Сенбі, 27 Сәуір 2024
Желтоқсан жаңғырығы 2244 0 пікір 12 Желтоқсан, 2023 сағат 15:07

Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы

«Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіздік жолындағы рөлі» ғылыми-практикалық конференциясындағы баяндама  

Ресми түрде «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғасы» делінетін тарихи белесте қазақ жастары билеуші партияның өктем озбырлығына қарсылық танытып ереуілдеген-тін. Өкіметтің оны дөрекі түрде басып-жаншуы барысында ереуіл ушығып, саяси көтеріліс дәрежесінде өрістеді және тарихта терең із қалдырды. Сол дүрбелеңді күндерде Совет Одағының тұғырын шайқалтқан, тоталитарлық мемлекетті ыдыратып, құрамындағы одақтас республикаларды жеке-жеке, дербес мемлекеттерге – тәуелсіз мемлекеттілікке ұмтылтқан жаңа тарих бастау алды.

Республика басшылығының ауыстырылуы – ұлт мәселесіндегі бұрмалауларға лық толған саяси қазанды кемерінен асырып жіберген зәрлі тамшы болған-тын. Сол тамшының қамшылауымен максималист қыз-жігіттер «Тәуелсіз республикалар одағы» деп аталатын жасанды тәж киген, турасында, байырғы империяның жалғасы боп шыққан совет еліндегі отаршылдық және орыстандыру саясатына  наразылық білдірген еді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының мүшелері, яғни  республиканың бетке ұстар  саяси элитасы партия ұйымын ширек ғасырға жуық басқарған жетекшіні орнынан көзді ашып-жұмғанша босатып, ешқашан Қазақстанда болмаған, жергілікті жағдайды білмейтін, жұртшылыққа беймәлім қызметкерді бірінші хатшы етіп бір ауыздан сайлай салды. Ең таңдаулы деп саналатын жоғарғы билік мүшелерінің бірде-бірі не босатылған  басшыға ұзақ жылдарғы қызметі үшін алғыс айту ілтипатын білдірмеді, не жаңа басшыға осында жүзеге асырмақ бағдарламасы жайында бір де бір сұрақ қоймады.  Яғни ұлт болашағы жайында халық мүддесіне жауап берерлік ой түймеген, Мәскеудің нұсқауын бұзудан қорқатын, қазақтың емес, жеке бастарының тағдырын ғана ойлауға машықтанған тоғышар тобыр кейпін танытты.

Ал ұлттық сана-сезімі сергек жастар   мұны Мәскеудің қазақ халқын масқаралап, кемсітуін жалғастырғаны деп ұқты.  Сондықтан да жаңа басшы «таққа отырған» күннің ертеңіне, 1986 жылғы 17 желтоқсанда, астана көшелерімен толассыз ағылып, орталық алаңға жиналды.

Теңдессіз оқиға  осылай туды. Билеуші топтың Кремль шешіміне құлақкесті құлша мойынсұнуын мойындамаған қыз-жігіттер жасаған бейбіт демонстрация лезде еш баламасы жоқ саяси көтеріліске ұласты.

1986-шы  желтоқсанның қаһарлы күндерінен бері көп уақыт өткенмен, саяси бас көтеру оқиғасы ұмытылған жоқ, керісінше, терең түсініліп, маңызы артып келеді. Жазалаушылар демонстранттарды бір жайпап өтіп, көптеген қыз-жігітті «жедел жәрдем» әкеткеннен кейін, алаңның төрт шетінде лаулап өртеніп жатқан жылжымалы милиция бекеттерінің ортасында дөңгелене шоғырланған жастар бар дауыспен: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп ұрандатты.

Осы қарапайым қос тіркеске қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі тоқылған еді. Орталықтың эмиссары оларға халқымыздың ұлттылық тұрғыдан өркендеуіне шек қойып келе жатқан отаршыл биліктің тап өзіндей көрінген. Сондықтан да оны қабылдағысы келмей, «Долой, Колбин!» деген қысқа ұранымен республиканы қуыршақ еткен отарлық қамытты қаусататын уақыттың жеткенін мәлімдеген-ді. Ал құқтары тым шектелген халқымыздың мәртебесін «Жаса, қазақ!» деп ашық көтерудің астарында шынайы теңдікке жету, азаттық алу арманы, тәуелсіздікке қол жеткізу идеялары жатқан. Саяси тәжірибесі жоқ жас азаматтар тап сол кезде мұндай мағынадағы тұжырымға, әрине, саналы түрде келді дей алмаймыз, олардың бұл жасампаз ұрандары мүлдем табиғи түрде, жағдайға сай шыққан еді.

