Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 1698 9 пікір 18 Қаңтар, 2024 сағат 16:11

Италияға сапар: Қазақстан мен Италия өзара не саудаласады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысын Рим әуежайынан Италияның Қорғаныс министрі Гвидо Крозетто, Рим Папасының өкілі Франческо Каналини құрметпен күтіп алды. Сапар барысында Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен, Премьер-министр Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізбек. Ал ертең Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі.

Тоқаевтың 2024 жылғы шетелге сапарын Римнен бастауы кездейсоқтық емес. Себебі, Италия Қазақстанның сауда серіктестерінің үштігінде тұрған ел. Еліміздің сыртқы саудасының 11 пайызын италияндық бизнес алады.
Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық әріптестік қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Италия 2009 жылғы 5 қарашада стратегиялық әріптестік туралы мемлекетаралық шартқа қол қойды. Содан 10 жыл өткеннен кейін 2019 жылы екі ел арасындағы тауыр айналымы 2,7 млрд еуроға жетіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Әлемдік пандемия жылдары экономикаға қатты әлсіреді, дегенмен Қазақстан мен Италия пандемияға дейінгі табысты кезеңге оралуды мақсат етіп отыр.
2023 жылдың қыркүйегінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов елдер арасында сауданы ұлғайтуға әлеуетіміз бар екенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, қазақстандық өнімнің Италияға экспортын 110 тауар позициясы бойынша $900 млн-нан астам сомаға ұлғайтуға болады.

Айта кетейік, Италия Еуропа елдерінің ішінде Қазақстан мұнайының көптеген жылдар бойғы ең ірі тұтынушысы.

Мұнай мен мұнай өнімдерінің Қазақстаннан Италияға экспорты 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 20,1 млрд тоннаны құрады. Оның құны - $11,8 млрд.

Қазақстан мен Италия энергетика саласынан басқа да салаларда ынтымақтастық орнатқан.

Былтыр 23 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министрі Джорджи Мелонимен Италия тарапының бастамасымен телефон арқылы сөйлесті. Сол кезде тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылаған болатын. Бұдан басқа, энергетика, көлік, өнеркәсіптік кооперация және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Екі ел білім беру саласында айтарлықтай жетістіккке жетті: қазақстандық және итальяндық жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісім жасалды. 2023 жылғы 30 қарашада Алматы қаласында итальяндық мәдениет институтының ашылуы өтті.

2022 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Франциск Қазақстанға келіп, Астанада өткен әлемдік діндер мен дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысып кеткен.

Қазақстан Президентінің бұл жолғы сапарынан да оң өзгерістер күтіліп отыр. Мемлекет басшысының Италияға сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаң серпін береді, әрі сауда, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инвестициялар тарту салаларындағы өзара іс-қимыл ауқымын кеңейтуге мүмкіндік ашады, дейді сарапшылар болжамында.

Abai.kz

9 пікір