Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4813 0 пікір 17 Қазан, 2013 сағат 03:17

Әбілсейіт Мұқтар. Абылай хан және Ахмад шах

Бүгінде әлемнің назарын аударып, саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақсыздығымен аты шыққан Ауғанстан XVIII ғасырда Орталық Азияда алып ел болды дегенге ешкім сене қоймас. Өзара ішкі талас пен сыртқы күштердің стратегиялық  ойындары әсерінен соғыстардан көз ашпаған ауғандар қазіргі таңда шекарасы шектеспегенімен Қазақстан Республикасымен сенімді қарым-қатынас орнатып, еліміздің қолдауына ие болып отыр.  Мұндай байланыстардың тарихы өткен ғасырларға кетеді.

Бүгінде әлемнің назарын аударып, саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақсыздығымен аты шыққан Ауғанстан XVIII ғасырда Орталық Азияда алып ел болды дегенге ешкім сене қоймас. Өзара ішкі талас пен сыртқы күштердің стратегиялық  ойындары әсерінен соғыстардан көз ашпаған ауғандар қазіргі таңда шекарасы шектеспегенімен Қазақстан Республикасымен сенімді қарым-қатынас орнатып, еліміздің қолдауына ие болып отыр.  Мұндай байланыстардың тарихы өткен ғасырларға кетеді.

 Көне тарихқа назар аударсақ, қазақ және ауған мемлекеттерінің дипломатиялық байланыстары XVIII ғасырда-ақ қалыптасқанын байқаймыз. Бұл кезеңде Қазақ хандығы мемлекеттілігін сақтау жолында көршілері орыс-казактары, қалмақ, башқұрттармен, Жонғариямен арпалысып жатса, Ауған тайпалары Азияның ұлан-ғайыр территориясын билеген парсы шахы Нәдір мен Ұлы Моғолдар империясының  қоластынан шығуға қарсы күресті бастаған-ды. Тарихта ауған (пуштун) жерінде XVI ғасырда хаттак тайпалары құрған  Акора, Тери, XVII ғасырда  Афридия, XVIII ғасырдың басындағы Қандағар, Герат тәрізді ұсақ-ұсақ иеліктер болғанымен, олардың барлығын біріктіретін Дуррани державасы (1747-1819 жж.) біртұтас пуштундардың басын қосқан алғашқы тәуелсіз мемлекет екендігі белгілі. Ауған мемлекетінің құрылуына олардың сан ғасырлық күресі мен парсы империясының күйреуі ықпал жасады.  1747 жылы 20 маусымда Нәдір шахтың қаза табуы, Иранның бірнеше иеліктерге бөлінуі әсерінен әскер құрамындағы ауғандық абдал тайпалары зеңбіректер бөлімін басып алып, Хорасаннан Қандағарға қарай жылжып, 1747 жылы қазан айында Шир-Сурх мазары  маңында Ахмад ханды шах ретінде сайлады [История Афганистана с древнейших времен до наших дней / Отв. Ред. Ю.В.Ганковский. –М.: Мысль, 1982.- С.125-127].

 Ахмад шах өзі парсы әскерінің құрамында ауған атты әскерін басқарып, талай жорықтарға қатысты, тәжірибе жинады. Ауғандықтар Нәдірге 1739 жылдың мамырына  дейін Индияны біржолата бағындыруға көмектесті. Үнді жорығында Нәдір шах 90 мың әскерімен 340 мыңдық үнді әскерін талқандап, Азиядағы ең мықты мемлекетті қалыптастырды [Әбілқайыр хан және  Нәдір шах / Ә.Мұқтар  // Отан тарихы. - 2012. - №1 (57).- 73-77 б.].  Нәдір шах әскері 1740 жылы тамыз айында Бұхара, Хиуа хандықтарын бағындырып,  Қазақ хандығы территориясына келіп тірелген-ді. Оны ескергендіктен де қазақ елінің жауапкершілігін арқалаған Әбілқайыр хан 1740 жылы 19 тамызбен 1 қыркүйек аралығында Орынборда өткен қазақтың барлық белді тұлғалары (Әбілмәмбет хан, Абылай, Нұралы, Ерәлі сұлтандар, Есет, Бөкенбай, Құтыр, Жәнібек, Бөгенбай батырлар т.б.) қатысқан қазақ-орыс келіссөзіне бармай, алдын-ала Арал теңізіне қарай аттанды. Әбілқайыр ханның кездесуге қатыспау туралы батыл шешімін үстірт тоң пішуге үйір Ресей тарихшылары оның жеке басынан іздеп, ішкі алауыздық әсерінен деген қорытындыға келеді [Начало оренбургской истории (Создание Оренбургской губернии в середине XVIII в.). / Д.Сафонов. –Оренбург: Изд-Во «Оренбургская губерния», 2003. - С.64]. Шынын айтқанда мәселе басқада еді. Әбілқайыр ханның алдында елдің оңтүстігіндегі жағдайды реттеу, шахпен келісімге келіп, өзара қырғынды тоқтату міндеті тұрды. 1740 жылы 8 қарашада Әбілқайырдың Нәдір шахқа жіберген алғашқы елшілерінің құрамына сенімді адамдарымен бірге өзіне келген орыс елшісі геодезист И.Муравинді және  қарақалпақтан, аралдықтардан 4 адамды енгізеді. 9 қарашада хан елшілерін парсы шахы  қабылдады [КРО-1, С.178-179].  Бұл бастама оңтүстіктегі қауіптің алдын алды. Міне, осылайша басталған дипломатиялық қарым-қатынас кейін жалғасын тапты. Жаңа елшілікке бір кезде Хиуаны билеген Батыр ханның ұлы Қайып сұлтан тартылды. Қайып Хиуаны 1715-1728 жылдары билеген Шерғазы ханның қызынан туған болатын[РИССМ. 122 қ.,122/1 т., 1747, 3 іс, 265 п.]. Олай болса сөз жоқ, Қайып Хиуа хандарының жиені ретінде оның  мәселесімен шұғылдануға толық құқылы еді. Қазақ-иран қарым-қатынасы барысын жіті қадалаған Н.П.Рычков «Парсының патшасы Хиуа иелігіне дейінгі жерлерді жеңіп келіп, бұл жердің астанасы Хиуа қаласын да алған. Осы кезде Батырды қамқорлығына алуды сұрап, қазақ ханы Әбілқайыр Қайыпты Нәдір шахқа елші қылып жіберген»,- деп анықтай түседі [Капитан жазбалары  / П.И.Рычков, Н.П.Рычков. -  Алматы: Ана тілі, 1995. -85-86б.]. Сонымен Қайып Батырұлы Әбілқайыр тапсырмасымен, біздіңше, 1745 жылдың көктемінде Нәдір шахқа аттанған. Оны осы жылы жазда Әбілқайыр ханға Хиуа елшілері Құдайберді инақ пен Құтлы молда әкелген парсының әскер басы, Хиуалық Уәйісқұл михтярдың хаттары айғақтайды. Нәдір шах 1745 жылы 5 мамырда Әбілқайыр ханға «бізбен келісе отырып, иомут халқына соққы беруді сұрайсыз, сонымен бірге марқұм Шерғазы ханды мысалға ала отырып, Қайып сұлтанды және басқаларын хандық таққа қоюға болатындығына үміттенесіз, біздің әуелден сізге қайырым көрсету ойымыз бар»,- десе, Хиуалық Уәйісқұл: «Сіздің жіберген елшілеріңіз шах қызметінде болып, шахтардың шахы оларға көптеген мейірім көрсетті»,- деп хабарлайды [РИССМ. 122 қ., 128/1 т., 1745, 3 - іс, 132,142 п.]. Қайып бастаған елшіліктің сәтті қабылданғанына көз жеткізген Әбілқайыр хан 1746 жылы өз елшісі  Ақмырза арқылы парсы шахына тағы хат жолдайды. Хан: «егер орыстар тарапынан қысымға түссе, олардан қорғану мақсатында Хиуа иелігіндегі Бесқала қалашығын өзіне беруді» өтінеді. Ақмырза Иран жерінде  Қайып сұлтанның шах сеніміне ие болғандығын анықтады. Бұхара хандары Үбайдолла (1702-1711), Әбілпейіз (1711-1747) сарайында кітапханашы болған Мұхаммед Вафа ибн Мұхаммед Захир Карминаги (Казы Вафа) «Тухфат ал-хани» («Хан сыйлығы» немесе «Тарихи Рахим хан») еңбегінде Қайыптың осы кезеңдегі өмірі мен қызметін толық ашып көрсетеді. Еңбектен Қайыптың шах бұйрығы бойынша атақты Фирдоуси ақынның отаны Хорасандағы (Иран) Туе қаласында қызметте болып, оның сеніміне ие болғанын байқаймыз [Казахстан и Бухарское ханство в XVIII – пер. половине XIX в. / Ж.М.Тулибаева. - Алматы. Дайк-Пресс, 2001.- С. 45-50]. Қайыптың Хиуа тағына отырып, Хорасан қолдауына ие болуы қазақ хандарының сыртқы саясатындағы бір ғана Ресеймен шектелмегендігін, олардың қай уақыттада көп векторлы саясат ұстанғандығын дәлелдейді. Мұндай саясатты жалғастырған Әбілқайырдың сәтті дипломатиясын 1747 жылы 20 шілдедегі Нәдір шахтың және 1748 жылы 15 тамыздағы өзінің өлімі ғана тоқтатты.

     Сонымен Қазақ хандығының оңтүстігінде XVIII ғасырдың ортасында Иран империясын ауыстырған жаңа Ауған мемлекеті дүниеге келді. Тәуелсіз мемлекет бастауында тұрған абдал тайпалары өз атауын дуррани (інжу-маржан) деп өзгертсе, Ахмад дурр-дурран (інжу-маржанның асылы) деген атаққа ие болады. Содан шах 1750 жылы бүкіл ауған жерін бағындырып, 1750-1754 жылдары Хорасанды, Панджабты, Кашмирді, кейбір өзбек иеліктерін жаулап алып, 1761 жылы Дели қаласына жақындайды. Дуррани державасы алып мемлекетке айналып, Орта Азия, Иран, Шығыс Түркістан елдерін Оңтүстік Азия мемлекеттерімен байланыстыратын ірі сауда-саттық торабын иеленді.  Дуррани империясы 2100 мың шаршы шақырымға созылып, Франция, Италия, Испания және Ұлыбританияны бірге қосқандағы ауқымынан да асып түсті. Замандастарының пікірінше, Ахмад осынша елді 80 мың тұрақты, 200-300 мың  жинап алынған жалдамалы әскер, 2 мың жеңіл  және 40 ауыр зеңбірек күшімен бағындырды.  Ауғандықтар артиллериялық қарудан басқа атқан оғы 1 шақырымға жететін «эраде-бан» ракеталық қондырғыларын пайдаланды [Армия и военная система шахов Дуррани / Ю.В.Ганковский // Индия и Афганистан. Очерки истории и экономики. –М.: Издательство Восточной литературы, 1958. -С.62,70-71]. 1760 жылдары Ауғанстан мемлекетінің, оны билеуші Ахмадтың ең күшейген кезеңі еді.  Осы тұста оның мемлекеттік мүддесі шығыстағы келесі бір алып ел Қытаймен тоғыспай қалды. Оның негізгі себебі Қытайдың Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып, әскери күштерін оңтүстік-батысқа, мұсылман елдеріне қарай бағыттауы еді. Орталық Азиядағы саяси-экономикалық ахуал түбірімен өзгеріске ұшырады. 1756-1757 жылдары қазақтар, 1758-1759 жылдары қырғыздар, өзбектер қытай әскерлерімен бетпе-бет соғысты. Қазақ үшін тығырықтан шығар жолды іздеген Абылай хан «Ата-бабамыз Есімхан мен Жәңгірханнан бері Жүңгомен хабарласа алмадық» дей келе, ендігі жағдайда ортақ келісімнің маңыздылығын Қытай патшасына жолдап, қазақ-қытай байланыстарының жаңа кезеңін қалыптастырды [Тарихи зерттеулер: Шежірелік деректер / Н.Мұқаметқанұы. –Алматы: Жалын, 1994. -66-67 б.]. Қытайлықтар осы сәтте бір кезеңде Жоңғарияға бағынған Шығыс Түркістанда да батыл қимылдай бастады. Ш.Уәлиханов Қашқарға саяхатында «Батысында Болор қыраттары және Тянь-Шаньмен, оңтүстігінде Куен-Лунмен, шығысында монғолдық Гоби шөлімен шектелген аумақтың әлі күнге белгілі-бір атауы жоқ. Елдің шығысында бұл жерлер АлтышаҺар – алты қала, Ұйғырстан, немесе Қашқар деп аталса, Еуропада ол Кіші Бұхария, Шығыс Татария, Шығыс немесе Қытай Түркістаны атымен белгілі, кейде Қашқария деп те атайды» деген тоқтамға келген-ді [Қашқарға сапар ұйымдастыру туралы жазбалар  // Көп томдық шығармалар жинағы / Шоқан Уәлиханов. –Алматы: «Толағай групп», 2010.Т.3. - 8б.]. Шығыс Түркістан маньчжур-қытай билеушілері үшін Орта Азияны бағындыру жоспарындағы плацдарм болды. Олардың жаулап алушылық әрекеттеріне бірден-бір қарсылық танытқан мұсылман дінінің өкілдері  қожалар болатын. 1759 жылдың басында Жихан қожа (бір деректе Жаһангир) Орта Азия мен Қазақстанға үміт артып, адамдарын жіберген. Қожа елшілерінің Орта жүзге келгенін көрген орыс көпесі У.Сеюшев Жиханның ташкенттіктермен келісімге келгенін хабарлайды. Қытайдың жоспарлы экспанциясынан Ресей де шошынды. Сондықтан Орта Азиядағы мұсылман халықтарының Қытайдың жаулап алушылығына қарсы басталған  өзара келісімдерін пайдалану үшін Ресей барын салды. 1759 жылы Нұралы хан жанында болған капитан Тевкелев орыс үкіметіне «қытайлықтар «Яркендті, Қашқарды, Ташкентті бағындырды» деп естігендігін хабарлайды.  Мұндай хабардан соң Ресей саясаткерлері қазақтарға «жаңа қорқынышты» жиі-жиі жеткізіп, оларды Қытайға қарсы дайындау үшін «способным человекам немедленно и через  то взять бы повод по условию с ним ханом о подвижении киргизов противу китайцев и мунгалов» деген шешім шығарып адамдарын қазақ хандарына атандырады [ОРОММ. 3 қ., 1т., 52 іс, 1, 13п.].   1759 жылы жаз айларында қазақ даласына жоғарыдағы тапсырмамен келген  М.Арапов Әбілмәмбет, Абылай хандарға Шығыс Түркістаннан жаңа елшілердің келгендігін хабарлап,  «қожалар ханнан қолдау сұрады. Қазақ билеушілері өтінішті қабылдағанымен, «алдымен ұйғыр бектері өзара қырғынды тоқтатып, келісімге келсін» деген талап қойғандығын анықтайды [Международные отношения в Центральной Азии в XVII – пер. половине XIX в. / Б.П.Гуревич. -  Второе, дополненное издание. –М.: Наука, 1983. - С.181-182]. Қазақтардың мұндай талабы заңды саналды. Өйткені Шығыс Түркістанды билеген қожалардың өздері 1755 жылдан бастап екіге бөлініп, өзара таласты қыздырған еді. Ш.Уәлихановтың анықтауынша, қожалардың бір тобы «ақтаулықтар» ұлттық еркіндікті қолдаса, екіншілері, «қаратаулықтар» қытайлар жағына шыққандар болатын. Ақтаулық қожаларды Қашқар, Яркенд, Үш-Тұрфан, Ақсу тұрғындары, қаратаулықтарды тұрфандықтар, комулдар т.б. қолдаған.  Бухан ад-Дин қожа қытайлықтар көмегімен  1756 жыл басында Жақия қожаны жеңіп, Қашқар мен Яркентті иеленеді. Алғашқы жеңісті ақтаулықтар мүддесіне пайдаланған Бурхан ад-Дин Жоңғариядан қашып келген бауыры Жаһангирмен бірге халқын қытайлықтарға бағындырмай өз соңдарына ерте бастайды. Ағайынды қожалардың атағы осы азаттық үшін күреспен шықты. Азаттық үшін күресті кезінде жоңғарларға қарсы бастаған олардың әкесі  Махмуд қожа 1755 жылы қаза тапқан-ды.  Ішкі тартыстың арты созылмалы соғыстарға ұласты.  Соның кесірінен Қытай 1759 жылы тамызда 30 мың әскерімен Яркентті, Қашқарды бағындырды. Ақтаулық қожалардың Шығыс Памирге, Бадахшанға өту жоспары жүзеге аспай қалады.    Орыс зерттеушісі В.В.Григорьев «Қытай ықпалымен Бадахшан билеушісі Сұлтан шах белді қожаларды шақырып, оларды өлтіріп,  біреуінің басын Чиң патшасына жолдады. Қашып құтылған Мұхаммед Эмин қожаның ұлы Ай қожа Кабулге келіп, Ахмадтан көмек сұрайды. Содан Ахмад әскерімен Бадахшанды бағындырып, Сұлтан шахты жазалады» деп түйіндейді [Восточный или Китайский Туркестан  / В.В.Григорьев. -СПб.,1873.-С.355]. Зерттеуші пікірін Қытай деректері де қуаттайды. Қожалардың Шығыс Түркістаннан күшпен ығыстырылып, толықтай Қытай билігінің орнауы  көрші мемлекеттерге әсерін тигізді.  Оны Құлсары батырдың «Қытайдың жоспары Үлкен Бұхара мен Хиуадан әрі қарайғы жерлерді басып алу болды» деген түйіні айғақтайды [РИССМ. 122 қ., 122/1 т., 1760, 4 - іс, 73 п.]. Осындай аса күрделі кезеңде, шығыстанушы В.С.Кузнецов, Абылай ханның Қоқан билеушісі Ердене би, қырғыздар,  ұйғыр бектерімен өзара байланыстарын жазғанымен, оның Қытаймен қарым-қатынасты шиеленістірмеуге аса үлкен мән бергенін көрсетеді [Империя Цин и мусулманьский мир (К вопросу о мусульманской реконкисте е Центральной Азии) (электрондық ресурс) / В.С.Кузнецов  //Мусульманский  мир Восточного Туркестана.Uighur.narod.ru/uigur2/article29b.hкопия ]. Міне осындай сәтте Дуррани империясының шахы Ахмад пен қазақ хандарының, Орта Азия хандықтары арасындағы дипломатиялық қатынастардың ерекше күшеюі заңды еді. XVIII ғасырдың 60-жылдарының басында-ақ Абылай хан Орта Азияның билеушілеріне, Ахмад шахқа елшілер жіберіп, Қытай экспанциясына жол бермеу мәселесін көтерген. 1762 жылы Ауған шахы қазақтың бас ханы Әбілмәмбетке жолдаған хатында  Абылай ханның жағдайды талдаған хатымен таныс екендігін, соның әсерімен Қытайға елшілік жіберетіндігін ашық айтады. Әбілмәмбет ханның хатшысы Бабазянның Абылайға жеткізген хатымен орыс тыңшысы Ф.Гордеев те танысып үлгереді. Тыңшының 1763 жылы 3 қазанда Ресейге жолдаған хатында Абылай мен өзге билеушілердің Ахмадқа Бадахшанда өлтірілген қожалардың ұлдарын жіберіп, көмек сұрағандығы белгілі болады. Содан шах қолдау білдіріп, қожаның ұлдарын әкелері орнына тағайындап Қашқарға кейін қайтарған екен. Осындай келісімдерден соң Ауған шахы өз елшілерін Қытайға аттандырады. Ауған елінен хабар алған Қытай патшасы 1762 жылы 18 қарашада арнайы бұйрығымен шекара басшыларына «ауғандықтардың алғашқы елшілігі екендігін, олардың үлкен, әрі біртұтас мемлекеттігін» ескертіп, оларға ерекше құрмет көрсетуді тапсырады [Международные отношения в Центральной Азии. XVII-XVIII вв. Документы и материалы. Книга 1-2. –М.: Наука, 1989. -№215,219].  40 адамнан тұратын ауған елшілігі Құтшымыр ханның басшылығымен 1762 жылдың күзінде Қытайға барып, Цин империясының Орталық Азияның Солтүстік-батыс аймағындағы жаулаушылық саясатына қарсылық білдіреді. Осы елшілік Пекинге бара жатқанда және 1763 жылы көктемде қайтар сапарында қазақ хандарын, ел игілерін қосып, Ахмад шахтың жоспарымен таныстырады. Ауған басшысы қазақ ханы тағы да Абылайға арнайы хат жолдайды. Хатында соғыс бола қалған жағдайда әскери одақ құру, Қытай әскерлеріне азық-түлікпен, көлікпен көмектеспеу жөнінде ашық айтылған [РИССМ  27 қ., 27/1 т., 1763-1766, 1-іс, 27-п]. 1763 жылдың алғашқы жартысында Ахмад шах Цин империясымен соғысқа шынымен-ақ, әзірлік жүргізіп, қазақ даласына, Хиуа, Бұхара және Қоқанға әскери одақ құру ниетімен жаңа елшіліктер жібереді. Ауған мәселесінде қазақ билеушілері ішкі бірлікті сақтады деуімізге әбден болады. Ауған елшілері Әбілмәмбет хан арқылы Кіші жүз ханы Нұралыға да хабар салып, соғыс бола қалған жағдайда әскеріне көмек алуды жоспарлаған. Егер азық-түлік, жылқылармен көмек көсетілсе мол алтын, күміс төленетіндігі жөнінде уәде де берілген [КРО-1, С.670-671]. Қазақтың бас ханы Әбілмәмбет «жасының үлкендігіне қарамастан» Нұралы ханмен үнемі байланыс ұстаған. Тіпті Нұралы хан адамдары  ауған елшісі Құтшымырмен кездесіп, одан Қытай патшасынан Ахмадқа елшілер шыққандығымен хабардар болған. Араға уақыт сала Әбілмәмбет хан Байтұрған бастаған елшілігін Ахмадқа жібереді. Осы тұста Қоқан билеушісі Ердене де ауған елшілерінің келіп, өзара көмек мәселелерін талқылағанын Абылайға хабарлайды. 1763 жылы жазда Ердене бек елшілері Әбілмәмбет ханға да келген [Международные отношения в Центральной Азии. XVII-XVIII вв. Документы и материалы. Книга 1-2. –М.: Наука, 1989. -№222,223].  Көп ұзамай Әбілмәмбет хан қазақ-ауған мәселелерін талқылау үшін үш жүздің белді тұлғаларын қосқан кеңесті Түркістанда ұйымдастырған. Құлсары батырдың анықтауынша оған 6 мың адам жиналған. Кейін белгілі болғандай көпшілік ауған-Қытай арасында соғыс бола қалса, қазақтар Ахмад шахты қолдайды деген шешім қабылдаған [РИССМ 122 қ., 122/2 т., 1762-1775, 14 іс, 198 п.; Из истории Казахстана XVIII века (О внешней и внутренней политике Абылая) / Р.Б.Сулейменов, В.А.Моисеев.  –Алма-Ата: Наука, 1988. –С.104-105].  1763 жылы қазақ даласында болған орыс тыңшылары көпестер М.Возмилов, Кузнецовтар Сұлтанмәмбет сұлтан және Құлсары батырмен кездесіп,  Қазақ хандығының ауғандармен  арадағы байланысын айқын сезінген. Дегенмен олар Абылай ханның Қытайға да елші жібергендігін де анықтайды. 1764 жылы 15 наурыздағы Сібір шебі әскерлерінің қолбасшысы И.И.Шпрингер есебінен Санкт-Петербургке Абылай сұлтанға 20 адамнан тұратын ауған елшілігінің келгендігі белгілі болады. Ахмад шахтың Абылайға жазған хатында Цяньлунға құрамында 40 адамы бар елшілік жібергені және оған: «Боғдыханның мұсылман дініндегі халықтар мен Қашғар, Жаркент секілді басқа да осындай елдерге билік жүргізуге ешбір құқы жоқ», — деп ескерткені жазылған [РИССМ 122 қ., 122/2 т., 1763, 2-іс, 8-п].  Мұның барлығы қазақ билеушілерінің Қытайдың жаулап алушылық саясатын дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылғандығын және оны жүзеге асыру үшін көршілес мұсылмен елдерімен тығыз келіссөз жүргізгендін дәлелдейді. Сол кезеңге дейін екі алыптың – Ресей мен Қытайдың ортасында ел тәуелсіздігін сақтау жолында көп векторлы бағыт ұстанған Қазақ хандығы қиын-қыстау сәтінде күшейген Ауған шахымен де саяси дипломатиялық қатынас орнатты. Оның нәтижесі ауған елшілерінің Қытайға, Қазақстанға, Қоқан хандығына, өзге де мұсылман халықтарына баруы бола алады. Қазақтар бір сәт Қытай бағытын ұмытпады. 1762 жылдың қыркүйегінде Абылай ханнан Дәулеткерей сұлтанның, 1763 жылы ақпанда батыс қазақ Үргеніш елшісі Сейтқұл, Кіші жүзден Нұралы ханнан Үкібас Болаттың, 1764 жылы сәуір айында Әбілмәмбет ханнан Қанжығалы бастаған 22 адамның Қытай патшасымен кездесуі біртұтас мемлекеттілікті сақтаудан туындаған қадамдар болатын. Бір қызығы қазақ елшілерімен бірге 1763 жылғы сапарда Қоқан елшісі Бабашық, ұйғырлардан Әшімбек, Әкебектер еріп барған. 1763 жылы ақпанда Нұралы ханға жолдаған Ежен патшаның хатынан Бадахшан, Қоқан, Бұйрат, Орта жүздің қазақтарының бірлескен саясаттарын байқауымызға болады [100 құжат (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар). –Алматы: Санат, 1998.- 58,62-65 б.]. Қытайдың келесі бір дерегінде 1763 жылы 11 ақпанда «Ауған елшісі Қожа-Мирхат, Бадақшан елшісі Абдул-Хамза, Қоқан елшісі Бабашық, Батыс Қазақ Үргеніш тайпасының елшісі Сейіткерей, Кіші жүз тайпасының елшісі Үкібас, Болат және «Хуэй бу» Қашқар қалаларының үшінші дәрежелі әкім-бегі Ақбек қатарлылар патшаға сәлем беру үшін «У мэнь» -нің алдында патшаны күтті», ал 1763 жылы 17 ақпанда аталған елшілерге қонақасы берілді, 1763 жылы 21 ақпанда елшілер құрметіне арнап арнайы әскери шеру өткізілді деген жолдарды кездестіруге болады [Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. II том. Сұңғатай С., Еженханұлы Б. Тарихи-мәдени жәдігерлер. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005. - 60-61 б.].  Сонау алыстан Кіші жүзден келген елшілерді Қытай кеңсесі «Оң бөлік қазақ Кіші жүз Нұралы», «Оң бөлік қазақ Кіші жүз Батыр», «Оң бөлік қазақ Үргеніш», деп бөліп жазып, «оларды бізге бағынушылар» деп анықтағанымен қазақтар үшін басты мақсат өзінің бірлігін көрсету, сауда-саттық жасау, сенімді дипломатиялық келісім орнату болатын. Қазақтар осы жолы тек өз бірлігін ғана дәлелдеп қоймады, сонымен бірге өзімен көршілес мұсылман елдерінен де елшілерді ертіп келді. Әрине олардың ішінде ауған елшілерінің бірге болуы көзі қарақты Қытайға әсер етпей қоймады. Қытайлықтар да олардың мұндай өзара келіскен қадамдарына әрдайым қауіптене қарады. Мәселен, Абылай хан  мен Ердене бек арасындағы елші алмасуларды естіген бойда «Соған қарағанда бір-бірімен астасуы бар көрінеді. Жансыз салу арқылы олардың арасына қызғаныш түсіру керек» деген тапсырмалар берілген [100-құжат... 65-66 б.]. Қытай патшасы Ахмад елшілерінің «мұсылмандарды қорғауына» менменси қарағандай сыңай танытты. Елшілік сапарын саралаған орыс тыңшылары кейін «ауған елшісі лайықты қабылданбады»,  Қытай ешкімнен қорықпайтындығын мәлімдеді деген қорытынды жасайды. Қытай елінің мәлімдемесіне қарамастан  Ахмад шах мұсылман елдері билеушілерімен бірлесіп болашақ соғыс мәселесіне дайындықты жалғастырған. Шах қазақ хандарына қайта-қайта елші салып соғысқа қажетті азық-түлік, жылқылар әзірлеуді тапсырған. Тыңшы Қ.Қазанбаевтың хабарына сенсек, мұсылман елдері шахтың ұсынысын қолдаған. Араға уақыт сала орыс тыңшылары «соғыс шамамен 1764 жылы көктемде басталады, шах 100 мың әскерді дайындап, Бұхара шекарасына орналастырды» деген ақпаратты Ресейге жеткізеді. 1764 жылы тамыз айында ұйғыр бектерінің  шахтан Қытайдан қорғануға көмек сұрағаны дәлелденеді [Международные отношения в Центральной Азии в XVII – пер. половине XIX в.  С.185-188]. Осындай түрлі хабарларға қарамастан мұсылман елдерінің қытаймен арадағы шиеленісі соғысқа ұласпады. 1764 жылдың аяғында Ауғанстанда болған орыс елшісі Б.Асланов  Қытай бағытына ауған әскерінің  аттандырылмау себебі Үндістан сикхтарымен болған соғыста шах қобасшысы Жеханның 60 мыңдық қолының жеңілуі деп  анықтады [Миссия Богдана Асланова в Афганистан в1764 году / Ю.В.Ганковский   // Советское востоковедение. -1958.-№2.-С.83-85]. Сонымен Орталық Азиядағы мұсылман мемлекеттерінің Цин империясымен теке-тіресі бейбіт түрде шешілді. Қанды қырғынды қазақ та, өзбек те, қырғыз да қаламады. Соның жолында жасалған ішкі келісімдер мен дипломатиялық қарым-қатынастар әсерімен Қытай Шығыс Түркістаннан әрі аса алмады. Ауғанстанды арқа тұтқан азиялық елдердің 1760 жылдардағы бірлескен саясатын кезінде Ш.Уәлиханов «орта азиялық билеушілер біраз уақытқа өзара талас-тартысты ұмытып,  одақ құрады, оның басшылығына Қандағардың билеушісі Орталық Азияның ең қуатты билеушісі, Дуррани әулетінің негізін қалаушы Ахметті сайлады», «бұл одақ еш нәтижесіз аяқталды, дегенмен оның маңызы, Қытайдың өз шекарасын жоңғарларға тәуелді болған Ташкент, Сайрам, Созақ пен Түркістанға дейін таратпақ болған пиғылы тоқтатылды» деп бағалаған-ды [Қашқарға сапар ұйымдастыру... 138-139 б.]. Шоқанның пікіріннің дұрыстығын бүгінде қырғыз тарихшылары да  толығымен қолдайды [История кыргызов и Кыргызстана: Учебник для вузов /Отв. ред.акад. В.Плоских; НАН КР, Кыргызсо-Славянский университет. -4-е изд. Доработ.. –Бишкек: Илим, 2003.-С.150]. Соған қарамастан 2010 жылы жарық көрген академиялық «Қазақстан тарихы» 1760 жылдары мұсылман елдері арасында болған өзара келісімдерді еш дәлелсіз «60-жылдардың екінші жартысына» жылжыта салған [Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –Алматы: «Атамұра», 2010.-252 б.]. Мұрағаттық құжаттар және мәселемен терең таныс жоғарыдағы зерттеушілер өзара келісімнің 1760-1765 жылдар аралығында жүзеге асқанын және бірлескен дипломатиялық саясат арқылы соғыстың тоқтатылғандығын дәлелдейді. Мұның өзі де сол заман үшін үлкен жеңіс болатын. Ал қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр бауырларына қолдау көрсетіп, елшілік аттандырған, Қытай назарын аудартып, Абылай ханмен сенімді байланыста болған Ахмад шах тарихта «мұсылмандарды қорғаушы» ретінде қалды. Ал қазақ билешілерінің, соның ішінде Абылай ханның көрші елдермен жүргізген сарабдал саясаты XVIII ғасырда біртұтас елдікті, мемлекеттілікті, ұлтымызды сақтады. Қазіргі таңда екі мемлекет арасындағы осындай сенімді қарым-қатынастар тарихы өз зерттеушілерін күтуде. Бүгінгі мемлекеттік деңгейдегі ұлт тарихына деген жаңа көзқарас пен шетелдерден әкелініп жатқан мыңдаған құжаттар бұл мәселеде де жаңалықтар мен тың тұжырымдар жасауға көмектеседі деген сенімдеміз.

 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1882
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1937
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1629
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1487