Сенбі, 27 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4796 10 пікір 12 Ақпан, 2024 сағат 14:41

Мәскеуді жаудан кімдер қорғап қалды?

Сурет: Википедиядан алынды

316-қазақ атқыштар дивизиясы 1941 жылдың жазында (маусым айы) Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен кезде, Алматы қаласында жасақталды.

Генерал И.В.Панфиловты сол кездегі Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов Фрунзе қаласынан (қазіргі Бішкек) шақыртып алып, (Қырғызстанда гарнизон командирі болатын) Алматыда арнайы қазақ ұлттық дивизиясын жасақтауға кеңес берді. Соғыс кезінде Қазақстанда басқа да дивизиялар құрылған еді. Бірақ, олар ұлттық дивизия емес болатын. Алматы түбіндегі Талғарда дивизия құрамындағы әскерлер бірнеше ай бойы жаттығудан өтіп, осы жылдың 17 қыркүйегінде эшелонға тиеліп майданға аттанып кетті. Дивизия құрамының көпшілік бөлігі қазақ, қалғаны – қырғыз, орыс, украин, татар, тағы басқа ұлт өкілдерінен тұрды. 

316-қазақ дивизиясы алдымен қоршаудағы Ленинград түбіне түсірілген еді. Бірақ Иосиф Сталин дивизия­ны Мәскеу түбіне аударып, мар­шал К.Рокоссовскийдің қарамағындағы 16-шы армияға қосты. Жауды сай-саламен, сондай-ақ орманмен келетін болар деген оймен, 16-шы ар­мия­ның барлық дивизиялары, бөлімдері, соғыс техникалары осы орман мен сайларға орналастырылған-ды. Немістер Мәскеуге соғысты осы бағыттан жасаған  еді. Жау Мәскеуге тура апа­ратын жазықта орналасқан Волоколамск ауданы мен ондағы Дубосеково трассасына көп көңіл аудармаған болатын. Орыстар әскерінің көбін, осы  жазық далаға орналастырған шығар - деген пікірде еді. ­Волоколамск ауданына жаңадан келген алматылық 316-қазақ атқыштар дивизиясын, Рокоссовский 45 шақырымдық (километр) ашық далаға орналастырды. Мәскеуге ұмтылған жау орман, өзен, сай-саласы мол бағыттан қатты қарсылық көріп өте алмаған соң (бұл арада маршал Рокоссовскийдің дивизиялары мен соғыс техникалары орналасқан - ды) фашистер Волоколамск бағытына арнайы барлаушылар жіберіп, Мәскеуге таяу орналасқан ауданның және Дубосеково жолының ашық жатқанын білді, сондай-ақ жақында ғана келіп орналасып жатқан бір дивизия ғана барын анықтады.

Жау өздерінің алданып қалғанын біліп қатты өкінді. «Әскерді баяғыдан осы тұстан  жібергенде, Мәскеудің табалдырығынан өтіп, орыс көшелерінде ойран салып жатар едік-ау» деп қатты өкінді. Сөйтті де, Мәскеуді алуға арналған барлық күшті және техниканы Волоколамск бағытына дереу аударды. Сөйтіп, олар жалғыз дивизия орналасқан аумақты бірнеше сағатта тас-талқанын шығарып, тас жолмен танкілерді Мәскеуге кіргізіп жіберуге ұмтылды. Бірақ, көресіні осы жалғыз азиялық дивизиядан көрді. Орыстардың Сібірде жасақталып жатқан дивизияларынан әлі хабары жоқ болатын. Жау бірден үш жаяу әскер дивизиясын, сонымен қатар бір моторлы техникалары бар дивизия мен 700-ге тарта танкісі бар дивизияны тез арада Волоколамск ауданына аударды. Басқа дивизияларын да осы бағытқа тездетіп жинақтай бастады. Қазан айының ортасына таман Мәскеуді алуға арналған жаудың барлық күші осы азиялық жалғыз дивизияны неғұрлым тез таптап өте шығуға жабыла кетті. Генерал Панфилов штабта отыра алмай полк, рота батереялардың арасында баладай жүгіріп жүрді. Жарылған снарядтар мен жаңбырдай жауған оққа да қарамады. Қасындағы көмекшілері, радистері бірінен кейін бірі оққа ұшты. Кейіннен қолға түскен жаудың бір офицері Кромер, үйіне былай деп хат жазған екен: «2-қазан күні Мәскеуге кіреміз деп ойлап едік, соған дайындалып жүргенбіз, алдымыздағы өңкей азиялық елдің адамдарынан құралған дивизияны құртып жібере алмай тоқтап қалдық. Өздері қырылып жатса да шегінбейтін адамдар екен.  Әскеріміздің жүрегі қайтып қалған секілді. Бірақ, фюрердің бұйрығын алдық. Осы арадағы Мәскеуді алуға жинақталған 28 дивизияның барлығын осы тұсқа  жіберуге бұйырған екен. Мүмкін, осы күшпен жарты күннің ішінде бұларды таптап өтерміз. Келесі хатты Мәскеуден жазармын» депті («Панфиловшылар», Ф.Селиванов). Панфилов дивизиясындағы әрбір рота мен взводта танктерге гранат лақтырушылар тобы ұйымдастырылды. Бұған жүректі, күшті азаматтар іріктеліп алынды. Гранаттар мен жанғыш заттар соларға берілді. Қиян-кескі соғыстар жүріп жатты.

Мәселен, аға лейтенант Райкиннің окоптарына бірден 40 танк лап қойды. Оларға ілесе жаудың жаяу әскерлері келеді. Жау танкілерінің бірі солдат Төлеқабылов жатқан окопқа таяп келді. Ол ұшып тұрып, граната лақтырды. Жарылған граната танкінің ішіне түсіп, гүрс еткен дауыс естілді. Міне, оған екінші танк таяп келіп қалды. Төлеқабылов жандырғыш сұйық зат құйылған бөтелкені лақтырды, танк өртеніп кетті. Ержүрек ­жауынгерге қарай үшінші танк келе жатты, ол тағы да граната лақтырды. Өзі де ауыр жараланды. Тағы бір танк қасына келіп қалды. Төлеқабылов лақтыруға шамасы келмей гранатаны бауырына қысып ұстап, танкінің шынжыр табанының астына ­барып құлады.

Дивизиядағы гранат лақты­ру­шылардың тобы негізінен қазақ жігіттерінен құралған. Олар өздеріне берілген тапсырманы ерлікпен орындап шықты. Дегенмен, ешқайсысы тірі қалмады. Қайран азаматтарға Кеңес Одағының Батыры атағын ешкім ұсынған да, берген де жоқ. Осы арада аздап шегініс жасап, мына бір мысалды келтіре кетейік: « – И.Сталин, орал на Жукова – казахстанская  дивизия на грани разгрома, а где сибирская дивизия». По поручению Иосифа Виссарионовича, Жуков должен был направить сибирские дивизии на подмогу, но не уложился в назначенные сроки, что привело Сталина в ярость» (Из книги «Тайна Сталина»).

316-қазақ дивизиясы Мәскеу түбінде Сібірде жасақталған дивизиялар келіп жеткенше бір ай он күн жаудың бүкіл 32 дивизиясын бір өзі ұстап тұрды.

Кейіннен бұл дивизияға Гвардия атағы берілгенімен, сібірден келген әскермен толықтырылса да, бұрынғы дивизиядағы елімізден келген  жауынгерлерінің 90 пайызы қаза тапқан еді. Бұл кезде орыстың қаhарлы қысы да келіп жеткен болатын. Жау техникалары және әскерлері қатты аяздан шабуылға шыға алмай, техникасы қатып, әскерінің көп бөлігі үсіп кеткен еді. Сонда,  орыстың  астанасын қанын төгіп, кімдер қорғап қалды?!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

10 пікір