Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 3810 3 пікір 10 Қаңтар, 2024 сағат 12:46

Есек әкім

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Сатиралық әңгіме

(Ерте, ерте, ертеде...Қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен...)

Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, басқаларға мүлде ұқсамайтын ел болыпты. Өздеріне бұйырған тамаша жер болыпты, жер болғанда керемет, керектінің бәрі бар, асты толған қазбабайлық, мұнай-газ, үсті толған тау-орман, тоғай-өзен, дала мен шөлі тағы бар, қысқасы мұнда жанға керектің түгел жағы бар! Алайда, бір қызығы ма, әлде шыжығы ма кім білсін, тұрғындарының көбі сіңірі шыққан кедей екен, бірақ аздаған тобы әлемдегі байлармен теңесе алатындай олигарх-көбей екен!

Сол елдің бір ауданындағы Есек әкім бір күні «Осы мен неге өзім туралы, өмірім туралы кітап шығармаймын, ақша болса жетеді, ол кітабым ұрпағыма естелікке кетеді, қарамағымдағыларға айтқызбай-ақ өтеді, сонымен шыққан шығыным он есе болып бітеді...» деген ойға қалды. Айтылды болды, басында ет қызуымен өзі кіріспек болып еді, оған шыдамы да, өресі де, айтар сөздің төресі де, құрастыру байлығы да жетпеген соң, жазуға ебі бар жапалақты шақырып алып, былайынша пәрмен берді: «Ал Жапалағым, мен саған өз өмірімді баяндап беремін, соны сол қалпында жазып шығасың! Түсінбеген жеріңді сұрақ қойып сұрап отыр, еңбегің үшін ақыңды да аласың...»,.. бұйрық қатты жан тәтті, Жапекең басқаны жиып қойып, барлық істі тиып қойып әрбір сөзді әрлеп, керегінше дәрілеп іске кірісті. Әңгіме басталды, таяқ жерге тасталды, әлхисса:

- Мен бірден Есек Есекбаевич бола қалмадым, өмірім өте күрделі, шытырман оқиғаларға толы. Әке-шешем жай ғана қарапайым, ауылда бастықтардың тапсырған жұмысын атқарып, үйдегі өз шаруасын күйттеп жүрген адамдар еді ғой, аяқ-асты өмір бұрқан-сарқан болып шыға келді! Ортақ өкімет құлап, өз еліміз тәуелсіздік алды, ауылда ешбір жұмыс, тірлік қалмады, әбден қиналдық. Амалсыздан, барымызды сатып, айырбастап қаланың шетіндегі саябаққа көштік. Басқа қолдан келер ештеме жоқ, атақты Маймыл Шал жекешелеп алған базарды жағалап, жүк тасып күнімізді көре бердік. Өзім сияқтылармен бірге отырып, әділетсіз жекешелендіру туралы қаншама әңгімелер айттық десеңші, бірақ, кімнің құлағына жетсін! Маймыл Шалдың жендеттері жақындағанда ондайдың бәрін қоя-қойып түгелдей ыржиып тұратынбыз! Солай болып қала берер ме едім, құдай оңдап, базарға «оптым» ет тасығыш, жатыры шатырдай, бір-екі құлынды Күйлегіш Құла Биемен әкелген еттерін тасып жүріп, көңіл қоса қалғаным. Ол болса кәдімгідей салмағы бар, біз сияқты митың емес күйтіңдеген Ақталған Аттың қарындасы болатын! Ел қызғаныштан айтатын анау-пынау қылықтарына, «жап-жасты бірер сүрдіріп түсірді-ау» деген қызғаныштарына қарамастан, оның бәріне фу дедім де, келіп қалған жасына қарамай екеуміз үйленіп те алдық! Міне, содан бастап өмірім күрт өзгерді деуге болады! Маймыл Шал Ақталған Аттың кластасы болатын ғой, соның арқасында жүк тасығыш есектердің «бугор-бригадирі» болып шыға келдім! Олардан жинаған ақшаның жармысын жымқырып, Маймыл Шалға иіліп, ыржалаңдап күле қарап жүріп, біраз ақша да жинай бастадым. Қол астымдағыларды аямайтыныма ол да риза болып, күнде үстіме мінгізіп үйіне апаратынымды қойып, әйелімді өзі жаққа жеңілдеу жұмысқа, ет сатқыштардың контрөлері етіп алып, күндіз-түні соны мінетінді шығарды. Мейлі ғой, бізге пайдасы тисе болды да! Ақыры, жасы келіп, ақшасы бойынан асқан кезінде, енді өзі жүгірмей, тек үстеме-дивиденд алып отырып, мені «базарком» етіп қойды! Басыма бақыт қонды, қарияның офисінің астындағы жертөле-подвалдағы тақыт қонды! Бастықтардың сансыратқан, қансыратқан базар-елдің күндегеніне, «балалары түрлі-түсті» деп сырттай жүндегеніне, «бір биеден ала да туады, құла да туады» деген дана халқымыздың аталы сөзін білмегендеріне түкірдім де қойдым! Бастысы шаруам түгел, бүтін!

Білім керек екенін де түсіндім, ақшаның арқасында, атын өзім де білмейтін Жоғары оқу орындарының түрлі мамандықтары көрсетілген үш-төрт дипломын да сатып алып қойдым, кедергі-мешайт етпейді. Көбейген тамыр-таныстардың арқасында мәслихатқа депутат та болдым. Мақтау-марапаттардың да түр-түрін ала бастадым, керек десем сатып алудан да қашпадым. Бастысы, бастықтардың көңілін табуды үйрендім, түк түсінбес қара халықтан жиренуді де үйрендім.

Білім керек дегенім, мектепте қайбір дұрыс оқыды дейсің, сондықтан түрлі курстарға бара бастап, қазақша-әдеби тіл жетілдірдім: «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық; Алтын көрсе періште жолдан таяр; Сиынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын; Алаған қолым береген; Түйе сұра, ұялғаннан биесін береді; Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді; Әкімге бара берме, пәре бер» деген ұстанымдарды тоқтамай жаттадым. Ең бастысы соңғысының өте дұрыс екенін күнде көріп, қолыммен ұстадым, інілеріме жер алып беріп, ауданның жартысын жалмағанда, келін-қыздарға жұмыс тауып бергенде т.б. күнделікті жағдайларда осы қағиданың нақты шешімі ұтыс екеніне мәңгілік көзім жетті! Орысша да біраз үйренгеніме салсам, бұл менің өмірлік кредом! Осыдан бастап, мәдениеттілігім артып, орысша қосып сөйлейтін болдым. Вот так болды!

Жас болса қырықтың ортасынан аса бастағаны бар, енді қашанғы елмен алысып-жұлысып, айқайласып-аттандасып жүремін (оның үстіне қазіргілер қип етсе телефонға түсіріп әлеужеліге әлем-жәлемдетіп сала береді) деп, өзімнің ойымша ең табысты жер мемлекеттік қызмет, оның ішінде аудан әкімі екенін көріп, біліп, сезіп...сол орынға қонжимақты шештім! Онымның дұрыс екенін қазір дәп түсініп, қызығын көріп те отырмын! Сонымен қойшы, кірістім...

Осы арада тіміскілеп тесігін тауып, «Керек тастың ауырлығы жоқ» дегендей, экономика ма, филосопия ма әйтеуір бірді-екілі ғылым кандидаттығын да сатып ала салғам, тәк што, бұл ағаң қазір кандидат нәук, біраз жүріп докторский де қорғамақ ойым бар!

Айтпақшы, аудан әкіміне бірден-сразу болуға болмайды екен, біраз мем.қызмет істеуің керек екен. Алдымен соған кірістім...

- Еее Жапалағым, ол үшін тестирование өтіп, сертификат алу керек қой дейсің бе, иә, сол пәлесі бар екен, оны да шештім ғой! Қалай дейсің бе, тест алып отырған компьютершікке 700 доллар бере салдым, болғаны! Компьютер білмейтін мені қойшы, сол орысқа коррупцияны тексеретін финполдың жігіттері 300-400 доллардан беріп жатқанын қайтерсің! Таң қалдым! Біздікі таза еңбек қой, ана орысты айтсаңшы, байлық деген сонда екен, бір басында бес-алты үй, тіпті охотаға, рыбалкаға әрқайсысына бөлек-бөлек мінетін джиптері де бар екенін сол жігіттерден естідім.

Сертификат қолға түскен соң, конкурстан өтіп, бір облыстық департаменттің бас маманы болып шыға келдім де, бір жылға жетер-жетпес уақытта бөлім басшысына айналдым! Әй көрсеттім-ау бөлімдегілерге, алдында ғана «Ооо, бізге есек келді есек» дейтіндердің бәрін қуып жіберіп, біраздан кейін зам болдым. Сірә, талантымда, дарынымда, ұйымдастырушылық қабілетімде шек жоқ шығар деп өзім де ойға қалатынмын.

Сонда отырып, кіріс-шығыс дей ме, жауап-виза дей ме біраз қағаздарды қарауды, одан кейін бөлім басшыларының жазып берген докладтарын жиналыстарда ежіктеп оқып беруді біраз үйрендім. Корпоратив, дастархандарда тост сөйлегенде, әсіресе, бастықтарды мақтағанда бір адамнан қалыспаймын ғой, енді...

- Такс, Жапалақ! Осы ауданға әкім болуға жоғарыдан ұсыныс түсіргенімде, шынымды айтсам, өзім де біраз қобалжыдым! Бірақ, шегінер жер жоқ, тәуекелге басып, Патшамыз арыстанның ордасына да тарттым! Келісім-согласование деген пәле барын өзің де білесің ғой, бірақ, бекер қорқыппын, ондағылардың бәрі дерлік өз туыстарым болып шыққаны, тек қана әртүрлі аңдардың терісін жамылып жүреді екен да! Почти барлығымен де тез тіл табысып кеттім, иіскелесіп-сипаласып-қасысып, мұрнымызды шүйіріп алған соң-ақ, шүйіркелестік те кеттік! Тек қана әр кабинетке кіргенде бес мың доллардан тастасаң болды екен! Қойшы, өзімізге келген соң, жолбарыс терілінің өзі шешім шығарып, аудандық мәслихат депутаттарына қызу қолдатып, тіптен танымайтын біреулері «сенім артамыз, жақсы маман екен, ауданымызға осындай әкім керек еді» дегендерін де естіртіп, креслома нығыздап қонжитып кетті...

- Ей сен, не деп отсың? Өміріңнің соңына дейін жететіндей, соншама 300 мыңдай доллар шығарып, осы әкімдік Сізге неге керек дегенің не сөз? Біріншіден, мен енді простой есек емес, Есек Есекбаич деген ханмын! Екіншіден, әкім болу ұнайды, елдің аузыңа қарап қана отырғанын көру қандай бақыт екенін түсінесің бе сен? Үшіншіден, ол ақша қазірдің өзінде жылға жетер-жетпестен-ақ қайтып та келіп жатыр!

Қалай дейсің бе, айтайын, арнайы келіп, сәлем-сауқат-көрімдік берушілер көбейді! Елдің бала-шаға, келін-кепшіктеріне жұмыс та керек, сұрап келеді, бір нәрселерін құрап келеді, елдің жағдайын тура шешкенге не жетсін десеңші! Барлық бос орынды, тіптен мекеме техничкасына дейін вакансияны точно есептеп, жолға қойсаң болды, ақша ағыны толастамайды. Атақ-абырой сұрайтындар да көп, несін аяймын, тышқан құмалақтарымды әбден кептіріп аламын да, жіпке тізіп, моншақ жасап тарата берем! Жер-үй сұрайтындардың таксасы да, баксасы да басқа! Жол салғыштарды айтсаңшы, енінен бес-он, қалыңдығынан бір-екі сантиметрді көрмей қалсаң болды, қолмақол-обналиченный ақша, қаражат! Құрылыс, дұрыс емес бұрылыс, жарық... қысқасы бәріміз де қарық дегендей! Қойшы, бәрін несіне тізе берейін, шығарған пұлым қайтып, еселей түсімдер түсіп жатса болды емес пе! Негізі, бұндайдың бәрін игеру үшін, жоғарыға жіберіп отыратындарыңды меңгеру үшін, білесің бе, менікіндей дәу бас керек...

- Қиындықтар да кездесетін болар дейсің бе, аздап бар енді, дегенмен бар айтатыныңды әтеш-тауық-үндіктер түгел жазып береді, оқып шығасың! Ұнамаған қарамағыңдағыларға ақырып-ақырып жіберсең болды, ал жоғарыдан келгендердің шай-суын, соғым-поғымын т.б. реттеу жағын ешқашан ұмытпаған жөн. Жай халықтың да жағдайын таптым, үй сұраса кезекке тұр, нан сұраса тезекке мойныңды бұр дейсің, болды. Әнебір блогер дегендер бір пәле екені рас, бірақ, олар да адам ғой, бірін қорқытасың, бірінің сөзін өтірік қорытасың, кейбіріне аздап ақша-пақшасын, керекті бау-бақшасын бере саласың, бір-біріне айдап та саласың, қысқасы, қолыңда билік болса бәрін де шешесің ғой.

Ең қиыны әлгі елдің алдында есеп беру еді ғой, оның да жолын таптым. Алдымен ешкі-серкелерге сөз қуғандарды, ақылдымсығандарды, керек жоқтарды елеп-екшеп әкелмеуді тапсырамын. Олар да солай істеп, өздері бастап бір-бір отар қойларын айдап келеді. Доклад жасап әуре болып жатпай, ғылыми прогресті қолданып, ЛЭД экраннан «Ауданның қарқынды дамуы» атты киноны көрсете саламыз. Сосын төтенше, жауабы жоқ сұрақтар болмауын төменге қатаң тапсырамын, орындайды, яғни, дайын сұрақ, жазылған жауап...

Дайындалған сұрақтарға шешімі табылған, жоғарыдан жасалуға жоспарланып, ақша бөлінген мәселелерді, бағдарламаларды тура сол жерде шешкендей етіп, елдің алдына бұрқ еткізем, бәрі де дән риза. Сосын үш-төрт қарғалар шығып қарқылдап мені мақтайды, бірнеше құзғындар шығып сұңқылдап батасын береді. Одан кейінгі әңгіме, тотықұстар сайрап, марапат алушыларды ортаға шақырады, қолдарын қысып тұрып, құттықтап, суретке түсеміз! Бұл шара аяқтала сала сахнаға бұлбұл-бозторғайларды шығарып сайратамыз, шегіртке-дәуіттерді шығарып майыстырып биді де жайратамыз. Қол соққан, риза болған ел! Болған біткені осы, тәмат-тамам!

- Алдағы жоспарларыңыз дейсің бе, әрине, жоспарлар бар ғой: Жолбарыс терісін жамылғанның орынбасарлығына да көтерілсем; Жеке өмірімде докторлық қорғасам, айтпақшы, мына кітаптың авторлығына өзімді көрсет, Жазушылар-Жорналшылар Одағына кіруім керек, сосын тағы бірер кітаптар жазу да ойда бар; Алда аудан әкімдерін де сайлайды деседі ғой, сонда басқаны ойсырата жеңуді ұйымдастыру тағы бар, ол да бір байқамасаң бәле, комиссияны алдын-ала дайындап, бюллетендерді дұрыстап қою мәселесі дегендей; Терминдерді жаттап жүрмін, айтпақшы сен ақылдысың ғой, осы люстрация дегенді қанша оқысам түсінбедім, жәй сөзбен түсіндіріп берші; Негізгі түпкі ойым, осылай басқаға жалтаңдап жүре бермей Сенатқа кетіп талтаңдап жүрсем бе деген де план бар; Бастысы, бастықтар аман болсын, бәрі де шешіліп, берерлері кесіліп, реттеліп тұрады ғой...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

3 пікір