Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4310 0 пікір 22 Қазан, 2013 сағат 07:03

Ескендір Тасболат. СИРИЯ «СПЕКТАКЛІНІҢ» ақиқатқа жақын үш себебі

 

 

Бүтіндеушілер емес – бұзушылар!

Бұрынғы заманда елдер арасындағы алауыздықтар мен соғыстар қарапайым болатын. Бір ел екінші елге әлдебір себеппен немесе себепсіз соғыс жариялайтын да, екеуара қиян-кескі ұрыс жүріп, қай жеңгені жеңілген мемлекетті өзіне бағындырып алатын немесе олжасын арқалап, кейін қайтатын. Сөйтіп, мейлі бес не он жылға созылса да, артынша соғыс қимылдары саябырсып, дүние бәз-баяғы тіршілік қамына кірісетін. Ол анайы әлімжеттік үстемдік құрған дәуірлер еді.

 

 

Бүтіндеушілер емес – бұзушылар!

Бұрынғы заманда елдер арасындағы алауыздықтар мен соғыстар қарапайым болатын. Бір ел екінші елге әлдебір себеппен немесе себепсіз соғыс жариялайтын да, екеуара қиян-кескі ұрыс жүріп, қай жеңгені жеңілген мемлекетті өзіне бағындырып алатын немесе олжасын арқалап, кейін қайтатын. Сөйтіп, мейлі бес не он жылға созылса да, артынша соғыс қимылдары саябырсып, дүние бәз-баяғы тіршілік қамына кірісетін. Ол анайы әлімжеттік үстемдік құрған дәуірлер еді.

Ал кейінгі ғасырда гуманизм идеясы барынша насихатталып, біреуге себепсіз соғыс жариялау деген нәрсе келмеске кетті. Тіпті себеп болып тұрса да, арада туындаған кикілжіңді қарумен емес, бейбіт мәмілемен шешу бірінші кезекте тұратын болды. Өйткені, қазір ақпарат заманы, әрбір басқан қадамың әлемнің назарында. Кімнің не істеп, не қойып жатқанын бәрі көріп отыр. Себепсізден біреудің жеріне, мүлкіне нұқсан келтіру, әлсізге қарсы күш қолдану әлем алдында қарабет болуға және беделіңді түсіруге әкеп соғады. Міне, осы жағдайлар кейінгі уақытта жанында жатқан көршісіне немесе басқаға тиіспесе, ішкен асы батпайтын кейбір алпауыттарды тығырыққа тіреді. Әлемде жиі-жиі қайталанып жатқан экономикалық дағдарыстар, мұнай мен газ секілді шикізатқа деген толассыз сұраныс, харам бизнесті гүлдендіруге «Ислам» дейтін алынбас қамалдың кесе-көлденең тұрып алуы секілді жайттар бақайшағына дейін қаруланған мемлекеттердің жыртқыштық қасиетін оятпай қоймады. Бірақ, өзінен әлсізге себепсіз тиісуге әлем қауымдастығы алдында ұятқа қалудан қорқады. Содан олар енді соғыс ашудың жаңа саяси әдіс-тәсілдеріне көше бастады.

Ол қандай тәсіл дейсіз ғой? Бұның жарқын бір мысалы – бірнеше жылдан бері созылмалы ауруға айналған «Араб көктемі» десе болады. Бұл, әрине, жалғыз ғана мысал емес. Соғыс ашудың мұндай түрі несімен ерекшеленеді? Айталық. Бұны тіпті өзінше бір саяси спектакль десе болардай. Мұнда ешкім ешкімге алдын-ала сырттан келіп тиіспейді. Алдымен көз алартқан елдің ішінен өзіне жақтастарды іздеп табады. Сосын сол жақтастар арқылы екі қолын қайда қоярын білмей жүрген бүлікшіл топтарды жинап, жасақтап, қаруландырады. Одан кейін осы топтарды үгіттеу арқылы сол елдің билігіне қарсы шығарады. Содан соң, алдын-ала дайындалған себеп-сылтауларды БАҚ арқылы айдай әлемге жариялап, көтерілісшілерді «езгіге түскен қарапайым халық», «өз бостандықтары үшін, демократия үшін күрескерлер» ретінде көрсетіп жар салады. Сөйтіп, аталған елдің билігін күш жағынан да барынша әлсіретіп, моральдық тұрғыда да қаралайды. Кейін билік әскері көтерілісшілерді аяусыз қырып-жойып жатыр, көмектеспесе болмайды деген желеумен, «амалсыздан» сол елге сырттан әскер кіргізеді... Міне, осыдан кейін басқыншыларды «басқыншы» деп көр. Салыстырмалы түрде айтқанда, бірнеше көріністен тұратын осы бір қарапайым «спектакль» соңғы ондаған жыл ішінде қаншама мұсылман мемлекетінде «аншлагпен қойылды» десеңші!.. Оны мәселен, тәліптерді, әл-каидашыларды, бен Ладенді құртамыз деген сылтаумен есірткіге бай Ауған аласапыранынан анық көреміз. Мұның тағы бір мысалын жаппай қырып-жою қаруын жасап жатыр деп, Саддам Хусейнді дарға асқаннан кейін атом бомбасы түгіл, тас та таппаған Ирак оқиғасынан байқаймыз. Оның бір көрінісін, айталық, Мубаракты сыйбайлас жемқорлықтан бастап түрлі айыптарды үйіп-төгіп тақтан тайдырғанымен, ел іші шерулер мен дүмпулерден толастамай жатқан Мысырдың мысалынан айқын аңғарамыз. Одан әрі Ливия, Ливан, Тунис, Бахрейн, Йемен, т.б. жалғасып кете береді. Енді, міне, осы «спектакльдің» кезекті «гастрольдік сапары» Сирияға да жетіп отыр.

Жалпы, мұндай құйтырқы әрекеттердің болашақта көп болатыны 14 ғасыр бұрын жерге түскен Қасиетті Құранда дәлме-дәл суреттеліп айтылған: «Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар!», – делінсе, олар: «Біздер түзеуші ғанамыз», – дейді» («Бақара» сүресі, 11-аят). Бұл жерде, әрине, бұзақылық жасаушылардың қатарына қазіргі кездегі «демократия орнатушылар», «бостандық әперушілер», «лаңкестікпен күресушілер», «мұсылмандардың келешегін ойлаушылар» да кіретіні айдан анық.

Ресейдің еуропалық бөлігі мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, белгілі дін маманы Шәміл Аләутдиновтың осы болып жатқан жағдайларға қатысты айтқан мына сипаттамасы назар аударарлық: «Соңғы 200 жылдағы әлемдік халықаралық саясатты талдап қарасақ, жоғары рухтағы азаттық идеяларының кейінгі уақытта қантөгісті майдандарға, экспансияларға, моральдық не материалдық басып-жаншуларға, тұтас халықтарды олардың мәдени мұраларымен қоса езгіге салуға айналып кеткенін көреміз. Гитлер мен атеистік коммунизмнің саясаты да, АҚШ пен Англияның бірқатар Африка елдеріндегі, Вьетнамдағы, Ауғанстан, Үндістан, Иран мен Ирактағы жүргізген саясаты да нақ осы. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Күшті әлсізге келіп, «оның жағдайын жақсарту», «құтқару», «конституциялық тәртіп орнатып беру», «демократияға үйрету», «оңалту», «кем-кетігін түзеу», «реформалау», «өзгерту» қамына білек сыбана кіріседі, алайда шын мәнінде, олардың бәрін де құртып жатқанын уақыт көрсетуде. Саяси және идеологиялық «құтқарушы» әлсіз халықты басып-жаншып, тек ат төбеліндей билеушілерінің ғана ауыздарын майлап, елдің бүтіндей байлығын су тегінге жымқырып кете барады. Берген уәделері мен ұрандары бір басқа да, нақты іс пен нәтижесі мүлдем басқаша. Өзіне керектінің бәрін алғасын, күшті «дәрігер» әлсіз «ауруды» қолдан тыныс алдыру аппаратына қосып қалдырады, яғни сол елдегі радикалды ағымдар мен топтарды қолдап, қаржыландырып, кез келген уақытта тәртіпсіздіктер мен төңкерістер орнатуға әзір тұратын етіп ұстайды» («Как увидеть Рай». Мәскеу – Санкт-Петебор: Диля, 2013. 301-б.). Иә, келіспеуге болмайтын тұжырым.

 

Дүрбелеңнің түп-тұқияны неде?

Таяу Шығыс елдерінде «Араб көктемі» деп атау берілген дүрбелеңдер басталғалы халықтың билікке қарсы шығуы, президенттерін тақтан тайдыруы, азаматтық соғыстар сынды тосын оқиғалардың небір түрлі себептері айтылып, жазылғаны мәлім. Сол «Араб көктемінің» заңды жалғасы болып табылатын Сирия соғысы да неден туындауы мүмкін деген болжамдар көптеп айтылуда. Жауабынан гөрі сұрағы көп сол себептердің көбі бір-біріне ұқсас. Яғни бұл да Ирак, Ливия, Мысыр оқиғаларының көшірмесі екендігін анық көріп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл да баяғы спектакль.

Дегенмен, біз бұл мақаламызда Сирия аласапыранының ақиқатқа жақындау деген кейбір себептеріне тоқталып, мәнісіне үңілуге бел буып отырмыз. Айта кету керек, бұл себептер негізінен тек Сирияға ғана емес, бұған дейінгі бірқатар араб елдерінде болған жайттарға да тікелей қатысты десе болады. Алайда, «Сирия химиялық қару қолданды», «халықтың кедейшілігі», «діни алауыздық», «бір адамның ұзақ жыл елді басқаруы», «халық бостандығының болмауы» деген секілді көпшіліктің «көзі жетіп» үлгерген жағдайларға тоқталғымыз жоқ. Сонымен, айтылып жатқан «шындық» көп, ал ақиқаты қайсы?

1. Мұнай бар жерде мұң бар

«Араб көктемі» қақтығыстарына бір қарағанда «орынсыз» араласып жүрген АҚШ пен НАТО-ға қарап тұрып, мынадай бір заңды сұрақтар санамызды торуылдайтыны рас: осы Сирия немесе басқа да мұсылман мемлекеттері Американың табанынан тесіліп, екі өкпесін қолына ала жүгірердей екі туып, бір қалғаны ма еді? Сонау мұхиттың арғы бетінен қылышын сүйретіп келіп, әскери қимылдарға миллиардтаған қаражатты жұмсардай арабтар оларға кім? Егер Сирияда қазіргі Батыс БАҚ-тары шулап жатқан күрделі қиындықтар шынымен бар болса, оны қасындағы көршілері – Түркия мен Сауд Арабиясы секілді даңқы даңғарадай, сөзі де өтімді елдер-ақ өзара келісіп, бір тоқтамға келіп, шеше алмай ма? Әрине, жоқ! Неге? Өйткені, мәселе сырттан келіп килігушілерді сириялықтардың қауіпсіздігі мен бостандығы емес, басқа нәрсесі қызықтырып тұруында ғой...

Жалпы, АҚШ-тың Иракқа шабуылы басталарда-ақ кикілжіңнің түп-тұқияны Парсы шығанағының ағыл-тегіл мұнайы мен газында жатқандығы жаппай айтылды. Иә, содан бері бұл себеп – ақиқатқа ең жақын себеп болып қалуда.

Сирия бүгінгі күнге дейін әлемдегі мұнай өндіруші елдердің қатарында болғанымен, асып-тасып жатқан байлығымен мақтана алмайтын. Алайда, жуырда әлемнің көптеген ақпарат құралдары Ливан телеарнасына сілтеме жасай отырып, Норвегия геологиялық барлаушылар компаниясының Сириядан ірі мұнай және газ кен орындарын тапқандығы туралы ақпаратты таратқан болатын. Жалпы саны 14 мұнай бассейні табылса, оның 4-і – Сирияның Ливанмен шекарасы маңынан барланған аса ірі көлемдегі мұнай қоры бар көздер. Тек осы 4 кен орнының өзі мұнай өндіруден әлемде 9-шы орын алатын Кувейттің деңгейінде қара алтын өндіру мүмкіндігін бере алатын көрінеді. Одан бөлек тағы 4 орынның қоры Кипр, Ливан және Израиль үшеуінің жалпы алғандағы мұнай қорларына тең. Осылардың бәрін игеретін болса, Сирия күніне 6-7 млн. баррель мұнай өндіріп, әлемдегі үздік ел – Сауд Арабиясы өндіретін көлемнің жартысына жетеді екен. Бұл, әлбетте, жемтік аңдып, төбеде айналып ұшып жүрген «құзғындардың» көзін қызықтырмай қоймайтын олжа емес пе?!

Мұнай қорын былай қойғанда, норвег мамандары Сириядан ірі көлемдегі газ қорын да тапқан. Бұл Сирия арқылы Еуропаға газ экспорттауды жоспарлаған Құрама Штаттардың қуыршағы (көптеген деректер бойынша осылай айтылады) – Катарға зияны тиетін жағдай. Өйткені, Сирия Катардың өз аумағы арқылы газ құбырын салуына тыйым салып, күннен-күнге газға деген сұранысы артып бара жатқан Еуропа елдеріне өзі-ақ газ экспорттап, телегей пайдаға кенелмей ме?

Міне, өкінішке орай, Сирияның сорына айналған да – осы мұнай мен газ болуы әбден мүмкін. Өйткені, бұған дейін АҚШ пен НАТО тарапынан басқыншылыққа ұшыраған өзге елдердің бәрі де қып-қызыл ақша әкелетін не мұнай мен газға (Ирак, Ливия, т.б.), не есірткіге (Ауғанстан) бай елдер болғаны рас.

Мұнымен қатар, Сирияда соғыс салып жатқан лаңкестік топтарды Сауд Арабиясы мен Катар қаржыландырып отыр деген пікірдегі мамандар да жоқ емес. Мәселен, Ресейдің дін және саясат институтының президенті Александр Игнатенко: «Аймақтағы соғысты Сауд Арабиясы мен Катар туындатып отыр. Олар Сирияны әлсірету арқылы өз мұнай құбырларын салып, Еуропа нарығын жападан-жалғыз иеленуді көздейді», – дейді.

