Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Күбіртке 2382 3 пікір 21 Желтоқсан, 2023 сағат 14:56

Тәуелсіздік қымбат па, Жаңа жыл қымбат па?

Қазақстанда жыл сайын үзбей көтерілетін бір тақырып бар, ол «Тәуелсіздік қымбат па, Жаңа жыл қымбат па?» деген риторикалық сұрақ. Бұл сұрақтың үзбей қойылатыны да заңды, әрі ол бұдан былай да қойыла беретін болады. Не себептен? Енді осыған аздап тоқталайық.

Әуелгі себеп, ол – Қазақстан мемлекеттілігінің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнінің жаңа жыл қарсаңына тап келуі. Қазір бұл жағдайды біз «тарихи түрде осылай қалыптасты» деп айтуымыз мүмкін. Алайда, шындығында бұл датаның өмірге келуін біз «бір адамның көңіл‑күйінен туындағын «тарихи шешім» десек – ол әлдеқайда дұрыс болар еді...

Неге десеңіз, өздеріңізге белгілі, Қазақстан қираған КСРО үйіндісінің үстінде отырып, өз тәуелсіздігін бұрынғы барлық одақтас республикалардан кеш қабылдады. Қазақстанның сол кездегі басшысы Н.Назарбаев «әліптің артын бағып», тәуелсіздікті ең соңында жариялады. Егер, сол кездері Орта Азия республикалары өзара ынтымақтастық танытып, бәрі бір уақытта тәуелсіздік жариялағанда, онда біздегі бүгінгі Тәуелсіздік мерекесі тіптен басқаша сипатта, көрші жатқан барша түркілік елдер: Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және бізбен априори бірге Тәжікстан мемлекеттерімен бірге Ұлы той етіп өткізер ме едік?.. Бұл өз кезегінде Ортаазиялық елдердің ынтымағына ықпал етіп, ол жалпытүркілік әлемнің бірлігіне қызмет етуші рухани құндылық ретінде аталар еді.

Енді негізгі мәселе – осы мерекелерге бөлінетін қаржының арасындағы үлкен теңсіздік, диспрапорция бар екендігі. Біз Тәуелсіздік күнін қалайша шаттықпен өткізудің жаңа форматтарын таба алмадық. Өйткені оның артында зіл салмақ болып «Желтоқсан – 1986» тұр. Сондықтан, қазір үкіметтің өзі де Тәуелсіздік күніне қандай шығын шығарарын, қайда, қалай шығарарын өздері де білмейді. Әйтеуір үйіп‑төгіп мемлекеттік және мемлекеттік емес медаль‑ордендерін таратады, концерттерін қояды, жиындар өткізіледі... Бірақ мереке сұрқай күйде қалып қояды...

Бүгінгі күннің шындығы: Біздің коррупциялық қоғамда «әрбір мерекеден үлкен пайда тауып қалу» деген нәрсе елімізде отыз жыл бойы келе жатқан «антидәстүр» дейтін «дәстүрге» айналып кеткен. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан қоғам әр жылы Жаңа жылға бөлінетін бюджеттік қаржыны санап, оны Тәуелсіздік мерекесімен байланыстырып әуре боп жатары анық.

Біз де биыл Алматы, Астана мен Шымкентке сұрау салып, Жаңа жылға қанша қаражат жұмсауды жоспарлап жатқанын білдік. Қараңыз:

Мысалы, биылғы Жаңа жылда Елорданы безендіруге жалпы жиыны  - 836 млн (836 000 000) теңге жұмсалмақ.

АСТАНА ЖАҢА ЖЫЛҒА ҚАНША ЖҰМСАЙДЫ?

Биыл бас қаламыз – Астананы қысқы маусымға дайындап, Жаңа жылдық безендіруге қаржы бөлуді 5 шағын аудан (Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы, Нұра) әкімдігінің өз құзіретіне қалдырған.

Десе де, бюджеттен қаржы бөлуден бас тартпаған:

Есіл ауданына -  352 млн теңге;

Нұра ауданына - 150 млн теңге;

Сарыарқа ауданына - 146 млн теңге;

Алматы ауданына - 105 млн теңге;

Байқоңыр ауданына - 83 млн теңге бюджеттен бөлінген.

АЛМАТЫ ЖАҢА ЖЫЛҒА ҚАНША ЖҰМСАЙДЫ?

Алматы қаласы баспасөз қызметінің бізге берген мәліметі мынау: «На оформление каждого района в среднем из городского бюджета выделено 60 млн тенге. Общая сумма расходов по итогам проведенных на конкурентной основе государственных закупок составляет 511 762 709 тенге с учетом НДС», - дейді.

Алматыдағы әрбір ауданға Жаңа жылдық безендіруге 60 млн бюджет теңгесінен айналады. Жалпы жоспарлаған бюджет – 511,7 млн теңге.

Ал баспасөз брифингі барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев 20 метр болатын жаңа жылғы басты шырша Абай атындағы алаңда орнатылатынын айтып, салтанатты түрде 20 желтоқсанда жағылып, мерекелік концерт өтетіндігін хабарлаған.

Жаңа жылда қалада 60-тан астам шырша орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі тақырыптық іс-шаралар өтпек. Ал жаппай сырғанау үшін қалада 22 ашық мұз айдыны іске қосылады.

ШЫМКЕНТ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?

Үшінші мегаполис Шымкентте де жаңа жылға дайындық басталып кеткен. Биыл да тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін қаланы безендіру қызу жүріп жатыр.

Тәуке хан даңғылы – Шымкенттегі ең басты көшелердің бірі. Қазіргі уақытта даңғылдың біраз бөлігі мерекеге сай безендіріліп қойған. Абай саябағында да мерекеге арнап шырша мен биік-биік шағын сәулет мүсіндері орнатылған. Сондай-ақ, өткен және келер жылмен байланысты түрлі жаңа жылдық нысандар қойылған.

Оңтүстік мегаполисте де бюджеттен бөлінген қаржы әлі нақтыланбаған.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылы Жаңа жылға бөлінген қаржы Алматы қаласы бойынша 360 миллион, Астана қаласында 293 миллион, Шымкент қаласында 41 миллион теңгені құраған.

Түйін. Бұл еліміздегі үш ірі мегаполистің Жаңа жылдық мерекеге қамдануы. Дәл осындай көрініс еліміздің өзге де ірілі-ұсақты қалаларында қызу жүріп жатқаны айтпаса да түсінікті. Ал Тәуелсіздік күнін атап өтуге бөлінген бюджет қанша? Бұл туралы ашық дереккөздерден тұшымды ақпарат таба алмадық.

Дариға Ержанқызы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар