Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Абай мұрасы 1532 30 пікір 26 Қаңтар, 2024 сағат 13:52

Еліміздің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы

Өмірімізді түсініп, оны толығырақ сезіну үшін бүгінгі қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайға көңіл бөлейік. Үйлесімді өмір құру үшін әуелі айналамызға көз салып, қоғамды түсініп, нақты жағдайын көре білуіміз керек. Қоғамдағы келеңсіздіктер ой жүйемізге әсер етіп, мінез-құлқымыз, қадір-қасиетімізге кері ықпал етуі мүмкін. Қоғамға осы тұрғыдан қарайтын болсақ, шындықты мойындауымыз керек, жағдайдың онша жақсы емес екенін көреміз.

Өміріміздің келеңсіз екеніне, адамдардың ой өрісінің кінәрәтті екеніне көзімізді жеткізу үшін өмірден бір мысал келтірейік. Ол үшін өзіміздің ой өрісімізді басқа елдермен салыстырып көрелік.

Біздің елден Германияға көшіп кеткен Егор деген неміс жігіті қайтып келіп, әңгімесін айтады. Германияда ол өзінің інісі Карлмен дүкенге тауар таситын жұмысқа орналасыпты. Бір күні бір қызық жағдайды байқайды. Әкелген тауарларын ешкім санамайды да, қабылдап та алмайды. Әкелгендерін олар ілгішке іледі де, жүре береді. Еркіндік. Екеуіне бір ой келеді. Егер ешкім тексермесе, онда әкелген тауардың қанша екенін ешкім білмейді. Осылай бірде олар әкелген тауарының біреуін тапсырмай, өздеріне қалдырады. Екінші күні жұмысқа келсе, оларды дүкен бастығы күтіп тұр. Қолында құжат. Бұл құжат олардың жұмыстан қуылғаны туралы екен. Ағайынды жігіттер өз кінәләрін түсініп, енді басқа жұмыс іздейді. Бірақ оларды ешкім жұмысқа қабылдамайды. Себебі олардың қолындағы құжатта бұрынғы жұмыстан ұрлық үшін қуылғаны көрсетілген. Мұндай құжатпен ешкім жұмысқа алмайды. Жұмыс таба алмай тентіреген ағасы Егор енді өзінің үйренген елі – Қазақстанға қайтуға мәжбүр болыпты. Ал інісі Карл өзінің қателігін түсініп, толық өзгеріп, енді ешуақытта қылмыс жасамай, дұрыс өмір сүруге ант етіп, өз елінде қалған екен.

Осы мысалдан көретініміз: өркениеті жоғары дамыған қоғам ар-ұяты бар Карл тәрізділерді осылай дұрыс жолға салып, өзгертеді екен. Мұндай қоғамда әрбір адамның дамып, жетілуіне мүмкіндік бар. Ал рухани деңгейі төмен қоғамда, керісінше, адамды күнәлі істерге итермелеп, адамды құлдырау жолына түсуге мәжбүр етеді.

Осындай мысалдарды күнделікті өмірден көріп жүрміз. Бүкіл қоғамды қамтыған сорақы құбылыстар  денсаулық сақтау ғана емес, басқа салаларда, мысалы, білім беру саласында да кеңінен тарағаны белгілі. Өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға жұмсап, түрлі сылтаулармен ақша жинағанына шыдамаған кейбір мұғалімдер мектеп басшысын сотқа берген жағдайлар да болды. Олар енді өздеріне ғана сеніп, түрлі ұйымдарға бірігіп, өз құқықтарын өздері қорғауға мәжбүр болған. Ал мұндай өмірді көріп, оған көнгісі келмейтін кейбір жастар шет елге бет алуда.

Еліміздің бұл келеңсіз жағдайы демократияның әлсіздігімен байланысты. Себебі, қоғамда еркіндік шектеліп, ал тәртіп әлсіреген. Нәтижесінде, демократия құлдырап, бұрынғы қалыптасқан тоталитарлық жүйенің ықпалы әлі де жеңе алмай отыр. Абай ілімі бойынша айтқанда, тән құмары күш алып, жан құмарын күйзеліске түсіруде.

Кезінде елдегі тәртіпті нығайтуға көп күш жұмсалғанын жасыруға болмайды.  Бірақ нәтижесі өте төмен. Себебі, халықтың рухани ахуалын жақсартпай тұрып тәртіпті қоғам орнату мүмкін емес. Имандылық – тәртіптің табиғи тірегі. Үлкен маңызы бар. Егемендік алған елдердің төмен құлдырауына өткен атеистік ой жүйе қатты әсер етті. Абай отыз сегізінші сөзінде иманы бар адамның ұяты бар дейді. Яғни, иманды адам қоғам өмірін бұзбайды, Құдайдан қорқады.

Иманды қоғамда әділеттілік те өте жоғары болады. Мысал ретінде дінді қастерлейтін Араб елдерін алуға болады. Біріккен Араб Эмираттарында үкімет басында әмір отырған монархиялық жүйе басқарады. Монарх болса да, бұл елдерде әмір ең әуелі өзін емес, ел қамын ойлайды. Мысалы, сатылған мұнай есебінен әрбір қоғам мүшесіне пәленше мың доллар бөлініп отырады; үйленген адамға 20 мың доллар бірден беріледі; үй салуға жер бөлініп, пайыз төленбейтін несие беріліп, үш баладан кейін ол несие мүлде жойылады; еңбек ақы – алты мың евро, зейнет ақы – 1 млн. теңге; коррупция деген жоқтың қасы және тағы сол сияқты басқа да артықшылықтары бар. Сонымен бірге, олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін толық сақтаған. Табиғат байлығы – елдің әрбір азаматына бірдей, барлығына ортақ. Себебі, бұл елдерде ислам қағидалары сақталған.

Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және Хақ жолы осы деп әділетті», - дейді. Хақтың осы әділетті жолымен рухани жаңғырып, адамзаттың бәрін сүю үшін әуелі өз еліңді сүйіп, өз халқыңа әділетті болу керек қой. Мұндай қасиеттер тек қана иманды адамның бойына бітеді. Ол туралы Абай: «Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол», - дейді. Иманды басшылар басқарған бұл елдерде монархиялық социялизм орнаған. Біздің елдің табиғи байлығы олардан кем емес. Бірақ атеистік қоғамның имансыз дәуірінен өткен біздің елде бәрі керісінше, әділеттіліктің аяққа басылғаны соншалықты, оның не екенін тіпті халық білуден қалды. Ел байлығының қайда, кімге, қалай кетіп жатқанын ешкім білмейді де, оны білуге ұмтылмайды да.

Иманы жоқ адамнан не күтуге болады? Иман тәрізді ішкі күш, не болмаса тәртіп тәрізді сыртқы күш болмаса, адамға тән құмарына берілуге шексіз жол ашылады. Ондай мүмкіндікке ұмтылған адам барлық адами қасиеттерінен айырылып, қарабас қамынан шыға алмай қалады. Мұндай көріністер атеистік дәуірден кейін егемендік алған барлық елдерге тән. Тек қана прибалтика елдері ғана бұл қатарға жатпайды, олар бұрыннан жетілген өркениетті елдер болғандықтан, қоғам тәртібін сақтай білді.  Басқа елдердің барлығында дерлік бұрынғы коммунистік басшылар үкімет басына келіп, автократтық, тоталитарлық жүйе орнатты, ел байлығы талан-таражға салынды. Әділеттілік аяққа басылды. Украина, Қырғызстан, Грузия тәрізді кейбір елдерде халық шыдамай төңкеріс жасады. Бұл елдердің ел басылары басқа мемлекеттерге қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Бірақ одан қоғам жағдайы өзгеріп кеткен жоқ. Абайша айтқанда: «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» болып, халықтың жағдайы бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалды. Өйткені еркіндік пен тәртіптің үйлесімділігі болмады. Нәтижесінде Абай айтқан: «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» жұрт пайда болды. Осылай қайшылықтың негізгі себебі жойылмай, демократия принциптері жетілмеді.

Еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайына келетін болсақ, өзіміздің іс-әрекетіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Елімізде тәртіп орнату, әсіресе коррупцияны жеңу үшін үлкен күш пен көп қаражат жұмсалып жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Коррупция жеңілудің орнына күннен-күнге күш алып, бүгінгі күндері бүкіл қоғамды билеп алды. Енді қатаң тәртіп орнатудың қандай жолы бар? Еліміздің осындай өтпелі дәуірінде, оның бір жолы – моратория жарияланған ең ауыр жазаны – өлім жазасын, қайта қалпына келтіру керек деген ой келеді. Әрине, гуманизм идеясы бұл ойды қолдамауы мүмкін.  Бірақ, гуманизмді бұзатын, оған қарсы   әрекеттерге соған сәйкес қарсы амал қолдану керек екені де белгілі. Әділеттілік дегеніміз осы. Өлім – ең үлкен қорқыныш. Бұл табиғи заңдылық. Қытай елі бұл заңдылықты жақсы қолданып отыр. Осылай елді өркендеу жолына салды. Себебі, адам өлімнен қорқып, ең ауыр қылмысқа ешуақытта бармайды. Қоғамда тәртіп орнайды. Бүгінгі күндері үлкен басшылар миллиондаған ақшаны қалтасына басып, түрмеге түсіп жатыр. Бірақ олар біраз жылдан кейін демократиясы әлсіз елімізде уақыты келгенде ақшаның күшімен құтылып кетеді. Қоғамды коррупция басқаратын елде қандай ауыр қылмыс болса да, оның жазасынан ақшаның күшімен құтылуға болатынын олар жақсы біледі. Ең ауыр жаза, өлім жазасы болмағандықтан, олар ештеңеден қорықпайды. Оларды көрген қарапайым халық та сондай болуды армандап, солардың артынан ереді. Билік не көрсетсе, қарапайым халық соған ұмтылады. Осылай қоғамдағы коррупция, парақорлық етек алғаны соншалықты, бүгінгі адамға бұл құбылыс сорақы емес, үйреншікті болып кетті. Халық бұл құбылысқа әбден көніп, тіпті бойына сіңіріп алды деуге болады. Мұндай жолмен коррупцияны жеңу мүмкін емес.

Елде өндіріс тоқырауда. Өміріміз мұнай-газ сату және сырттан қарыз алумен тығыз байланысты. Жер байлығы мәңгілік емес, алған қарызды да кезінде қайтару керек. Бүгінгі сыртқы қарызымыз ақпарат құралдарында кейде 158 млрд. долл., кейде  200 млрд. долл. деп көрсетіледі. Осылай жаңа туған баламыз шет елдерге 10 мың долларға жуық қарыздар болып туады екен. Енді оны қалай қайтарамыз?

Ауылшаруашылық та жылдан-жылға құлдырау үстінде. 1990 жылы ірі қара мал саны 9,8 млн. болса, ал 2019 жылы – 7,2 млн. қалған, қой саны 36 млн. болса, бүгінгі күндері – оның жартысы да жоқ, құс 60 млн. болса, қазір – 43,5 млн.

Ең қиын жағдай – ұлтымызды сақтау мәселесі. Бүгінгі күндері салт-дәстүр, ұлттық құндылықтардың ұмытыла бастауы кімге болса да аян. Бірақ одан да үлкен мәселе бар. Бұл – халқымыздың демографиялық жағдайы. Демограф ғалымдар ұлттың сақталуы үшін отбасында үш бала болу керек деп жазады. Қоғамда баласы болмайтын, не болмаса түрлі ауруларға шалдыққан нәресте, тіпті үйленбейтін адамдар бар. Үшінші бала солардың орнын толтыруы керек. Сонда ұлт сақталады. Ал ұлтты жетілдіріп, әрі қарай өсіру үшін отбасында кемінде төрт бала болу керек. Бұрын халықтың саны ауылда тұратын адамдармен молайып, өсті. Көп балалы отбасылар ауылда болды. Қазір урбанизация етек алып, ауылдағылар  қалаға көшіп жатыр. Қалада отбасында бір бала, кейде екі бала болуы мүмкін. Үш балалы отбасылар сирек кездеседі. Елімізде халықтың жылдық өсімі 1,3% екен (2021-22 жылдар). Бұл көрші елдермен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіш. Бұл көрсеткіштің өзі урбанизацияға байланысты алдағы жылдары төмендей бермек.

Демократияның үлгісін АҚШ, Германия, Жапония тәрізді елдер көрсетіп отыр. Бұл елдерде толық еркіндік пен жауапкершілік үйлесімге келген. Әділетті аяққа басқандар өте қатаң жазаға тартылады. Осылай адамның рухани жаңғыруына жақсы жағдай жасалған. Бұл демократия жолы. Демократияның шыңында тәртіп пен еркіндік тоғысады. Бұл елдерде ел азаматтары ешқандай қорқыныш, зорлаусыз-ақ өз еріктерімен тәртіпке бағынады.

Осы қысқаша жолудан ғана еліміздің қандай қиыншылықтары барын көре аламыз. Бұл қиыншылықтарды жеңу жолы – еркіндік пен жауапкершілік орнаған демократия жолы. Басқа жол жоқ. Еркіндік ішкі қуатты өсіріп, тәртіп пайда болады. Еркіндігі жоқ адам рухани азып-тозып, қой мінезді болып кетеді. Бұл тығырықтан шығу үшін халық сана-сезімін өсіру арқылы рухани ұйқыдан оянуы керек.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

30 пікір