Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аласапыран 1449 9 пікір 4 Желтоқсан, 2023 сағат 13:23

Ашаршылықты әшкерелеу қылмыс па?!

Коллаж әлеуметтік желіден алынды

Батыстың демократиялық даму жолын таңдаған Украина билігіне Кремль қожайыны Путиннің қаһарын төгіп, екі жылға жуық уақыттан бері Киевті оқ пен отқа орағаны белгілі.

Есесіне Украин билігі орыс әскеріне табанды қарсы тұрумен бірге, отарсыздану, орыстану үрдісін де белсенді жүргізуде. Орыс тілінің, мәдениетінің символына айналған әйдік Пушкиннің еңселі ескерткішін алып тастады. Кремльдің қытығына тиетін Киев тарабының әрекеттері кеңес заманынан қалған ескерткіштер мен жер, су, көше атауларын өзгертумен ғана шектелмейді.

Украин билігінің қарашаның соңғы сенбісін 1932-1933-жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске алу күні етіп белгілеуі де Сталинді қайта ұлықтауға көшкен Путин билігіне мүлде жақпаған. Биыл сол ашаршылыққа 90 жыл толуы қарсаңында, атап айтқанда қарашаның 25-не қараған түні орыс әскері Украинаға соғыс басталғалы бері ең көлемді дрондар шабуылын ұйымдастырған.

Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрі Димитри Кулеба: «Ашаршылық құрбандарын еске алу қарсаңында Мәскеу бір түнде 70 тен астам дронмен шабуыл жасады. Сол арқылы миллиондаған украиндық қырылған геноцидты жанамалай болса да мойындағандай болды. 30-шы жылдардағы ашаршылықпен бүгіннің айырмашылығы сол, ол кезде бізде диктатураға қарсы тұратын қауқар болмады, олар біздің барлық астығымызды алып кетті, ашыққан ауылды құрсаулап тастады, сырттан тамақ табуына жол қалдырмады. Ал бүгін, біздің өз мемлекетіміз бар, отан қорғайтын әскеріміз бар, өткенді ұмытпайтын жадымыз бар», - деді.

Оның келтірген мәліметі бойынша, қолдан жасалған ашаршылықты «геноцид» деп таныған елдер қатары бүгінде 28 мемлекетке, халықаралық ұйымдар саны 3 ке жеткен. Украин халқының көрген сұмдығына жанашырлық танытқандар қатары 2022-жылы 24-ақпаннан бері екі есе артқан.

Зеленский де жұбайымен, жоғары лауазымды тұлғалармен бірге шіркеуде ашаршылық құрбандарына дұға жасау рәсіміне қатысты. Киев орталығындағы ашаршылық құрбандарын еске алу ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ол шараға Латвия президенті, Литва үкіметбасы, Швейцария басшысы қатысты. Ол да ашаршылық пен Ресейдің қазіргі шапқыншылығын байланыстырып, Путин билігін айыптады. Арнау сөзінде ол: «Бұдан 90 жыл бұрын әлем жұртының нағыз шындықты білуге мүмкіндігі болмады. Қазір бәрі айпарадай болды. Тек қана көрсе де көрмеске салатындар бар. Бірақ олардың саны азшылық. Ақиқатқа сара жол ашылды. Бейбітсүйгіш әлем жұрты бірігіп, жауыздықты ауыздықтауы керек», - деді.

Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында Украина ғана емес, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан қатарлы Орта Азия елдерінің Сталиндік ашаршылыққа қатысты құпия архивтердің күшін жойып, топтап жариялай бастауы Мәскеуге ұнамай отырғаны жиі жазылған еді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір