  деп таң қалам. Ұстазы да көреген кісі болса керек Ақботаның аудиторияға кіргеннен бастап сөйлеген алғашқы сөзінен тембрының ерекшелігін байқаған. Актрисаның айтуынша жетекшісі батыстан шығысқа дейін созылып жатқан академия шеберханаларының есігінен қызғыштай қорыған. Оқу бітіргеннен кейін қолына дипломын ұстатып, Ж.Хаджиевтің өзі Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жас-өспірімдер театрына бағыттап әкелген.

Мүсірепов театрына келген алғашқы жылдары Ақбота сомдаған күрделі кейіпкердің біріншісі Фатима еді. Ақын-драматург Иран-Ғайыптың үш бірдей алпауыт қазақтың сүйікті жары болған «Фатима» қасіретнамасында өнер көрсету актрисаға мол жауапкершілікті арқалатты. Әрине қиналады. Актрисаның өзі де роль шығару кезінде біраз кедергілер болғанын жасырмайды. Сондай қилы заманда қалай ғана үш аптал азаматқа жар бола білді? Неткен батылдық, қандай құпиясы бар екен? Осындай жанды, көп балалы ананың тағдырын сахнада кешу үшін Ақбота бас кейіпкердің өмірдегі күнделігін өз кәдесіне жаратқан. Осы ізденісі арқылы батыр ананың ішкі сезімін, ойын, дара мінезін және алға қойған ұстанымдарын таба білді. Бірақ, спектакльдегі Фатиманың бейнесі тиісті дәрежеде көркемдік деңгейде шықпағанын айту керек. Оған себеп, режиссердің актерлермен бір тандемде жұмыс жасамауы және қойылым айтарлықтай кәсіби деңгейде шықпай, режиссерлік шешімі солғын түсіп жатуынан дер едік. Спектакльдегі орынсыз әуендер, түрлі жарықтар, сахналық көріністерінің ауысып жатқанын көрсетіп тұрған декорация бұрынғы КВН ойындарындағы залдың қақ ортасында тұрған киім ауыстыратын баннер тәрізді. Мәйіттердің өздері домалап барып сахнадан кете салуы осының бәрі өте дарынды актерлердің, Ақботаның шығармашылық шабытын, кәсіби мүмкіндіктерін байлап қойғандай. Алайда, осы рольден-ақ Ақботаның психологиялық терең бейне жасауға деген талпынысы анық байқалып еді.

Актерге ең керегі жүйрік қиял, тоқтаусыз ізденіс және де ақ ұлпадай нәзік сезім. Актриса кейіпкерін зерттеу кезінде, алдымен оны қиялының шабысына салатын. Дайындық барысында режиссер тісінің арасынан шыққан әр әріпін, оның көңіл-күйін және қимыл-қозғалысын терең зейінмен бақылап отыратынын жасырмайды. «Өйткені, әр кейіпкердің бейнесі сол шығарманы сахналап жатқан ұйымдастырушының ішінде жатады» - дейді, сахнагер А.Рахат.

Өзінің табиғи тартымдылығымен режиссер назарын аудартпай тұрмайтын Ақботаның қанжығасында Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасындағы – Сылаң ролі бар. Режиссер А.Маемиров бұл пьесаны Мүсірепов театрының төрінде қойды. Ортаңғы есіктен сахнаға дейін залдың қақ  ортасына қойылған подиумнан сылаңдай басып кіріп келе жатқан ақ құба, сұңғақ бойлы, көз тұрмақ ойдың жауын алатын Ақботаны көргенде таза түлкі дерсің. Он секундтық жүріп өткен жолында актрисадан ескен магнитизмді байқамай қалған тірі жан болмаған шығар. «Кішкентай роль болмайды, оны үлкейтіп көрсететін актер болады» дегеннің мен көрген бірден-бір дәлелі осы болар. Өзінің дене-бітімінің ептілігімен, қимыл-қозғалысымен Сылаң бейнесін одан әрі аша білді.

Сірә, Антон Чеховтың суреткерлік шеберлігі кез келген драматургтың бойында кездесе бермесі анық. Дегенмен әр жазушы өзінше бір ғалам. Осындай әдемі әлемде туылған «Шағала» спектаклін Ақбота актерлік шеберлігінің арқасында одан сайын көркейте түскен. Әсіресе, Аркадина Тригоринның басын айналдыратын тұстағы Тригоринның: «алып кетші мені» деген сөзінен кейінгі: «а, қайда барамыз?» деп арбаушы әйел бейнесінен оп-оңай шыға салып, басқа кейіпке әп-сәтте ауыса кетуі үлкен шеберлік. Сахнада өзінің жеке дара қойылымын қойып ала ғана қоймай, сонымен қатар артынан бар көрерменді ертіп ала білді. Образының сыртқы бейнесі мен ішкі жан дүниесі астасып жатқан Ақботаның қазақ сахнасының актрисаларының арасында рухани еркіндігі айрықша көзге түседі. Тап осы ролін 2022 жылы өткен М.Әуезовтың 125 жылдығына арналған VIII Орта Азиялық елдерінің халықаралық театр фестивалінде тәжік, өзбек, орыс және әзірбайжан сыншыларының көздері көре тұра «Үздік әйел бейнесін» бермеуі әлі де жүрегімізді қынжылтады. Бірақ Ақбота мықты. Жүлде үшін емес, жан рахаты үшін өзін сахнада аямай қамшылайды. Нағыз артист. Ол Дулат Исабековтың «Әпке» пьесасында Қамажай бейнесін сомдайды. Қамажай-Ақбота інісі Теміржанды жақтан бір салып алып, кейіннен сол бауырын ұрған қолдарын өзі алып берген жап-жаңа жылтыр туфлиімен оңдыртпай сабай жөнелгенде мынау нәзік саусақтарға қарап жаның ашығаннан түріміз бозарып кеткені анық. Қандай шынайы. Режиссердің берген тапсырмасы емес, өз шеберлігімен Қамажайдың өмірін бастан кешкен сәт болды. Үш құрамның ішіндеге автор қалаған жүрегі басқа материалдан жасалған Қамажайды сахнагер дәлме дәл көрсете алды.

Ақбота тек талантты актриса бола қоймай, сонымен қатар өзінің өлеңге, поэзияға деген ынтызарлығымен, сүйіспеншілігімен танымал. Жан-жақты болуды қалайтын өнерпаз асқақтатып ән салудан да құр алақан емес. Кей әндердің сөзін де, сазын да өзі жазатын қабілеті тағы бар.

А.Рахат секілді әдемі реңді, дене-пішіні сымбатты, өзінің ізденістерімен рухани байып, дамып отыратын актрисалар қазақ сахнасында көп емес. Ал, кәсіби өнер жолында әрдайым ізденісте жүретін Ақбота Рахатқа шығармашылық жетістіктер тілей отырып, одан Клеопатра, Томирис сынды кесек рольдерде көргіміз келетінін айтар едік.

Тойбек Әбілқасым,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,

«Театртану» мамандығының 2 курс студенті

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1389
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1218
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 966
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1052