Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 998 6 пікір 12 Ақпан, 2024 сағат 14:21

Бөтен сөзбен былғанды ана тілім...

Коллаж: egemen.kz

Қашан да байға кедей, зерделіге зердесіз тең емес. Бірақ бізде барлық қазақты «тең» қылатын, бәріне ортақ бір нәрсе – бөтен жұрттың сөздеріне деген құмарлық.

Базардағы саудагер, мекемедегі бастық, көшедегі жастар, үйде немересімен отырған әжей, балабақшадағы тәрбиеші, өнер жұлдызы, елге танымал журналист «шок алдым», «шокта болдым», «шок болып қалдым» деп ботқаламай қазақша «қайран қалдым», «таңданып есеңгіреп қалдым», «шошындым», «тілім байланып қалды», «төбемнен жай түскендей болды» деген бейнелі де нәрлі тіркестер мен сөздерді қолдануға қазақылығы жетпейтін сияқты.

Тілді ластайтын, фонетикалық, грамматикалық заңдылықтарымызға да үйлеспейтін ағылшын сөздері көбіне орыстілді ақпарат құралдары арқылы келеді де оны жылтыраққа әуес өзіміздің әріптес журналистер мағынасына да бас қатырып жатпай тотықұсша қайталай береді. Өзгенің аты өзге, бөтен сөздің дыбысталуы да қазақ тілінің үндестік заңымен үйлеспей, оғаш естіледі. Ал сол «әшекей» үшін айтылатын ағылшын сөздерінің лексикалық қоры бай қазақ тілінде айтар ойды кез келген контексте дәл жеткізетін баламалары бар. Солардың ең жиі қолданылып жүргендерін алып қарайық:

хайп (hype) – жылтырақ жарнама, көпірме мақтау, әсірелеу,

хейтер (hater) – жек көруші, қастас, өштес,

фронт офис (дұрыс айтылуы: франт офис) front office – сөзбе-сөз аудармада «алдыңғы кеңсе», яғни қабылдау бөлімі,

индаумент фанд (endowment fund) – қайырымдылық қоры,

индаумент (endowment) – (қайырымдылық мақсатындағы) сый, тарту,

буллинг (дұрыс айтылуы: булиң) bullying - әлімжеттік – (бұл сөз bully (жасы кішіні немесе әлсізді) қорқыту, әлімжеттік жасау етістігінен жасалған),

харасмент (дұрыс айтылуы хәрәсмент) harassment – тиісу, соқтығу, мазалау. Бұл сөз негізінен әйел адамдарды жыныстық мақсатта мазалау, немесе адамға нәсілшілдік себеппен тиісу мағынасында қолданылады,

шок (shock) – ауыр күйзеліс, соққы; шошыну, үрей, қорқыныш; қатты таңданыс,

бестселлер (bestseller) «ең жақсы сатылатын», сатылымы жоғары кітап, оқылымды кітап,

лоукостер (low-coster) – «төмен құнды», билеті арзан, қолжетімді ұшақ,

ноу-хау (know-how) – практикалық білім, технологиялық әдіс, жұмыс әдісі,

стартап (startup) – бастаушы, жолбастар, ізсалар, түрен салушы (Бұл сөз жаңа өнім түрін шығаруды алғашқы болып қолға алған кәсіпорын немесе компанияға (startup company) қолданылады,

юзер (user) - пайдаланушы,

коворкинг (дұрыс айтылуы: коууөкиң (coworking) - іскерлестік (Әр түрлі компания өкілдерінің құрал-жабдықтар мен жихаздарды ортақтаса пайдалану үшін бір бөлмеде жұмыс істеуі).

Осыдан біраз жыл бұрын мені телефон арқылы іскерлестік орталығының ашылуына шақырып, «коворкинг орталығы ашылады» дегенде «Коворкин деген кім?» деппін. Орыс тілінде сәйкес дыбыстар болмағандықтан бұл сөздер бұзылып айтылады, қызық естіледі, ал қазақ тілінде еуропалық тілдердегі дыбыстардың барлығы дерлік бар. Бөтен сөздерді қолданбай таза қазақша сөйлеуге де тіліміздің мүмкіншілігі зор. Тек жауапкершілік, сана- сезім жетіспей тұр.

Марат Ермұқанов,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Abai.kz

6 пікір