Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 1341 0 пікір 6 Желтоқсан, 2023 сағат 13:58

Дабыл! Қазақстанды су тапшылығы күтіп тұр...

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Премьер-министрдің атына су мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады.

– Дабыл қағатын уақыт келді. Мысалы 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд. текше метрді құрайды. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Ойлап қараңыздаршы, еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 процентке азаяды. Сонда әрбір екінші менің отандасым ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл өте қауіпті, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге осы шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ, бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар, – деді.

Ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і – иесіз екен.

– Су қоймалары ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жеке меншік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалуда, – деді Базарбек.

Депутат су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар екенін айтты. Мәліметтер бойынша, елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде.

Жалпы, каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толығымен қолдаймын.

– Осыған орай мәселенің маңыздылығын ескере отырып, «AMANAT» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санаймын. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады, – деді.

Бақытжан Базарбек мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, осы салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептейтінін айтты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 798
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 615
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 498
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 510