Жақша ішіндегі «тәуелсіз социалистік қазақ мемлекеті»  тың көтеру жылдары жаңаша отарланғаны мәлім. Қазақ халқы өз елінде 29% боп, барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін деңгейге түсті. Қазақ мектептері жабылып жатты, орыс тілі отарлаудың пәрменді құралына айналдырылды. Орыстандыру саясаты: «Коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «Орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен пәрменді жүргізілді. Совет Одағының сол кезгі басшысы Н.С. Хрущев «патшалықтың жүздеген жылдар бойы жасай алмағанын аз ғана жылда жүзеге асырдық» деп мақтанды, «түрі ұлттық, мазмұны пролетарлық» негізде «жаңа адам қалыптастыру»   – коммунистік идеологияның өзегі болды.

Орысша оқу салтқа, мақтанышқа айналдырылды. Орыс тілін білмей  қалада өмір сүру, жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Өз тамырынан ажырап, орыстанған адамдар «интернационалист» ретінде мадақталды. Қазақтарға өз елінің астанасы Алматыға тіркелу  қиынға түсті. Мұндай келеңсіздіктер республиканы жергілікті ұлт өкілі басқарып тұрғанда, «ұлт мәселесі шешілген» деп дәріптелген кезеңнің өзінде орын алған-тын, енді, қазақ елін басқаруға мәскеулік өкіл қойылғанда,  бұл ахуал тіпті де түзелмейді деп санағандықтан,  жастар алаңда ұлт мүддесін осынша елемеудің   себебін түсіндіруді талап етті.

Алайда шерушілер талабын бейбіт тәсілмен шешуді басшылық ойына да алмай, бұл саяси қарсылықты өкіметке төнген қауіп ретінде бағалады. Жастарға  күш көрсетті, этносаралық қатынастарды шиеленістіру, араздастыру әрекетін жасады, тездетіп демонстранттар толы алаңды әскери күшпен қоршауға алды. Бейбіт шеруге қатысушыларға қарсы суық су шашты, қолшоқпар, сапер күрекшесін қолданды, әскери қызметтегі иттер жұмсалды.  Алаңға жәшік-жәшік арақ әкелінді,  басқа да қилы арандатушылық әрекеттер жасалды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың орыстілді жұмыскерлерінен жасақтар шығарылып, олар темір таяқтармен, кабель кесінділерімен қаруландырылды. Содан әскерилер, милиция, жасақшылар шерушілерді жаппай ұрып-соқты, алаң қанға боялды, жүздеген қыз-жігіт түрлі дәрежеде тәни жарақаттар алды, ондағаны қаза тапты. Жастарды ұлттық белгілеріне қарап көше-көшеден, жатақханалардан  алып кетіп жатты. Ұсталғандарды түрмелеріне жапты, көбін жүк машиналарымен қала сыртына апарып, құдды қоқысша, орларға төгіп тастады. Қысқасы, демократиялық жаңаруға сенген жастар қозғалысына отардағы құлдар бүлігі іспетті қарады.

Содан бері отыз жеті жыл өтті. Көтеріліске бес жыл толғанда Қазақ Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Оған да отыз екі жыл болды. Аз уақыт емес. Алайда алғаш рет 20-сыншы жүзжылдықтың басында туып, қилы кезеңдерді бастан кешкен жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысына ғасыр соңына қарай жаңа серпін берген жастардың Желтоқсан көтерілісі осы уақытқа шейін саяси бағасын алған жоқ. Тіпті, көтерілісті ұмыттыру үшін, студенттерді Тәуелсіздік күні қарсаңында каникулға жіберу әдетке айналдырылды.

Қазіргі таңдағы Жаңа Қазақстан, Әділетті  Қазақстан құру идеясына сай, Желтоқсанға қатысты жол берілген әсіре сақтықтан арылған жөн.

Көтеріліс күндері жуасыту және жазалау шараларын ұйымдастырғандар мен жасағандар қилы асыра сілтеулері үшін ашық опынуға тиіс.

Тәуелсіз ел қызметкеріне бұрынғы метрополияның көне империялық көзқарасынан қаймықпай, Желтоқсанды өз мәнінде мақтаныш ету ләзім. Бойынан құлдық сана қалдықтарын шығарып тастап, өзін және баршаны шыншыл тарихпен тәрбиелеуді мақсат еткені дұрыс.

Желтоқсан тарихын оқулықтарға енгізудің, қалың жұртшылыққа барынша насихаттаудың маңызы зор.

Осындай жолдармен өскелең ұрпақты отаншылдық рухта қалыптастыру, сөз жоқ, еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге кепіл болады.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір