Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Талқы 1746 2 пікір 6 Желтоқсан, 2023 сағат 14:49

Екі елдің елшісін Ақордаға қарай ентіктірген не жағдай?..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 желтоқсанда Ресей және Қытай елшілерін бірінен кейін бірін қабылдауы бұл бір емес. Бұған дейін осы жылдың 14 наурызында тап осындай жағдай болған еді.

Енді міні араға 7 ай салып тағы осы іркес-тіркестік қайталанып отыр. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдаған Тоқаев Қазақстанның Қытаймен барлық бағыт бойынша ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін ресми Ақорда хабарлады.

Чжан Сяо болған кездесуде сауда, ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңа технология, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді қатынастарды одан әрі арттыру маңызды екені сөз болып, екі арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі де назардан тыс қалмады.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжан Сяодан кейін Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді қабылдап, осы кездесу барысында Қазақстан Президенті мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша екі ел арасында тұрақты диалог қалыптасқанын ерекше тоқталып өткені ресми Ақорданың хабарламасында сөз болды.

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің жуырда Астанаға жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар тату көршілік қатынастарды жан-жақты нығайтуға бағытталған өзара ұмтылысты жерде қалдырмайтындығын қадап айтты.

Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин екеу ара әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелері және даму перспективалары қарастырылды.

Қос көршіміздің қазақтың ілтипатына ие болуға талпынысы АҚШ пен Батыстан төнген экономикалық ынтымақтастық пен әріптестің дауылының алдын алуға деген саяси қадамдары ма деген ойға қалдырады.

Abai.kz

2 пікір