Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 3934 12 пікір 4 Қаңтар, 2024 сағат 13:39

Өскемен, Щучинск, Ұйғыр ауданының атаулары қашан өзгереді?

Еліміздің шығысында орналасқан Өскемен (Усть-Каменогорск) қаласын бір тілде жазу және айту қашан іс жүзіне асар екен деп ойлаймыз кейде. Сонау 2007 жылдың 21 маусымында экс-президент Н.Назарбаев орысшасы Семипалатинск деп аталатын, қазіргі Абай атамыздың атындағы облыс орталығы - Семей қаласын, тек қана мемлекеттік тілде атауға жарлық шығарып, ұлттық мәртебемізді бір көтерген еді.

ӨСКЕМЕН ТУРАЛЫ...

Әрине, ол кезде Өскеменнің көпшілік бөлігі славян тұрғындары болатын. Қазіргі күндері қазақтардың көрсеткіші елу пайызға жақындады. Бұрындары, осы қаладағы автобус, трамвайға отырғанда көпшіліктің ішінен бір-екі қазақты ғана көретінбіз. Қазір, жағдай мүлде басқаша. Сондай-ақ, қаладағы салалық жүйеде жұмыс жасайтындардың көбі қазақтар және осыларды басқарып отырғандар да өз ұлтымыздың өкілдері. Сондықтан, алдағы кезеңде Өскемен қаласының атауын тек қана мемлекеттік тілде жазуға, айтуға биліктің пәрмені керек-ақ. Бұған өзге ұлт өкілдері қарсы болмас деп ойлаймыз және бұл қазақ елі болған соң, солай болуы да қажет деген пікірдеміз. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанды – «Алтын алтай» өлкесі, Батыс Қазақстанды – «Ақ жайық» өлкесі деп атауды да ескере жүрсе екен дейміз. Осылайша атау көп қиын ба?! (Реті келгенде, орыстың облыс сөзінің орнына, қазақтың ежелден келе жатқан аймақ, өңір, ұлыс, өлке сөздерін пайдаланса құба-құп болары еді.

ЩУЧИНСК ТУРАЛЫ...

Әйелімнің елі солтүстік өңірден болған соң, Есілде және Бурабайда жиі болып тұрамыз. Барған сайын, Бурабайдың самырсынды тоғайын аралау көңіліңе қуаныш  ұялатады. Хан болған Абылай бабамыздың қоныс еткен, билік жүргізген резиденциясының орынын көру бір ғанибет. Дегенмен, осы арадағы аудан орталығы болып саналатын Щучинск қалашығының атауын да қазақшалайтын уақыт әлде қашан келді. Бурабай, еліміздегі ең әсем демалыс курорты болған соң, осы елдімекенге әлемнің әр түкпірінен келетін демалушылар, туристтер жыл сайын көбейіп келеді. Мысалы, бұл қаланы: «Абылай хан» немесе, тіпті, «Оқжетпес» қаласы деп атаса да артық болмас еді.

ҰЙҒЫР АУДАНЫ ТУРАЛЫ...

Әрине, бұл ұлт өкілдеріне ешқандай жамандығымыз жоқ. Қайта, бұлардың ұйымшылдығына, еңбекқорлығына, өз дәстүрі мен өз тілінде жүретіндігіне қызыға қараймыз. Дегенмен, кейінгі статистикалық санақты қарағанда, осы ұлт өкілдерінің саны да өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Біздің айтарымыз, ағайын, бауыр ел десекте, еліміздің алдағы кезеңдерін ойлауымыз керек. Бұлардың демографиялық дүмпуі қазақтарға  қарағанда, әлде қайда жоғары. Алдағы он, он бес жылдан соң, бұл ұлт өкілдерінің саны миллионға жетуі мүмкін. Сондай-ақ, бұлардың көбі өздерінің ұлттық мектептерінде оқиды. Ресми түрде он төрт дейді, кейбір  лидерлері одан да көп деп айтқанын естідік. Егер бұл шындық болса, еліміздің  солтүстік облыстарында  қазақ мектептерінің саны бұған жетпейді. Әрине, сандарының өскенінде жатағымыз жоқ. Бірақ, елімізде көптеген ұлт өкілдері  (этнос) болғандықтан, осы ұлт өкілінің атындағы ауданның атын өзгертсе дұрыс болар еді. Осы аумақтағы қазақтардың сөзімен Қара дала, не болмаса, Шарын (Ұлттық парк) атауымен атағанда. Сонымен қатар, бұл ұлт өкілдері (татарлар да), қазіргі күндері қазақ болып жазылып, еліміздегі әр салаға кіріп, жұмыс жасап  жатқанын білеміз. Әрине, бұған ештеңе демейміз. Оларда, қазақтар секілді тең  құқылы. Дегенмен, билік жүйесіне, әсіресе, қорғаныс саласына сақ болуымыз керек. Осы жүйелерге бұл ұлттарды жіберіп алмауымыз керек-ақ, секілді. Оны қаңтар оқиғасы дәлелдеді!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

12 пікір