Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 2116 1 пікір 20 Желтоқсан, 2023 сағат 12:14

Бауыржанның бауырмал жырлары

Қытай қазақтарына танылмалы ақын Бауыржан Шормақ Атамекенге оралғаннан бері шабыт кенін қазып, өндітіп жазып, өлең өлкесінің көрігін қыздырып келе жатқан дарқан ақын екендігін өлеңсүйер қауым жақсы біледі.

Оның өлеңдері «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» ерекшелігімен бірге оқырманға ой салатын салмақты сезімдік қырымен көзге түседі әрі әр көңіл-күйдің түкпірінен именіп-жасқанбай орын алады. Өйткені ақын өлеңдерінің құрылымдық қисыны қыздың жиған жүгіндей әп-әдемі және біртұлғалылығымен оқырманның таңдайын қақтырып, тамсандырса, ал онда қолданылған сөз-сөйлемдер ұйқас пен көркемдік амалдардың құдіретіне құлай жығылып, ақындық ой-сезімінің шып-шырғасын шығармай оқырманның ой-қиял иріміне Фәлсапалық толғам мен суреткерлік шеберліктің кең тынысты бейнесін дарытады. Бұл ойымыз әдебиеттанушы Қаусылхан Қамажанның өлең туралы айтқан мына бір ой-толғамын еске түсіреді.  «Көркем әдебиеттің ең маңызды, ең негізгі құрамы және ең жоғары формасы есептелетін өлеңді де өлең ететін көркем обыраз екендігі мәлім. Көркем образ әдеби шығамашылықтағы көркем ойлаудың  нәтижесі негізінде дүниеге келеді. Көркем ойлау өлең жөнінен айтқанда өлеңдегі образды ой, образды сезім, образды тілдің дүниеге келуіне жол ашады. Бұл мәселені одан ары тереңдете отырып пайымдайтын болсақ, әдеби шығарманың қаны болған сезім, жаны болған әдеби шындық әдеби шығармашылық барысында образды ойлаудан пайда болады. Осы мағынадан алып айтсақ, ақын барлық зейін күшін жинақтап қаншалық ойланып, қаншалық әдеби шеберлігін әйгілеп жазса, оның жазған өлеңі басқалардың соншама толғанып оқуына, жүрек қанын сіңдіре отырып, одан ләззат алуына төтеп береді». (Қаусылхан Қамажан. Әдебиеттің дамуы туралы ойлар. (Үйғыр тілінде) –Үрімжі: «Шынжаң халық баспасы», - 469 б)

Ақынның:

Ашқанда елуіме аспан құшақ,
Тағы да бір сұрапыл басталды шақ.
Жүрегім жарқ‑жұрқ етіп от шашады,
Тағалы аттар басқан тастар құсап - деген өлең шумағын оқып отырып, елуді еңсере түскен шабытты сезімнің образды ізін аңғарумен бірге ондағы сүбелі суреткерлікке тәнті болмай қалу мүмкін емес. Елу деген сұрмергендей сұрапыл шақта пенде емес, аспан құшағын жайып қарсы алған ақынның жарқ-жүрқ еткен от жүрегі тағалы аттар басқан тастардан ұшқындаған от шашуға ұқсап кетеді. Ұқсағанда қандай, бір бүтін образды суреткерлікті көз алдыға әкеліп, оқырман ойын тәнті етеумен бірге терең сезім құшағына сүңгітеді.

Зәу биікте мүлгиді аспан алып,
Алып аспан жанарын жасқа малып.
Шипасы жоқ тас текті масқаралық,
Тас қаладан барады бастау алып.

Бұл өлең шумағында да аспан әлемін қалғытып-мүлгітіп, оның жанарын жасқа малып қойған ақынның ой-қиялы меңіреу тас қаланың мейірімсіздіктің ұясына айналып бара жатқандығын қолмен қойғандай оқырманның ойжүлгесіне судай сіңіріп жібереді де, оқырманын шалқыған шапағат пен мейіз дәмді мейір іздеуге аттанатындай абың-күбің күйге түсіреді.

Айналам айхай – дүрбелең,
Сумаңдайды өсек іргеден.
Кірпігі күйіп жұлдыздың,
Аспанның көзі кірлеген.
Адалдық ексем аулама,
Бұтағы арам бүрлеген.
Өмір деген сарайға,
Қай күні, қалай кірген ем? – деп келетін мына бір шумақ өлеңнің арқалаған жүгі тіптті де ауыр секілді. Өйткені айналасындағы сыпсыңдаған өсек пен дүниеқоңыз дүрбелеңнен көз аша алмаған лирикалық кейіпкердің қиялында бүкіл әлем күңгірт тартып бара жатқандай көрініс көз алдыға келеді. Оның дәлелі ретінде «кірпігі күйген жұлдыз бен аспан көзінің кірлеуін және аулаға адалдықты еккен сәтте, оның бұтағынан арамдықтың бүрлеуін» көлденең тартып, оқырманын шынайы болмысқа иландырған ақынның өзі өмір деген сарайға, қай күні, қалай келіп, кіргенін ұмытып қалады. Сөйтіп ақын өзімен бірге оқырманын да бөгделеніп бара жатқан әулекі әлеуметтік мәселелерге қарата өз көзқарасын білдіріп, болашақ пен келешек жайлы ойланып-толғануға мәжбүрлейді. Мәжбүрлеп қана қоймайды, оқырманның сезімдік тұрғыда әсерлене отырып, ләззатты қиялдың тұңғиық шыңырауына бойлап, ақылдық тұрғыда ой қорытындысын шығаруға талпындырады да:

Қайтейін қымсынып,
Қайтейін күрсініп.
Іші боқ, сырты мүк,
Бөрі езу, түлкі мұрт,
Өтеді‑ау тіршілік – деп ақын жанының қымсынуы мен күрсінуін «іші боқ, сырты мүк, бөрі езу, түлкі мұрт тіршілікпен» жымдастырып, оқырманын өтпелі өмір жайлы, тілкімделген тіршілік туралы ойланып-толғануға лиро бостық қалдырады. Сөйтіп өлең құдіретінің сиқырлы шүңетіне бойлаған оқырманның эстетикалық қиял алауына май құйып, маздатқандай болады. Ол ол ма?

Сығалайды шығарда шындықтың көзі іріңдеп,
Төрде отыр бас мұжып жалғанның көзі күлімдеп.
Ғасырдан‑ғасыр амандап әкелген қайран әдебиет,
Сиырға жұққан аусылдай саған да келді‑ау бір індет – деп келетін өлең шумағындағы ұлттық руханиятымызға келген кірме бәлеқазаны образды да, нанымды етіп бейнелеп көрсететін Бауыржан ақынның ой-сезімді суреткерлікпен бейнелеу шеберлігіне тәнті болмай қалатын оқырман кемде кем. Өйткені ақын жаны қоғамдық болмыстың күнгей жағы емес, теріскей жағына баса үңіліп, ондағы әлеуметтік дерт-дербездердің атын атап, мысқылға толы мірдің оғындай ұшқыр тіл суреткерлігімен түсін түстеп береді. Ақынның бұл жалаң баяндау мен пайымдаудан аулақ жыр шумағы тіл тиегінің сұлулық суына суғарылған қалпында оқырмандарымен сағынысып көріскен бауырлардай құшақтасып көрісіп, жандүние дүбіріне үн қосып, өлең құдіретінің тұңғиығына батырып жібереді.

Ақынның «Өзің жоқсың» атты мына бір өлеңін толық оқын шыққан оқырман сағыныш сезімінің иріміне батып, ақын жүрегінің күндіз-түні қалғымай келе жатқан шынайы болмыстық бейнесін аңғарғандай болады да, «таң құсындай таңды күтіп тұрған» ақындық тұлғаның жүрек лүпілін өз құлағыңмен естіп, сезімдік арпалысын көзімен көргендей мең-зең күй кешетінін межелеу қиын емес.

Көшкен бұлттай құздан‑құзға тасынып,
Көкжалдардай жорытқан жалғыз ашығып.
Сағыншым – сары құсым мерт болды,
Сенің сыйқыр ай сырғаңа асылып.

Сені ойласам сел сезімім буырқанған,
Айдын көлім көксауыт мұз құрсанған.
Сол құрсауды бірсін‑бірсін жібіткен,
Сенің сүңгі кірпіктерің нұр тамған.

Сені ойласам аспаным нұр, іргем жыр,
Бар қуаныш маған мәнсүп бірден бұл.
Өзің жоқсың мынау бейбақ өлкеде,
Бірақ мұнда менің мұздай мүрдем жүр.

Меңіреу түн сайтан ойнап, жын күлген,
Таң құсындай таңды күтіп тұрмын мен.
Саған іңкар жүрегімді қалғытпай,
Тірі сақтап жүрмін мен.

Ақынның «Тіл мен құйрық» атты мына бір өлеңін оқып, әлеуметтік өмірдің қараңғы беткейінің келбет-кеспірін бір-ақ шумаққа сиғызған ақындық шеберлік шеңберіне кіре алмай біраз әуреге түскен оқырман одан кейінгі екі шумағын оқып барып, адасып, алабұртқан есін қайта жинап, өлеңнің тереңіне бойлай түседі. Әсілінде, Бауыржан ақын осы өлеңнің бірінші шумағы секілді өзінің сырлылығы мен тереңдігінде қала беру керек еді. Алайда бұл жұмбағын соңғы екі шумағы арқылы тарамдап, тармақтап шешіп берген ақынға біз сәл реніш білдіргенмен, ой-қиялының қыларқаны қысқа оқырмандар өкпе айта қоймаса керек.

Ұқсамайды әр хайуанның харекеті, қимылы,
Харекеті – әр хайуанның ынтасы мен пиғылы.
Ит бейшара иесіне назын айтар тілі жоқ,
Көңіл күйін білдіретін бұлаңдаған құйрығы.

Адамдардың қасиеті ақыл менен білімде,
Даналығы жаны менен жүрегінде, ділінде.
Ал, қулар да иесіне бұлаңдатар құйрық жоқ,
Құйрығы оның удан ащы, балдан тәтті тілінде.

Иттер сөйтіп құйрығымен жолығады бұйрыққа,
Қулар сөйтіп тіліменен кенеледі сыйлыққа.
Тәңір сызған өмір заңы өзгермейді осылай,
Қулар менен иттердің парқы – тіл мен құйрықта.

Бұдан тыс ақын Бауыржан Шормақұлы өлеңдерінің терең Фәлсапалық толғамға құрылған шешендік өлеңдерін оқығанда, оның Абайша толғанып, Шәкерімше қырланатын тағы бір қырына тап болатын оқырманның ойында ақынның философтық келбеті көрнектілене түсетіндігі жасырын емес. Ақынның:

Үміті өлген кісіде,
Өмір бар да, мурат жоқ.
Нәпсі құмар кісіде,
Екі бет бар, ұят жоқ – деген пайымдауынан үмітсіз пенде мен нәпсіқұмар адамның келбет-кескінін айқын аңғарсақ, ал:

Жастықта ісінерсің,
Айғырдай кісінерсің.
Әкеңдей болған кезде,
Әкеңді түсінерсің.

немесе:

Жастық деген төбеңнен күн, табаныңнан сыз өту,
Қарттық деген айналаны сұр мергенше күзету.
Ал, кәрілік, жастықтағы қиянатты, қылмысты,
Жатып алып бірден-бірден көзге шұқып түзету – деген өлең шумақтарынан әке мен бала ортасындағы қарым-қатынас және жастық пен кәрілік арасындағы қисынды байланыстың бұлжымас ақитқатын аңғарғандай боламыз. Сол арқылы адамзат өмір-тіршілігіндегі бір бүтін тұлғалы барыстың мәнін түсініп, мәйегіне көз жеткізу жолын қарастыруға ұмтыламыз. Әсіресе, ақынның «кәрілік, жастықтағы қиянатты, қылмысты, жатып алып бірден-бірден көзге шұқып түзету» екендігін образды түрде бейнелеп көрсеткеніне тәнті болмау мүмкін емес. Одан ары мына бір шумақтарды оқып, ойға шомған оқырманның езу тартып, миығына күлкі үйріліп, өткен өмірге әттеген-ай айтып, толғанбауға шарасы қалмайды.

Кері тартып кежегеңнен қырсығың,
Сыртылдайды буының мен ұршығың.
Құралайды көзге ататын дәриға-ай,
Оңайлықпен оталмайды мылтығың.

Оңғандықтан жастығы мен жасауы,
Бойында жоқ қызығының масағы.
Оқта‑текте алдап‑сулап тұрмасаң,
Кемпірің де бойын алып қашады.

Айтпақшы, ақын Бауыржанның бауырмал жырлары Абайша толғанып, Шәкерімше қырланады деген пікіріміздің де өзіндік негізі бар екендігін төмендегі мына бір өлеңді оқыған оқырманның айтқызбай-ақ аңғаратындығына күмән келтіруге болмас.

Сен қазақтың ноған деме санасы,
Оған куә нән тарихтың бағасы.
Бұл қазақтың өмірдегі үш асылы –
Шаңырағы, ар‑намысы, даласы.

Бұл өлең шумағында дана Абайдың «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ - бес дұшпаның, білсеңіз..» дегені секілді Бауыржан ақын «бұл қазақтың өмірдегі үш асылы – шаңырағы, ар‑намысы және даласы» екендігін фәлсапалық тұрғыда тұрақтандырады да, өзінің мызғымас ұлттық ұстанымын айқындайды. Сол арқылы ақын өзінің азаматтық ар-намысын Алаштың әр шаңырағы мен кең даласының ортасындағы тұғырлы бәйтерек ретінде оқырманның ойына тасқа қашалған жазудай ойып жазып, орнықтырады. Сол секілді «Өмір мен адам» атты өлеңі де оның шешендік өлеңдерінің нақтылы үлгісі ретінде көзге түседі.

Бірден бірге жалғасатын өркені,
Өмір деген үзілмеитін ертегі.
Қоғам – теңіз,
Тұрмыс бейне ақ кеме,
Бақ пен байлық ақ кеменің желкені.

Қоғам – теңіз жағаға атқан шындықты,
Ұран еткен берекені, бірлікті.
Адам сорлы сол ұранның астында,
Үйренеді қулық пенен сұмдықты.

Бұл арада біз шешендік өлең деп отырған өлеңдердің ерекшелігіне сәл аялдап өтсек, артық болмас деп ойлаймыз. Шешендік қазақ халқының ауыз әдебиеті мен даналық ой жүлгесіне тән қасиеттердің бірі. Онда тапқырлық пен логикалық қисын басты орында тұрады да, көркемдік бейне оның астарына жасырынып жатады. Көрнекті әдебиеттанушы Әуелбек Қоңыратбаевтың сөзімен айтқанда, «толғау сөзқуарлыққа салынса, шешендік өлеңге жатады да, суреткерлік кілітін тапса, лирикалық өлеңге жатады». (Ә. Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы». –Алматы: Ана тілі. 1991. -288 б). Бауыржан Шормақұлының өлеңдерінде осы мәселенің аражігі бірден анықтала қоймайды. Ақын өлеңдерінде суреткерлік пен сөз-сөйлемдерді қисынына келтіріп қиыстыруды қатар, жарыстырып алып жүреді де, оқырмандардың ой-қиялында эстетикалық нәзік сезім мен шешендік тапқыр ойшылдықты кезкелген өлеңінде бейнелеп көрсетеді. Бұл ойымызға назар аудара отырып, кейбіреулер ақын мен ойшылдық бір адамның басында отаса алмайтын от пен су секілді нәрсе ме? - деп сұрау тастауы мүмкін. Оған бір ауыз сөбен жауап беретін болсақ, екеуі бір-бірімен отаса алады. Алайда, ақындық тіл суреткерлігімен көзге түссе, ал ойшылдық пайым-парасатымен өз биігін бағындыра алады. Сезім селіне айналған ойын оқырманын желіктіріп, желпіндіріп, әсерлендіріп, сүйіндіріп жеткізіп беру тек ақынның ғана қолынан келеді. Ұйқасқа ғана сүйеніп ойды жеткізу - ойды ойға тақпақтап жеткізу тәсілі екендігін екінің бірі біле бермейді. Содан барып ақын мен философтың ортасында дау туындайды да, ойын тіл суреткерлігімен емес, ұйқаспан ған жеткізуші ойшыл, философтың өзі мен ақынмын деп, кеуде керіп шыға келеді. Екеуінің айырмашылығы дәл осы жерде. Бұл арада ұйқаспен ғана жымдасып, тіл суреткерлігінен таяқ тастам жерде алыс жатқан жалаң баяндау мен пайымдауға құрлылған жыр-тақпақтардың әдебиет тарихынан ойып орын ала қоймайтындығы көзі ашық, көңілі ояу оқырманға жұмбақ емес екендігін баса айту артық болмас. Бұл құбылыс қазақ жырауларынан тартып Абай, Шәкерім өлеңдеріне, тіпті, біз өлеңдеріне үңіліп отырған Бауыржан ақынның жырларына дейін басы ашыла қоймаған күрмеуі қиын, күрделі түйіндердің бірі. Сондықтан Бауыржанның бауырмал жырларының ішіндегі «Бар мен жоқ», «Әйел болу оңай ма?» «Ұлтты дәстүр ұстайды», «Қадірін біл» секілді терме-толғаулары мен шешендік өлеңдері өзінің ырғаққа жеңілдігімен ұйқас ыңғайына ұтымды үйлесіп келіп, әрлі әуенге сұранып тұрғандығын аңғару қиын емес. Сол себепті оның суреткерлікке толы дарынды өлеңдері мен терме-толғаулық сипаты анық шешендік өлеңдерін бір-бірінен бөле қарап зерттеп-зерделеу, ақын өлеңдерінің атақ-абыройын аспандатпаса, төмендетпейді. Бұл арада осы бір теориялық негізді ақын Бауыржанның өлеңдеріне ғана емес Абай, Шәкерім, Мұқғали, Қадыр, тіпті, ылғи дидактикалық жыр мен тақпағында жалаң фәлсапалық пайым айтатын басқа да атаққа ғана арқаланып жүрген «ақындарымыздың» өлеңдерін талдап-сараптаудың өлшемі етсе, қазақ өлең өнерінің тынысы тіпті де кеңейе түспесе, тарыла қоймайды деген ойдамыз. Өйткені қытайдың әйгілі ақыны Әй Шиңнің «барлық әдеби түрлердің iшiнде өлеңмен оңай араласып кететiнi - тақпақ, өлең мен тақпақты бейне тауық пен үйректi бөлiп тастағандай бөлiп қарастыру керек» деген пікірі де біздің жоғарыдағы ой-толғамымызды ырастап тұрғандай болады. Сонда ғана:

Сыйласымнан шынар көңіл көктейді,
Ізгіліктің шыңына бұлт шөкпейді.
Түсінуге айға ұмытылған ақынды,
Мың сұлудың ақыл‑ойы жетпейді – деп ақын өзі айтқандай оның өлеңмен өрілген өмір жолы мен Үшбурылдың күнгейі мен теріскейінде алып Абайша «мыңмен жалғыз алысқан» жан күйзелісін түсінуге жол ашыла түсетін еді десек, артық айтқан болмаймыз. Сонымен бірге ақынның Сарыарқаны бетке алып, Атамекенге адаспай, аман-есен келген көңіл-күйінің көкжиегін сезім сиқырымен сезуге де жол ашылар еді.

Ғасыры батқан сырқатқа,
Таулары шөккен бұрқаққа.
Ағымы басқан бұлтаққа,
Алаңдап қайтқан атамның
Арманы өлген қурсақта,
Кез емес кезде тусақта,
Сөз емес сөзді қусақта,
Адаспай аман келеміз.

Жалындап тұрған нұр шақта,
Қаратпай жастық мұрсатқа,
Малшынып нөсер бұршаққа,
Өртеніп барып өше алмай,
Ит жеген іштен тынсақта,
Намысты белге байланып,
Найза ұшында тұрсақта,
Тумайтын жерде тусақта,
Қумайтын жолды қусақта,
Адаспай аман келеміз.

Қылшылдап түрған сын шақта,
Сынбайтын жерден сынсақта,
Ит жүгіртіп, құмай сап,
Қырдан түлкі қусақта,
Жете алмай оған тынсақта,
Атбасын кері бұрсақта,
Өмірден әйтеу сыр сақтап,
Адаспай аман келеміз.

Өмір жолында да, өнер өрісінде де, шығармашылық бағытында да, сезім мен ой-қиялға адалдығында да адаспай, тек алға қарай ұйықпай, ұмтылып келе жатқан Бауыржан ақынның ҚХР-да жарық көрген «Қорамсаққа қол салдым», «Қоламта», «Қандауыр», жыр жинақтарымен қатар «Тағдыр» атты прозалық жинғы да оқырмандардың қызу ынта-ықыласына ие болғандығын оқырмандар жақсы біледі. Ақын, әдебиеттанушы Қыдырқан Мұқатаев аталмыш ақынның «Қоламта» атты жыр жинағына назар аударғанда «Бауыржанның бұл жинағына 99 өлең енгізілген. Бәрі де толықсып, толқып, құлпырып тұр. Шетінен тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Бәрі қиыннан қиыстырылған. Олай болса «өлеңдік тіл патышасын» алтын таққа отырғызған Бауыржанды да ер данасы дегім келеді» деп өзінің ақын бауырына деген шексіз құрметін білдіре келіп, «Бауыржан Шормақұлының «Қоламта» жинағы өте тамаша кітап. Сұлу жырларға толы. Кітаптың кезкелген бетін ашып, оқи жөнелсең болды бәйгеге мінген шабандоз баладай жүйтки жөнелесің. Бәрі жағымды, бәрі жаттық. Оқып отырып, рахаттанасың. Шалқып та, шарықтап та аласың. Мұқағали мұқағалиша айтады ғой, ал Бауыржан бауыржанша айтады. Бауыржан бауыржанша саңқылдайды. Бәрі, бәрі Бауыржанша» («Қыдырқан Мұқатаев. «Тас бітік», «Қоламта», «Теңізден шыққан күн» жайлы аз сөз. Шижаң газеті» 2007 жыл 21сәуір күгі саны) деп, өзінің өтімді өлең өрнегінен тау тұлға болып қалыптасқан ақын шығармашылығына жоғары баға береді. Расында да Бауыржан өлеңдерінің не сиқыры бар?! Бұған толық қанды жауап беру өте қиын. Оның жауабын ақынның жырларын оқып шыққан адам өзі-ақ табады деген ойдамыз. Өйткені екінің бірі Бауыржан ақын болып дүниеге келген жоқ. Алайда ол оқырмандарының жан-жүйкесі, арман-тілегі, көңіл-күйі және өмір кешірмесі болып, өмір сүріп келе жатқандығы ақиқат. Сол себепті болса керек, қалайда, оның жырлары өте бауырмал. Оқырманының ішінен кіріп сыртынан шығады. Көңіл қалтырмайды, өлең өнеріне деген өзекті талдырмайды. Сүйіндіреді, сүйсіндіреді, арбайды, алдайды, уақытты да алмайды. Бауыржан ақынның суреткерлік шеберлігі мен ойшылдығы оқырман ынтасын бөтенсімейді.

Күй болып бұрын‑соңды шертілмеген,
Келе жатыр көктем қыз төркіндеген.
Қарсы аларлық қалқаны қауқарым жоқ,
Мен отырмын дел‑сал боп дертімменен.

Міне, Бауыржан ақын өзімен өзі болып, оңаша толғанып отыр. Оның болашаққа деген сенім-нанымы жарқын, үміт тұлпары үкілі. Өз дертімен өзі әуре болып отырған ақын бейнесі көзалдымызда дел-сал болып, күй кешіп тұр. Шабыт дертіне шалдыққан ақындық тұлғаның әдемі әуресі бір басынан асып-төгіліп жатады. «Демек, ақын өзіне ғана анық, өзгеге жұмбақ жандүниесін өлеңі арқылы ашуы – оның ақындық кескін-келбетін, шынайы кісілік образын оқырманға таныту деп түсінген абзал. Әлбетте, ақын өз жанының түкпіріне үңілуі үстінде даралыққа ұмтылып, дара тұлғасын кескіндей бастайды. Осындай жүрегінің түбіне, жанының жапсарына бойлай отырып, жан сырын сарқа ақтарған ақыннан даралық бой көтеріп, анық ақындық тұлға қалыптасатыны ақиқат». (Мақпал Оразбек. Ақындық тұлға табиғаты. –Астана: Фолиант. 2002. -152 б). Сондықтанда арынды ақын Бауыржан Шормақұлының ой-қиял шүңетіне сүңгіп, өз дертімен өзі болып отыратын оңаша сәттерінен ойлы оқырман қауымы әлі де зор үміт күтетіндігі сөзсіз.

Бекқожа Жылқыбекұлы,

Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ақын, аудармашы

Abai.kz

1 пікір