Сенбі, 27 Сәуір 2024
жазылған жайдың жаңғырығы 1685 19 пікір 7 Ақпан, 2024 сағат 14:14

Шыңғыс ханының түркі тарихындағы рөлі

Жақында Abai.kz сайтында Өмірзақ Ақжігіттің «Мағауиннің бағы мен соры» атты көлемді мақаласы жарияланды. Бұл мақала бастан аяқ Мұхтар Мағауиннің Шыңғыс ханды ұлықтауына, ол кісінің Шыңғыс ханды ұлы тұлға ретінде тануына, бар қазақтың да Шыңғыс ханды сол өзі таныған деңгейде таныса деген ниетіне қарсы.

Ол М.Мағауинның  мына жазғандарын мысалға келтіре отырып, сын тезіне салады.: «Әйтсе де, «Қазақ жұрты қаншама өлең-жыр, аңыз-әпсанаға қосып ардақтаған Шыңғыс хан есімі біздің халқымыз үшін, міне, 900 жылға тартты, ұран болды, қуат болды, ақыры арманға айналды, ал, оның ұрпағы, яғни, мына біз үшін еткен еңбегі ғажайып әрі ғаламат» дейтін ағамыз Шыңғыс ханның шарапатын насихаттаудан жалығар емес,- деп, мынадай бірнеше сұрақтарды қойыпты: Осы Шыңғыс ханның қазақ болғанынан, әлемдегі ең алып империя құрғанынан қазаққа келер қандай пайда бар?

Осы империя қол астындағы елдерге қандай және қаншалықты мол жақсылық әкелді?

Қай елдерде өнеркәсіп пайда болды, ауыл шаруашылығы қарыштап алға басты?

Қай елдерде араб халифатындай ғылым мен білім ерекше дамыды?

Өнер мен әдебиеттің, сәулет пен мәдениеттің өлмес, өшпес үлгілері дүниеге келді?

Мақала авторы осы сұрақтарды қоя отырып, Шыңғыс ханның бұл шапқыншылығынан адамзат баласына қасіреттен басқа ешқандай пайда болмағанын алға тартып, Шыңғыс ханды адамзаттың сорына келген тұлға ретінде танытады. Демек, М.Мағауиннің де соры осы тұрғыдан бағаланып отыр.

Алайда, авторды қазақ даласында өмір сүрген небір асылдар мен абыздардың бірде-бірі Мағжанды қосқанда Шыңғыс ханға қарсы бір ауыз қарсы сөз айтпағандығы ойландырмайтын сияқты. Шыңғыс ханның түркі тарихындағы ролін, адамзат тарихындағы ролін әсте сызып тастау мүмкін еместігін түсінгісі келмейді. Егерде Шыңғыс хан шапқыншылығы болмағанда, Жошы ұлысы құрылмағанда түркі мемлекеттігі де, түркі мәдениеті де тарих сахнасынан мүлде кеткен болар еді. Өкінішке орай, бұл тарихтан тарихшыларымыз да, мәдениет танушыларымыз да мүлде хабарсыз. Себебі, біз әлі күнге өзімізді-өзіміз тани алмай келе жатқан халықпыз. Сондықтан, бұл мәселені тарқатып айту үшін алдымен сол Ⅹ-Ⅺ ғғ. Ислам әлеміндегі діни-рухани үдерістерге талдау жасаудан бастағым келіп отыр. Өйткені, одан кейінгі ғасырлардағы адамзат тарихы басында болған қасіртетті оқиғалардың барлығының кілті осында жатыр. Бұл мәселе түсініктірек болу үшін дін мәселесіне тереңірек бойлау қажеттігі туып отыр. Ол үшін алдымен Пайғамбарлар деген кім? Және олардың адамзат тарихында ролі қандай деген сұраққа жауап беруіміз керек. Пайғамбарлардың адамзат тарихындағы ролі адам баласының рухын Рухани әлеммен байланыстырып, адамзат баласын Жаратушының рухани ыпалынан шығармау болып табылады. Әр пайғамбардың адамзат баласы үшін әкелген рухани қуаты 400-500 жылға жетеді. Ол әлсіреген кезде жаңа пайғамбар келіп, рухани байланысты қайта жаңғыртады. Мұхаммед пайғамбар сол Рухани әлем мен адамзат рухын байланыстырған соңғы Пайғамбар, пайғамбарлардың мөрі. Ол кісіден кейін адамзат қоғамына пайғамбардың келуі мүмкін емес. Мұхаммед пайғамбармен келген рухани қуат әлсіреп, Ⅹ ғасыр қарсаңына келгенде Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс үзілуге шақ қалды. Адамзат қоғамы барынша азғындады. Ол туралы Йасауи бабамыздың Хикметтерінде жеткілікті дәлелдер бар. Егерде осы тұрғыдан қарайтын болсақ, одан кейін жер бетіне ақырзаман келуі керек болатын. Бірақ, Тәңір Тағала адамзат баласының жер бетінен ерте кетуін қаламады. Пайғамбарлардың орнына енді әулиелерді шығарды. Енді пайғамбарлардың орнына Рухани әлеммен адамзат рухы арасындағы байланысты қалпына келтіруді әулиелерге тапсырды. Анығырақ айтсақ, Мұхаммед пайғамбардың тікелей ұрпағы Қожа Ахмет Йасауиге тапсырды. Демек, Қожа Ахмет Йасауидің дүниеге келуі кездейсоқ емес, Тәңір Тағаланың Өзінің жоспары. Ол туралы Йасауи бабамыздың шәкірті Сүлеймен Бақырғани былай дейді:

Сұбхан Ием өзі еді, Мұстафаға бұйырды,

Арыстан бабам тапсырды, шайхым Ахмет Йасауи.

Қожа Ахмет Йасауи сол кезеңде Ⅺ ғасырда Рухани әлем мен адамзат қоғамы арасындағы рухани байланысты қайта қалпына келтірді. Ол үшін Йасауи бабамыз дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтерді. Дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеру адамның физикалық-материалдық болмысымен шектелмей, адам рухын белсенді күшке айналдырып, Рухани әлеммен байланыса алатын субстанция деңгейіне көтерді. Діннің өзі жаңа сипатқа ие болды. Йасауиге дейін дін шариғат шеңберімен шектеліп, адамның физикалық болмысын реттейтін заңдылықтар жүйесі болса, тариқат деңгейінде адамның рухани болмысының қажеттілігін реттейтін күшке айналды.  Мұның өзі адамзат қоғамын жаңа сатыға көтере алатын деңгей болатын. Адамзат санасында осындай өте күрделі өзгерістерді әкелген Қожа Ахмет Йасауи өзі сияқты Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланысты үзбей ұстап тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. Йасауи бабамыздың сол жанқиярлық еңбегінің арқасында адамзат баласы тағы да 800 жылдан аса уақыт өмір сүруге мүмкіндік алды. Ол кісі өзіне 99 мың шәкірт дайындады. Соның арқасында бүкіл түркі әлемі өзге мәдениеттерге жұтылу қаупінен құтылды. Адамзат тарихындағы әулиелер кезеңі басталды. Алайда, тек рухани ілімнің күшімен адамзат баласының бағыт-бағдарын толығымен өзгерту мүмкін емес болатын. Сол үшін Тәңір Тағала жер бетіне Шыңғыс хандай билеушіні жіберді. Егерде Қожа Ахмет Йасауидің дүниеден өту жылы мен Шыңғыс ханның дүниеге келу жылы 1166 жыл. Бұл жәй сәйкестік пе? Жоқ, Тәңір Тағаланың Өзі жоспарлаған әрекеті болатын. Өйткені, сол кезеңде Йасауи бабамыздың дүниеге келтірген ілімі мен түркілердің қайтадан өзінің дәстүрлі мәдениетіне қайтуға деген ұмтылысын қалайда тұншықтыру үшін Хорезмшахтар мемлекеті мен қарақытайлар мемлекеті жанталасып жатты. Қарахандықтар мемлекетінің барлығы дерлік Хорезмшах Мұхаммедтің басқыншылық әрекетінің арқасында жойылып, хорезмшахтар мемлекетінің қол астына түсті. Осылай Орталық Азия аймағында бірде-бір түркі мемлекеті тарихта қалмаған еді. Міне, осы кезеңде Шыңғыс хан әскерімен келіп, түркінің қайта қалыптасып келе жатқан мәдениеті мен Йасауи ілімін қорғап қалды. Йасауи бабамыздың өз шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқи Шыңғыс ханның кеңесшісі болды. Бұл Қожа Ахмет Йасауидің соңына ерген шәкірттерінің Шыңғыс ханға көзқарасы оң болғандығын, Шыңғыс ханды қолдағандығын көрсетеді. Демек, Шыңғыс ханның дүниеге келуі, қуатты мемлекет құруы, Хорезмшах Мұхаммедке қарсы соғыс ашуы кездейсоқтық емес, мына он сегіз мың ғаламды жаратқан Тәңір Тағаланың Өзінің жоспары. Әйтпесе, бары-жоғы 140 мың әскермен келіп, 700 мыңдық әскері бар Хорезмшах Мұхаммедті жеңуі мүмкін бе еді? Мүмкін емес болатын. Бірақ, Жаратушы Құдірет Шыңғыс ханның қолымен Өзінің жоспарын іске асырды. Одан кейінгі Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының бүкіл Евразия кеңістігін жаулап алуы да жай емес, сол Құдіреттің ықпалы болатын. Хулағу 1256 жылы Бағдатты алып, Ислам Халифатын талқандады. Сол кездегі Ислам ғұламалары Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарына «Алланың қылышы» деген ат берді. Себебі, бұл кезеңде ислам қоғамы толығымен азғындыққа түскен болатын. Халифтың сарайының өзінде гемосексуализм дертінің болғанын араб тарихшысы Ибн ал-Асир ашына жазады. Демек, Шыңғыс ханның тарих сахнасына шығуы, соншалықты жерлерді басып алып, үкімін жүргізуі  жайдан-жай емес, Жаратушының үкімі. Ислам діні мен Қасиетті Құранның қадіріне жете алмай, бетперде қылған, азғындыққа ұшыраған тобырға Алланың жіберген қаһары болатын. Осы тарихтан хабары бар қазақтың жақсысы мен жайсаңының Шыңғыс ханға қарсы бір ауыз теріс пікір айтпауының астарында тарихтың осындай біз білмейтін қырлары жатыр.  Сондықтан біз де ешқашан Шыңғыс ханға қарсы ештеңе айта алмаймыз. Бұл тарихтан хабары болмаса да, Шыңғыс ханды қорғап жүрген Мұхтар Мағауин ағамыздың  позициясын дұрыс деп бағалаймын.

Міне, осы айтылғандардан қандай қорытынды шығаруға болады. Біздің, жалпы түркінің, алдымен қазақтың тарихи тағдырында жоғарыда аттары аталған екі тұлғаның Қожа Ахмет Йасауи мен Шыңғыс ханның шешуші ролі болғандығы айқындалды. Егерде Қожа Ахмет Йасауи ислам дінін тариқат деңгейіне көтеріп, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатпағанда, онда адамзат баласы осы күнге дейін өмір сүруі мүмкін емес болатын. Ақыр заман апатына сол Ⅻ-ғасырдың өзінде ұшыраған болар еді. Қожа Ахмет Йасауидің дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруі бір қазақ емес, бүкіл адамзаттың өмір сүруіне мүмкіндік берді. Одан кейінгі ғасырларда Йасауи жолының үлгісімен басқа халықтарда да тариқаттар құрылып, сол халықтар өздерінің дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болды.

Ал, Шыңғыс хан болса, осы ілімнің қанат жаюына жағдай жасады. Осы екі тұлға болмағанда қазақ халқының да, өзге түркі халықтарының да тарихта қалуы мүмкін емес еді. Сондықтан бұл екі тұлғаны қадірлеп, қастерлеу әр қазақтың міндеті. Осы тарихты баяндай отырып, біз Өмірзақ мырзаның «Осы Шыңғыс ханның қазақ болғанынан, әлемдегі ең алып империя құрғанынан қазаққа келер қандай пайда бар?-деген сұрағына жауап бердік қой деп ойлаймын.

Ал енді Шыңғыс хан құрған империяның өзге халықтарға қандай оң ықпалы болды деген сұрақты қойыпты. Ең бастысы сол халықтардағы рухани азғындықты тоқтатып, халықтардың қайтадан адами болмысын табуына мүмкіндік берді. Бұл Шыңғыс хан шапқыншылығының адамзат баласына тигізген пайдасы осы болатын. Ал, сопылық ілімнің бір түркі жұрты емес, барлық мұсылман қауымына таралуына Шыңғыс ханның шапқыншылығының тікелей ықпалы болды. Мұның соңы ислам ғылымы мен мәдениетінің қайта жандануына ықпалын тигізді. Қаншама ғалымдар мен шайырларды дүниеге келтірді. «Шығыстың жеті жұлдызы» атанған ақындар шоғыры сопылық ілімнің ықпалымен шыққан болатын. Ал, Ұлығбек сияқты ғалымдардың шығуына да осы рухани үдеріс ықпалын тигізді.

Ендігі кезекте  қазақтың тарихына тікелей қатысты Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихына арнайы тоқталу қажеттігі туып отыр. Бұл қазақ тарихындағы ең шешуші кезең болды. Қазақ халқының халық ретінде қалыптасуының негізгі ұстындары осы кезеңде айқындалып, бір тұтас халыққа айналды. Біздің заманымызға дейін жеткен түркі мемлекеттігігінің басқару жүйесінің негізгі тетіктері болып табылатын рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар да осы кезеңде қалыптасты. Өкінішке орай, осы тарихтан хабары жоқ біздің ұрпақ «қазақ ұлт түгіл әлі халық болып қалыптаса алмай жатырмыз» дабылдатып жүр. Бұл қазақтың қасіртетті тарихынан хабарымыздың жоқтығы десек, артық айтқандық емес. Біз сол Алтын Орда дәуірінен бері даму емес, керісінше, кері кету үдерісін бастан өткеріп келеміз. Сонда біз Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңінде қандай жетістіктерге жеттік, ол жетістіктер қазаққа не берді?- деген заңды сұрақ туындары анық. Осы мәселені толық ашу үшін сол Жошы ұлысының құрылу, қалыптасу кезеңінен бастап, Алтын Орданың ыдырау тарихына дейін қысқаша шолу жасап өтуіміз керек. Сонда Жошы ұлысының даму сатылары мен ондағы саяси, рухани үдерістердің мемлекеттің бағыт-бағдарына қаншалықты ықпалы болғанын түсінетін боламыз.

Жошы ұлысы 1224 жылы Шыңғыс ханның өзі жаулап алған жерлерін Бөртеден туған төрт ұлына бөліп беруінен бастау алады. Жошы ұлысының құрылуын Евразия кеңістігінде түркі мемлекеттігінің қайтадан тарих сахнасына шығуы деп те атасақ болады. 1227 жылы Жошының қайтыс болуымен ұлыстың хан тағына Бату хан отырды. Ол 1236-1242 жылдары Батысқа жасаған жорығының нәтижесінде ұлыстың шегарасын Дунай өзеніне дейінгі аралыққа кеңейтті. Бату хан осы жерлерді басқаруды өзінің 14 туысына бөліп берді. Бату хан соншалықты ұланғайыр территорияға иелік етіп отырса да, Жошы ұлысын Ұлық ұлыстың бөлшегі санады. 1241 жылы Шыңғыс ханның тағына отырған Угедейдің дүниеден өтуі Ұлық ұлыста тақ таласының басталуына ықпал етті. Шыңғыс хан ұрпақтарының арасында талас басталды. Осындай қатердің өз ұлысында қайталану мүмкіндігін сезінген Бату хан ұлы Сартақты Ұлық ұлыс тағында отырған Мөңкеге аттандырады. Мөңке Сартақты жылы қабылдап, оған қажетті Жошы ұлысын билеуге рұқсат беретін құжатты қолына ұстатып, кері қайтарады. Бірақ Сартақ ұлысқа жетемін дегенше Бату хан 1255 жылы қайтыс болады да, оның орнына хан тағына Берке хан отырып алады. Мұны есіткен Сартақ ренжіп, Беркеге бармай бөлек кетіп қалады. Өзіне шақырған Берке ханға «Мен христианмын, сен мұсылмансың. Мен үшін мұсылманның жүзін көру мен үшін бақытсыздық»-деп жауап береді. Бұл жерден біз Жошы Ұлысы құрылғаннан кейінгі аз ғана уақыттың үшінде тек халық емес, Жошы ұрпақтарының арасында діни таным негізінде белгілі дәрежеде алауыздық пайда болғанын көреміз. Жошының әр ұрпағы өзі билеп отырған халықтың діні мен мәдениетіне қарай бейімделіп, өздерінің қандық жақындығынан рухани жақындықты жоғары қоя бастағанын көруімізге болады. Мұның соңы болашақта бөлшектенудің басты себебі болатынын түсінген Берке хан өз қабыл еткен кубравийа тариқатын мемлекеттік иделогия дәрежесіне көтеруге әрекет жасады. Сол кезге дейін еркін билік жүргізген Жошы ұрпақтарының билігін шектеп, бір орталыққа бағындыруға әрекет жасады. Әр ұлыста ондық, жүздік, мыңдық, он мыңдық тұрақты әскери қосындар пайда болды. Ұлыстың әр аймағына кубравийа тариқатының өкілдері жіберіліп, осы тариқатқа халықтың бет бұруына ықпал етпек болды. Берке ханның  бұл әрекеті сәтсіз аяқталды десе болады. Негізінен Жошы ұлысының халқы түркілер болғандықтан парсы мәдениеті негізінде қалыптасқан кубравийа тариқатын түркілер қабылдаудан бас тартты. Тіпті кей жерлерде бұл тариқат өкілдеріне дінді бұзды деген айып тағылып, өлім жазасына кескен фактілері болды. 1266 жылы Берке хан қайтыс болған соң кубравийа тариқаты да, оның қолдаушылары да саяси биліктен шеттетілді. Билік басындағылар қайтадан өздерінің дініне қарай бет бұрды. Алайда, Берке ханның ислам дініне бет бұруы, Мысырмен одақ құрып, Халифатты талқандаған Хулагумен әскери қатығысқа баруы Жошы ұлысының Ұлық ұлыстан бөлек жеке мемлекет ретінде қалыптасуына ықпал етті. Енді Жошы ұлысының тағына отырған хан Ұлық ұлысқа қарайламай өзінің саяси бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік алды. Жошы ұлысында Беркеден кейін таққа отырған Менгу Темір өздерінің көне діндеріне бет бұрып, ескі тәртіпті қайта енгізді. Одан кейін таққа отырған Туда Менгу болса, ислам дінін қабыл еткендігі туралы жариялаймын деп, тақтан тайдырылды. Одан кейін қаншама билеушілер таққа келіп кеткенімен ешбірі ислам дініне ашық бет бұра қойған жоқ. Бірақ, исламнан толық қол үзіп те кете алмады. Себебі, орданың барлық құжаттарын жүргізетін, дипломатиялық қарым-қатынасты реттейтін мұсылман хатшылар болды. Сонымен бірге, Жошы ұлысының ішінде Бату хан ұрпақтарының арасында тақ таласы басталды. Менгу Темірдің ұлы Төле бұға мен оның бауырлары Ноғай мен Тоқтының қастандығының құрбаны болды. Тоқты хан тағына отырғаннан кейін мелмекеттің тұтастығына қауіп төндіріп отырған ұлыстың Батысын билеп отырған Ноғайдан құтылудың әрекетін жасады. 1300 жылдың басында Ноғайдың билігін толығымен талқандап, жеке билеушіге айналды. Тоқта хан тақ таласынан қорқып, Бату ұрпақтарынан дүниеге келген ұл балаларды өлтіруге бұйрық берді. Өзінің баласынан өзге бірде-бір ер бала тірі қалмады. Тек, өзінің інісі Тоғырылшының әйелі туған баласын жасырып, серкештердің арасына жіберді. Ол жерде ол бала Йасауи жолы өкілдерінің қолында тәрбиленді. 1312 жылы Тоқта хан өзендегі кеме апатынан қаза тапты. Исламға дініне қарсы күштер Тоқтының баласы Елбасарды (Елбасмышты) хан тағына отырғызбақ болды. Сол кезде Құтлық Темір бастаған бектер Тоғырылшының ұлы Өзбекті алдырып, таққа отырғызды. Елбасар мен тағы 120 Шыңғыс хан ұрпағы өлтіріліп, Өзбек хан жеке-дара билеушіге айналды. Өзбек хан алғашқы сегіз жыл бойына өзгелердің күдігін туғызатын әрекетке барған жоқ. Тек, қолындағы мемлекет билігі толығымен анық бекіген кезде діни-идеологиялық реформа жасады. Ол реформа қалай жасалғаны туралы тарихи деректерде баяндалады. Тарихи жазбаларда Өзбек ханның ислам дінін ресми түрде 1320 жылы қабылдағанын, сол кезден бастап Алтын  Орданың мемлекеттік діні ислам болып жарияланғаны жазылады. Қ. Жалайыридің жылнамасында Өзбек ханның таққа отырғанына 8 жыл толғанда ұлы әулие Зеңгі Атаның шәкірті Сейіт ата әулиенің Өзбек ханды ислам дініне кіргізгені, Өзбек ханға Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан - деп ат бергені жазылады. «Темір-нама» қолжазбасымен. Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы» атты еңбегінде осы деректер шамалы өзгешеліктермен қайталанады. Ал, Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» атты шығармасында төрт әулиеге Алла тарапынан пәрмен келіп, Өзбек ханды ислам дініне кіргізуге бұйырады. Осы жерде біз «әулие» сөзінің түпкі мағынасы мен олардың қоғамдағы роліне қысқаша тоқталып өтелік. Әулиенің Құрандағы мағынасы Алланы қорғауындағы адам, Алланың досы. Әулие өз әрекетімен Жаратушығы жақындап қоймайды, сонымен бірге, олар Құранда айтылған «ең әділетті қоғам» құру үшін шаршамай, талмай еңбек етеді. Сондықтан олар өздерін Алланың жердегі өкілі сезінеді. Өзбек ханға келген әулиелердің түпкі мақсаты «ең әділетті қоғамды» құру болатын. Ол төрт әулиенің бірі Баба Туклас – Баба Түкті Шашты Азиз еді.  Нұруллах ибн Убайдаллах Хорезми қолжазбасында Сүлеймен Бақырғанидің шәкірті Зеңгі Ата өзінің шәкірттері Садр Ата, Саййид Ата, Ұзын Хасан Ата, Бадр Атаның төртеуінің Сарайшыққа барып, Өзбек хан мен халқын ислам дініне кіргізуге түстеріне еніп, аянмен бұйрық береді. Осы төрт кісінің ықпалымен Өзбек ханның исламды Алтын Орда мемлекетінде мемлекеттік идеология дәрежесіне көтергені, бұл кісілердің Алтын Орда мемлекетінде  жүргізілген күрделі қайта құруларға мұрындық болғаны анық. Ол қандай реформалар еді, енді соған тоқталайық.

  1. Мемлекеттің құрылымдық жүйесі толығымен өзгерді. Қазіргі қазақ халқы құрамындағы рулық, тайпалық жүйе мен жүздік құрылымның тарих сахнасына шығуы осы қайта құрулармен тікелей байланысты болды. Әр бір ру, тайпаны, жүзді билер басқарды. Билер міндетті түрде йасауийа тариқатының өкілдерінен сайланды. Би – сол рудың рухани, әкімшілік, сот билігін толығымен атқаратын қоғамдағы шешуші тұлғаға айналды.
  2. Бұрынғы кезде хан сайлауы Шыңғыс хан ұрпақтары мен әскер басылардың құрылтайында шешілетін болса, қайта құрудан кейін хан сайлауы Билер Кеңесінің қолына көшті.
  3. Бұрынғы кезде Алтын Орданың жеке аймақтары Жошы ұрпақтарына басқаруға берілген болса, қайта құрудан кейін жергілікті билік те толығымен билер қолына берілді.
  4. Мұндай өзгерістер мұсылман дінін қабылдаған түркі-моңғолдарды қамтып қойған жоқ. Алтын Орда құрамындағы орыс княздықтарын да, өзге халықтарды да қамтыды. Орыс князы тек саяси, әскери басшы қызметін атқарып, салық жинау мен сот билігі толығымен шіркеу қызметкерлерінің қолына берілді. Өзге халықтардың діни-мәдени дербестігіне ешқандай қол сұғылған жоқ. Әр халықтың жеке, еркін дамуына жағдай жасалды.
  5. Бүкіл мемлекеттік жүйе толығымен шариғатқа-заңға бағындырылды. Шариғат үкіміне хан да, биде, қара да тоқтады. Сот билігі билер қолында болды. Билерден толық әділдік талап етілді. Хан тек саяси және әскери биліктің иесі болды. Өзбек хан өз еркімен абсолюттік биліктен бас тартты. Тарих сахнасына билер институты шықты.

Алтын Орда мемлекетінің ислам дінінің сопылық бағыты йасауийа тариқатын мемлекеттік дін ретінде қабылдауы мемлекетте осындай күрделі қайта құруларды әкелді. Осы кезден бастап халықтың ерік-жігерін айқындайтын басты фактор рухани дүние болып қалыптасты. Мемлекеттің басқару жүйесі толығымен көне түркілік мемлекет басқару жүйесімен сәйкестендірілді.

Өзбек ханды ислам дініне бет бұрғызған аттары аталған әулиелер сол замандағы йасауийа тариқатының ең жоғарғы дәрежедегі өкілдері еді. Олар өз дәрежелері бойынша өзге әріптестерінен жоғары тұрды, тариқаттың қоғамда атқарар іс-әрекетінің бағыт-бағдары мен алар орнын айқындады. Мақсат – Жошы Ұлысындағы түркі халықтарының рухани бірлігін қамтамасыз ету, олардың арман-мұратын бір арнаға тоғыстыру, бүкіл халықты бір Жаратушыға қызмет етуге тәрбиелеу, Құранда айтылған [3:110] ең әділетті қоғамды құру болды. Сол үшін олар аянбай еңбек етті. Халықты рухани жағынан жетілдіретін, рухани жетекшілер дайындайтын  ірі орталықтар қалыптастырды. Ең бастысы бұл іс-әрекеттің барлығы бір арнамен, бір бағытта Қожа Ахмет Йасауи салған жолмен ғана жүргізілді  және осы іс-әрекеттің барлығы бір жерге шоғырландырылып, сол жерде Жошы Ұлысында болуы тиі өзгерістерге дайындық жұмыстары жүргізілді. Ол Маңғыстау жері еді. Бір жағынан Алтын Орда мемлекетінің орталығына жақын, екінші жағынан сырт көзден таса, өзге халықтардың ықпалы болу мүмкіндігі жоқ, шаруа баққан түркілерден өзге тұмсығын тыға алмайтын тыныш өлке арнайы таңдап алынғанға ұқсайды. Осындай мақсатпен болмаса, бір жерге соншама көп әулиелердің шоғырлануын басқаша түсіндіре алмаймыз.

Алтын Орда мемлекетінде жүргізілген бұл реформа, тек билер институтын емес, сонымен бірге, рулық, тайпалық құрылымдарды толығымен қайтадан қалпына келтірді. Бірақ, бұл рулық, тайпалық жүйелер бұрынғыдай қандық принципке емес, діни-рухани бірлікке негізделді. Билер институтын қайта қалпына келтіру мен рулық, тайпалық жүйелерді қайта құру процестері қатар жүрді. Өйткені, бұл екі құрылымның бір-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес еді. Енді осы процестерге кезегімен талдау жасап көрелік.

Алтын Орда мемлекетіндегі қоғамдық құрылыс тарихын зерттеген Г. Федоров-Давыдов Өзбек хан тұсында Алтын Ордадағы исламдандыру мен рулық, тайпалық құрылымдарды қайта құру процестері қатар жүргендігін айтады. Ол сол кезеңде Алтын Ордада жүрген процестерді былай тұжырымдайды: «Қыпшақ даласындағы көшпенділерге қатысты ескерткіштерді саралай отырып, мынадай екі жақты, қарама-қарсы екі ағымның қатар жүргенін байқадық: бір жағынан ескі рулық, тайпалық қатынастардың бұзылуы, олардың қаса-қана жойылуы, бұрынғы ру, тайпа басшыларының ықпалын жою, сонымен бірге, моңғолдардың шаруашылықты басқару себебінен болған, әр түрлі ру, тайпалардың араласуы; екінші жағынан, негізінде, моңғол шапқыншылығына дейін ғасырлар бойына қалыптасқан, олардың этникалық бірлігіне негізделген, бұрынғы рулық, тайпалық құрылымдардан да мықты құрылымдар пайда болды. Осы қарама-қарсы екі қозғалыстың арасының «синтезін», басқаша айтқанда, Алтын Орда көшпенділерінің даму баспалдағын айқын көрсетіп берді». Бұл жерде зерттеуші Жошы Ұлысында болған күрделі процестерді дөп басып айтып отыр. Бірақ, рулық, тайпалық құрылымдарды қалыптастырудағы қандық принциптің орнына діни-идеологиялық бірлік қойылғаны зерттеуші назарынан  тыс қалған.

Өзбек хан мен Йасауи жолы әулиелерінің жүргізген осы реформасы қазақ шежірелерінде толық көрініс тапқан деп айтуға болады. З.Сәдібековтың «Қазақ  шежіресі» атты кітабында қазақ ру-тайпалары шежірелерінің бірнеше түрі беріледі. Мысалы:

1-шежіре. Адам Атаның тоғызыншы буыны – Нух пайғамбар. Оның отыз алтыншы буыны Өзбек хан, одан Байшора, Жаншора, Қарашора деген үш ұл туады. Осы үш ұлдан қазақтың үш жүзі тарайды.

Бұл шежіре сол Өзбек хан кезіндегі Жошы ұлысының құрылымдық жүйесін нақты көрсетіп тұр. Бұл шежіреде сол кезде Алтын Орда құрамында болған 92 ру, тайпалар толық қамтылған. Бұл ру, тайпалар жүздерге рухани бірлік негізінде топтастырылып, мемлекеттің басқару жүйесін құрады. Ру, тайпа мемлекеттің іргетасы-кереге қызметін атқарса, ол ру-тайпалар басында тұрған билер уық қызметін атқарды. Шаңырақ – хандық билік символы. Ал, жүз болса, Йасауи жолы, Йасауи мәдениеті негізінде қалыптасқан рухани бірлік пен тұтастықтың шеңбері. Йасауи жолынан шегінген, Йасауи мәдениетінен бас тартқан адам ба, ру, тайпа ма оған қарамай жүздің құрамынан шығарылып тасталады. Қазіргі күні Түркістан маңайындағы қыстақтарда нақшбандийа тариқатын қабылдап, Йасауи жолынан бас тартқан өзбек ағайындар бар. Олардың көпшілігі өздерінің қай рудан, қай тайпадан шыққандарын біледі.  Мысалы, Тәуке ханның бас уәзірі болған Барқы аталықтың Түркістандағы ұрпақтарының барлығы қазіргі күні өзбек халқының құрамында. Олардың өзі кешегі қазақтың «Арғын болсаң Алтай бол» деген сөздің мағынасын түсінбейді де, еске де алмайды. Себебі, олар қазіргі күні басқа мәдениеттің өкілі. Осыған байланысты қазіргі нақшбандийа тариқатын қабылдап, өзбектеніп кеткен ағайындардың барлығы жүздердің құрамынан шығарылып тасталған. Жүздің құрамында болу деген сөз – Йасауи жолы мен Йасауи мәдениетінің өкілі болу дегенді білдіреді. Алтын Орда дәуірінде жүз Йасауи жолы мен Йасауи мәдениетін түркі халықтарының рухани, мәдени тұтастығын айқындайтын және қорғайтын рухани шеңбері болды.

Йасауи жолының мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілуі қоғамдағы адалдық пен әділдіктің орнауына ықпал етті. Қазіргі қазақ халқы бойындағы ізгі қасиеттердің барлығы дерлік осы кезеңде қалыптасты. Соның арқасында мемлекеттің бар саласы ілгері дамыды. Ғылым да, білім де сол кезеңде жоғары деңгейге көтерілді. Мысалы, геодезия ғылымының дамуы күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Ойдағы суды жоғары шығарып, егін салу сол кезеңде өріс алды. Мысалы, Шардара маңынан Сырдариядан су шығарылып, Түркістан маңайынан қайтадан Сырдарияға құятын каналдың орыны барлығы археолог мамандар тарапынан айтылып жүр. Ең бастысы әдебиет пен мәдениет тілі түркі тілі болды. Қаншама ақындар шықты. Барлығы өз шығармаларын тек түркі тілінде жазды. Ертіс пен Дунайға дейінгі аралықта тыныштық, бейбітшілік орнады. Сол Алтын Орда мемлекетінде Йасауи жолы салтанат құрып тұрған кезеңде қандай тыныштық орнаған заман болғанын араб тарихшысы ал-Омари былайша баяндайды: «Ертістен төбесіне бір табақ алтынды қойып шыққан адам Дунайға жеткенше бір тілләсын жоғалтпайтын еді»-дейді. Демек, халықтың қаншалықты иманды, тәрбиелі болғанын осы деректің өзі-ақ дәлелдейді.

Бұл Йасауи жолы Жошы ұлысында мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілуі мемлекеттің қандай деңгейге көтерілгенін бұрынғы атының орнына енді бұл мемлекеттің Алтын Орда деп атала бастауының өзі дәлел бола алады. Алтын Орда мемлекетінің бұл жеткен жетістіктері жалпы халықты қуантқанымен, қолындағы биліктен ажыраған Жошы ұрпақтарының наразылығын туғызды. Бұрын елге билігін жүргізіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған Жошы ұрпақтарының жай қара халықтың деңгейіне түсуі олардың ашу-ызасын тудырды. Олар ретін тауып, қалайда өздерінің бұрынғы қалыптасқан қоғамдағы орынын қайтаруды ойластыра бастады. Олардаң арасында Өзбек ханның ұлы Жәнібек сұлтан да бар еді. Өйткені, Өзбек хан өзінің ізбасары ретінде үлкен ұлы Тыныбекті тағайындаған болатын. Жәнібектің жай халықтың қатарына барып қосылу ықтималдығы күшейді. Тыныбек 1342 жылы Орта Азияға жорыққа кеткен кезде кенеттен Өзбек қайтыс болды. «Хан  тағы бос тұрмасын, уақытша отыра тұрсын»- деген Өзбек ханның әйелі Тайдуланың айтқанын істеп, билер Жәнібекті таққа отырғызды. Жәнібек таққа отырған соң жорықтан қайтып келе жатқан Тыныбекті ретін тауып өлтіріп, хандық билікті өз қолына алды. Інісі Хызырбекті де өлтірды. Таққа отырғаннан кейін үшінші күні «Барлық халық басына сәлде орап жүретін болсын» -деген жарлық шығарды. Осылай, Жәнібек хан өзінің діни-идеологиялық бағытын өзгертетінін халыққа паш етті. Тариқат жолынан бас тартып, оның орнына шафи‘ийа мазхабын қабыл етті. Тариқат жолы өкілдерінің барлығын биліктен аластатып, олардың орнын ғұламалардың қолына берді. Ордада айналасындағы өзіне қорған болып жүрген Ойсылдың ұлдарын алдап қонаққа шақырып, барлығын қырып салды. Олардан аман қалғаны төркіндеп келінмен бірге кеткен Сіргелі ғана аман қалып, Оңтүстікке оралады. Жәнібек ханның бұл қылығына қатты ренжіген Асан Қайғы Жәнібекпен арақатынасты үзеді. Кезінде Өзбек ханның жұмсауымен Алтын Орда мемлекетіне астана болар жерді іздеп, Жошы Ұлысы құрамына кіретін барлық жерді шарлайды. Ол желмаяға мініп, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жер» Жиделібайсында, Сыр бойында, Жетісуда, «түйе бойы қара бар» Ертіс жағасында болады. Сапарының соңында ол, елге астана болуға лайық жер ретінде Еділ бойын таңдайды. Ол жерге Жәнібек хан Хажы Тархан қаласын салдырады. Асан Қайғыға қатысты аңыздарды біздің қазіргі тарихта Қазақ хандығығың тұсында өмір сүрген деп айтылады. Алайда, ол дұрыс емес. Асан Қайғыға қатысты аңыздарды Алтын Орда ханы Жәнібек ханның заманында болған оқиғалар –деп, Асан Қайғының өзін сол ханның замандасы ретінде қарастыру керек және осы екі тұлғаның арасындағы арақатынастың  шиеленісуі, Алтын Орда мемлекетінің тағдырына тікелей кері ықпал еткен, мемлекеттің болашақта ыдырауының басты себебі болды. Ол қайшылықтың негізінде түркі халықтарының  діни-рухани көзқарасының негізін құраған Йасауи жолы мен Иран мен Мауараннахрдан келген шариғат жолы арасындағы тіке-тірес деп, немесе рухани билікпен саяси билік арасындағы билік үшін күрес деп түсінгеніміз абзал. Алтын Орданың ханы Жәнібек хан болса, Асан Қайғы сол мемлекеттің негізгі тірегі болған, түркі тайпаларының көсемі, рухани басшысы еді. Сондықтан оның халыққа ықпалы ханнан артық болмаса, кем емес болатын. Асан Қайғы түрікпендерде Есен ата деп аталынады. Есен Ата аңыз бойынша Маңғыстау жеріне Йасауи ілімін апарған Шопан Атаның немересі. Бұдан Асан Қайғы йасауийа тариқатының өкілі екендігін көрсетеді.

Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы арақатынастың шиеленісуі, Асан Қайғы елге қоныс қарап келгеннен кейін Жәнібек хан Хажы-Тархан қаласын салдырғаннан соң қатты ушығады. Оны кезінде С.Сейфуллин жариялаған «Қазақтың Ата заңдары» атты мақаласында келтірілген Асан Қайғының Жәнібек ханға айтқандарынан көруге болады. «Әз-Жәнібек хан үш қайтара той қылыпты. 1) Астрахан қаласын салдырып той қылыпты.

2) Даладағы көлге шекер төккізіп, аққуды мая қылып, құладынға ілдіріп, той қылыпты. 3) Қарындасы Қаныбет сұлуды Мығалы байдың ұлы Би-Темірге бермек болып той қылыпты. Тойдың үшеуіне де шақырылған Асан Қайғы би келмепті. Әз-Жәнібек төртінші рет кісі жіберген соң келіпті.

Әз-Жәнібек: «Е, Асан үш қабат жұрт жиып, той қылдым. Тойыма сені шақырдым, келмегенің қалай?-депті.

Сонда Асан би: Алты атанға арттырып,

Алты жыл қоныс қарадым.

Қырында деп қазығы,

Суында деп балығы.

Бұл жерді өзім қаладым.

Астрахандай қаланы,

Жат жұрттыққа салдырдың.

Көлге шекер төктірдің,

Шекерге аққу бөктірдің

Көлдегі сұлу ерке еді.

Құладын құстың қоры еді.

Аққу құс ару-төре еді.

Құладынға қуды ілдірдің,

Ақ мамығын жұлдырдың.

Құладынға қуды жем қылдың

Түбінде өз басыңа келер деп,

Құладындай бір жаманнан өлер-деп.

Соған өкпелеп келмедім - депті.

 

Бұл үзіндіден аңғаратынымыз Асан Қайғының Жәнібек ханның діни-идеологиялық бағытымен мүлде келіспейтінін байқауымызға болады. Асан Қайғы Жәнібек хан билердің орынына қойған ғұламаларды құладынға теңейді. Ал, аққу Йасауи жолының өкілдері-сопылар. Осы кездесуден соң Асан Қайғы Жәнібекке өкпелеп, бөліне көшті. Соңына ерген халық қазіргі Ұлытау жеріне келіп, Алаш мемлекетін дүниеге келтірді. 1356 жылы Жәнібек хан өзінің ұлы Бердібек хан қолынан қаза тапқан соң, қайтадан барып Алтын Ордаға қосылды. Алайда, Бердібек ханның өмірі ұзақ болмады. 1359 жыл Сарай төңкерісі кезінде қаза тапты.  Одан кейінгі кезеңде Жошы ұрпақтарының арасындағы 20 жылға созылған тақ таласы басталды. 20 жылда Алтын Орда тағына 25 хан келіп кетті. Міне осы кезден бастап, қазақ даласында рухани билік пен саяси билік арасындағы тіке-тірес тоқтаған жоқ. Бұл қырқыстың соңы болмасын түсінген Йасауи жолы өкілдері Мауараннахрда билік басына Әмір Темірді отырғызды. Оның алдына Шыңғыс хан империясын қайта қалпына келтіру міндеті қойылды. Әмір Темір Тоқай Темір ұрпағы Тоқтамыс ханды Алтын Орда тағына отырғызып барып, Евразия кеңістігінде тыныштық орнатты. Алайда, Тоқтамыс хан антына адал болмай, Йасауи жолына қарсы күресін бастады. 1389 жылы гректер мен литвалықтардан, орыстардан әскер жиып келіп, Йасыдағы Йасауи кесенесін қиратып, талан-таражға салды. Йасауидің кесенесін қиратсам барлық мәселе өздігінен шешіледі деп ойса керек. Мұның соңы 1395 жылы Әмір Темірдің Алтын Орданы толығымен талқандауымен аяқталды. Әмір Темір Алтын Орданы талқандаған соң Қожа АхметЙасауидің басына алып ғимаратты тұрғызды. Одан кейінгі кезеңде Алтын Орда мемлекетін қайтадан қалпына келтірмек болып арпалысқан, Едіге бидің әрекеті нәтижесіз аяқталды. Бұдан кейінгі кезеңде Қазақ даласында қаншама мемлекеттер келіп кетті. Соның ішінде Йасауи жолы өкілдерінің бастамасымен құрылған мемлекет Өзбек ұлысы болатын. 1429 жыл Жұмадық хан соғыста қаза тауып, орнына билер 16 жасар Әбілхайырды қойды. Әбілхайыр алғашқы кезеңде билердің дегенімен жүріп, билігін нығайтып, алғаннан  1446 жылы Сығанақты алғаннан кейін, Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатына мойын ұсынды. Өз ордасының беклербегі болған Едігенің ұлы Уаққас биді өлтіріп, Қарақыпшақ Қобланды Дайырқожа-Ақжол биді өлтірді. Мұның соңы бір халықтың үшке бөлінуіне әкелді. Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидың соңына ерген халық өзбек атауын алып, Мауараннахрға кетті. Едіге би ұрпақтарының соңына ерген халық ноғай атанып, Батыс жаққа бет түзеді. Йасауи жолы өкілдері-билердің соңына ерген халық қазақ атанып, Шу бойына қарай ойысты. Осылай Қазақ хандығы тарих сахнасына шықты. Қазақ хандығының тарихында да рухани билік пен саяси билік арасындағы тіке-тірес аз болған жоқ. Мұның соңы Абылай ханның дүниеден өтуімен аяқталды. Біз бұл қасіретті тарихтан нені түсіндік, нені ұқтық. Ата-бабаларымыз өзінің шыққан биігінен, тариқат деңгейінен түспейміз деп арпалысыпты. Ой-санасы өзге халықтан оқ бойы озық тұрған халықтың материалдық дүние былығына қайта батқысы келмеуі заңды құбылыс болатын. Ал, бар мақсат-мұраты абсолюттік билік болған билеушілерге Құдайға жақындық емес, өздерінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болуы қымбат еді. Олар Йасауи жолына қарсы күресіп, арпалыса жүріп құрған мемлекеттерінің өмірі 100 жылға жетпей желкесі қиылып отырыпты. Мұхаммед Шайбани құрған мемлекет ⅩⅤ-ғасыр соңында қалыптасып, ⅩⅥ ғасыр соңында тарихтан кетті. Қазақ хандығында 1684 жылы Тәуке хан діни-идеологиялық реформасын жасады. Йасауи жолын мемлекеттік идеология деңгейінен ысырып, орнына нақшбандийа тариқатын мемлекеттік деңгейге көтерді. Йасауи жолы өкілдерін мемлекеттік билік жүйесінен қуып, билер институтын әр рудың, әр тайпаның ішінен шыққан билерге берді. Нәтижесінде қазақ халқы ру-ру, тайпа-тайпа болып, өзара қырқысуды бастады. Бұл саясаттың соңы Жоңғар мемлекетінің шабуылына ұшырап, «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» қасіретіне ұласты. Абылай ханның жанқиярлық еңбегінің арқасында ғана қазақ өзінің тұтастығын сақтай алды. Абылай ханның халықтың көңілін Йасауи іліміне қарай бет бұрғызуы жоңғарлармен арадағы арпалыста қазақтың жеңіп шығуына мүмкіндік берді. Алайда, Абылай ханның Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеремін деген саясаты Тәуке хан құрған билер институты тарапынан қарсылыққа тап болып, өзі сол жолда құрбан болды. «Абылай аспас сары белден» аса алмады. Бұл Қазақ хандығының күйреуіне әкелді. Алайда, Абылай ханның бұл саясаты қазақ халқын ары қарай бөлшектенуден сақтап қалды.      Бұған да шүкір дейік. Бұл біздің қасіретті тарихымыз. Өкінішке орай, біз бұл тарихтан сабақ алмадық. Алатын да түріміз жоқ. Себебі, қазақ халқының тәуелсіз тарихы әлі жазылған жоқ. Тарихшыларымыз әлі күнге сол евроцентрим мен тарихты материалистік тұрғыдан түсіну тәсілінен шыға алмай келеді. Бұл бағытта жазылған тарих ешқашан қазақтың өзін-өзі тануына мүмкіндік бермейді, беруі де мүмкін емес. Ол үшін алдымен тарихты зерттеудің тәсілі өзгеруі тиіс. Қазақ үшін руханиат құнды. Сондықтан да қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп тайға таңба басқандай етіп айтып кеткен. Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну тәсілі арқылы жазылған тарихта қазақ сауатсыз, жабайы халық болып қала бермек. Өмірзақ бауырымызды адастырып, Шыңғыс хандай ұлы тұлғасына қарсы шығуына ықпал еткен осы жалған тарих.

Қазақ өзінің рухани тәуелсіздігін тек қылыштың жүзімен ғана қорғап қойған жоқ. Қазақтың жыршы-жыраулары, ақын, шешендері өлең-жырларымен халықтың рухани жолдан адаспауы үшін тер төкті. Болашағын да болжап кетті. Қазақ даласында халықтың мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған қаншама ақын, жыраулар өтті. Олар осы халықтың басын қайтсек біріктіреміз деп жанталасты. Қазіргі күні де солардың осы мақсат-мұратын қайтсек халық жүрегіне жеткіземіз деп жүрген ат төбеліндей абыздарымыз бар. Олардың арасында бірін-бірін түсінбейтін жерлері де жоқ емес. Соған қарамастан олар қазақ руханиатының ұстындары болып қала бермек. Мұхтар Мағауин ағамыз да ұстындардың бірі де, бірегейі. Олардың сол шыққан биігінен түспеуін тілейік.

Қазақ халқы қазіргі күні өзінің өте күрделі кезеңін басынан өткеріп отыр. «Рухсыздық ұраны» халқымыздың киелі де қастерлі құндылықтарынан айырып, халықтың көпшілігін рухсыз тобырға айналдырғанын көріп отырмыз. Өкінішке орай, бұл жолдың бізді құрдымға апаратынымен ісіміз жоқ. Ертеңгі күнінің не болады деген ой да жоқ. Ғасырлар бойы өзінің рухани тәуелсіздігін қорғап, арпалысқан ата-бабаларымыздың  арман-мұраты бізбен аяқталады ма? деген қорқыныш та жоқ емес. Алайда, сол Қожа Ахмет Йасауи бабамыздан қалған киелі, қасиетті жол қазіргі күні бізге аса қажет болып отыр. Өйткені, Нух пайғамбардан тараған адам баласына өмір сүруге берілген уақыты аяқталып келеді. Мұхаммед пайғамбар айтқан, қазақ әулиелері болжаған ақырзаман белгілері толығымен жер бетіне шығып болды Адамзат баласынан ары қарай келесі кезеңге кімдер өтіп, кімдер қалатынын анықтайтын адам баласының рухани болмысының деңгейі. Бұл жерде біздің мүмкіндігіміз бар ма? Бар. Егерде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолды қайта жаңғыртып, сол ілімнің соңына еріп, меңгеретін болсақ, онда қазақ үшін мүмкіндік бар. Таңдау халықтың өзінде!?

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

19 пікір