Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Дат 2058 8 пікір 10 Қаңтар, 2024 сағат 13:15

Күдіктінің үстінен жазған арызды сол күдіктінің өзіне тексерту

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры Б.Н. Асыловқа!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Менің 2023 жылғы 19 сәуірден кейін Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан заңсыз беріліп жатқаны жайлы және оның астарында жемқорлық әрекеті болуы мүмкін, соны Прокуратура жағынан тесеру туралы Сіздің атыңызға жазған екі арызымды да (ЖТ-2023-02715087 және ЖТ-2023-02744307) ТОКТАМЫСОВ АДИЛЕТ ЖАЛГАСОВИЧ (басқармасының бастығы - Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзіне бағыттап жіберген болатын.

Мен күдіктінің үстінен жазған арызды сол күдіктінің өзіне жіберіп тексеркен Прокуратураны бірінші рет көріп, таң қалып отырмын.

Әлемде осындай Прокуратурасы бар мемлекет бар ма, жоқ па, оны кейін анықтай жатармын.

Әй, жоқ шығар...

Әрине, Адилет Токтамысовтың белгілі бір заңға сүйеніп, осылай істеп отырғаны белгілі.

Бірақ, осындай заңды қос қолдап қабылдап берген баяғы біздің қос палаталы Парламент қой.

Құдай-ау, енді күдіктінің үстінен жазылған арызды сол күдіктінің өзіне жіберіп, өзіне тексерткен Прокуратураның мына сорақылығын естіген ел бір жерін ашып күлетін болды ғой...

Бұл — не сұмдық! Масқара емес пе?!

Бүгін сол арызыма Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірінші вице-министрі А. Сарбасовтан жауап келді.

Қызық болғанда, Бірінші вице-министр А. Сарбасов жауабында маған көші-қон үрдісіне қатысты қолданыстағы заңдар мен нормативтік құжаттарды және 2022 жылы мен 2023 жылы шетелден Қазақстанға қанша этникалық қазақ көшіп келгенін ине-жібіне дейін баяндап келіп, «Сондай-ақ, қандастарды қабылдаудың жаңа механизмі енгізгенге дейін елімізге 15 мың қандас келген, ал жаңа механизммен келгендердің саны 5 948 адам. Өз кезегінде 5 948 қандастың 2 869-ы солтүстік өңірлерге қоныстанған, 7-уі агломерация аймақтарына қоныстанды, 3 047 отбасымен бірігу мақсатында келген және 25-і жұмысқа орналасу мақсатында қандас мәртебесін алған...», - депті.

Ал, менің Бас Прокуратурадан тексеруді талап еткенім қандастарды қабылдаудың жаңа механизмі енгізгенге дейінгі берілген «Қандас» мәртебесі емес, керісінше қандастарды қабылдаудың жаңа механизмі енгізгенгеннен кейін берілген «Қандас» мәртебесінің қалай беріліп жатқаны болатын.

Нақтылап айтсам, қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңының аталған 20-бабының 5) тармағы енгізілген 2023 жылдың 19 сәуірінен кейін Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға беріліп жатқан «Қандас» мәртебесінің не үшін және қалай беріліп жатқанын тексеруді өтінгем.

Көрдіңіз бе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен тексеруді талап еткен мерзімді аттап өтіп, аталған норма заңға енуден бұрын (қандастарды қабылдаудың жаңа механизмі енгізгенге дейінгі) мезгілде көшіп келгендер туралы мәлімет бере салған.

Демек, менің ойымша, 2023 жылдың 19 сәуірінен кейін Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесінің берілуінде ЗАҢСЫЗДЫҚ пен ЖЕМҚОРЛЫҚ бар деген сөз!

«Халықтың көші-қоны туралы» заңының аталған 20-бабының 5) тармағы қолданыста тұрғанда, қандастарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған өңірлерден басқа тоғыз облыс пен үш қалаға қоныстанған этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесінің берілмейтінін айтып түсіндірудің өзі артық.

Мұны кәсіби заңгер тұрмақ, орта мектептің оқушысы да талдап айтып бере алады.

Бас Прокуратура қызметкерлерінің бұл мәселеге соншалық селқос қарағаны – өте өкінішті жағдай!

Бұл – біздің құқық қорғау органдарының деңгейінің соншалық төмендігін және жауапкершілігінің жоқтығын көрсететін әрекет!!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Өткен арыздарымда да айттым, маған аталған 20-баптың 5) тармағының кесірінен «Қандас» мәртебесін ала алмай жүрген этникалық қазақтардан ақша берсең, қоныстанған өңіріңе қарамастан «Қандас» мәртебесін де, Қазақстан азаматтығын да алып береміз деген делдалдарың көптігі жайлы ақпарат өте көп түсті. Тіпті, бір делдалдың азаматтық алып беру үшін 12 мың юан сұрағанын жазды бір азамат.

Мен сол ақпараттың бәрін  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірінші вице-министрі А. Сарбасовтан бастап, аталған министрліктің өзіммен байланыста бар қызметкерлерінің бәріне жолдаумен келемін.

Қысқасы, 2023 жылдың 19 сәуірінен кейін Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесінің берілуінде ЗАҢСЫЗДЫҚ та, ЖЕМҚОРЛЫҚ та бар екені даусыз!

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы  Этникалық көші-қон басқармасының басшысы АЙТКУЛОВ ДАСТАН АСКАРОВИЧ «Құрметті, осы топтың мүшелері! 2023 жылғы 28 қарашадан бері Көші-қон комитеті мәртебе ала алмаған қандастардың тізімін құрған болатын. Тізімде 98 адам, оның 46 адамға қандас мәртебесі берілді. 12 адамның өтініші қаралуда, жақын арада беріледі...» - деп, жариялап алып, бүгін Сіздің атыңызға жазған арызыма берген жауабында сол «Қандас» мәртебесі берілген 46 адамға соқпай өтуі – біздің осы күдігімізді одан ары ұлғайта түсті...

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Сізден үшінші мәрте «Қандас» мәртебесіне байланысты осы мәселені Өз назарыңызға алып, тексеру жүргізуіңізді және заңсыздық анықталса, жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды сұраймын.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медальінің, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

8 пікір