Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6922 0 пікір 26 Қыркүйек, 2013 сағат 08:06

Сейілбек Мұсатаев. «Қазақстандық маргиналдар» деген кімдер?

Мәселенің мәні

Мәселенің мәні

Маргиналдық – (латынша-margo -шеткі, шекара) дәстүрлі түрде жеке тұлғаның қандай да бір әлеуметтік қауым­дастыққа толық сіңіспей, екі немесе бір­неше әлеуметтік қауымдастықтардың арасында әрі-сәрі күй кешіп, шекаралық жағдайда қалып қоюын бейнелейтін ұғым. Бұл адамның психикасын өзгертіп, бағыт-бағдары мен ұстанымдарына, өзін-өзі айқындауы мен өмір салтына қатты ық­пал ететін қатерлі құбылыс. Бұл ұғым­ды алғашқылардың бірі болып ғылыми айналысқа ендірушілердің бірі – американдық социолог Роберт Эзра Парк болып табылады. Ол «Адамзат ми­гра­циясы және маргиналды адам» де­ген еңбек жазып, мигранттардың жаңа әлеуметтік ортаға бейімделуінде туындайтын қиындықтарды талдайды. Мигранттар өздерінің өсіп-өнген ортасынан ажырай отырып, жаңа әлеуметтік ортаға қосылуға әрекет жасайды. Бұл әрекеттің жаман жері – мигрант өзімен тектес ортадан бөгделенеді, ал, қатарына қосылуға ұмтылып отырған жаңа орта оны толықтай қабылдамайды. Осының нәтижесінде мигрант «мәдени гибридке», яғни, дүбәраға айналып, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегенге ұқсас жағдай қалыптасады. Бастапқыда, «маргиналдық» мәдени қарама-қайшылықты бейнелеуші ұғым ретінде қолданылғанымен, уақыт өте келе, әлеуметтік орта мен мәртебенің түрлі өзгерістерін сипаттайтын әмбебап ұғымға айналды. Кейінірек, «маргиналды субъект», «маргиналды кеңістік», «маргиналды тіршілік ету» деген туынды сөздер қалыптасты. Мұның барлығы аралық жағдайларды, өтпелі кезеңдердің табиғаты мен сапасын айқындаушы ұғымдар.

Жеке адамның маргиналдығы инди­видтің белгілі бір әлеуметтік топқа толық кірмеуімен сипатталады: кіргісі келетін тобы оны бөтенсініп, толық қабылдамайды, ал, өзінің «туған» әлеу­меттік ортасы оны сатқын ретінде санап, теріс айналады. Осылайша, индивид бірнеше топтың өмір салты мен дәстүрлерін шала-шарпы ұстанып, дүбәра күй кешуге мәжбүр болады. Маргиналданған индивидтер көбейе келе, маргиналдық топты құрайды. Көп жағдайда бұған ықпал ететін факторлар – қоғамның қалыптасқан әлеуметтік құрылымының өзгеруіне әкеліп соғатын, саясат пен экономикадағы жаңа ықпалды топ­тардың туындауы болып табылады. Осының нәтижесінде, маргиналдық топтар дәстүрлі қалыптасқан топтарды ығыстырып, шешуші рөл ойнауға қабілетті екендігі тарихи тәжірибеде дәлелденді. Мысалы, Кеңестер Одағы тұсындағы коммунистердің билік басына келуін алсақ. Бастапқыда азшылық болып, астыртын революциялық қызмет атқарып жүрген индивидтер топтаса келе, үлкен саяси күшке айналды. Олар дәстүрлі құндылықтарды, ұлттық және діни дәстүрлерді ысырып тастап, коммунистік идеологияны жүзеге асыруға тырысты, жетпіс жыл бойына атеизм мен социализм идеясына негізделген қоғам құрды. Кеңестік қоғамдағы әлеуметтік стратификация ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрден бөлек жолмен жүрді. Яғни, материалдық құндылықтарға негізделетін, қанаушы байлар мен езілген кедейлерге бөлінетін таптық антогонистік жіктелумен емес, білім мен кәсіптің, еңбек пен біліктіліктің негізінде іріктелетін интеллигенцияға, жұмысшы мен шаруаға бөлінді. Бұл қоғамның өзі маргиналдық еді, яғни, аралық сипатта болатын: адамдарды ұлтқа жіктеу айыпталды, «Кеңес Одағының азаматы» деген жалпы ұғым болды; коммунист болу – идеалға айналды; дінді атеизм «жеңді». Осылайша, «ұлтшыл», «ескіні аңсаушы», «діндар» деген түрлі айыптаушы теңеулерден қорыққан кеңес адамдары аралық сипаттағы, маргиналды құндылықтарды басшылыққа ала отырып өмір сүруге бейімделді. Яғни, КСРО маргиналдардың мемлекеті еді. Қазақтардың орыстануы мен мұсылмандықтан қалуы, әсіресе, қалалық қазақтардың ата-баба жолынан адасып, өздерінің туған ана тілі – қазақ тілін ұмытуы, жаппай орыс тіліне бет бұруы осынау кеңестік кезеңде басталды. Кеңестік дәуірде қазақтай күшті маргиналданған ұлт болмаған шығар сірә… Не таза қазақ емес, не толық орыс емес, не нағыз мұсылман емес, ең бастысы – коммунист болса болғаны… Осындай ұстанымдағы қазақтың бетке ұстар азаматтарының көптеп маргиналдануы ұлттың маргиналдануына ықпал етті. Соның зардабын әлі тартудамыз…
Бұрын-соңды адамзат тарихында бол­маған, жағымды-жағымсыз ерек­шеліктері жетерлік, кеңестік алып импе­рияның түбіне қайта құру мен «жаңа маргиналдар» жетті. Бұған сыртқы саяси күштердің де ықпалы күшті болғаны белгілі. АҚШ Орталық барлау басқармасын 1953-1961 жылдар аралығында басқарған Аллен Даллес КСРО-ны іштен ірітіп-шірітіп құлатудың, халқын моральдық азғындаудың жоспарын әзірлеген. Бұл жоспар ақырындап орындалды, ХХ ғ. 90 жылдары КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін енді алып жатқан өліара кезеңде қоғамдық сана абдырап, отандастарымыз әрі-сәрі күйге түскені белгілі. Қоғам өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүрді: тоталитарлық саяси жүйе демократиялыққа трансформация­ланды, социалистік жоспарлы экономика нарыққа алмасты, идеологиялық шектеулердің орнына адам құқығы мен бостандығына негізделген құн­дылықтар келді. Кеңестік халық деген жасанды ұғымның тас-талқаны шы­ғып, ұлттардың өзін-өзі айқындауы, ұлттық сана-сезімнің жаңғыруы жедел қарқынмен жүрді. Мұнымен бір мезгілде, еркіндік пен романтикаға толы сияқты көрінген батыстық өмір-салты мен бұқаралық арзанқол мәдениетке еліктеушілік қабаттаса өрбіді. Бастапқыда бұрынғы «кеңес халқы» жаппай маргиналдық күйге түскендей болды. Кешегі коммунистер демократ, либерал, бизнесмен, ұлтшыл болып шыға келді… Атеист болып жүргендер тілін кәлимаға келтіріп, дінді ұстанып, тіптен, кейбірі тақуалық жолға түсті. Интеллигенция жаутаңдаған жетімнің күйін кешіп, жұмысшы жұмыссыз қалды, шаруа жерсіз қалды. Кеңестік дәуірде қалыптасқан әлеуметтік жіктелу жүйесі жойылып, әлеуметтік қабат (страта) қалыптасуында материалдық игіліктер шешуші рөл ойнай бастады. Алдап-арбау, қорқытып-үркіту, сауда-саттық жолына түскендердің, жекешелендіру мен жемқорлықты дөңгелетіп жүргізіп, пайдаға белшесінен батқандардың айдарынан жел есті. Осылайша, әркімнің қабілеті мен мүмкіндігіне сай келетін кешенді маргиналдану процесі бүкіл қоғамды қамтыды. Дегенмен, «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де, отығар» демекші, кешегі «кеңестік халық» қысқа мерзім ішінде жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Уақыт талабына сай, тәуелсіз мемлекеттердің азаматтарына айналып, демократиялық қоғам құруға, нарықтық экономиканы меңгеруге бел шеше кірісіп кетті. Яғни, посткеңестік кеңістіктегі бүкіл халық өтпелі кезеңді бастан өткерді. Бастапқы кезеңде – Кеңестер Одағының халқы; аралық кезеңде – маргиналдық саты; соңғы кезеңде – тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің азаматтары. Бірақ, бұдан маргиналдану процесі тоқтап қалады деген ой тумауы тиіс. Маргиналдар қашанда болған және олар алда да бола бермек. Сол сияқты, ұлттық мемлекет құрып, егеменді ел болуымен маргиналдардың заманы бітті десек те қателесеміз, қазақстандық қоғамға тән маргиналдар қазір де ел ішінде өзінің жанбақы тіршілігін жасап жатыр.
