Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 1154 4 пікір 17 Қаңтар, 2024 сағат 14:03

Жедел аударымдарды жайына қалдырыңдар!

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Асқар Садықов жариялады. 

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қаржы министрі Е.Қ. Жамаубаевқа

«Ақ жол» демпартиясына биыл 1 қаңтардан бастап енгізіліп, ауқымды қоғамдық резонанс тудырған жедел аударымдарды фискалдық бақылауға қатысты кәсіпкерлерден көптеген өтініш келіп түсіп жатыр.

Айта кетейік, «Ақ жол» фракциясы 2019 және 2021 жылдардағы депутаттық сауалдарында салық органдарының мұндай тәсілімен келіспейтінін білдірген болатын.

Оған қоса, 2019 жылы Мемлекет басшысы бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастауды тапсырды. Өйткені ыңғайлығының арқасында жедел аударым жүйесі халық арасында кеңінен қолдануда.

Дегенмен, былтыр Үкімет жедел аударымдарға фискалдық бақылауды енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл бизнес пен халық үшін бірден қиындық туғызды.

Бұрын жедел аударым арқылы төлем жасау кезінде сатушы фискалдық органдардың талабына сәйкес сатып алушыға кассалық түбіртек шығарып беруге міндетті болатын. Енді онлайн аударым арқылы алынған айналым бөлек, ал кассалық түбіртектер бойынша бөлек есептеледі. Демек, жеңілдетілген салық салу режимінде жұмыс істейтін кәсіпкер бір табысы үшін екі рет салық төлеуі тиіс. Бұл шағын бизнес үшін айтарлықтай сомалар – 3 пайыз орнына 6 пайыз төлеуге тура келеді.

Екінші мәселе – пост-терминалдар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдау үшін банк комиссиялары 2,8 пайызға дейін жетеді. Нәтижесінде жеке кәсіпкерге түсетін салық жүктемесі 3 пайыздың орнына 8,8 пайызға дейін өседі.

Пост-терминалдар арқылы жұмыс істеуге мәжбүрлеу арқылы, салық органдары банктердің мүддесін қорғайды. Ұлттық банк уәде еткен ұлттық төлем жүйесі сол күйі пайда болған жоқ.

Бұл ретте салық органдары қызметкерлерінің жедел аударым арқылы төлемдерді қабылдауға тыйым салу туралы мәлімдемелері «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының талабын бұзады, оған сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жедел төлемдер және ақша аударымдары қолма-қол ақшаны пайдаланумен де, оны қолданбай да жүзеге асады. Осыған байланысты кәсіпкерді қандай да бір нақты төлем түрін жасауға мәжбүрлеу заңсыз екенін айта кеткен жөн.

Шағын және микро бизнес олигархтар емес, шағын дүкендерде тауар сататын немесе шағын қызмет көрсететін қарапайым адамдар екенін айта кетуіміз керек. Бюджеттен ақша ұрлап, оффшорға шығаратын олар емес. Ондай кәсіпкер тіпті 5 мың теңге салықтан жалтарса да, бұл ақшаны елде қалдырады, мәселен, ұлына аяқ-киім сатып алып береді немесе шағын кәсібін сәл де болса кеңейтеді.

Түсіндіру кезінде салық органдары әртүрлі тұлғалардан түскен 100 жедел аударым бақылауға жататынын атап көрсетеді. Бірақ олардың мөлшері анықталмаған, яғни, бұл 100-200 теңге көлеміндегі төлемді де бақылауға мүмкіндік береді.

Онда Салық органдарына заңды сұрақ туындайды, сіздер кімді іздеп жүрсіздер - олигархтар мен жемқорларды ма, әлде, күнін әрең көріп отырғандарды ма?

Мұндай бақылаудан табысы орташа жалақыдан төмен қарапайым таксисттер, тігіншілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар зардап шегеді. Демек, сіздер әрең күн көріп жүргендерге салық салғыларыңыз келеді. Онда оларға жұмысты тоқтатып, мемлекеттен әлеуметтік көмек алу оңайырақ болмақ.

Жалпы алғанда, жедел аударымға енгізген толық бақылау жемқор шенеуніктерге емес, тек адал шағын бизнеске ғана әсер етеді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы кәсіпкерлердің, халықтың және мемлекеттің мүддесін ескере отырып, жедел аударымдарға салық салу тәсілін қайта қарауды талап етеді.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары:

А.Садықов
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
Е.Бейсенбаев

Abai.kz

4 пікір