Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 2181 23 пікір 19 Желтоқсан, 2023 сағат 15:31

Путиннің Ресей паспорт үлестіру науқаны біз үшін үлкен қатер!

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан, Беларусь пен Молдова азаматтарына Ресей азаматтығын беруді жеңілдететін бұйрыққа қол қойды.

Ендігі жерде аталған үш мемлекеттің жұрты егер «Ресей паспортын аламын десе», Ресей аумағында тұрғылықты тұрып жатқанын дәлелдемейді. Ресей тарихы мен мемлекеттік негіздерінен емтихан тапсырмайды. Беларусьтер орыс тілінен емтихан тапсырмайды. Ал Қазақстан мен Молдова азаматтары орыс тілінен сынақ тапсыруы міндет.

«РФ президенті Владимир Путин Қазақстан, Беларусь пен Молдава азаматтары үшін Ресей азаматтығын жеңіл түрде алуға мүмкіндік беретін Жарлыққа қол қойды», - делінген дүйсенбідегі хабарламада.

Құжат 18 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасы бойынша қос азаматтыққа тыйым салынады, ал ҚР азаматы басқа елдің азаматтығын алған соң, Қазақстан азаматтығынан автоматты түрде айырылады.

Бейбіт жатқан Украинаға соғыс ашып, қалаларында қанқасап жасап жатқан Ресей мен оның саяси һәм әскери элитасы 2024 жылдың наурызында қатарынан үш күнді арнап, президщенттік сайлау өткізуді жоспарлап отырғаны белгілі.

Ресей президентінің бұл Жарлығын екі сипатта бағалауға болар. Әуелі, Украина майданында айтарлықтай жетістік көрсете алмаған Ресейдің сайлау алдында ішкі аудиториясының көңілін аулау үшін жасалған қадам болса, екіншісі алысты көздеуі. Кез келген соғыс ерте ме, кеш пе, аяқталады.

Ал Кремльдің қазіргі режимінің түп мақсаты келмеске кеткен КСРО-ны қайта тірілту екені бұл күнде әмбеге аян болған. Оны Ресей президенті Путиннің өзі бастап, сала-құлаш тілді саясатшылары қостап, ашықтан-ашық айтып та жүр.

Осы есеппен, Путиннің «азаматтық беруді жеңілдету» деген әңгімесіне алаңдауға негіз бар. Себебі, біздің Солтүстік Қазақстан жақтарда қазіргі күннің өзінде қос азаматтығы бар адамдар туралы ақпараттар шығып жатыр. Екі елдің зейнетақысын алып отырған адамдар да бар. Сондықтан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстандағы елшісін шақырып, наразылық нотасын тапсыру керек. Мұның артында үлкен қауіп бар.

Abai.kz

23 пікір