Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3166 0 пікір 5 Қазан, 2013 сағат 04:42

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. “Түске оранған күздің” айшығы

Немесе Айгүлден кейінгі ой

Талай кітабы жарық көрген, өз оқырманын тапқан ақын Сұраған Рахметұлының “Түске оранған күз” кітабын оқып отырып, осы өлеңді пір тұтып көкке көтеретін жалғыз ұлт маған қазақ сияқты көрініп кетті. Оған себеп те жоқ емес. Батыста ақындықты жоққа шығарудың славяндық үрдісі (англо-сакстық пен фаранктікті есепке алмағанда) ЛЕФ мүшесі орыс әдебиет сыншысы О. М. Бриктен (1888-1945) бастау алды. Ол қазір ТМД кеңістігінде кезінде бағаламадық деп зар илейтін «формалдық әдістің» өкілдері шығарған «Журнал левого фронта искусства» журналының 1923 жылы  жарық көрген N1 санында адамның ойында жоқ  «әлеуметтік тапсырыс» деген терминді ойлап тауып, былай деп жазған болатынды: «Барша туындылардың бәрі уақыт сұранысына жауап ретінде өмірге келген… ұлы ақындар өзін аян етпейді, тек әлеуметтік тапсырысты ғана орындайды». Кеңестік дәуірде осылайша қазақ қана емес, орыстық түркі әлемі ақындары қызыл үкіметтің саяси шоқпарына  айналды.

Немесе Айгүлден кейінгі ой

Талай кітабы жарық көрген, өз оқырманын тапқан ақын Сұраған Рахметұлының “Түске оранған күз” кітабын оқып отырып, осы өлеңді пір тұтып көкке көтеретін жалғыз ұлт маған қазақ сияқты көрініп кетті. Оған себеп те жоқ емес. Батыста ақындықты жоққа шығарудың славяндық үрдісі (англо-сакстық пен фаранктікті есепке алмағанда) ЛЕФ мүшесі орыс әдебиет сыншысы О. М. Бриктен (1888-1945) бастау алды. Ол қазір ТМД кеңістігінде кезінде бағаламадық деп зар илейтін «формалдық әдістің» өкілдері шығарған «Журнал левого фронта искусства» журналының 1923 жылы  жарық көрген N1 санында адамның ойында жоқ  «әлеуметтік тапсырыс» деген терминді ойлап тауып, былай деп жазған болатынды: «Барша туындылардың бәрі уақыт сұранысына жауап ретінде өмірге келген… ұлы ақындар өзін аян етпейді, тек әлеуметтік тапсырысты ғана орындайды». Кеңестік дәуірде осылайша қазақ қана емес, орыстық түркі әлемі ақындары қызыл үкіметтің саяси шоқпарына  айналды.

Ал, өмір бір орында тұрмайды, ақша билеген Батыс әлемі Ю. Н. Арабовша айтсақ, өнерді, оның ішінде поэзияны,  «өнерді өзінің  менторлығынан (ұстаздығынан: гректің  Одиссейлік мифтігіндегі оның досы, әрі ұлы Телемахтың тәлімгері – Ә.Ә.Ә.) айырып, көңіл көтеруге қызмет етушіге» айналдырды. Тіпті қара аспанды төндіріп К. Ливис,  В. Беньямин сияқты зерттеушілердің бір бөлігі бұрынғы зиялы әдебиетке тән «әдеби өркениеттің күні өткендігі» туралы оның орнын басқан зиянды бұқаралық әдебиеттің төмен қол туындыларына қатысты ой толғап зар төкті.

Әдеби дәстүрі жоқ еуропалықтарға бұл пікірді айтқызып отырған атақты неміс философы Ницшенің 1872 жылы әлемдік руханият әлемін дүр сілкіндірген туындысы  «Музыка рухынан трагедияның өмірге келуіндегі» ұсынған думандық («дионистік») және парасаттық («аполлондық») концепциялары болды.  Осы концепция жоғарыдағы қисындарды тудыруға түрткі болғаны жасырын емес. Қазіргі қазақ поэзиясы осы екеуінің синтезіне түсіп отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, ұлт әдебиетіндегі бір өзгешелік, ақындарымыз таразы басын тең ұстай отырып, не бірыңғай түркі поэзиясын әлемге таныту үшін (Мысалға – М.Шаханов), не әлем әдебиетін түркі поэзиясына тарту үшін мехнаты мол шығармашылық ахуал кешуде. Бұдан бөлек ұмыт болған ескі мотивті заманға сай әлемдік әдебиет деңгейінде жаңғыртудың да бар екенін қаперде ұстауымыз керек. Осы бағытта көп еңбектеніп жүрген ақындарымыздың бірі – Сұраған Рахметұлы болып табылады. Және қазақы көз үйренген жыр өлшемін батыстың модернистік ақындарының, яғни, Поль Верлен мен Артюр Рембоның қалыбында алашқа үйірсек етуін Айгүл Кемелбаева орынды сөз еткен болатын.

Бұл арада біз ешбір даңғаза мақтаусыз өзінің дербес ақындық шығармашылығында Сұрағанның көк түркілер сарынын кеңінен қолданатындығын баса айтқымыз келеді. Әуелі бұл мотивтер жеке өлеңдер бойында “Бармақ” өлшемімен дербес өрістеп, кейін ол жыр үлгісімен әлемдік деңгейде тұтас шумақ, дербес тармақ, тіпті жеке сөз тіркесі мен сөз ретінде қолданыс тауып отырады.

«Қол жетпес» деп аласаны

Заңғар қып,

Кеудемізге шоқ тұтатып,

Нан қарыдық.

Кәрі атаңның

Сақалында ілбиміз

Сары атанның

Табанына жалбарынып.

Ақын батыстық үлгіні қазақы ұғымдағы адам мен атанның сақалы мен табанына қатысты ата жолдан ауытқу мен ата жолмен табысуды бір-біріне қарсы қоя сөз етеді.

Тарихтың арам шөбін

Шайқалтып

Жел соғады,

Сең соғады түстіктен.

Рахметұлының “Ту ешкінің көн тұлыбы” өзінің сыртқы семантикасы ішкі бүккен құпиясы арқылы бабаларымыздың жүрегімізге жазып кеткен өзіндік менімізді мистикалық қалыпта танып білуге жетелейді.

Ақындық ақиқат бізден өмірді танып білудегі еуротекті мұқабалы кітабымызды бір шетке ысырып, қазақтың қара шалдарының көкірегінде парақталатын Құрым кигізді кітапқа ден қоюға үндейді. Сонда ғана қазақи сана өз еркіндігін алып, қасқыр кейпінде әлемге оралады деген мотивті оқырман жадысына салады.

Автор Тәңірі Текті Түркі рухымен сырласу арқылы бір өлеңінен екіншісіне өткен сайын бірте-бірте өзінің Жаратқан келбетті Қасқырлық сипатына ене түседі. Осы жолда ол ұлттық рухтың мысын басушы батыстық аждаһа жадымен күреске түседі. Біздің көз алдымызда қасқырлық өлең мен аждаһа өмір арасындағы тайталас туындайды. Қайсысы жеңеді?..

Оқырманды кез келген сәтте Бөрлі байрақты Сұраған жыры құпиялы мәтінімен түрлі ойға шомылдырады. Бірде өксітіп, бірде мейірлендіреді. Жылатып отырып, жұбатады. Тамырымыздағы түркілік қанымызды қыздырады.

Көсе болар сол уақыт

түбі тегі.

Уақытқа дарымас үміт ебі.

Келер шақтың әуені

сол кейіппен,

Кезеріңкі ерінін жібітеді.

Арс-арс етіп тас жолда

қаншық етік,

Ардың бетін барады

жаншып өтіп.

Сұраған бізге сауалды да қояды, жауабын күтпей, өзі де шешімін күңірттендіріп санамызға ұсынады. Дал боласыңда қаласың. Бұл өлеңді мистикалық түйіндеудің амалын жете меңгерген Сұрағанның өзіндік стилдік шеберлігі. Және “кешегі кіріптар” мен “сұлаған сынықтар” түркі тарихындағы ақтаңдақтарды танытып, сөз ұғар жанға тәлімдік бағдар береді. Енді осы шумаққа кезек берейік.

Мылқау түн, бейжай ағым,

тоқырады үн.

Күз жанды күйдіріп көк

топырағын.

Ақиқат, бұзылғаным,

Кеуде ішінде тыпырлап

отырамын.

Жанға жинап жаһанның

сынықтарын,

Керіледі кешегі кіріптарым.

Өрт кемірген бұтағым

бұтар-бұтар

Сұлап жатыр әр жерде

сынықтарым.

Сұрағанның біз аңдаған екінші бір ерекшелігі архаизмді неологизмдеп, ескіні жаңалап, соны мәнге иелік еткізіп:  “Мәңгі үзеңгі”, “Нән түзем” т.б. қалыпта қолдануы дер едік. Осы арқылы ақын Ақылман Шығыстың өмірлік бағдарынан айырлған Имансыз Батысқа қайыра ұстаз болатын дәуірінің алыс еместігін нұсқап, Атилланың семсері алаш поэзиясы түрінде Әлемді қайыра жаулайтынына шәк келтірмейді. Бұл орайда Сұраған жыры дербес те, еркін тәпсірленген мифпен өрімделген символист ақынның асыл арманы болып табылады.

Иә, әдебиет әлеміндегі бір ақиқат өзін ғана сөз етіп, ұлт үшін ештеңе айтпаған ақынды ешкім аңғармайды. Өлең жазып көрмеген жанға бір қарағанда Ақындық тіршіліктің бастау көзі мен мәні жоқ болып көрінгенімен, ақынның ақынының кітабын қолға алған сәтте адами өмірдің шайыри өмірсіз мәні жоқтығы айқындала түседі.   Пастернакша айтсақ, мәдени ұсынылымнан ешкім нағыз поэзияны сызып тастай алмайды. Ал, өнерлік ұсынылымнан аты дардай өлеңдері тарыдай ақын сызылып қалуы бек мүмкін. Ақын болу үшін жұрт мақтаған сәнді өлең жазып қою аз, өлеңіңнің мәртебесі ұлттық мәдениеттен орын алуы басты шарт. Осындай, ақындығы сызылмайтын, өлеңдері сыналмайтын сөз зергерінің бірі – Сұраған.

Қара сұры өң –

Ақылдың жанашыры... Ең...

Қаз бен әнді жалмаған

Тілге шауып,

Мылжалайды темірдің

Арасымен!

Ол тіл тартты, күйреді

Мың ізгілік

Қара өлеңді қарғайды

Сұм үздігіп

Ас...

Си...

Ми...

Лиация... төрінде сөнеді

Үміт

Әр ерменнің бүрінде сыбызғы

Ұлып!

Ролан Барт: «Хат – өзін оқырман арасына таратудың емес, Әдеби ойлаудың амалы»[ Ролан Барт. Нулевая степень письма // Семиотика. М., 1983. С. 313.] деген тамаша ой айтады. Міне, осындай дәстүрлі қазақы ойлаудың поэтикалық хатқа түсуін шебер меңгерген Сұраған өзінің түркілік тамыр тегінен қол үзбей, оның идеясының жаңаның боданына түсіп қалмауын жете қадағалап, ескіні құрылымдық жақтан жаңалай отырып, кейбіреулердегі мазмұны жартыкештенген этнологиялық элегияны поэтологиялық этюдке айналдыра біледі. Тіл туралы жазбаған ақын қалмады. Солардың бәрі оқыған жанды селт еткізеді деп айта аламыз ба? Жоқ... Бірақ, тілдің үмітінің ұлтымыздан қашып әр ерменнің  түбінде ұлып жүргенін Сұрағандай жетеңе жеткізе жазғаны некен-саяқ болып тұр ғой!..

Осындағы “Ассмилиация” сөзіне қатысты айтарымыз, Поэтикалық тіл мен адамзат тілінің шекарасы ешқашан сәйкеспейді. Мандельштам бұл турасында «Осылайша поэзия ұлттық межені бұза жара, бір тілдің  стихиясы басқа тілмен жымдасып, кеңістік пен уақыттың басынан аттап та кетеді, бұл жағынан барлық тілдің тәйтіктігі бір-біріне егіз қозыдай болып келеді». Бұған М. Бахтин қарсы, әрі өзінің қате түсінігін былайша береді:  «Поэтикалық жанрда (…) сөздің табиғи сұхбаттылығы көркемдікпен қолданылмайды, сөз өз бетімен өз шеңберінен тыс бөтен сөз саптамды ұсынбайды. Поэтикалық стиль шартты түрде кез келген бөтен сөздің әсерінен, кез келген бөтен сөзге жалтақтаушылықтан аулақтаған. Поэтикалық стильге қандай да болмасын бөтен сөзге жалтақтаушылық,  басқа сөздіктің, басқа семантиканың, бөгде синтаксистік формалардың және т.с.с. мүмкіндігі, басқа тілдік көзқарастардың мүмкіндігі  сондайлық жат» (Вопросы литературы и эстетики. М., 1975. С. 98). Осы егіз қозыдай ұқсастықты  Цветаева былайша дұрыстылықпен ұғындырады:  «Менде – көптеген ақындар өзіне құтты орын тапқан, ал, бұл, енді – менің өз құпиям» дей келе, Пастернак турасында: «Ол менің әрбір шумағымды ах ұра оқығаннан кейін оқ тиген жыландай сылқ етіп құлап, есін жия алмай, маған үн қатуға күш жияды…» (Марина Цветаева. Собрание сочинений в семи томах. М., 1995. Т. VII. С. 408;388) деп ой өрбітеді. Поэзия – мәңгілік үн қату мен тойымсыз шақыру. Қай елдің ақыны басқа ақындар ах ұра таң қалдыратын жолдарды тудырса, басқа елдің ақындары оған өзінің ұлттық ділімен үн қатады.  Маған дейін Сұраған шығармашылығы туралы пікір жазған Айгүл Кемелбаева: “Ақынның қарашығы асылдығы болар, көрместі көріп, байқамасты аңдап үлгеретін тәрізденеді. Және кей сәт лағып, адасып, ми айналар кеңістіктен, символдық белгі атаулыдан түркіліктің тұяғын іздеп аласұратыны анық. Қарапайым оқушы зердесіне тоқып үлгермей абыржитынын елең қылмайтыны бір өкініш. Мүмкін, модернизмде өстіп адастырмай, еліктірмей қоймайды. Мистикалық ымырттарды француз Стефан Маллармеден аңдап қалған едік.

Поль Верлен мен Артюр Рембо өлеңдеріне тән кешкі ой кешу, күн батып, ай туғаннан соңғы толғаныс «Ақ тегершік» пен «Жұлдыздың лағыл елесі» атты қос жыр кітабында молынан кездеседі” деп орынды аңғарады.

Осылайша, уақытпен бірге адымдап, поэзия көшінің соңында қалмай, өз арғымағын әлемдік поэзия алыптарымен сөз өнерінде жарыстырып жүрген Сұрағанның шығармашылық ізденістері – батыстың атақты ақындарының жұрт аузындағы өлеңдерінің мотивтерін мағыналық-комозициялық жақтан  жетпеген жерлерін жеткізу мен айта алмағандарын айтқызу арқылы қазақ әдебиетінде ұлттық нақыштағы жаңаша өріліммен айшықталуымен құнды.

Бір сәтке ішке бүгіп

жүлге демін.

Алыста кісінейді

Құр дөненім.

Жұлдыздың шырағымен

Жанданайын,

Күндіздің лаңымен күнде

өлемін.

 

Түн болса басталады

еркіндігім.

Түн деген – тылсым ғұмыр

серпінді ұғым.

Егілем ернеуінен

тістеп тұрып –

Жыр деген түннен тамған

«ерітіндінің».

Тіл таудағы дауыс сияқты өзінің жалғыздықты білмейтін жаңғырығымен өз үнін алысқа жібереді, әрі біреудің өзіне рухани үндесіп тіл қатуын қалайды. Тілдің өздік және өзгелік болып қаққа жарылуы, Хайдеггерше айтсақ, «…Бөліну (Zerbrechen) сөзі дегеніміз ойлау жолына қайтып оралуға шын пейілмен қадам басу» [ M. Heidegger. Unterwegs zur Sprache. Tubingen, 1965. S. 216.] болып табылады.

Алақанында айналып

Сан жүз өңнің.

Нән түземнің күшімен

Сәл түзелдім.

Бөктерде өскен ерменнің

Әнін тыңдап,

Жағасынан Бұлғынның

Жалбыз емдім.

Ақын жүрегі – рухани өмірдің тамыры, онда милеттің барша әлеуеті мен келбеті жинақталып, ұлттың еркі мен рухы орын тепкен қасиетті де, киелі мекен. Сұраған өзі рухани қаламдасым деп санайтын Верлен жайында Максимилиан Волошин мынандай ой айтады: «…Есть один поэт, все обаяние которого сосредоточено в его голосе. Быть может, из всех поэтов всех времен стих его обладает голосом наиболее проникновенным. Мы любим его совсем не за то, что говорит он, и не за то, как он говорит, а за тот неизъяснимый оттенок голоса, который заставляет трепетать наше сердце. Этот поэт – Поль Верлэн. Этот старый алкоголик, уличный бродяга, кабацкий завсегдатай, грязный циник обладает неотразимо искренним, детски-чистым голосом, и мы, не веря ни словам, ни поступкам его, верим только голосу, с безысходным очарованием звучащему в наивных поэмах его».[ Максимилиан Волошин. Лики творчества. Л., 1988. С. 440.]. Иә, бізде Мұқағалиды дұшпандары мен аузы жеңілдер қалай мұқатса да, оның үнін алаштың жұрт аузындағы әр ақынының жырынан сезініп отырамыз. Ендігі жерде батыстың атақты ақындарының айта алмағанын қазақтың қара өлеңінің бойына сыйдырған Сұрағанды да келер ұрпақтың жырларының бойынан аңдайтын боламыз.

Ат тұяғын айланып

Ұшқан жұлдыз.

Айдың жүзін аймалап

Құшқан күндіз.

Бура шыңның ақ жолақ

Шудасына,

Бәдіз қонды баяғы Тышқан

Жылғы із...

 

Осы ендікте мәңгілік

Қаңғырсақ та.

Бір керемет күй шалқып

Жан құрсақта.