Ал Барак Обаманың БҰҰ шешімін күтпестен Сирияға соққы беру керек деген сөзіне түрткі болған Дамаск түбіндегі бейбіт тұрғындарға қарсы қолданылған химиялық қаруды да Сауд Арабиясы көтерілісшілерге берген деген деректер жиі айтылып жатыр. Мәселен, солардың бірі – Mint Presse News и Associated Press агенттіктерінің тілшісі Дайл Гавлак. Ол шын мәнінде химиялық қаруды Сирия оппозициясының әскерлері жарғанын және ол қару Саудиядан алынған нақты деректерге сүйене отырып жазады. Ал Саудия мен Катардың қайсысы болсын, олардың артында АҚШ тұрғаны мәлім. Әрине, анығын Алла біледі. Дегенмен, 11 қыркүйек оқиғасынан кейін көздеген мақсатына жету үшін қаскүнемдердің қандай жантүршігерлік қадамға да бара алатынын естен шығармаған дұрыс-ау.

Жалпы, мұнай мен газдан бөлек, Сирия стратегиялық тұрғыда өте қолайлы аймақта орналасқан. Бұл ел – Еуропа, Азия және Африка құрлықтарының түйіскен тұсы. Үш құрлықтан ерсілі-қарсылы ағылған барыс-келіс пен алыс-берістің бәрі Сирияны көктей өтпей қоймайды. Сондықтан да, Сирия бүгінде алпауыт елдердің қақпақылына түсіп отыр, деген пікірді айтады сириялық саясаттанушы әл-Матруд. «Бұл Вашингтон мен Мәскеудің тартысы. Қайсысы жеңсе, бұл аймақты сол өз бақылауына алады», – дейді ол. Түрлі жарылыстар, терактілер, соғыстар, тұрақсыздық – осы аймақтардан және бұған дейін соғыс болған елдерден басқа бәсекелес елдерді қуып шығу үшін керек. Мәселен, Жапония не Қытай тұрақсыздық жайлаған Сирияға өз инвестициясын салмасы белгілі. Бәсекелестердің бәрін қуып шыққан соң, АҚШ ел билігіне өз адамдарын қояды да, батпан құйрыққа жалғыз өзі кенелмек.   

Бірнеше жылдар бойы жалғасып жатқан қақтығыстарды АҚШ тарапынан ұйымдастырылып жатқан Үшінші дүниежүзілік соғыстың бастауы деген пікірлер де жоқ емес. Өйткені, АҚШ пен Еуропа елдерінің ішкі және сыртқы қарыздарының төбесі көк тірегені сондай, қалай тырысса да олар бұл қарыздарын алдағы ондаған жылдар бойына өтеп тауыса алмайды екен. Сондықтан, АҚШ дүниежүзілік соғыс өртін тұтандыру арқылы сол қарыздарды нөлге айналдыруға тырысуда дейді...    

 

2. Олардың көздегені - Ресей

 

Сирия соғысы – Ресейді жан-жақтан қоршауға бағытталған кең көлемді іс-шараның бір буыны әрі соған дайындық деп болжам жасайтындар бар. Экономикалық тұрғыда көптеген дамыған мемлекеттермен тайталаса алмаса да, әлемдегі ең қуатты ядролық держава болып отырған Ресей – қазба байлықтарға өте бай ел. Мұнай қоры жөнінен әлемде 8-ші орында тұрған болса, дүниежүзіндегі барланған көгілдір отынның 40 пайызы Ресейдің жер қыртыстарында шоғырланған. АҚШ-тың талай саясаткерлері: «Жер бетіндегі газдың тең жартысын бір елдің пайдалануы әділетсіз. Сондықтан, оны Ресей басқа да елдермен бөлісуі керек», – деп шу шығарғанымен, бұл әрекеттері әзірге сөз күйінен әрі асып көрген емес. Бірақ, шикізатқа деген сұраныс күн өткен сайын геометриялық прогреспен артып жатқан бүгінгі заманда күндердің-күні Ресейдің жер асты байлығына кіріптар болатын күн туарын АҚШ пен одақтастары білмейді емес, әрине. Ливия-Сирия секілді жолда жатқан «кедергілерді» ығыстыру оңай-ау?! Құдайдың бір құтты күні Ресейдің оқтұмсықтарымен бетпе-бет келсе, жағдай не болмақ?! Әрбір қадамын күні бұрын (кемінде 100 жыл бұрын) ойластырып жасайтын Батыс елдері бұны да ойламай жатқан жоқ. Шынымен де, соңғы жылдары болып жатқан қақтығыстар мен соғыстардың бәрі Ресейдің айналасында орын алғанын аңғару қиын емес. Проамерикандық Жапония мен Оңтүстік Корея арқылы АҚШ Ресейдің қиыр шығысына тіреліп тұр. Дегенмен, оны азсынып, енді Солтүстік Кореяны басып алу арқылы одан сайын жақындаудың амалын жасауда.

Бен Ладен дейтін «жарықтықтың» арқасында Ауғанстан қолға түсіп, Ресейдің ықпалы жүріп тұрған Орта Азия елдеріне кеуде тіреді: Ресейдің оңтүстігі де бақылауда. Еуропалық Одақ елдері арқылы батыстан төніп тұр. Енді Таяу Шығысты жаулау арқылы екі қоянды бір оқпен ату ғана қалып отыр: яғни Парсы шығанағының сарқылмас мұнайын иеленіп, әрі Ресейге оңтүстік-батыс бүйірінен шаншудай қадалу.

Жалпы, «Араб көктемі» басталған кезде-ақ көптеген сарапшылар Ливиядан кейінгі кезек Сирияға келеді, ал одан соң АҚШ Иранға ауыз салады деген болжам жасаған болатын. Айтқандары айдай келіп, Сирия қанға бөгуде. Егер осы «спектакль» де бұрынғылар секілді сценарийінен жаңылмай сәтті өтсе, Иранның да өзге мұсылман елдерінің кебін киеріне күмән қалмайды. Яғни Каспийдің арғы бетіндегі американдықтармен қол көтеріп амандасатын күнге жетеміз. Бұл Ресейдің жан-жақтан құрсауға ілінгенін білдіреді.

Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Ян Зелинский де АҚШ-тың осынау барлық жанталасуының мәнісі – Ресейге қарсы бағытталған әрекет екенін айтады. «Американың қарулы әскері сақадай сай. Көп өтпей бомбалау басталмақ. Бірақ бұл Сирияға немесе лаңкестерге қарсы соғыс емес, біздің шекарамызға жақындай түсу үшін Ресейге қарсы бағытталған соғыс», – дейді ол Сириядағы жағдай туралы пікір білдіріп.

Әрине, Ресей жағы да қол қусырып отырған жоқ. Сирия тізе бүксе, өздерінің мүдделеріне орасан зор нұқсан келерін білетін орыстар да қам жасауда. Мәселен, жуырда Санкт-Петерборда өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде Владимир Путин: «Егер әскери шабуыл жасалса, Ресей өз тарапынан Сирияға қару-жарақпен және экономикалық салада көмектесетін болады», – деп пікірін ашық айтты.

 

3. Ислам

 

Иә, тарихта батыс елдерінің дін Исламды тұзаққа іліктіру үшін жасаған қаншама айла-шарғыларын есепке алсақ, бүгінгі аласапыранды да сол әрекеттің заңды жалғасы деп қарауға әбден болатын секілді. Бірақ, қақтығыстар мен азамат соғыстарының (әрине, сырттан ұйымдастырылған) осы ақиқатқа жақын себебі көбіне-көп экономикалық себептердің тасасында қалып, айтылмай келеді.

Сонымен, көңілдегі күмәнді жасырмай, ретімен баяндап көрелік.

Бірнеше ғасырдан бері Англия бастаған батыс мемлекеттерінің Исламға қарсы бөлшектеу және өзара жікке бөлу саясатын жүргізіп келе жатқаны бүгінде ешкімнен жасырын емес. Сол Англияда мұсылман мемлекеттерін және Ислам дінін іштен құртуға бағытталған жүздеген жылдарға созылатын жоспарлар құрып, жұмыс жүргізетін арнайы институттар бар деген дерек айтылады. «Құмдағы дауыл» (1991), «Араб көктемі» (2010 жылдан бастап) дегендердің бәрі сонау Осман империясын тізе бүктіруге алып келген сол институттардың әрекеті болуы ғажап емес.

Ислам – Алла тағала тарапынан адамдарға берілген, түзу жолға бастайтын аса қуатты идеология екені мәлім. Ал одан батыс елдері неге қорқады? Өйткені, ойыма не келсе, соны істеймін дейтін алпауыттарға күннен-күнге күш алып бара жатқан (Ислам мемлекеттерінің шикізатқа бай болуы, мұсылмандар санының артуы) Ислам діні алдарынан кесе-көлденең тұрып, кедергі жасап жатыр. Және бұл кедергі барған сайын күшейе бермек. Сондықтан, олардың жоспары: қалай дегенде де, мұсылмандарды іштен ірітіп, шариғатты «жібітіп», Ислам дінін заман ағымына сай «реформалау».

1992 жылы Ыстамбұл қаласындағы «Хакикат китабеви» баспасынан жарық көрген «Ағылшын жансызының мойындаулары. Исламға қарсы дұшпандық әрекет» атты дәйекті дәлелдерге негізделіп жазылған кітапта Осман империясында шпиондық қызмет атқарған ағылшын азаматы Мистер Хемфер Англияның сол кездегі (және әлі де жалғасып келе жатқан) саясатына қатысты былай дейді: «Біз өзіміздің әрбір қадамымызды екі позиция тұрғысынан ойластыруымыз керек болды: біріншісі – колониялардағы ықпалымызды сақтау; екіншісі – иелігімізге жаңа ықпал жасайтын жерлерді қосу. Осыған орай Колониялар істері жөніндегі министрлік бағынышты елдерде аталған мәселемен айналысатын айрықша комитеттер құрды. Шығыс-Үнді кампаниясы сырттай сауда мәселелерімен айналысатын болып көрінгенімен, ол Англияның Үндістанға ықпалын күшейтуге жұмыс жасады. Англия үкіметі Үндістан мәселесіне көп алаңдай қоймайтын, өйткені онда ұлттар мен ұлыстар, діндер, тілдер, қарама-қайшы мүдделестіктер өте көп еді. Министрлік Қытай мәселесінде де онша қам жемейтін. Себебі буддизм мен конфуциандық қытай қоғамын өзі-ақ бөлшектеп жатты. Ол жердің халқы ұлтшылдық, отаншылдық деген сезімдерден алыс болатын. Сондықтан, Англия бұл елдерге алаңдай бермеді. Дегенмен, аяқ астынан туындап кетуі мүмкін жағдайларды жіті бақылап, өз ықпалын сақтаудың ұзақ мерзімді жоспарларын жасап отырды. Англия Үндістан мен Қытайды бөлшектеуге, надандықты, көргенсіздікті, қайыршылықты, тіпті кейбір ауруларды тарату бойынша мақсатты саясат жүргізді. Өзіміздің шынайы ниетімізді ол елдердің халқынан жасыру қиын емес еді.

Бізді алаңдататыны – Ислам мемлекеттері болатын. «Ауру» адаммен (күйрей бастаған Осман империясын айтып отыр) өзімізге пайдалы бірнеше келісімдер жасастық. Колониялар істері жөніндегі министрліктің астыртын ақпарат жеткізушілерінің есебінде «ауру» адамның соңғы демі жақын екені айтылатын. Біз Иран үкіметімен де құпия уағдаластықтарға қол жеткіздік. Иран мемлекетінің жоғары жақтарына өзіміздің адамдарымызды қойып, масондық топтар құрдық. Бұл істе сыбайлас жемқорық, сатқындық, дінге үстіртін қарайтын билеушілер арасында жеңіл жүрісті әйелдер арқылы зинақорлық пен азғындықты тарату көп септігін тигізді. Бірақ, осының бәріне қарамастан, біз бірқатар себептерге байланысты өз саясатымыздың жемісті боларына толық сенімді емес едік. Бізге кедергі болған – Исламның күші. Мұсылмандар Исламға жан-тәнімен сенген әрі берілген адамдар еді, олар одан басқа жол бар деп ойламайтын.

Ислам өмір мен биліктің діні еді. Мұсылмандар өз мемлекеттерінің билігінде тұрды. Оларға «сендер Исламға байланып қалған тұтқынсыңдар» деп айта алмайтынсың. Біз Исламның тарихын бұрмалай алмадық және діннің мұсылман қоғамындағы күшінің айрықша себептері барын түсіндік.

Біз түріктер мен парсылар күндердің-күні естері кіріп, өз жағдайларын түсіне бастай ма деп қорқатынбыз. Олай болған жағдайда, осы колониялардағы біздің ықпалымызды сақтау үшін жасап жатқан жоспарларымызға қатер төнетін. Біз бұл елдердің мейлінше әлсіреуі, бөлшектелуі, қолдарында орталықтандырылған биліктің болмауы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Егер оларда еркіндік, қаражат және қару-жарақ болса, бізге бағынбай кетер еді.

Бізді мұсылмандар арасындағы оқыған адамдар, әсіресе, Ыстамбұл, әл-Әзһар, Ирак, Сириядағы ғалымдар алаңдататын. Олар біздің барлық жоспарларымыз бен үміттерімізге алынбас кедергі болып тұрды. Құранның қасиетті сүрелері мұсылмандардың құмарлыққа, әсемдікке және өмірдің ләззатына берілуіне жол бермейтін. Ал ғалымдар өз сенімдері мен қағидаларына аса берік еді. Халық солардың артынан ерді, ал әмірлер ғалымдардан қорқатын», – делінген.

Міне, осы жазбадан-ақ батыс елдерінің Қытайдан қорықпағанымен, Исламнан қорыққандығын көруге болады. Кейін олар Осман империясын құлатып, мұсылмандарды бөлшектеуге қол жеткізгенімен, Құран мен дінді құрта алмады. Өйткені, «Құранды, шынында, Біз түсірдік және оны қорғайтынымыз да рас» («Хижр» сүресі, 9-аят), – дегендей, Исламның қорғаушысы басқа емес, Алланың өзі болатын. Тек Аллаға құлшылық етуге, жақсылық жасауға, имандылық жолымен жүруге, жақсы адам болуға үндейтін бұл ислами идеология жойылмағаны былай тұрсын, соңғы жылдары бұрынғыдан да күш алып, дүниеге кеңінен тарай бастады.

Ал бұл жәйт өз кезегінде американдықтар мен еуропалықтардың харамға негізделген көптеген бизнестері мен іс-әрекеттеріне тосқауыл қоятын еді. Атап айтқанда, әлемде қып-қызыл ақша әкеліп отырған есірткі заттары, арақ-шарап, ұятсыз музыка, Голливудтың атыс-шабыс, анайы фильмдері, жезөкшелік, азғындықты насихаттайтын мерекелер, құмар ойындары, курорттар, демалыс орындары, жаппай өсімқорлық, т.б. бәрі-бәрі – қарап тұрсаң, Құранда тыйым салынған, адамдарды қызықтыру үшін харамға негізделген табыс көздері емес пе? Егер Ислам діні аяққа нық тұрып, мұсылмандардың саны артып, дүниені қолдарына ала бастаса, бұл харам істердің барлығының да тынысы тарылып, оларға біртіндеп тыйым салынар еді. Ал олай болғанын Батыс елдері мүлдем қаламайтыны рас. Бұл олардың «қалталарына» өте ауыр соққы болып тиер еді. Сондықтан да, Құранда айтылмақшы, «Өмір деген тек осы дүниедегі тіршілік, өлгеннен соң қайта тірілу жоқ...» («Әнғам» сүресі, 29-аят), – деген түсініктегі олар бұл мәселені де ойламай жатыр деу қиын. Сондықтан, Ислам мемлекеттеріндегі және қазір Сирияда жүріп жатқан қақтығыстар арқылы Батыс елдері жоғарыда айтылған «мұнай мен газды иелену», «Ресейді қоршаудан» бөлек Ислам дейтін үшінші «қоянды» да бір оқпен атып алуға тырысып жатыр деп болжам жасауымыздың себебі осы.

Осынау Исламға қарсы жасаған қастандықтары арқылы олар үй ішінен үй тіккен қаншама діни ағымдарды өмірге алып келді десеңші?! Уахабилік (Сауд Арабиясында), Ахмадия (Үндістанда) секілді көптеген ағымдар – ағылшындардың инкубаторынан «өсіріліп» шыққандар. Қазіргі күні де мұндай зымиян іс-әрекеттер болмай қалып жатқан жоқ. Мәселен, Мысырда Мубарак тақтан тайғаннан кейін кейбір ағымның өкілдері, яғни оқытушылары әлемге әйгілі әл-Әзһар университетіне еніп үлгерген көрінеді. Енді сол оқу орнында оқып келген қазақ жастары ешқандай ағымның идеологиясына уланбай келді деп айту қиын дейді кейбір отандық мамандар.

Тағы бір жәйт – соңғы жылдары орын алған соғыстардың бәрі Ислам білімі жақсы дамыған елдерде ғана жүріп жатуы. Мәселен, Мысыр, Ирак, Ливия, Ливанның қай-қайсысын алсаң да, мұсылман әлеміндегі ең іргелі оқу орындары орналасқан және баспа ісі (мәселен, Ливан) жақсы дамыған елдер. Оның үстіне, Сириядағы бір мешітте қазіргі заманның айдай әлемге әйгілі мұсылман ғалымы Рамазан әл-Бутидің лаңкестің қолынан қаза табуы көп жайды аңғартса керек.

Жоғарыдағы ағылшын жансызының естелігінде: «Ғалым адамдар бізге алынбас кедергі болды», – деп айтты емес пе?! Халыққа түзу жолды нұсқамасын деп Сирияда лаң салып жатқандар да ғалымдардың көзін жоюды мақсат еткен сияқты. Оны біз мына мысалдардан анық көреміз.  Әл-Бути қаза боларынан бірнеше күн бұрын: «Соғыс біздің жеріміздің әрбір сантиметрінде, біздің нанымызда, өмірімізде, әйелдеріміз бен балаларымызда, қасиетті орындарымыз бен ар-абыройымызда болып жатыр. Біздің алдымызда әділетті парыз тұр... Рухани құндылықтарымызды, отанымызды және қасиетті орындарымызды қорғау үшін жұмылуымыз қажет», – деп мәлімдеме жасаған болатын. Көп өтпей студенттерге дәріс оқып жатқан жерінде болған жарылыстан әл-Бутимен бірге 47 адам қаза тапты, оның ішінде ғалымның өз немересі де бар еді.

Бірнеше күннен кейін Мекке қаласындағы әл-Харам мешітінің имамы Абдул Рахман әл-Судейс: «Мен оның (Р. әл-Бутидің) өлгеніне қатты қуанышты болып отырмын. Ол өтірікші имамдардың бірі еді. Ібіліс жолында болатын. Оның өлімі мұсылмандар үшін үлкен қуаныш», – деп ойын ашықтан-ашық білдіргені бүкіл әлемді қайран қалдырды. Сонда Харам мешітінің имамы терактіні қолдағаны ма?

Жалпы, әл-Бутиден бөлек, соңғы бір жыл ішінде Сирия үкіметіне қарсы соғысты сынға алып, лаңкестікті айыптаған сексен жастағы дін маманы шейх Хасан Саиф ад-Динді де көтерілісшілер аяусыз қорлап өлтірген болатын. Сондай-ақ, Сириядағы көтерілісті айыптап, ал оған дейін такфир жамағатына қарсы сөздерімен аты шыққан дін маманы шейх Мұхаммед Ахмад Ауф Садек, шейх Абдел-Латиф аш-Шами, ән-Нәуәуи мешітінің имамы шейх Хасан Бартауи, шейх Абдалла Салех, әл-Ашрафия мешітінің имамы шейх Абдел-Латиф Жамили, әл-Мұхамеди мешітінің имамы шейх Абед Сааб секілді елге белгілі дін мамандары да 2012 жылы көтерілісшілер қолынан қаза тапқанын айта кеткен жөн. Бұл – дінге қарсы соғыстың анық айғағы!      

 

Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы...

Сонымен, Сирия оқиғасының негізгі себептерін талқыладық. Бұл қақтығыстардың соңы енді қалай өрбуі мүмкін? Мұны да бұған дейін болып өткен «саяси сахналық көріністерге» қарап отырып болжауға болады. Мәселен, Ливияны алайық. Каддафи әскерлері мен оппозиция күштері арасында да дәл қазіргі Сириядағыдай қақтығыстар болғаны белгілі. Егер НАТО күштері сырттан шабуыл жасамағанда, Каддафи көтерілісшілерді тас-талқан етіп жеңіп, оқиға алдын-ала жоспарланған «сценарийінен» ауытқып кетер ме еді. Сондықтан, шабуыл жасалды да, Каддафиді құлатты.

Біздің ойымызша, Сирияны да дәл осы кебін күтіп тұруы мүмкін. Өйткені, егер оқиғаға сырттан араласу болмаса, Асад әскерлері көтерілішілерді жеңетіні ақиқат.

Ал түп-тұқиянына құрық бойламайтын осынау саяси ойындардың кесірінен қаншама қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Бірнеше дін қатар ғұмыр кешіп, бейбітшіліктің туын көтеріп отырған елдің түгін қалдырған жоқ. Сирияның қазіргі ахуалы адам аярлық.

Сол елдегі Адам құқықтары жөніндегі обсерваторияның таратқан мәліметіне қарағанда, қазір Сирияда әрбір сағат сайын 5 адам өліп жатыр екен. Қақтығыстар басталғалы бері 110 мыңдай адам дүниемен қош айтысса, 100 мыңға жуығы хабар-ошарсыз кеткен. Бұған 1 миллионнан астам босқынды қосыңыз. Мыңнан астам адамды қырып салған химиялық шабуыл өз алдына бөлек әңгіме.

Сөзімізді қорытындылай келе айтар болсақ, не болса да, бұл оқиғалар мұсылмандарға үлкен сынақ әрі зұлымдыққа зұлымдықпен жауап бермей, байыбына барып, сабырмен, байсалдылықпен қарап, ойланатын мәселе екені рас. Ал зұлымдықты жасап жатқандар болса, оларға бұл дүниеде жасаған істерінің қарымы болатынын былай қойғанда о дүниеде одан да зор азап барын Құрандағы «Мәида» сүресінің 33-аятында Алла тағала ескерткен.

Тағы бір аятта Жаратушы Иеміз: «Малдарың және жандарың жайында әрине сыналасыңдар. Сондай-ақ, сендерден бұрынғы кітап берілгендерден (христиандар мен яһудилерден) және мүшіріктерден де көптеген реніш естисіңдер (яғни сол арқылы да сыналасыңдар). (Олар сендерге жәбір-жапа көрсетіп, жала жабудан тайсалмайды, бірақ соларға) Егер сабыр етсеңдер әрі сақтансаңдар (зұлымдыққа зұлымдықпен жауап қатпасаңдар), шәксіз бұл маңызды істер (бұл екінің бірінің қолынан келмесе де, саналы да игілікті іс осы)», – деп мұсылмандарға ескерту айтады («Әли-Имран» сүресі, 186-аят).      

Біз де өз тарапымыздан сириялық бауырларымызға Алла бейбітшілік берсін деп дұға етейік!

 

 

Abai.kz

0 пікір