Осы жерде мән беретін нәрсе – маргиналдануды тек құлдырау мен тозу деген мағынада түсінбеуіміз керек. Ол көбінесе қоғамдағы жан-жақты өрбитін көлбеу және жоғары-төмен жүретін тік әлеуметтік ұтқырлықпен (мобильділік) байланысты. Егер де, маргиналдану қоғамдық құрылымның түбегейлі өзгеруі (реформа, төңкеріс) нәтижесінде болса, онда бұл қоғамдағы әлеуметтік мәртебенің жаппай өзгеруіне әкеліп соғады. Соған қарамастан, маргиналды топтар жаңа әлеуметтік құрылыс жағдайының өзінде екінші қайтара өзіндік орнын табуға тырысады. Бұл әрекет өзге топтармен бәсекелестікке, әлеуметтік ортада басқаларға қарағанда ықпалды орын алуға бағытталған бітіспес күреске ұласады. Нәтижесінде бұқараның ұтқырлығы белсенді бола түседі, тіптен, мұндай күрес шиеленісіп кетсе, төңкерістер мен көтерілістерге ұласып кетуі де мүмкін. Мемлекеттік ауқымдағы әлеуметтік кеңістікте дәстүрлі бұқаралық топ пен ұсақ маргиналдық топтың арасындағы күрес тоқтамай жүріп отырады. Маргиналдық топтар қоғамда орын табуға жан-тәнімен тырысып бағады. Мысалы, маргиналдық күй кешіп жүрген этникалық азшылық өкілдерінің пысықай, кәсіпкер, шығармашыл болуымен қатар, олардың қылмыскер, пара бергіш, арызқой, бәлеқор болып келуінің бір сыры осында жатыр. Өздерінің маргиналды бет-бейнесін либералдық бетпердемен көлегейлеп, айналасына сездірмеуге тырысады. Олар дәстүрлі топтармен теке-тіресіп, әлеуметтік ортада ықпалды орын алу үшін бар қабілеттерін салады (қоршаған ортаға бейімделгіш хамелеон сияқты), қолынан келетін барлық әдіс-тәсілдер мен құралдарды пайдаланып бағады, қысқасы, арамза бәсекелестіктен тайынбайды. Сол сияқты, дәстүрлі топтардың арасынан, әсіресе, ұлттың ішінен шығатын маргиналдар осал емес. Мысалы, маргиналданған «шала қазақтарды» алайық. Олар да, өздерінің қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін, лауазымын, байлығын, қол жеткізген тұрмыс-тіршілігін сақтап қалу үшін аянбай күреседі. Бұл күрес жолында ұлттың ішінен шыққан дүбара маргиналдар өздерінің ұлтына, ана тіліне, дәстүрлі дініне, ұлттық ділі мен салт-дәстүріне, бір сөзбен айтқанда, ұлттық мүддеге кереғар келетін нақұрыс әрекеттер жасаудан тайынбайды. Ата-бабасының әруағын сыйламайды. Өйткені, олар қазақ ұлтынан ажырап қалған, ал, орысқа немесе басқа ұлтқа сіңісе алмаған. Өзі қазақ, сана-сезімі мен сөзі орыс болып табылатын маргинал бүкіл қазақстандық қоғамның өзі сияқты дүбара болып қалуын қалайды. Сондықтан, ұлттық мүддені қорғаудың орнына келемеждеп-кемсітіп, онымен қарсыласады. Жаудың тірлігін жасап, ұлттық ар-намысты аяққа таптайды. Бет-әлпеті, аты-жөні қазақ болғанымен, бойынан қазақылықтың исі де шықпайтын мұндай маргиналдардан еріксіз қауіптенесің.

«Қазақстандық маргиналдар» деген кімдер?

Ал енді, осы бір қытымырлау сұрақ­қа жауап іздеп көрелік. Жалпы, Қазақ­стандағы маргиналдарды бірнеше топқа жіктеуге болады. Бірінші топ, мемлекет құрушы, төл этнос саналатын қазақ ұлты­ның ішінен шыққан маргиналдардың тобы (бұлардың өзін үшке бөлуге болады: 1) «шала қазақтар», 2) рушылдар, 3) жершілдер); екінші топ – ұлттық белгісі бойынша маргиналдық жағдайға ұшыраған диаспоралар; үшінші топта орныққан мекендерінен түрлі себептермен мәжбүрлі немесе ерікті түрде ауып, жұмыс іздеген, арман қуған мигранттар (сыртқы және ішкі көші-қон); төртінші топқа – діни белгісі бойынша өз ұлтының дәстүрлі ұстанатын дінінен безіп, басқа діни ағымға өтіп, түрлі секталарға мүше болып, сандалғандар; бесінші топта – білімі мен кәсіби біліктілігі бойынша аралық жағдайда қалғандар; алтыншы топ – Қазақстандағы трансұлттық компанияларда қызмет істейтін, космополиттік сана-сезімдегі жұмысшылар мен ірі бизнестің өкілдері; жетінші топ – девиантты мінез-құлықты, моральды деградацияға ұшырағандар; және сегізінші топ – демографиялық белгі бойынша – жас және жыныс ерекшеліктері бойынша өзін-өзі анықтай алмай жүргендер. Енді, осы жасаған жіктеуіміздің мәнін ашу үшін тарқатып айтайық. Олай болса, «Қазақ десең, өзіңе келіп тиеді» демекші, ұят та болса, өзімізге жақын, бірінші топтағы «қазақы маргиналдардан» бастауға ту­ра келеді. Қазақтардың ұлттық деңгейде маргиналдануы мен «шала қазақтардың» туындауы Кеңестер Одағы дәуірінде бас­тау алғанына әлгінде ғана аздап тоқ­талдық. Кеңестік кезеңде орыс тіліне мемлекеттік деңгейде басымдық берілуі өзінің нәтижесін берді: қоғам өмірінің барлық саласында орыс тілі шешуші рөлге ие болды. Қазақ мектептерінен орыс мектептерінің үлесі басым болды, жоғары оқу орындарында білім орыс тілінде берілді, мемлекеттік қызмет орысша жүргізілді. Қазақтардың санасында «Орысша білмесең адам болмайсың» деген қасаң қағида қалыптасты. Осының кесірінен компартияның билік құрған жетпіс жылында қазақ ұлты өзінің ана тілінен айырылып қала жаздағаны да белгілі. Ұлттың сапалық көрсеткішін анықтаушы бөлігі – ұлттық элита болып табылады. Ал, «кеңестік» қазақтардың элитасы негізінен орыс тілді болды. Олар өздері ғана орыстанып қоймай, ұрпақтарын да орыстандырып жіберді. Тіптен, елімізге танымал кейбір ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыз, өнер тарландары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері тайлы-тұяғымен орыстанды. Обалы не керек, қазақ ұлтының ішінен жік шығып, қазақша білмейтін «шала қазақтардың» тобы туындады.
Жалпы, «шала қазақтардың» мәселесі көп айтылып, көп жазыла жауыр болған, қордалы мәселелердің қатарында. Бұл тұрғыда топ жарып тұрған шығармаларға ақиық ақынымыз М.Шахановтың ұлттық намысты жанитын жалынды өлеңдерін, А. Әлімұлының алмастай өткір сын мақалаларын, А.Айталының пайымды ғы­лыми еңбектерін жатқызуымызға болады. Әсіресе, А. Әлімұлы «Өткірдің жү­зі» атты жинағындағы «Қазақстанды космополитизм елесі кезіп жүр» атты сын-мақаласында ұлттық интеллигенция құрамындағы талай «шала қазақ» маргиналдың атын атап, түсін түстеп берген.
«Шала қазақтар» қазақша білме­генімен, орысша ойлайды және сөйлейді, орысша жоғары білім алған, қоғамда жоғары әлеуметтік мәртебеге, күшті экономикалық әл-ауқат пен биік саяси мансапқа қол жеткізген. Әлі күнге дейін олардың қазақстандық қоғамда ықпалы күшті, түрлі салаларда шешуші рөл атқарады. Сөйте тұра, «шала қазақтардың» қазақ тіліне селсоқ қарап, сатқындық жасайтыны бәрімізге мәлім. Тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма жылдан асса да, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде аяғына нық тұра алмауының негізгі себебі осында жатыр.
Тәуелсіздік алғалы бері қазақтардың ұлттық сана-сезімі жаңғырғаны қуантады. Бірақ, ұлттық сана сезім, ұлттық өзін-өзі айқындау процесімен қатар жүріп келе жатқан – рулық өзін-өзі айқындау. Әрине, «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейтін аталы сөзге тоқтаған әрбір қазақ өзінің жеті атасын, руы мен жүзін біледі. Дала философиясы негізінде қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспай, ұлттың тектік (гендік) сапасын сақтап келді. Бұл тұрғыдан алғанда қазақтың өз руын білуі дұрыс-ақ. Біздің айтқалы отырғанымыз бұл мәселенің жағымсыз жақтары. Өзін қазақпын дей отырып, ру-ру, тайпа-тайпа болып бөлініп, өзара талас-тартысқа түсуі қазақтардың ұлт ретінде іштей маргиналдануын тереңдетеді. Ұлттық біртұтастыққа сызат түсіреді. Қазір түрлі рулардың тарихын жазу, шежіре құрастыру, әруақтарға ас беріп, ат шаптыру бойынша қазақ руларының арасында құдды бір бәсеке жүріп жатқан сыңайлы. Ысырапшылдық пен бекерге мал шашуды айтпағанда, әсіре дәріптеу мен мақтаудың әсерінен ұлттық тарихымыздың бұрмалану қаупі туындауда.
Рушылдықпен қатар, қазір елімізде жершілдік деген дерт те қозып тұрғаны жасырын емес. Қазір жоғары билік эшелонының өзінде кландардың туындағаны туралы мәселе қоғамдық пікірде көп қозғалып жүр. Батыс қазақстандық клан, оңтүстік кланы деген сияқты жерлестік топтар бар екендігі айтылады. Жершілдік – төменгі деңгейдегі патриоттық сезімге жатады, әр адамға өзінің кіндік қаны тамған жер ыстық. Бұл сезім өңірлік деңгейде болса құба құп, жерлестер өздерінің ауылын, ауданы мен облысын дамытып, көркейтуге бір кісідей атсалыссын. Қызғыш құс та өзінің батпақты көлін сүйеді. Бірақ, мемлекеттік деңгейде жершілдікке ұрыну орға жығатын жағымсыз құбылыс. Ол жалпыұлттық патриотизмге кері әсер етуші факторлардың қатарына кіреді. И.Крыловтың мысалындағы аққу, шортан, шаян сияқты әркім жан-жаққа тартқан жерде бірлік болмайды. Сондықтан да, рушылдық (трайбализмнің) пен жершілдіктің мемлекеттік қызмет саласына кеңінен таралуы ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретін қатер. Мемлекеттік қызметшінің білімі мен біліктілігі, жұмыс тәжірибесі емес, лауазымды басшымен рулас немесе жерлес болуы шешуші факторларға айналуынан, түптің түбінде, бүкіл ел-жұртымыз зардап шегетін болады. Осындай қауіп-қатерлерден сақтануымыз қажет. Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасыдан бастап әрбір қазақты алаңдатады. Елбасымыз айтқандай, «қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген».
Еліміздегі маргиналдардың үлке­нірек болып табылатын екінші тобы – өздерін Қазақстанның азаматтары санайтын өзге ұлттардың өкілдерінен, яғни, диаспоралардан құралады. Олар психологиялық тұрғыда, кең ауқымдағы қазақстандық және тар бағыттағы ұлттық сана-сезімдердің жетегінде қатар жүреді. Біздегі өзге ұлттардың өкілдері осы шақтағы өмірі мен болашағын Қазақстанмен, қазақ ұлтымен тығыз байланыстыра отырып, онымен бір мезгілде өздеріне тән ұлттық ерекшеліктерін ұстанып, тілін, мәдениетін, дінін, т.б. дамытуда кең мүмкіндіктерге ие болып отыр. Бұған қоса, еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілі. Осылайша, қазақстандық диаспоралар бейне бір, паралельді 3D өлшемді әлемде, үшке жарылып өмір кешіп жатқандай болады: бірінші, азаматтық өзін-өзі айқындауы бойынша; екінші, ұлттық өзін-өзі айқындауы бойынша; үшінші, тілдік қарым-қатынас ортасы бойынша. Әлем­нің көптеген елдеріндегі диаспоралар мен мигранттар 2D жағдайында өмір кешеді, яғни, оларда бірінші және үшінші белгі біртұтас: азаматтық өзін-өзі айқындау мен тілдік қарым-қатынас ортасы бір (мысалы, Францияда французша, Германияда немісше, Ресейде орысша т.б.). Мақаланың бастапқы жағында аты аталған американдық ғалым Р.Э. Парктың зерттеген құбылысы да осы болатын.
Сөздің реті келіп тұрғасын, Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында: «2050 жылғы қа­зақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы» болатынын айтса, биылғы сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық — бір ел — бір тағдыр» атты тақырыпта сөйлеген сөзінде: «Қазақ жері 100-ден астам этностарды біріктірді. Әрине, осы этностық әралуандықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қажет. Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі ­– мемлекеттік тіл болып отыр» дегенін айта кеткенді жөн көрдік. Яғни, үш тілді білуіміз керек, ал, жаппай қазақша сөйлеуіміз қажеттілікке айналуы шарт. Бұл міндеттің нақты іске асуы үшін қазақстандық диаспоралардың сана-сезімі екі өлшемге негізделуі тиіс: бірінші – жалпыұлттық деңгейде – азаматтық өзін-өзі айқындауы қазақстандық, ал, мемлекеттік және ұлтаралық қарым-қатынас тілі – қазақ тілі болуы бойынша; екінші – белгілі бір ұлт деңгейінде – қандай да бір этностың өкілі ретінде өзін-өзі айқындауы бойынша. Бірақ, Қазақстан Конституциясында «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген қа­ғидаға қосымша «орыс тілі – ресми тіл» деген тіркестің болуы, оған «үш тұғырлы тіл» ұстанымының мінгесуі ел халқының азаматтық-ұлттық-тілдік деңгейлерде аралық күй кешуін күшейтіп отыр.
Қазақстандық маргиналдардың үшінші тобын сыртқы және ішкі мигранттар құрайды. Елімізге сыртқы мигранттар негізінен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай сияқты елдерден енуде. Қытайлық мигранттардың ойы әріде жатыр: олар жұмыс істеуді ғана емес, өздеріне қалыңдық тауып, қазаққа «күйеу бала» болуды да ойластырады. Қазақстан сияқты мол қазба байлықтары жоқ болуынан Орталық Азиялық көршілерімізде әлеуметтік-экономикалық ахуал қиын екені белгілі. Құдай жарылқаған қазақтың кең даласының асты-үсті кенге толы, шикізатқа негізделген экономикамыз дамып, «гастарбайтерлерді» еңбекақысы төмен қара жұмысқа жегетін дәрежеге жеттік. Бірақ, бұдан барша қазақстандық жоғары жалақылы жұмыспен қамтылып, елімізде қара жұмыс істейтін адам қалмады деген ой тумауы тиіс. Қазақстандағы ауыл-аймақтардың халқы негізінен жұмыссыз екені баршамызға мәлім. Осыдан келіп ел ішіндегі стихиялық көші-қон өршиді, «екі қолға бір күрек» деп, кез келген ақы төленетін жұмыс іздеген ішкі мигранттар ауылдан қалаға қарай шұбыруда. Ішкі мигранттардың басым бөлігі қаракөз қазақтар екендігі қынжылтады.
Ғалымдардың жүргізген зерттеулері дәлелдегендей, мигрант деген – маргинал, жартыкеш тұлға болып табылады. Сыртқы мигрант өзінің еліне өкпелі, шетелден пайда табуға дәмелі жат жұрттық адам. Ішкі мигрант болса, не қалалық емес, не ауылдық емес, екірадағы отандас. Екеуі де дүбара, бас пайдаларын ойлаған, аралық көңіл-күйдегі адамдардың тобында. Күнкөрістің қамымен, таңсәріден кешқұрымға дейін қара жұмысқа жегіліп, азып-тозып жүрген пақыр адамның өзін-өзі айқындауы қиындайды, құнды­лықтар жүйесі өзгереді. Психологтар мен криминалистер мигранттардың қатарында моральдық деградацияға ұшырағандардың, қылмыскерлер мен девиантты мінез-құлықты адамдардың көп болуының бір себебі осы деп түсіндіреді. Қазақстандағы жұмыссыздық өзекті мәселелердің қатарында, «өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандар» деп аталатын, ойдан шығарылған әлеуметтік категория қатарына кіргендер де шынын айтқанда, кәдуілгі жұмыссыздар. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қабылдануы тегін емес. Жұмыссыздықты азайту үшін тек қана индустриалдық-инновациялық даму аздық етеді, бізге агроөнеркәсіп кешенін де дамытып, ауыл-аймақтарды аграрлық секторда жұмыспен қамтуды мемлекет қолына алуы тиіс. Мемлекеттің қолдауынсыз ауыл шаруашылығын аяққа тұрғызу қиын, бұл жерде қытайлық модернизация тәжірибесінен үйренетін нәрсе көп. Ауыл-аймақтағы ел-жұрт жұмыспен қамтылмайынша, олардың қалаға қарай жөңкілуі тоқтамайды. Ал, стихиялық урбанизация процесі сан-алуан әлеуметтік проблемаларды туындатары сөзсіз. Жалпы, маргиналдануды ушықтыратын заңсыз сыртқы көші қон да, реттелмеген ішкі миграция да қауіпсіздікке қатер төндіруші факторлардың қатарында.
Төртінші топтағы діни маргиналдар – Ата Заңымызда бекітілген ар-ождан бостандығына мас болып, ата-бабасы ұстанған дәстүрлі діннен безіп, басқа түрлі діни ағымдар мен секталарға өткен­дерден құралған. Қазақстанда негізінен мұсылмандар мен православ мұсылмандар тұратындығына қарамастан, жиырма жыл ішінде ондаған конфессиялар, ірілі-ұсақты неше-түрлі секталар туындап, ашық әрі белсенді миссионерлік үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы өздерінің қатарларын маргиналданған отандастарымызбен толықтырды. Исламда дінді сату, Аллаға серік қосу ең ауыр күнә деп есептелетініне қарамастан, ата-анасы есі­мін азан шақырып қойып, сүндетке отырғызған кейбір «мұсылмандар» Иегова куәгеріне, Кришнаға, христианға, дианетикке, иогаға, т.б. айналды. Енді біреулері «нағыз мұсылман» боламыз деп, зікіршіге, таблигшіге, уахабитке, т.б. ұрынды. Қыс­қасы, сектанттар азаматтардың санасын тұмандандырып, бастарын әбден сер­гелдеңге салды. Күйзелген жандардың наным-сенімдерін шайқалтып, діни маргиналдарға айналдырды. Ұзақ уақыт «Зайырлы мемлекетпіз, дін – әркімнің жеке ісі» деген қазақстандық билік діни экстремизм ушығып, террористер бой көрсете бастаған кезде ғана дін ісіне ара­ласа бастады. Тіптен, 2011 жылғы 18 мамырда Президенттің № 84 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі ресми түрде құрылды. Діни қызмет пен ұйымдарға қатысты заңнама қатаңдатылды. Экстремистік, террористік, алаяқтық бағыттағы секталардың «қара тізімі» жасалды. Жыл басынан бері Қазақстанның Дін істері агенттігі 500 сайттың мазмұнына талдау жүргізіп, оның ішінде құқыққа қайшы сипаттағы материалдар бар 20 шетелдік ғаламтор ресурсын анықтады. Дұрыс бағытта діни сауат ашуға мән берілуде. Жалпы, елімізде діни маргиналдануға қарсы қарқында әрекет жасалуда. Бір өкініштісі, діни маргиналдардың қатарына қосылып, адасқан отандас-қандастарымызды кері қайтару өте қиын.
Қазақстанда маргиналдардың бе­сінші тобындағы білімі мен кәсіби біліктілігі бойынша дүбәра болып, ара­лық жағдайда қалғандар жетіп артылады. Посткеңестік кеңістіктегі адамдардың бір ерекшелігі – жаппай дерлік сауатты, басым бөлігінің жоғары немесе орта кәсіптік білімі бар. Кеңестер Одағы тоталитарлы болғанымен, социалистік қоғам құрып, әлеуметтік әділеттілік орната алды. Білімнің кез-келген түрі халық үшін тегін, ал, білімді мамандардың жұмыспен қамтылуы өте жоғары деңгейде болды. Одақ ыдыраған соң, миллиондаған еңбекші жұмыссыз қалып, қара базарды жағалады. Орта білімнен өзге білім алу түрлері негізінен ақылы жүзеге асатын болды. Қысқасы, нарық халықты қарық қылды. Қазір жоғары білімді маман екенін растайтын дипломы бар қаншама қазақстандық өзінің алған білімін мүлдем қажет етпейтін салаларда еңбек етіп, жан бағуда. Оның үстіне, жыл сайын отандық жоғары оқу орындарын мыңдаған студент тәмамдағанымен, олардың да басым бөлігі өзі оқыған кәсіпті игеруге емес, нәсібіне бұйырған жұмысты істеуге мәжбүр. Себебі, зауыт-фабрикалар өте аз, инфрақұрылым дамымаған, ауыл шаруашылығы тұралап қалған, ал, мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту жүріп жатыр. Осы жерден кәсіптік тұрғыдағы маргиналдар туындайды. Не білімді оқыған емес, не білікті маман емес, тағы бір дүбәра, әлеуметтік дилетант топ қоғамға топ етіп қосылады. Мамандардың жетіспеушілігінен «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламалар пайда болады. Кәсіби маргинализм – бүгінгі қазақстандық қоғамның өткір шындығы.
Қазақстанда қызмет істейтін космопо­литтік сана-сезімдегі трансұлттық ком­па­нияның өкілдері мен ірі бизнестің өкілдерінен құралған алтыншы топ — ықпалы күшті маргиналдар екені дау­сыз. Өйткені, қолдарында қомақты қаржылық және ақпараттық ресурстар бар, билікке лобби жасап, ықпал етуге қабілетті. Космополиттік сана жетегінде жүрген бай-манаптар тағдырларын белгілі бір мемлекетпен немесе ұлтпен айқындамайды, өздерін «әлем азаматымыз» деп есептейді, аса ірі капиталдың иелері ретінде ғаламдық экономика мен жаһандану процесінің қозғаушы күштері болып табылады. Оларда нақты бір Отан деген ұғым болмайды, бизнестерін жүргізуге қолайлы, жеке басы мен отбасы мүшелеріне өмір сүруге жайлы, капиталын сақтап, көбейтуге мүмкіндік берілсе болғаны, сол жерді уақытша «отан» санап, сағалайды. Қазақстандық заңнамаға қайшы келетініне қарамастан, олардың кейбіреулері қос азаматтық жасатып алған. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» демекші, алда-жалда ел басына күн туса, олар шетелге тайып тұрады. Бұл аз болса, соңғы кездері жемқорлық әрекеттері әшкере болған қазақстандық шенеуніктер шетелге қашатынды шығарды. Жәй ғана бас сауғалап қашпайды, ел байлығынан, мемлекет бюджетінен қымқырып-жымқырған миллион-миллиард қаржы-қаражатын алдын ала шетелдердің банктеріне аударып қояды. Кеше халық сенген, бүгін қашқын-қылмыскерге айналған ірі шенеунікті маргинал десек де, космополит десек те болады. Біздің шенеуніктерде «Мен уақытша адаммын, команда билікте тұрғанда, мүмкіндікті барынша пайдаланып, байып қалуым керек» деген психология басым сияқты. Елбасымыз айтқандай, шенеуніктер өздерінің қалыққа қызмет көрсетуші адам екендерін ұмытқалы қашан.
Жоғарыда аталған космополиттер тобымен салыстырсақ, арасы жер мен көктей боларлық жетінші топ — девиантты мінез-құлықты, моральды деградацияға ұшыраған мас­күнем, нашақор, қылмыскер, жезөкше сияқты пенделерден құралған. Нәпсісін тия алмаған маскүнем мен нашақор адамгершілік сапалардан айырылып, екі аяқты жануар кейпіне қалай түскенін байқамай да қалады. Не толыққанды адам емес, не хайуан емес, дел-сал тіршілік иесі ретінде қоғамға зиян шектірмесе, ешбір пайдасы жоқ, азып-тозған, маргиналданудың ең төменгі сатысындағы әлеуметтік топтың өкіліне айналады. Ал, қылмыскерлердің өмірі «екі әлемде» өтетінін, яғни, заңға негізделген қоғам және «түсініктермен» реттелетін қылмыстық ортада қатар тіршілік ететінін білмейтін адам жоқ шығар. Жазылмаған заңдары, мінез-құлық үлгілері мен жүріс-тұрыс нормалары, өмірлік ұстанымдары мен құндылықтар жүйесі бар. Оларда, тіптен, жаргон сөздерден құралған, қарым-қатынас жасап, өзара түсінісетін, өздеріне ғана тән «балама тілдері» де бар. Қылмыскерлер «заңды» және «заңсыз» деген бір-біріне қарама-қарсы екі қоғамның арасында жүрген маргиналдық, әлеуметтік ерекше топты құрайды. Сонымен қатар, моральдық азғынға айналған, ары мен тәнін сатқан жезөкшенің құндылықтар жүйесі де аумалы-төкпелі. Адалдық, махаббат, сүйген жар, аналық сезім сияқты асыл қасиеттерді аяққа таптаған, «Отан отбасынан басталатынын» білгісі де келмейтін адамнан не үміт не қайыр. Дегенмен, бұл топтағы маргиналдарды оңалту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді, оларға жыл сайын мемлекеттің бюджетінен миллиардтаған қаржы жұмсалады. Бірақ нәтиже мардымсыз. Себебі, біздің қоғамның басты кемшілігі – аталған әлеуметтік маргинал топтардың туындауына ықпал етуші факторлардың алдын алумен емес, олардың зардабымен күресуге күш салынуы.
Демографиялық белгілермен айқын­далатын маргиналдардың сегізінші тобы – жас және жыныс ерекшеліктері бойынша өзін-өзі анықтай алмай жүргендерден тұрады. Қазір «жасым егде болса да, көңілім жас дейтін» аға буынның өкілдері көбейіп барады. Оларға көмекші құралдар да жетерлік: пластикалық хирургия, түрлі косметика, сәнді киім-кешек дейсіз бе, толып жатыр. Үйленбеген «сүр бойдақтар» мен күйеуге шықпаған «кәрі қыздарымыз» да сылаң қағып, отбасын құруға асығар емес. Ал, жас жеткіншектеріміз, керісінше, тез есеюге құмарлық танытады. Ересектер сияқты киінуге, үлкендерше сөйлеу мен жүріп-тұруға еліктейді. Осыдан келіп, батысқа еліктегіш бүгінгі қоғамымызда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қазақы тәрбие әлсіреп бара жатқаны анық байқалады. Оған қоса, демографиялық маргинализмнің дамуына бұқаралық ақпарат құралдары барынша ықпал етуге тырысуда. Осылай кете берсек, ертең ақыл айтып, бата беретін батагөй қария таппай, көргенсіз ұрпақ өсіріп, өнегесіз ұлтқа айналуымыз ғажап емес. Бұрын екі түрлі ұлт өкілінің аралас неке құруы алабөтен, маргиналдық құбылыс сияқты көрінетін. Қазір ол қалыпты жағ­дайға айналды. Ендігі «мода» – Батыстан ескен «жаңашыл өмір салтының» та­ғы бір қауіпті жетістігі – өзінің қай жы­ныс өкілі екенін анықтай алмай дал болып, «қызтеке» еркектің, «еркекшора» ұрғашының туындауы. Франция, АҚШ бастаған бірқатар батыстық елдер бір жыныстылардың неке құруын заңдастырып алғанымен тоқтамай, енді, бір жынысты отбасылардың бала асырап алуын заңдастыруға көшті. Армия қатарына гомосексуалдарды ашық шақырудан арланбайды. Батыс қалаларының көшелерінде жыныстық маргиналдар гей-парадтар өткізіп, шеруге шығатын деңгейге жетті. Жақында ғана, жаңалықтардан көргеніміздей, шетелдердің қаржыландыруымен Бухарест, Мәскеу, Киев қалаларында гей-парадтар өткізуге талпыныстар жасалып, бұл жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды. Арам пиғылды батыстық елдер осындай масқаралықтарға жол беріп, Алла тағала жаратқан Адам Ата мен Хауа Ананың салған игі дәстүрін бұзып, отбасы институтын талқандауға күш салуда. Бұдан асқан, азғындалған маргиналдану жоқ шығар. Қауіпті әрі өкініштісі сол, батыстық қоғам өзі ғана адасып қоймай, қисық құндылықтарын бүкіл әлемге насихаттап, барша адамзат қауымын ірітіп-шірітуге тырысуда. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» демекші, осынау қоғамдық дерт елімізде асқынбай тұрғанда, оның алдын алып, жыныстық тұрғыдағы дұрыс тәлім-тәрбие беруді қолға алу бүгінгі күннің қажеттілігіне айналуда. Жоғарыда көрсетілгендей, әрбір маргиналданған әлеуметтік топтың өзегінде белгілі бір жеке адам, яғни, тұлға, ел азаматы тұр. Адам тағдыры елдің тағдырына ұласады. Сол сияқты, маргиналданған жеке адамдар жинала келе, тұтас ұлттың маргиналдануына алып келеді. Ал маргиналданған ұлттың болашағы бұлыңғыр.

Сөз соңы

Тақырыпты қорытуға оқырмандарды тартып, ой түрткі жасау мақсатында, жоғарыда айтылып өткен, кезінде КСРО-ны іштей қиратуға бағытталған «Даллес жоспарынан» үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік: «…Человеческий мозг, сознание людей способны к изменению. Посеяв там хаос, мы незаметно подменим их ценности на фальшивые и заставим их в эти фальшивые ценности верить. Как? Мы найдем своих единомышленников, своих союзников в самой России. Эпизод за эпизодом будет разыгрываться грандиозная по своему масштабу трагедия гибели самого непокорного на земле народа, окончательного и необратимого угасания его самосознания. Например, из искусства и литературы мы постепенно вытравим его социальную сущность; отучим художников и писателей – отобьем у них охоту заниматься изображением и исследованием тех процессов, которые происходят в глубинах народных масс. Литература, театры, кино – все будет изображать, и прославлять самые низменные человеческие чувства. Мы будем всячески поддерживать, и поднимать так называемых художников, которые станут насаждать и вдалбливать в человеческое сознание культ секса, насилия, садизма, предательства – словом, всякой безнравственности. В управлении государством мы создадим хаос и неразбериху. Мы будем незаметно, но активно и постоянно способствовать самодурству чиновников, процветанию взяточников и беспринципности. Бюрократизм и волокита будут возводиться в добродетель. Честность и порядочность будут осмеиваться и никому не станут нужны, превратятся в пережиток прошлого. Хамство и наглость, ложь и обман, пьянство и наркоманию, животный страх друг перед другом и беззастенчивость, предательство, национализм и вражду народов – прежде всего вражду и ненависть к русскому народу, — все это мы будем ловко и незаметно культивировать, все это расцветет махровым цветом. И лишь немногие, очень немногие будут догадываться или даже понимать, что происходит. Но таких людей мы поставим в беспомощное положение, превратим в посмешище, найдем способ их оболгать и объявить отбросами общества. Будем вырывать духовные корни, опошлять и уничтожать основы народной нравственности. Мы будем расшатывать, таким образом, поколение за поколением. Будем браться за людей с детских, юношеских лет, и главную ставку всегда будем делать на молодежь – станем разлагать, развращать и растлевать ее. Мы сделаем из нее циников, пошляков и космополитов. Вот так мы это сделаем!». Қазіргі қазақстандық қоғамға зер салып қараған көзі ашық адамға «Даллестің жоспары» әлі күнге дейін өзінің жалғасын тауып жатқан сияқты көрінері сөзсіз… Жоқ әлде, жаһандану, космополиттену, маргиналдану мен мәңкүрттену тоқтамайтын үздіксіз процесс пе? Жалпы, қалай дегенде де, маргиналданған ұлт өзінің ұлттық мемлекетін құруға қауқарсыз.

 Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Саясаттану кафедрасының профессоры
.

Masa.kz

0 пікір