Бізге дұрыс әуенді

Үйретеді,

Үйректердің үнінен ән

Тіпті музыкалық құлқы жоқ құлаққа ие жанның өзі кейде поэзиялық туындыны оқыған шақта кез келген ақынның қайталанбас үн мен дербес айшыққа (біз оны әуезілік, екпінділік т.с.с. дейтін) ие болатындығын сезінеді. Бірақ бұл өлеңде осы қайталанбас үн мен дербес айшық бар ма өзі, бұнда сөзбен арбайтын сұлу поэзия емес, тылсымына батыратын ой сиқыры жатыр. Иә, кей өлеңде қайталанбас үн де, авторына тән дербес айшық та бар, бірақ...бірақ, сұхбаттастыққа шақыратын ой жоқ. Бұл қалай өзі!? Ролан Бартша ой толғасақ: кімде кім әдеби туынды туралы сөз етеді, ол оны жазған жан емес, ал, оны мәнерлеп оқудағы адамды селт еткізер сезімділік оны жазған автордікі де болып табылмайды, оқырманның оны мәтінінен ләззат алып, рухани тояттап қадір тұтқаны ғана дейді. Жырды көңіл тоқтатып оқыған шақтағы санаңды оятып, жаныңмен сырласатын болар болмас үн ғана автордың мәтін бойындағы өзіндік үні болып табылады. Біреудің жатқа айту мәнерімен жұртқа танылу бар да, мәтіндегі сырласу үнімен оқырманға танылу бар. Екеуі екі басқа дүние.

Құлаққа емес, жадыға арналған үн Сұраған өлеңдерінде тұнып тұр. Өзіңді сырласу мен ой бөлісуге шақырады. Оқып отырып, ақынның «шексіз мылқау үні арқылы» мәтіннің не туралы жазылғанын естіп біл дейді Бальмонт. Бұл Сұраған мәтінінің мазмұнды тәрік етуге бейім өзіндік әлдебір қыры. Оқып отырғанда осы бір мылқау үн бізді қолтықтап алып, дүниенің жанын ұғынып, көрінбес ойдың денесінен құшақтап, тап армандағы аруды құшқандай ләззатты тоятын сыйлайды.

Гумилевше айтқанда: «ғасырлар қойнауынан өтіп келген үн» бізге түркінің аңсарлы үнін сезіндіреді. Ақынның өлеңі ешқашан тілшілердің жазып сызып қойған грамматикалық ережелеріне еш бағынбайды, ол бір ғана нәрсемен қанмен, текпен берілетін мәтін бойындағы үн арқылы бізге жетеді. Керек десеңіз бұл үн гуманитарлық ғылымдағы қатталған: не әдеби, не тілдік канондарға да бағынбайды. Ол бағынатын бір ғана нәрсе – алаш ділі. Алаш ділі бар өлең жазған ақын ғана оқырманымен тілсіз сұхбаттасып,  рухымен оқырман жанын арайлап елесті сұлбасымен жүздесе алады.  Ницше осы орайда ең бастысы сөз емес, оның бойында бұғып жатқан рухы деп орынды сөз етеді.

Бұл дала, дала емес – бабаның

Ашыған Миы

Пернеге тоқтаған сан ғасыр

Тасыған Күйі.

Тұманды көктен мөп-мөлдір

Жас болып тамады.

Бүгін.

Жасаған Тәңірдің жасыл

Әлдиі.

 

Шалғайда жатса-дағы шаранасы мен

Шашырандысы.

Бал қаймағына батады санасыз

Асырандысы.

Ішінен іруге жақынбыз

Ілкіде оянған.

Ғасыр шыңдаған алауы –

Запыран құсып.

Розанов: «Стиль дегеніміз – құдай өпкен зат» деп тегін айтпайды. Тәңір Текті Бабаларымыз қадіріне жеткен сөздің (Даланың) үнін жаңа мәнінде ұлт оқырманына ұсына білу Сұрағанның кейбір ақындар өлең қыздың қойына қанша жерден қол салса да, дегеніне жете алмаған, оның өз жүрегі қалаған жанға ғана сыйлайтын бойындағы асылына тояттай төніп, қырандай бүргені.

Сұрағанның мәтіндегі үні өткен мен болашақты жалғайды. Бұны кезінде кеңестік дауылпаз Маяковский “Бар дауыспен” дейтін лирикалық формулаға айналдырған болатын.  Осыған қол жеткізе алған ақын ғана өз ойын өзгелерге жеткізе алады. Ақын жан-дүниесінің терең түпкірінен нәр алған осы бір мөп-мөлдір оның рухынан бөлінбес үн өз уақыты жеткенде ұлт құлағында үнемі саздылығымен мәңгі естіліп жүретін жанды тіршілік иесіне айналады.

Көмейінде байғыздың күй

Кісінеп.

Қилы сурет үрейің, қилы

Үш леп!!!

Мәжнүн талдар мәңгіріп

Сілейеді,

Көксеректің ернінен сүйгісі кеп.

 

Бұлт бетінен тамады

Алғашқы ұғым

Сол арқылы тастайды жанға

Ұшқынын.

Жұлдыз кешіп қаңғырған

Ес жүзінде:

Қалам жортты ізіндей

Албастының.

Әр ақынның өз шығармашылық шеберханасы бар. Ол тап бір ұстадай тек сөз асылын ғана өз көрігінде балқытады. А.Белый: «Менің жұмыс үстінде ұққаным: оймен еңбек ету барысында түсініктің, дағдының, әдет-ғұрыптың, ұғым-түсініктің, қайыстай қатып қалған сөздердің жонынан таспа тілетіндігіміз...»[Андрей Белый. Котик Летаев. Крещеный китаец. Записки чудака. М., 1997. С. 423.]. Осындай қазақтың қара өлеңінің қамшысын жаңаша мәнерде ұлттық әрін кетірмей өріп жүрген жан – Сұраған ақын.

Ми ішінде абалап,

Азған иттің үргені.

Үзік бауын сабалап

Жел түртеді іргені.

 

Бауырында түлкінің

Бұйығады мығым қыр.

Сауырында жылқының

Ай түнейді бұлыңғыр.

Есінеген торы аттың

Езуінен нұр құлап.

Торғай күйін боратты,

Шиқылымен ұрғылап.

 

Торсықтағы іркіттің

Шулағаны басылып.

Күн күледі Бүркіттің

Иығынан асылып.

Алаш ағартушылық постмодернизмнің жаһұт ғасыры ақындарымызға тіл табиғатын үйренуін, әдеби әдіс-тәсіл қолданысын кәдеге жаратуды жаңғыртудың жағдайын, сөз саптаудың қилы мүмкіндігін игерудің бақытын сыйлап отыр. Бұл жолдағы өз әдеби әлемін анықтаудың кез келген бағыты ақын үшін өзінің талант-талайымен баптаған поэзия қыранын мәңгілік әрі шексіз алаш рухани кеңістігіне қалай ұшыруына байланысты.

Әлем шұбап барады жан-жағымнан

Бал жағылған, бір жағы

Қан жағылған...

«Жәннат жоқ», – деп жылады

Жалқы Тәңір

Жалғыз түйір масақты қалжа қылған.

 

Мұз қарасұр маңайым –

Темір алаң,

Жазу үшін оған жыр,

Желім алам.

Тірі жандар сілтідей ой салады,

Өзіне емес,

Өзге емес,

Өлі маған.

Валери поэзияны – алтын ақшаға балаған болатын. Қазіргі әдебиетімізде әр ақын өзінің «алаш рухы эквивалентіне» тең төл теңгесін өлеңімен шығарып жатыр. Кейбіреулер өз өлеңін қанша жерден алтынға балағанымен оқырманы алдында құны кетіп, қадірі қашып сабан ақшаға айнылып шыға келуде. Сонымен алтын қоры мол ақындарымыз бар, жазғандары бақырға татымайтын жазғыштарымыз бар. Бақырлық өлең жазып, алтындық мәртебе дәмететіндер де жоқ емес. Сөзі алтын, ойы асыл поэзиялық элитаға енгендер қатарында Сұрағанның жүруі орынды.

Қайда толқып барады мына ғалам?!

Жынды әуен, жылымшы үн,

Жылаған ән.

Кермек судың кекілі

Қызыл бұйра.

Көңіл жүдеу, көз соқыр,

Құлақ аман.

 

Мөлдір шулар, қылыштай

Азуда тұр,

Миға сіңді мың түрлі

Аз...

Улы «әтір»

«Әжім-әжім әжеңнің

Әлемі – әуен!»

Қар бетінде осындай жазу

Жатыр.

 

Сол жазуды кім оқып, кім

Түсінген?

Түсін салып қарайды бұлт

Ісінген.

Бір із алып жанымның

Жотасынан,

Жалғыз өлең жазайын

Ұлт үшін Мен.

Ақын қасиеттер, сипаттар, мәндер әлемінде өмір сүрмейді, адамзат тіршілік кешуі алаңында (руханият әлемінде) ұлттық өмірдің мәнісін іздеп, ұлттың жоғын түгендейді. Оны қызықтыратыны заттың мәні емес, қайта мәннің заттылығы. Бұны біз мүлдем күрделендіріп, көпшіліктің тісі батпайтын “метофора” деген терминге айналдырып жібердік. Ғылымдағы бәрін шатыстырып-бытыстырып жүретін  біздерді ұрып өлтіретін бір Мәді керек-ақ...

Филип Гершковичше бұндай тіршілік уақыт пен кеңістікте кімнің Дон Кихот, ал, кімнің Санчо Панса екендігінің жұмбағын табу болып табылады. Біздің ғылымда Дон Кихот жоқ, бірақ донкихотшылдық жетіп артылады. Оларға белгілі бір ақынның ғасырлар тереңінде бұғып жатқан ойды өзгемен жанастыруы осы терминсізде ұлтқа жететіндігін есеп емес. Оның ұлтқа жетуі үшін сөз зергеріне шығармашылық арайлы мезет керек. Осындай арайлы мезеттен туындаған мына бір өлең жолдары Сұрағанның ақындық ұстанымын танытатындай:

От шашырап оңбай бір шапалақтан

Қан саулайды қарадай

Нақақ ақтан.

Мың тамырдың төбесін тесіп

Тұрып,

Жыр сауынын жауады шапағы

Ақ таң.

 

Жанның бәрі содан соң жырға

Ащылап.

Тәнін басып күледі ұрғашы Бақ.

Шын күшімді сарқып бір

Күшенемін...

Тіл қыстырған құйрықтың

Жырмышынан.

   Поэзияны ұлттық өнердегі қиялдың жүзеге асуы деп санасақ, оны өмірге әкелетін шығармашылық процесті замана ыңғайымен мың құбылатын дүниенің мың түрлі әуенін ойнатқан қобызға балауға болады. Ақын осы өзіне Тәңір сыйлаған қобызының зары мен мадақ үніне ілесіп, бүгінгі мен келешектің  арасындағы рухани алтын көпірді милетіне сыйға таратады.

Ақындық көріпкелдік Поэзияның атрибуты емес, қайта Поэзия ақындық көріпкелдіктің атрибуты болып табылады да, ұлтына тағылымы мен ұлағатын шаша алатын ақындарды ғана алаштық мәңгіліктің, шексіздіктің руханият піріндік символына айналады. Міне, осы жолда Сұрағанның адасуы да мүмкін, өзіне ұлттық кеңістіктен мәңгілік орын таба алуы да мүмкін. Оны уақыт көрсетеді. 

Бұдан ары Маған дейін өз пікірін Сұраған Рахметұлы жайлы жеріне жеткізе айтқан Айгүлден асып сөз айта аламасымды сезіп, осы жерден атымның басын кері бұрып, Сұраған ақынның шығармашылығы жайында айтарымды түгеспекпін.

 

ШҚО, Бородулиха ауданы, Новопокорвка ауылы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2049
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2478
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2066
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1598