Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 1469 2 пікір 5 Ақпан, 2024 сағат 13:48

Қыршын кеткен Әбдіхалық

Сурет: Google іздеу жүйесінен алынды

Басы: Аңдысу

Жалғасы: Қырғын

Жалғасы: Ақтөренің атылуы

Аса құрметті, патша көңілді оқырман! Екі аптаның алдында сіздердің назарларыңызға Қытайда туып, сонда қайтыс болған Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегінің «Мен таныған шындық» кітабын бүгіннен бастап сіздердің назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз» деп сүйіншілеген едік. Бұл кітаптың алғашқы бөлімі «Зобалаңның» – «Аңдысу», «Қырғын»,  «Ақтөренің атылуы» атты эсселерін оқыдыңыздар. Ал бүгін «Қыршын кеткен Әбдіхалық», «Боздап өткен  боз жігіт – Бөлтірік» деген эсселерін жариялап отырмыз.

Алайда, бұдан кейін «Мен таныған шындық» кітабының қалған бөлігін жариялай алмаймыз. Себебі, кеше бұл кітапты құрастырушы, кітап авторының ұлы, Өтейбойдақтанушы, ақын Шаяқмет Қалиұлы телефон шалып, «Сіздерден өтініш, осы кітапты ары қарай жариялауды тоқтата тұрасыздар! Ет жақындарым, маған хабарласып, «Аға, бұл кітапты біз баспадан шығарайын деп жатырмыз. Әлеуметтік желіге жариялауды тоқтатсаңыз. Егер бұл кітап желі арқылы жұртқа тарап кетсе, мына біз шығарғалы жатқан кітаптың түкке де қызығы қалмайды» деп жатыр. Мен «Abai.kz» порталына бек ризамын, алғыстан басқа айтарым жоқ!» – деді.

Сондықтан біз оқырмандардан кешірім сұраймыз! Біз бұл кітаптың соңының жалғасты жарияланбай қалғанына өкінбедік, қайта бұл еңбекке аяқастынан демеуші табылып, кітап болып басылып шыққалы жатқанына қуандық.


Қыршын кеткен Әбдіхалық

«Жаз жалпыныкі, қыс пұлдыныкі» дегендей бай-кедейі араласып отырақтасқан ел қымызды қыдыра ішіп, марқаның етіне тойып, дүниенің басқа шаруасымен  жұмысы болмай мәре-сәре болып бірін-бірі шақырысып, ерегесе ет жеп, бәстесіп қымызға қызып, шілдехана, сүндет одан қалса жайлауға қаратып қойған қыз тойларын өткізіп жаздың осы бір ырғын да ырысты шағын көтеріңкі көңілде өткізіп жатты. Келгенін иіріп, келмегеніне шабарман шаптырып бағуда жатқан Жәменке бастаған топ шақырумен жүрсе де, шақылдаған мылтық, сақылдаған солдаттың айдауымен Қарақолға қарай жол алды. Осы топтың ішінде құсық руынан Жәменке, қожбанбет руынан Айтбай, бозым руынан Ұзақ, шыбыл руынан  Әбдіхалық, жарты руынан Шолақ, Еспер, Дәркембай, Карбоз, Әубәкір қатарлы жиыны 18 адам еді. Бұлардың ең үлкені Жәменке болса, ең жасы Әбдіхалық болып,  Жәменке, Ұзақ, Еспер, Дәркембай төртеуі оязбен төтелей тілдесіп бітім жасалатын кеңеске қатынасып тұратын төбе билер еді. Ерліктерін елі жері үшін істетіп, тайсалмай тартысып  егеске түскен ел басыларының Қарақол түрмесінде қырғын тапқанын оқырман қауым ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» шығармасынан оқыған болар. Мен сол «Қилы заманды»  толықтаушы да тонаушы да емеспін. Сол заманның сарқыты ескінің көзі болып қалған  қадірменді қариялардан сол жылдары болған нақтылы уақиғаларды тыңдаушымын. Қолыма «Қилы заманды» алып оқып отырғанда, ойымды оятып, естігенімді естелік ретінде қалдыруды жөн көрдім. Егер осы жазғаным елдің қажетіне жарап жатса, алдымен «Қилы заман» кітабін бір рет қайталап оқып шығуын өтінер едім. Солдатқа бала алу мен бала бермеу туралы болып өткен Қарқара жиналысының нәтижесі Қарақол түрмесіндегі арыстардың қырғынымен аяқталғандығы, сөйтіп Албан елінің сол кездегі би, жақсыларынан арысы Алаш, берісі Албан руының қаралы семиялардың қанды жастарын төгіп, шығысты бетке алып Қытайға көшкені, жарым ғасыр тыныш өткен заманнан кейінгі алғашқы үрейлі үркін болды. Еркінен айырылып еңсесі түскен ел жөңкеріле көшкенде, боздағынан  тым ерте айырылған, Әбдіхалықтың уыздай жас келіншегі өзегі өртеніп, жаны күйіп, зар еңіреп мынадай жоқтау айтты:

«Кешегі қандай еді Әбдіхалық,
Тұратын екі көзі оттай жанып.
Ендігі көрген күні не болады,
Артында кемпір-шал мен бала қалып?
Ауған ел, адасқан қаз, мекені жоқ,
Белгісіз тұрақтайды қайда барып.
Артыма қарай-қарай мойным талды,
Барасың туған жерім қайда қалып?!
Қырқынан жаңа шыққан жалғыз ұрпақ,
Өңгердім құндағы мен алдыма алып.
Құрықол құралдымен белдескенде,
Келсең кел, менде сендей ер дескенде.
Айғайлап алға шықтың көзге түсіп,
Оязбен Жәменке атам егескенде
Аруақ боп топырақта қалғаның- ай,
Жөңкіліп жүгін артып ел көшкенде.
Ел көшті, елмен бірге біз де көштік,
Үй жығып түңіліктің бауын шештік.
Зар жылап, жоқтау айтып, тірі қалдым,
Аруағың жатырмекен үнімді естіп.
Ойлапем осы күнді көремін деп,
Ойландым өле алмадым өлем деп.
Қош болғын атамекен, қалған аруақ,
Айтуым екі талай келемін деп.
Асылым қалғаның-ай мүрде болып,
Барады елім қайда кірме болып?!
Демесем жаннан кештім жас баланы,
Қасыңда қалар едім бірге болып...

Айтса айтқандай еді. Әбдіхалық сол жылы 25 жаста болып, ел көзіне ересен түсіп жүрген халықшыл, батыл да, батырлығына сүйінген ел оны болыс сайлаған екен. Көшіп кеткен емес, босып кеткен елдің жұрты, ұлты оқығанға ой саларлық бәйіт емес пе?! Күңіренгенін күйге қосып, арманын әнге қосып өксігін өлеңмен айтатын еліміз ғой қашанда. Әр дәуірде болып өткен елеулі уақиғаларды  ұмтылмас  жыр етіп  соңына қалдырып кеткен. Солардың толығы болмаса да тозығы бүгінге шейін ел аузында еміс-еміс айтылып келеді. «Қарқара қазағы қалмай үрке көшіпті» деген суыт хабар Россия өкіметіне тез мәлім болды. Әлі де бергі жаққа мықты көрініп тұрған патшаның бұйрығы бойынша ендігі елді тоқтатып қалу үшін қазақтың өзінен адам жіберіп үгіт айтуға Омбы, Семейден ерте оқып өкімет ісіне ерте араласқан адамдардан алтауын өкіл ретінде Қарқараға қарай аттандырды. Бұрын да  өкімет ісімен бір-екі рет келіп, қайтқан жерге де, елге де таныс жігіттер, қанша уақыт жүргені беймәлім ел көшкен құлазыған  жұртқа  пешін  мезгілінде жетіп келеді.

Ел әлдеқашан көшіп кеткен. Босағада болысыз қалған мүлік, бұрқыраған күл, киізі алынып, керегесі қалған үйлердің үңірейген қаңқасы, өреде шала кепкен құрт пен ірімшік, көшерінде жол азыққа көптеп сойып алған ұсақ малдың тері-терсегі, ақтарып тастаған малдың ішек-қарны, оған үймелеп қарық болған қарға-құзғын ғана көрінеді. Сонау алыстан боздаған бір түйенің ащы даусы естіледі. Ескі жер ошақта бір қаншық ит төрт күшігімен қалыпты. «Ит иесі үшін» деген рас қой, ауылы кетсе де бауырындағы баласы мен жұртын қимай қалған бейшара күтусіз келген қонақтарға ұясынан үре шыққанда, бауырын жаңа жазып келе жатқан балпанақтары да соңынан ере шықты. Аттарының ауыздығын алып, тұсап қойған жігіттер енді жайғасып, тынығып алуға отырғанда, ит үргенін тоқтатып, өредегі қалған құрт пен ірімшікке қарап алып жей алмаған соң шоқшиып отыра кетіп аспанға қарап ұзақ-ұзақ ұлыды. Елге қарай көңілді келген жігіттер осы бір аянышты халді көре отырып, біреуі мына бір өлеңді бастап айтса да, соңын айтуға дәті шыдамай көңілі босап кемсеңдеп отырып қалыпты. Бірақ бірінен соң бірі жалғастырып толықтырып айтқан екен.

Өлеңді бастаған жігіт:

Қозі еті, сары қымыз, боз бетеге -ай,

2-жігіт:

Бақтаймай мекенінен ел кетерме- ай.

3-жігіт:

Бір сұмдық осындай да болмай қоймас,

Нөсерлі жауын жауар сел кетерде-ай.

4-жігіт:

Туған ел осы бойда кете берсе,

Біздерді жұртқа тастап, еңіретер-ай!

5-жігіт:

Қу дала құлазыған қалдық елсіз,

Ел келіп, бала туып, ержетер ме-ай?!

Дүние ойпыл-тойпыл боп барады,

Қазірше пәлен деуге көз жетерме-ай, – деп алтауы да солқылдап жылап барып тоқтағанда, асылында осы елден алған алғашқы жігіттің ақжал аты кісінеп қоя береді.

– Жә, жігіттер! – депті алғашқы жігіт. Ендігі өлеңді өзім айтып, өзім аяқтайын. Сендер тыңдаушым болып құлақ салыңдар! – деп:

«А-ха-хау, сұржелгенше» деген әуенге салып мына өлеңді айтқан екен:

«Ақжал ат нені біліп кісінеді?

Хайуанда адам жанын түсінеді.

Елсізде түйе боздап, ит ұлыса,

Еріксіз ойға қайғы түсіреді.

Ақжал ат алып едім құнаныңда,

Сен менен ел қайда, – деп сұрадың ба?

Еру боп екеумізде жатар едік,

Ел кетпей, тұрса бүгін тұрағында.

Жағалап жол келушед Ақжарменен,

Ауылды аралаушы ем ақжал менен.

Өткен жаз осы ауылда бір той болып,

Бір таңға айтысып ем Маржанменен.

Сол Маржан, Маржан десе маржан еді,

Демегін Маржан десе арзан еді.

Мен емес, мен секілді талай жанды,

Көксеткен көңілінде бар жан еді.

Ол өзі аржақтағы суан қызы,

Жігіті қарқараның алжаны еді.

Маржанның үйі кетіп, жұрты қапты,

Өреде шала кепкен құрты қапты.

Баспана үшін киізін түгел алып,

Кереге, үй ішінің мүлкі қапты.

Босқан ел жетті ме екен, жолда мекен,

Иріліп не болмаса қолда ма мекен?

Егерде шекарадан аман өтсе,

Аруағы қайсы атаның қолдады екен.

Әркімнің қандай ыстық туған жері,

Амалсыз тастап кетті Албан елі.

Етерме бауырмалдық хәлі қалай,

Ол жақта бар деуші еді найман елі?

Жігіттер тұр қайталы, жұртты бақпай,

Отырмыз жұртты сипап, ауыл таппай.

Сендер үшін мен куә боламын деп,

Бізге қарап тұрма екен күнде батпай», – деп өлеңін тоқтатып, қайтқандарында бір неше өренің құртын жиып, күшіктеген иттің ұясының алдына тастап қайқан екен» -деп айтып отырушы еді қайран Қарқараның қара шалы Нұрдәулет қария. Амал бар ма? Осы кісі алты жігіттің атын өз балаларының атындай жатқа айтып отыратын. Кезінде жазып та алғанмын. Қол жазбаларым өртенгенде, олардың аты жазылған қағазда өртеніп кетіпті. Жаттап алған осы өлеңдер ғана есімде екен.

Боздап өткен  боз жігіт – Бөлтірік

Халықтың басынан өткен тауқыметті алапат жылдардың ащы шындығын бір кездері ауыл адамдары отыра қалса болды әңгіме етіп те, өлең-жыр, қиса-дастан етіп те айтып, бала-шағаның құлағына құймақтай құйып отырушы еді. Зейінді, зерделі балалар жаттап алып, бір-біріне ылғи айтып жүретін. Менің де сол боз бала шағымда,  Дәмен Шалбайұлы деген жігіттің домбыраға қосып айтып отырған бір бәйіті есімде қалған болатын. Дәменнің айтуы бойынша, қызылбөрік руынан шыққан Бөлтірік деген ақын көп өлеңді өтірік ке құрастырып айтса да, мына бір өлеңді шырылдап тұрған шындыққа айтқан екен:

«Баласы Бәйдібектің Албан еді,
Қой, жылқы Қарқараны алған еді.
Қарқара Текеспенен жеріміз бар,
Жылқыға анық қызыр шалған еді.
Ақ патша Екатирина зұлым әйел,
Алдымен қазақ жерін жалмап еді.
Қаратып елді түгел алған патша,
Адамға бүгін салық салған еді.
Николай бала бер деп айтқаннан соң,
Қытайға албан үркіп барған еді.
Айырған мал мен бастан бір-ақ жылда,
Опасыз мынау неткен жалған еді.
Басымнан өткен істі баяндасам,
Демеңдер мынау қандай зар жақ еді.
Асының асыл тауы – жайлау, қыстау,
Көктеуім ағынды өзен аржағы еді.
Мұзарттың қамауында жатқаным да,
Жылаған боз баланың арманы еді.
Қоршаған бізді иіріп көп әскердің,
Ішінде көп сандысы қалмақ еді.
Бермесең жосының деп қалағанын,
Халықты қайта айдап салмақ еді.
«Малымды ал, басымызды қоябер» деп,
Жалынғаннан басқа сөз қалмап еді.
Қонысын қорлық көріп босатқан ел,
Артына қайтып тірі бармақ еді?
Осымен түгел бердік қалағанын,
Ішінен мал-мүліктің жарағанын.
Құдірет басқа салса көреді екен,
Қасқырдай адамды адам талағанын.
Дүре бастық дейді екен өздерінше,
Құйрықты жалаңаштап сабағанын.
Аларманға айла көп дегендейін,
Қорқытудың істеді бар амалын.
Аш бұрлығып, ыңырсып жатқандарға,
Арпаның үлестірді қара нанын.

Лабасы қалдың кейін Қабанменен,
Мен кеттім атты жаяу шабанменен.
Албанның топтан озған сан жүйрігі,
Жабымен бірдей болды сабан жеген.
Бір жылдың төрт мезгілі секілденіп,
Құбылған басқа түсті заман деген.
Туған жер, қалдың кейін Қарабұлақ,
Кетіпті Албан баба сенен ұзап.
Қолында қалмақ шерік пенде болдық,
Қамауда қатынменен бала жылап.
Әйтеуір өлмегенге шүкірлік  қып,
Отырмыз жақсылықты алдан сұрап.
Торғайдай тозып кеткен қайран елдің,
Кім ие болар екен басын құрап.
Өсербай қалдың кейін Суықтоғай,
Қалаңда жасаушы еді сарт пен ноғай.
Бұралған тал шыбықтай байдың қызы,
Сатуға болып отыр қойдан да оңай.
Күбірті қурайлының арасаны,
Көптіктен адам қойдай адасады.
Сапырған сары қымыз қайран Албан,
Арпаға ат жейтұғұн таласады.
Бәрінің көрген күні мынау болса,
Біреуге біреу қайтіп қарасады.

***

Ақ сарайдың мырзасы,
Жатушы елім керіліп.
Құдай берген екі аяқ,
Бір басуға ерініп.
Сарыбұлақтан мен көштім,
Елмен бірге желігіп.
Сарышығанға келгенде,
Мен көзіме жас алдым.
Асының тауы көрініп.
Ар жағында елімнің,
Талайы қалды бөлініп.
Заманның артын бақты ма,
Қалды екен олар не біліп?
Белдескен екі орыстың,
Біреуі қалар жеңіліп.
Албанды құдай қор қылды,
Шекараға айдатып,
Пенде қылды пендеге,
Қолдарын артқа байлатып.
Сауатым жоқ жазуға,
Отырмын тілді сайратып.
Көшіп келдім Текеске,
Күреден өтіп айналып.
Отырмадым дәрияға,
Жарым айдай жайланып.

***

Суасудың басынан көшіп түстім Ілеге,
Жердің жөнін айтпаса, білмеген жан біле ме?
Денсаулықтан басқаны Құдайдан аса тілеме.
Малай болып істедік сарт пен дүңген, сібеге.
Қарсылық қылсаң еріксіз айдайды Дутың Күреге.
Барып қалсаң Күреге , құйрықты төсе дүреге.

***

Ат жалынан мал тапсаң,
Бекер емей немене.
Әке-шешең бар болса,
Мекең емей немене.
Алдыңда ағаң бар болса,
Көкең емей немене.
Артыңда інің бар болса,
Нөкер емей немене.
Мұның бәрін сайраған,
Бөкең емей немене.

1916 жылы үркінге байланысты оқиғалар мен қиса, бәйт, өлеңдердің көбі өз кезінде жазылмай қалып, тек құйма құлақтар да берен-саран сақталып қалғандары ғана айтылып жүрген. Дәуірдің өтуімен оларда ұмыт болып баражатыр. Әсеттің: «Менен де сорлы ақын өтті ме екен, бір сөзі баспа орнына берілмеген» деп армандағанындай, қайран Ырыскелді, Бөлтірік қатарлы бұлбұл ақындар да баспа бетін көрмек түгілі, сол заманның запыранын ішке жұтып, бір ауыз жылы сөзде ести алмай сұм өмірден өттау шіркін!

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегінің «Мен таныған шындық» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 823
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 658
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 524
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 536