Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Желтоқсан естеліктері 1448 2 пікір 17 Желтоқсан, 2023 сағат 15:02

«Желтоқсанның» көз жасы

Мәскеуде оқып жүргенімде, өткен ғасырдың сексенінші жылдары, сабақтан қолы босаған студенттер бас қосып, саясатты әңгіме қылып, дауласамыз. Балтық жағалауы елдерінен келген латыш, эстон, литвалық жастар қалған 12 одақтас елдердің студенттеріне қарағанда саясатта озық тұрды.

Бірде әңгімелесіп, өзімше пікір таластырып отырғанымызда бір студент: «Қазақтар, Орта Азия халықтары Кеңес Одағынан тәуелсіздік алуы керек», - дегені.

Төбемізден жай түскендей болды.

Ол кезде бізде ондай түсініктің ауылы алыс болатын.

Арамыздағы райкомның баласы ыршып түсті: «Мынауың - дұшпандық, Кеңес Одағы - біздің Отанымыз, Мәскеу - Отанымыздың жүрегі. Қайда жүреміз, қайда оқимыз десек еріктіміз. Оқу, емделу, жолда жүру демалу – бәрі тегін. Барлық ұлт бір ананың баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

Бәріміз - бауыр, туыспыз. Еліміз, жеріміз бір, сонда қалай, кімнен тәуелсіздік аламыз? - деді ызалана. Бәріміз оны қолдап, жамырап латышқа дүрсе қоя бердік.

Ол үндемей қоя салды. Айтса да, түсінбес едік. Біздер - қып-қызыл комсомолдар  болатынбыз...

1989 жылғы 23 мамырда Мәскеу қаласында КСРО халқы депутаттарының бірінші сьезі басталды. Тікелей эфирден бір минутын да қалдырмай қарап отырдық.

Сьездің  алғашқы күнінен Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік жөнінде, Армения мен Әзірбайжан Сумгайттегі қанды қырғынды айтса, Грузия кинорежиссері

Э. Шенгелия - сол жылдың 9 сәуіріндегі Тбилисидегі оқиғаны, литвалықтар – Вильнюстегі көтерілісті, КСРО–ның зымиян саясатының бетін ашып арпалысып жатса, біздің қазекеңдер - жым-жырт, «Желтоқсан оқиғасы» болмағандай.

Сьезд бітіп барады, жанымызды шүберекке түйіп тағат таппай күтудеміз.

Соңғы күн.

Үміт үзілуге жақын. Жо-жоқ.

Соңғы минутта М.Шаханов жарқ етті.

Мұхтар аға сөйлеп тұр. Мәскеу қалалық телеарна телеоператоры камераны Қазақстаннан келген депутаттарға бұрып қойды.

Біздің  депутаттардың түр-түсі бұзылып, ауыздары жыбырлап, Назарбаев түрінен зәрін шашып, Е. Рахмадиев орнынан тұрып кетіп, қолын сілтеп аузы жыбырлап  М.Шахановқа қарай қолдары ербеңдеп, жұдырықтары түйіліп айқайлап, жанталасып жатса, біздің тұла бойымызда өзіміз айтып жеткізе алмайтын бір бұла күш кернеп, желтоқсанда көмусіз қалған жастарымызды жоқтап, көзімізден жас парлап тұрды...

Бұл -қайғы-қасіреттің көз жасы

Елге қайтып, тәуелсіздік үшін күресті жалғастыру керек екенін түсініп, Отанымызға бір күнде жиналып жолға шықтық...

1989-1991 жылдар арасында Целиноград қаласында жастардың белсенділігі өте жоғары болды. «Парасат», «Желтоқсан», «Азат» қозғалыстарының тәуелсіздік үшін жүргізген жанкешті істерін айтып жеткізу мүмкін емес. Алматыда шерулер ұйымдастыруға аштық пен саяси акциялар өткізіп, Оралдағы орыс казкчествосының ұйымдастырған ылаңына тойтарыс беруге қатысқан ерліктері – ата-бабамыздан қалған рухтың күштілігін білдірді.  1991 жылы Алматыдан хабар келді.

Ертең, яғни 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік жарияланады деген. «Парасат», «Азат», «Желтоқсан» қозғалыстарының белсенді мүшелері бір үйге жиналып теледидарға телмірдік.

Бәріміздің бойымызды:  Қазақ КСР-ның жоғарғы кеңесіндегі «Депутаттардың жартысынан көбісі өзге ұлттар, олар тәуелсіздігімізге қарсы дауыс беретін шығар» деген үрей билегені бар. Бірақ, Қазақ ССР нің жоғарғы кеңесі халқымызды Тәуелсіздігімен құттықтағанында, біз бір-бірімізді құшақтап, жылап тұрдық... Бұл қуаныштың, бақыттың көз жасы еді.

Бұл - үш ғасыр бойғы ата-бабамыздың бостандық үшін аққан қаны;

Алаш көсемдерінің құрбан болған асыл азаматтарымыздың Желтоқсанда басы жарылып, шашы жұлынған жастарымыздың аңсаған Азаттық таңы еді ғой! Сондықтан, бір жаратушы тәңірден, жалбарына тілерім халқымды өзгеге құл қылып жылата көрмесе екен!

1986 жылғы желтоқсан қазақты оятты.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1528
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1388
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1137
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1155