Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Ақмылтық 1495 9 пікір 23 Қаңтар, 2024 сағат 14:46

Мектеп ұжымдарын ТЖД «сарбаздарына» айналдыру қаншалықты орынды?

(ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚЫЗМЕТІ ОҒАН ДАЙЫН БОЛМАЙ ШЫҚТЫ)

Қаңтардың 22нен 23‑не қараған түні алматылықтар зілзала апатының қаншалықты қауіпті екенін айқын сезінді ‑ сағат түнгі 12‑ден сәл асқанда жер гүрілдеп, үйлер шайқала бастады. Бұрыннан ондайға үйренген алматылықтар әуелі жайбарақаттық танытты. Алайда, бұл жолы жер сілкінуін тез арада тоқтата қоймады... Жарты минуттан астам көлденең шайқалғаны аз болғандай, бір уақытта толқын пайда болды. Міне, осы кезде ғана тез ес жиған жұрт жапа‑тармағай сыртқа ұмтылды...

Жуырда ғана үй есігі алдына «Төтенше жағдай орын алғанда тұрғындардың жиналатын жері» атты қазақша‑орысша тақталар ілінді. Әрине, біз оның түнгі жер сілкінісін алдын ала білгеннен ілінді ме, жоқ жәй іліне салды ма – білмейміз. Бірақ ол тақтадан біз «төтенше жағдайларда жиналатын орынның бірі жақын маңайдағы мектеп пен оны спорт залдары» екенін білдік. Білуін білсек те, оның төтенше ұйымдастырылуы қалай болды? Оқиға нені көрсетті?

Енді осыны рет‑ретімен баяндайық:

Ең алдымен, жер сілкінгенде алғашқы қоңыраулар мектеп директорларына түскен. Олар тез арада жиналып, мектепке тез жетіп, жиналатын орындардың есігін ашып, жиналған жұртты қабылдай бастауы керек екен. Солай болды да – директорлар есіктерді ашқызды. Ал, егер,  мектеп басшысы телефонын өшіріп тастаған болса (түн мезгілі ғой), не болмаса, қонаққа кетіп қалса, не сырқаттанып қалса (бетін аулақ қылсын)  ‑ не болар еді? Дәл осы жағдай орын алса, ТЖК не істей алар еді? Қандай сылтау табар еді? Оның үстіне, елдегі көптеген мектеп директорлары әйел адамдар. Ал әйелдерді бір сәтте ТЖК «сарбаздарына» айналдыру қаншалықты орынды әрі мүмкін? Оларда ТЖК тарапынан арнайы сертификатталған рұқсат бар ма? Директорлар төтенше жағдаймен айналысуға міндетті ме?.. Міне, осы сұрақтар алдымен көкейге оралды. Ендеше, осы мәселеде ТЖК өз міндеттерін дұрыс атқармай отыр деуге болады.

Жалпы, ТЖ ережесі дұрыс жұмыс істеуі үшін «Әрбір жиналатын орын ТЖ жарияланған сәттен бастап, ТЖК құзырына не қарауына автоматты түрде өтуі тиіс деген «арнайы бұйрық» болуы тиіс емес пе? Одан әрі, ТЖК қызметкерлері не оның арнайы тіркеудегі «штаттан тыс» өкілдері ешбір нұсқаусыз, ешбір бұйрықсыз ТЖ орын алған сәттен бастап автоматты түрде өз міндеттерін атқара  бастаулары керек еді. Олар ТЖК‑нің арнайы курстарынан өткен, инспекцияланған, сертификатталған куәліктері бар адамдар болуы керек. Мысалы, мектептерде оны әскери дайындық не денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері болуы мүмкін (тек мектеп  директоры емес).  Міне, осындай арнайы дайындықтан өткен «штаттан тыс» адамдар ТЖ басталған сәттен бастап, өздерінің «ТЖК қызметкерлеріне» айналатынын білулері керек. Сол сәттен бастап оларға «штаттан тыс» деп емес, «штаттағы қызметкер» деген статус берілуі тиіс және болашақта осы қызметіне сай оларға ТЖК‑дан жалақы берілуі тиіс.

Ал, түндегі  жағдайда бәрі басқаша болды. Мектеп директорларын «айдап әкелу» әрекеті орын алды... Иә, олар есіктерді ашуды қарауылдарға бұйырып, өздері бірер уақыттан соң (біреуі ерте, біреу кеш) мектепке келді.. Тек содан кейін ғана ТЖК өкілдері, екі қолы қалтада, «тексеруші» функциясын атқара бастады: «анау неге андай емес, мынау неге мұндай емес» деп...

Енді қараңыз, сол ТЖК тексерушілерінің осылай тексеруге қандай құқы бар? Директор олардың құзырындағы қызметкер емес, ол  ‑ Білім министрлігіне бағынышты адам. Оның міндеті ТЖК функциясын атқару емес, білім беру ісін ұйымдастыру. Сондықтан, оған нұсқау беруге ТЖК өкілінің заңдық құқы бар ма? Жоқ... Міне, кешегі жағдайда осындай өрескел сәйкессіздіктердің орын алғанын атап өткіміз келеді.

Дегенмен, бұл жолы алматылықтар жер сілікінісіне біршама дайын екендіктерін байқатты: адамдар үйден шығарда лифтімен емес, сатымен жүрді, далаға шыққандағы қажет заттарын да алуды ұмытпады және т.т. Әрине, Алматы сияқты алып мегаполисте табиғи апаттың зардабын елестетудің өзі қорқынышты. Мысалы, миллиондаған адамдардың әрқайсысының қорқыныш пайда болғандағы реакциялары әрқалай болары анық. Бұл – апатты жағдайдағы тез туындайтын хаостың, үрейдің ең бастапқы себебі. Ондай хаос орын алғанда апаттың зардабы еселеп артады. Себебі, адамдар қорқыныштан өз құтқарушыларының жұмыстарына өздері кедергі болып, өз өмірлеріне қауіп төндіреді.

Әрине, бұл жағдай көбімізге түсінікті. Бірақ, бұл арнайы құтқару ісімен айналысатын саланың қызметкерлеріне «ереже» саналады. Олар өз қызметін ең алдымен «қауіптің алдын алу» және «құтқару» мақсатына бағындырулары керек. Онымен Төтенше Жағдай Комитеті (ТЖК) қызметкерлері тұрақты түрде айналысады. Онда жүздеген‑мыңдаған арнайы дайындықтан өткен, теориялық білім алған мамандар жұмыс істейді. Міне, сондықтан да халық төтенше жағдайларда ТЖК бұйрығына сөзсіз бағынып, олардың нұсқауларын бұлжытпай орындайды әрі орындауға міндетті. Иә, халық арасында «Етікті етікші тіксін» деген мақалдағыдай «Құтқару ісімен құтқарушы айналыссын» деуге әбден болады.

Бірақ, осы жерде мынадай түйткілді сұрақ көңілге оралады: «Біз  өмірімізді сеніп тапсырып отырған Құтқарушы қаншалықты білікті, қаншалықты маман, қаншалықты өз ісінің шебері?» деген. Заңды сұрақ. Себебі, біз Құтқарушыға өзімізден бөлек, бала‑шағамыздың өмірін табыстап отырмыз ғой. Ал ол оған кепіл бола ала ма? Егер, ол маман ретінде біліксіз болса, онда оған өзімізді «тапсырудың» қажеті қанша? Әркім өзі жанталасып, өзін өзі құтқармай ма?..

Міне, мәселенің төркіні осы сұрақпен тоқайласқанда көп нәрсенің басы ашылатынын байқадық.

Одан өзге, ТЖК осындай орындарда қажетті құрал‑саймандар мен дәрі‑дәрмектердің базасы, «алғашқы көмек көрсету қызметі» алдын ала ұйымдастырылып, оны «қозғалысқа келтіру» алгоритмі алдын ала жоспарланып, бекітілген болуы қажет еді ғой ‑ осы жағынан да үлкен олқылықтар бар екені байқалды.

Біз бұл жерде тұрғындарды дер кезінде хабарландырудың кешігіп жеткенін  айтқан жоқпыз. Ал, ондай хабарлардың қазақ тіліндегі нұсқасы тіптен кешіккені туралы айтпай‑ақ қояйық – «бетті бастық, тұра қаштық» дегендей...Біз болашақта ТЖК қызметіне тек қана абырой тілейміз! Халықтың да қалауы осы деп біліңіздер.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар