Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Әріптестің әңгімесі 1119 0 пікір 5 Сәуір, 2024 сағат 14:30

Су басқыны: Ресей су жіберді. Қырғызстан көмек ұсынды...

Күні кеше ғана «Ресей су жіберді: Оралға су басу қаупі төнді!» деп жазған едік. Орал жұрты қызыл судың құрсауында қалуы мүмкіндігі туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өңірге жасаған сапары барысында бірнеше кезек дабыл қаққан. Бұл туралы Mezgil.kz порталы жазды

Осыған дейін Орал өңірінде, БҚО-да Төтенше жағдай режимі жарияланып, ал бүгін президент Тоқаев сапарлап қайтты. Президент Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралады. Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты. Қаратөбе ауданындағы эвакуациялық пунктке барды.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ОРАЛДАҒЫ ҚАЗІРГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

1712248554721523.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған.

Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді.

РЕСЕЙ СУ ЖІБЕРІП ЖАТЫР: ОРАЛҒА ҚАУІП ТӨНІП ТҰР!

«Азаттық радиосының» жазуынша, Қазақстанда биыл көктемде тасқын қаупі төніп, төтенше жағдай режимін жариялаған алғашқы аймақ – Батыс Қазақстан облысы. Орал қаласы маңындағы ауылдар мен саяжай алабының халқы қауіпті аймақтан көшірілді.

1712248591876817.jpg

Адамдар тек құжаттары мен азын-аулақ киімін ғана алып үлгерген. Ал үйлері түгелдей дерлік су астында қалды. Бірақ таяу арада су деңгейі тағы көтерілуі мүмкін. Өйткені Ресей Орынбор облысындағы Ирикла (Ирекле) су қоймасынан артық суды ағыза бастаған.

«Бастауын Ресей Федерациясы аумағынан алатын бес трансшекаралық өзен суының деңгейі көтеріліп келеді. Соның салдарынан «Жаңақала» мен «Қазталов» аударындағы «Қараөзен» мен «Сарыөзенде» су деңгейі көтеріледі. «Шаған» мен «Деркөлге» де қауіп төнді. Жайық өзенінің деңгейі көтерілді», - деп жазылған БҚО әкімдігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Ресейдің 22 өңірінде көктемгі тасқын су жұртты әбігерге салуда. Кейбір өңірлерде Төтенше жағдай режимі жарияланған. Ресей аумағында тасқын судан ең қатты зардеп шеккен аймақ – Орынбор аймағы. Онда 540-тан астам үй суға кетіп, қираған.

РЕСЕЙДЕГІ ТАСҚЫН СУ ҚАЗАҚСТАННЫҢ 5 ӨЗЕНІНЕ ТІКЕЛЕЙ АҒАДЫ

Бүгін белгілі болған ақпарат: Ресейдегі тасқын су Қазақстанның 5 өзеніне тікелей ағады. Сәйкесінше, Қазақстанның 5 өзені арнасынан тасуы, жолындағы елдімекендерді су шаюы қаупі жоғарылады.

«Қазақстанның 5 өзені бастауын Ресейден алуына байланысты, біз Ресейдегі әріптестерімізбен ақпарат алмасып отырмыз. Бұл жағдайды егжей-тегжейлі сараптауға, болжалды қауіп-қатерлерді есептеуге және тасқын суды ағызу шараларын жоспарлауға, әкімдіктер мен ТЖД өкілдерін алдын ала ескертуге мүмкіндік береді», - дейді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік, дәл қазір Ресейдің Орынбор және Сарытау (Саратов) облыстарының су ресурстары басқармасының өкілдерімен байланыста екенін айтқан.

«Ресейде тасқын судың мөлшері шамадан асқаны себепті, біз Ресейдің «Росгидрометімен» күн сайын Жайық, Үлкен және Кіші Өзен, Шаған және Деркөл өздердеріндегі гидрологиялық ахуал жайлы ақпарат алмасудамыз», - дейді министрлік.

1712248713701691.jpg

(«Верхнеуральскі» су қоймасы)

Ал «Росгидромет»: «Еріген қар суының, тасқын судың мөлшері артуына байланысты Орал өзенінің суы 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2-2,5 есе көп болады», - дейді.

Атап айтқанда: РФ Челябі облысындағы «Верхнеуральскі» су қоймасында күтілетін тасқынның көлемі – 0,36-дан 0,46 куб килиметрге дейін жетпек. Бұл былтырыдан 9 есе көп су деген сөз.

Ал Орынбор облысындағы «Ирикли» су қоймасындағы су 2,5-тен 3,5 куб километрге дейін жетіп отыр. Бұл былтырғыдан 2 есе көп су деген сөз. Бұл сулар ағызылатын болса, әуелі Батыс Қазақстан аумағына қауіп төнгелі отыр.

1712248781690777.jpg

(«Ирикли» су қоймасы)

Қазіргі таңда Қазқастанның 6 өңірінде 1,3 мыңнан астам үй су астында қалып отыр. Тасқын судың беті қайтар емес. 105 жол учаскесінен су тасып жатыр. 78 трасса мен 4 көпір жөнделуде. Бұл турналы ҚР ТЖМ Дағдарыс орталығы хабарлады.

«Су басқан аймақтардағы жұртты эвакуациялау тәулік бойы жүргізілуде. Өткен тәулікте ғана 1524 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Олардың 496-сы балалар», - деді ҚР ТЖМ министрі Шыңғыс Әрінов.

ҚАЙ АЙМАҚТАРДА АХУАЛ КҮРДЕЛІ?

Министрлік ақпаранша, су тасқыны жағдайы әлі күрделі күйінде қалып отырған аймақтар: Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары. Осыған дейін Қазақстанның 8 өңірінде Төтенше жағдай режимі жарияланған. Бүгін бұл санатқа Петропавл қосылды.

1712248831999736.jpg

КІМДЕР КӨМЕК ҰСЫНУДА?

Қр Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бұл сұраққа: «Көршілес мемлекеттер бізге тасқын судың зардаптарын жоюға көмек ұсынды. Біз әзірге бас тарттық. Себебі, қазір өз күшіміз жетіп жатыр», - деп жауап берді. Бірақ, нақты қай көршілердің көмек ұсынғанын ашып айтпады.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Ал Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанға көмек ұсынғанын, бірақ Қазақстан тарабы көмектен бас тартқанын мәлімдеді.

Қырғызстанның Министрлер кабинетінің төрағасы Акылбек Жапаровтың мәлімдеуінше, Қырғызстан президентінің тапсырмасымен Бішкек Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберуді жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, Қазақстан Бішкек қаласындағы жылу-электр орталығында болған апаттан кейін көмек қолын созған.

«Олар (Қазақстан – автор) көмек сұрамаса да, біз гуманитарлық көмек жөнелтеміз. Бұл ретте мен Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанға алғыс білдіремін. Бұл елдер біз көмек сұрамаған кезде де бізге қол ұшын созып, жәрдемге келді», – деп атап өтті Акылбек Жапаров.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2242
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2597
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2561
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1687