Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 2886 18 пікір 18 Желтоқсан, 2023 сағат 12:06

Ресей-Қазақстан жобасы: «Қәл нешік болады?»

Қазақстан мен Ресей арасында Ресейдің Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын көмірмен жағылатын үш жылу жылуэнергостанцияларын (ЖЭС) салу туралы президент Қ.Тоқаев пен В.Путиннің өзара келісімінен туындаған жоба жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Қоғамдық талқылау 28 желтоқсанға дейін жалғасады. Бүгін осы талқылаудың алғашқы парағын ашып отырмыз.

Қазақстан өзінің алдына үлкен мақсат қойып отыр. Қазақстан президенті Бұл президент Қ.Тоқаевтың биылғы қыркүйек айындағы халыққа Жолдауының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталуынан‑ақ айқын көрінді.  Президент:   «Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды» деген болатын.

Міне, соған сай өмірге жылу энергия станцияларын салу жобасы ұсынылып отыр. Бұл жоба Ресей мен Қазақстан арасындағы ірі жоба. Осының алдында Ресей елімізде атом станцияларын салып беруге ұсыныс жасаған болатын. Алайда, ол тек референдуум арқылы шешілетін болғандықтан, Ресей енді жылу станцияларын салу жоспарын ұсынған сыңайлы... Қазақстан тарапы оны 28 желтоқсанға дейін халықтықң талқылаудан өткізіп, содан кейін нақты шешімін айтатын болады.

Сонымен, ұсынылған жобада 2‑бап бойынша Ресей тарапынан жауапты мердігер ретінде  Жауапкершілігі шектеулі Қоғам  «ИнтерРАО –Экспорт» деп көрсетілген. Оған барлық қосалқы мердігерлерді таңдау құқы берілген. Ал Қазақстан тарапынан АО Самұрық‑Энерго таңдалған. Бір қызығы, «ИнтерРАО‑Экспорт» та, «АҚ «Самұрық‑Энерго» да осы мақсатта арнайы кіндіктес компаниялар ашады.  Екі елдің Энергетика министрліктері оларды үстінен бақылайды. Қарап отырсақ, Шарт  схемасы соншалықты күрделі. Бұл болашақ обьектілердің өзіндік құнына қаншалықты әсер етеді, ол жағы беймәлім.

Шартта Қазақстан жағы толығымен «Тапсырыс беруші» болып табылады.  Мысалы, негізгі обьектілердің құрылыс алаңдарына геодезиялық барлау жұмыстары мен жер қыртысы туралы сараптамаларды Ресей жағы орындайды. Ал, Қазақстан оларға дер кезінде инфрақұрылым туралы толық мағлұмат беруге міндеттенеді. Бірақ, геодезия саласында Қазақстанның бай тәжірибесі бар. Ендеше, жерге қатысты барлау жұмыстарын неге Ресейліктер жасауы тиіс? Шынауайтында, осы және көптеген басқа жұмыстарды Қазақстанның өз күшімен атқаруға Қазақстанның қарымы жетер еді.

Одан өзге, станциялар салынып біткен соң, оны басқару тетіктерін Қазақстан жағы өз қолына алатын болады. Ендеше, бұл болашақта соған сай мамандарды даярлау қажет екендігін ескеруді талап етеді. Бірақ жобада ол жағы көрсетілмеген. Негізі, болашақ энергетик мамандар даярлаудың жоспары мен инвестициялық шығыны да осы жобадан орын табуы тиіс деген ойдамыз.

Өйткені, бұл мәселе алдын ала шешілмесе, «Стансалардың жұмысын жүргізуді Қазақстан жағы өзі шешеді» деп көрсетілгендей, «Қазақстан үкіметінің шешімімен» деп басқару тетіктерін Ресей өз қолына алуы әбден мүмкін. Өйткені, «мамандары дайын емес Қазақстан» оған амалсыз баруға мәжбүр. Олай болса, бұл еліміздің «энергетикалық қауіпсіздігіне» кері әсері ететін болады. Одан өзге, бұның тәуелсіз Қазақстанға сырттан қысым көрсету құралына да айналуы ғажап емес.

РФ тарапы өзіне мына міндеттерді алуға мүдделі екен:

Контарктіге қол қойылғанға дейін үш станция бойынша техникалық шешімдердің жобасын жасау (газ не көмір отынымен) және құрылыс салынатын жерге жобалық‑зерттеуді жүргізу. Бұл жұмыстарды Қазақстан қаржыландырады.  Ал, контрактіге қол қойылғаннан кейін   жұмыс көлемі және уақыты анықталады. Одан әрі Ресей бас мердігерді, қосалқы мердігерлерді өзі таңдайды. Одан кейін де барлық жұмыстарды Ресей жағы жүргізбек ойда. Онда Қазақстаннан жұмыс күшін тартуды міндеттеу жағы бұлыңғыр айтылған. Ал ресейліктердің іссапармен келуін, орналасуын қамтамасыз ету нақты көрсетілген. Бұл рессейлік қосалқы мердігерлердің мүддесіне толық сай келеді. Ендеше, осыдан кейін біз тараптан  «Санкциялар өтінде қалған Ресейге сенім бар ма?» деген сұрақтың туындайтыны заңды болады. . Себебі, Ресейдің көптеген мемлекеттік компаниялары әлемдік санкциялар тізімінде тұр. Олар әлемдік нарықтан, технология мен тауар алмасудан мейлінше оқшауланған. Ендеше, ЖЭС сияқты күрделі нысандарды салуда бұл фактор әсер етпей қоймайтыны анық.

Одан әрі, 8‑бап «Келіспеушілік жағдайды екі тараптың арнайы органдарының келіссөздері арқылы шешеді. Ал,  шешімін таппаса, мәселе өзара ынтымақтас тұрғыдағы келіссөзімен шешіледі» депті. Бұдан түсінгеніміз, таласты мәселені өзара достық қатынастағы екі жақтың үкіметі келісіп шешеді»  дейді. Бірақ, бұл көңілге онша қонбайтын нәрсе. Себебі, қазіргі заманда мемлекеттерде үкіметтің түбегейлі өзгеріп кетуі жиі орын алуда.  Ондай тәжірибе Қазақстанның өзінде де бар. Мысалы, «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстан» оған дәлел бола алады.  Ендеше, Шарттың орындалуы барысында Ресей не Қазақстан үкіметтері өзгермейді деген кепілдік  бар ма? Ол жоқ. Биліктің өзгеруі әбден мүмкін. Сонда бұл шарттың орындалуына кепіл кім болмақ? (Шарт өзіне өзі кепіл болмайды).  Ең дұрысы, аса ірі мемлекетаралық кез келген шарттардың Халықаралық Соттар пен Заңдар жүйесіне сүйенуі болса керек. Бірақ қазір Ресей  ондай қадамға бара алмай отыр. Сондықтан болар, бұл келісім шартта  Астана Халықаралық Қаржы орталығының Арбитраждық соты аталып өтіпті.Бірақ, халықтың сенімі оны қалай қабылдайды екен? Осы жағы да ойлантады... Ал, турасын айтқанда, бұл шартта «сөзге серт» («слово пацана») деген принцип бар ма деп қаласың, кейде... Олай болса, форс‑мажорлық оқыс жағдайларда не істеуге болады? Белгісіз... Неге десеңіз, шарттың орындалуының барлық деңгейлерінде басымдық бір ғана тарапта тұр, ол – Ресей. Ресей барлық мердігерлерді таңдайды. Қойылатын бір ғана талап: «Ммердігер Қазақстан заңдарына сәйкес лицензиялық  талаптарға сай болуы» деген. Бұл, көбіне құжаттық деңгейде анықталады. Ал, біздер екі елдегі «коррупциялық ахуалды» еске алсақ, онда «Қәл нешік болады?» дейміз бе, қайтеміз...

Әбдірашит Бәкірұлы,

публицист  

Abai.kz

18 пікір