Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3727 0 пікір 20 Қыркүйек, 2013 сағат 06:04

«ЖАС АЗАМАТ» газетінің бірінші саны

ЖАС АЗАМАТ

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

 1 - сан

1918 жылғы 30 шілде

Петропавл қ.

ЖАС ТІЛЕК

Жастар съезінің тілегі орындалды: өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас Азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты.           

Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүние болу-болмау сол әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, «Жас Азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу - жастардың басты міндеті, үлкен борышы.

ЖАС АЗАМАТ

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 

 1 - сан

1918 жылғы 30 шілде

Петропавл қ.

ЖАС ТІЛЕК

Жастар съезінің тілегі орындалды: өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас Азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты.           

Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүние болу-болмау сол әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, «Жас Азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу - жастардың басты міндеті, үлкен борышы.

«Жас азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі.

     Бұл тілекке жету үшін «Жас Азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ер қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады.

Осы айтылған жолдарда қарсы күш - қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас Азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.

«Жас азамат» қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін «ыстық қан, жас жан құрбан!» деген пікірден қайтқандығы жоқ...

Бұл мүмкін емес, өйткені, жүректеріне нық байланып, ыстық қандарына сіңген зат - бір буыннан бір буынға көшіп отыратын қасиетті мұра.

Алты миллион Алаштың, жарық ойлы жастары арасындағы жалғыз «Жас Азаматты» алып шығып, асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегіне тарихи ұят таңбасы басылады.

Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі көркеюі, «Алаш Орданың» абыройы, айбынды болуы сендерден. Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын, «төрелерге» құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау, партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын.

Мәдениеті жоғары ұлттардың жастары ұзақ жылдар от өмірді ғарып қылып, көз жасын, жүрек қанын сел дария қылып, ойлаған мақсатына жетіп отыр. Көз алдымыздағы орыс студенттері алпыс жылдан астам азаттық жолында ескі үкіметпен күресіп келді.

Біздің Алаш жастары 1905 жылдан ғана бастап, әлеумет қозғалысына кірісіп, саяси күреске ат салыса бастап еді. Енді мінеки, аз жылдың ішінде өз міндетін көздеген нысанаға тигізіп отыр. Алаш ұранының үкіметі «Алаш Орда» құрылды.

Аз бейнетпен табылған дәулетті салақсып, ұсақ жұмысқа кірісіп, қолдан шығарып жіберу - кешілмейтін кінә.

Жастар! «Алаш Ордаға» мәдени күш беретін күндерің туды! Жер-су, бірлік-берекеден айырылған кәрі буынның осы уақытқа дейін істеген зор қателері, жетер!

Билік тізгінін қолға алатын күндерің туды.

Ел үшін, жер үшін: «Алаштап!» Ақ ту көтеріп найза салып, садақ тартатын күндерің туды.

Жастар! Жүрек толқытқан шерді, ми толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар!

Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар!

Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар!

Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар!

Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!!

Жасасын, «Алаш Орда!»

Жасасын, Алаш көшбасшылары!

Жасасын, Алаштың жаужүрек, ұлтшыл жастары!

 

АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА!

180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағандай, жеті айдай зорлықпен, қанішерлікпен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды.

«Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, социализм үшін, жұмыскер кристиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды.

Қолдан мал, бастан ерік кетті. Бостандық, теңдік арманы арамтамақ, қаны бұзықтардың тепкісіне түсті. Халықты қараңғыдан жарыққа шығару жолында аюдай үкіметпен алысып, абақтыда бит-бүргеге жем болып, қыршын өмірлерін қорлықта, таршылықта өткізген саяси сабаздар, олардың бейнеті, қаны мен миынан табылған олжа да зорлықшылдардың аяғының астында қалды.

Ел таланды, шабылды, ашықты, ер-азамат қанға батты, алыстағы алысқан жау былай қалып, аяқ астынан жауласып, ағайын жұрт бірінің етін бірі жеді.

Қара халықтың өзі сайлап қойған мекемелері тас-талқан болды. Ұры-қары, ит мінезді азғындар халықтың қасиетті тағдырына ие болды. Халық қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

300 жылдай қорлық көрген 180 миллион халықтың атан бәйге ат жарысы, ұлы дүбір үлкен тойда бас қосатын құрылтайы (учредительное собрание) басқан ізі қан сасыған, жүгенсіз топтың, қара күштің қаһарына ұшырады.

Бұратаналардың билігінің өз қолында деген арман-үміті қапыда аққан қан болды.

Қырым, Кавказ, Башқұртстанның, Түркістанның... қанды оқиғалары, большевиктердің қанқұмарлықтарына айдай айқын дәлел. Алты миллион Алаш халқы көз жасын төгіп, құдайдан тілеген Ақ ордасын тіге алмады. Алаш азаматтарының қайсысы қараңғы тар абақтыны көрді, қайсысы бұлт жамылып, мұз төсеніп, қашып жүрді, қайсысы жасылданып жанған отқа, шапқан қылыш, атқан оққа қарсы жүрді.

Алаш үшін ажалдан тайынбады, басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа деген екеу болды. Өзімшілдігін ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат шықты.

Қашан да болса, ақтық шындық үстіге шықпақ, жауыздық жоғалмақ – тұрмыс заңы. Большевиктердің һәм болшевикшілдердің жеті айдың ішінде істеген зорлықтары өздеріне жендет болды.

Қар суындай, қазанның күйесіндей большевиктер жоғалды.

Большевик бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты, нұрын төкті.

Азаматтар!

Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті.

«Алаш Орда» тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ.

Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ!

Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы - бәрі де енді ұмыт болды.

Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені - бір уақытта қазақты алға шығарды.

Ақсақалдар, ағалар!

Ақыл айтып, жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар!

Қазақ-қырғыз бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді!?

Дәулетті байлар, мырзалар!

Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс.

Большевик заманында жұрт алдағы малды садақа қылып еді. Күн жадыраған соң құдайды ұмытпау керек. Большевик бұлты айыққанмен, алдымызда қатерлі күндер көп. Қара бұлттың оңнан болса да, солдан болса да көтеріліп кетуі ғажап емес. Аласпыран күндерде мал аяп қалу ақылға да, арға да, шариғатқа да теріс.

Жастар!

Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін!

Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін!

Япырмай! Кеше ғана емес пе еді, алты миллион Алаш баласының басы құралмай, жер-судан айырылып, пендеге пенде болып жүргені, мейірімсіз тас бауырлардан рахым тілеп жүргені. Міне, «Алаш Ордаға» жәрдем қылмасаңдар, ұранға қызбасаңдар, сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр.

Ардақты азаматтар!

Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық.

Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық.

 

Иншалла Алаш жасайды!

Жасасын Алаш Автономиясы!!!

Омбыдағы Алаш партиясының бас комитеті.

БҮЛІНГЕННЕН БҮЛДІРГІ АЛМА

 

Мінеки, бостандық туған жетінші айдың жүзін көріп тұрмыз. Содан бері бейшара бостандықтың басы ара шаққандай даң болды, талай талқыға түсті. Көпке бірдей Күндей бостандық сенікі емес, менікі деген пәлеге ұшырады.

Шын халық қамқорлары шетке қағылып, «Аш ішкенде пайда болар» бостандыққа ен тағып, [басқа біреулер] иеленіп алды.

Әсіресе, бұл бостандық дәуірінде тәкаппарлық іс – орыс халқының бұқарашыл зиялы табы (интеллигентный класс) мен жұмыскер-қарашепкен табының арасына түскен үлкен жік. Ежелден бұқара халықтан жігі айырылған, сыңар тізгінді қыңыржақ ақсүйекшіл, мемлекетшіл зиялылар туралы сөз қозғамаймын.

Мен зиялы табынан, бұқара үшін отқа күйіп, суға түсіп жүрген зиялылардан жұмыскер-қарашекпендер неге безіп кетті; қол ұстасып, құшақтасып бірге жұмыс қылмады? не себептен большевиктердің қолтығына кіріп кетті? осындай сұрақтарға төменде жауап бермекшімін.

Бұқарашыл зиялылар ерте [оянып,] жалпы бақыт, махаббаттың басына ұрынды. Бозторғай қой үстіне жұмыртқалайтын заман болады, сенікі-менікі [деген] болмайды деп жүрді. Жұмыскер-қарашекпеннің жүрегіне қонатын: «Надандық қараңғылық жерінде жайлы қоныс табасың, [өзің соғысып] тартып ал», деген сөздерді иман орнында айтып жүрді. «Күреспен құқығыңа ие бол, ата-тегің байлыққа жетсін»,- деп жүрді. Жылы сөздермен семіртті. Жұмыскер-қарашекпеннің рухын тәрбиелемей, малқұмарлық тағы нәпсісін тәрбиеледі. Бұл бір.

Екінші, бақыт, махаббатты көксеу - орыс халқының түпкі жаратылысында бар. Осыдан басқа жұрттар ұлт намысын, шаруа міндетін ұмытқан жоқ, қайта күн сайын шаруаны алға бастырып жатыр. Осы күнде Күнбатысты қорқынышқа түсіріп отырған Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнекті көп алды. Бірақ, Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, өзіне алмайды. Онымен Қытай, Жапония халқының мінезі бұзылып, Еуропа үкіметтерінен артық қан төгіп, жетім-жесірді жылатып отырған жері жоқ.

Социализмнің бас ұясы - батыс Еуропа. Сол батыс Еуропада социализм пікірінің таралуы бәсең: ол жақтың социалистері шаруа салтына, әлеумет болмысына қарап, социализмді ноқталап отырғанда, біздің орыс социалистері әкімшілік қолға тисе, дүние жұмағын орнатамыз, дейді.

     Орыстың бұқарашыл зиялылары 10-15 жыл Бұхарада оқып, пайдасыз бақыттарды бастарына толтырып қайтатын мұсылман шәкірттеріндей, Күнбатыстың шірік философиясын орыс жеріне тасып жүрді. Сол шірік философиямен жұмыскер- қарашекпенді тамақтандырды.

     Атақты жазушы Достоевский айтады: «Жалпы дүниенің бақытын іздеу біздің орыстың еншісіне тиді. Орысқа қашан жалпы бақыт тапқанша тыныштық жоқ» деп.

     Сол айтқаны осы күнде келіп тұр. Ұлт қаны орыс ақындарының көбінде жоқ еді. Тілейтіндері жалпы социализм еді.

     Өзгеріс болды. Жұмыскер-қарашекпендердің бұқарашыл зиялылармен есептесетін күні туды.

     «Баяғыдан бері ауызға қаратып едіңдер, енді ауыз бірігіңдер!», деген кезде бұқарашыл зиялылар тайқып шықты. Елірме тәтті сөздерінің тұрмыс жүзінде іске аспайтынын сезіп, шегіншектей берді. Бірте-бірте: «төзбейміз» деуге айналды. Мұны көрген соң, жұмыскер-қарашекпен табы бұқарашыл зиялылардан безе бастады.

     Соңғылардың «талап ал, тартып ал» деген «зомақы» сөздерін алып өздерін ---қауымына қосып жіберді.

     Бұдан көрінеді: ата заманнан бергі бұқарашыл зиялылардың, көз көріп қол ұстамайтын сағымдай, түпсіз терең жел қиялдай, көрген түстей социализм сөздері («байлық ортаға түседі» дегеннен басқасы) еңбекшілердің миына қонбағандығы, қанына сіңбегендігі, ақыл сезіміне әр бере алмағандығы, көңіліне қойылмағандығы.

     Жоғарыда көрсетілген екі себеп: «алуға болмаса, беруге жоқ» жұмыскер-қарашекпен табы тұрмыс ыңғайымен жүру керек, деген зиялылардан ат-тонын ала қашып, еншісін бөліп, жігін айырды.

     Енді орыс жерінде өсіп, орыс школінде оқып, Күнбатыспен де, Күншығыспен де орыс арқылы таныс болған, өзіміздің зиялыларға (кең мағынада) келейік: Мәдениеттің қойнауында болса да, орыс зиялылары қазаққа ұстаз болды, иншалла! Бір кезде орыс арасында шенқұмарлық күшті еді. Біздің оқығандарда да шенқұмарлық ауыруы күшейді. Шен, дәреже үшін әкесін сатуға арланбағандар болды.

 Орыс зиялыларында халықшыл көбейіп еді, бізде де көбейді. Тумысында ұлтшыл болып, үздік шыққан қазақ зиялылары санаулы. Көбі төреліктің дәмін татқаннан кейін, заманның еріксіз сүйреуімен ұлтшылдық ауданына қайтып отыр. Бостандық туғаннан кейін, орыс зиялылары шитінің оғындай бытырап, түрлі саяси жолға түсіп, ауа жайылып кетті. Біздің қазақ оқығандарынан да эсер де (СР), эсдек (СД) те, халықшыл, республикашыл, тағы басқалары шықты. Партияның азғыны большевик партиясына кіргендер де болды. Күні кеше ұлт деп жүргендер, жалпы социализмге ат салысып, коммунист болып кетті. Орыс не күйге түссе, қазақ та соған түсті.

Орыстың бұқарашыл зиялылары бұл күнде бір теңге беріп жырлатып, жүз теңге беріп қойдыра алмаған сияқты шарасынан асып, желіккендерді тоқтата алмай отыр. Жиырманшы ғасырдың социализмі (жалпы дүниенің ақыл-сезімі ер жетпегендіктен) адамшылықты, мәдениетті, ұлтшылдықты құртатындығын большевик тәжірибесі көрсетіп отыр. Адамзаттың жайын нәпсісі жоғалмай, социализм таңы атпайтынына иман келтіру керек.

Егерде орыстан үлгі алуды, біздің қазақ оқығандары тоқтатпаса, өткен жылғы орыс киген таз кепешті біздің қазақ та киеді.

Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрика-завод көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған дейін социализм күйін күйлемей, тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс зиялыларының жеке-дара ұстаған бақыт махабатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек.

«Бүлінгеннен бүлдіргі алма!», деген аталарымыздың алтын мақалын есімізден шығармайық.

Ел баласы.

 

ҚҰТТЫҚТАУ

 

Жас азамат ұйқысынан оянды,

Ұлт үшін күресуге ойланды,

Өнер-білім, жігер-талап күш жинап,

Алға ұстап, жастар туын жар салды.

Жолбарыс, қасқыр, аю, арыстанға,

Жауларын беттетпейтін алысқанда,

Азуы алты қарыс айдаһарға,

Қанды өлім уын шашқан қарысқанда,

Жасқанбай Жас азамат ұшты қарсы.

Алам деп, емін-еркін шалысқанда,

Тілейді Алашынан ақ батаны.

Қан майдан ұлы бәйге жарысқанда,

Ұлтына мәңгі бақыт ерік тілеп,

Қол созды, Жас азамат, нұр аспанға!

Жүніс

 

* * *

Ыстық жүрекпен «Жас Азаматты» қарсы аламыз! Тартқан бағытына қайырлы сәт тілеймін.

                                                    «Жанар» ұйымы.

 * * *

 

«Жас Азаматтың» нұрлы щырақ, жас жалауы болып, бақыты өрлеп, күші молайып, көздеген мақсатына жетуіне тілектеспін.

                                                    Ақмоладан.....қолы.

 * * *

 

     Әр ұлтты өрге сүйрейтін, өрнек болып тура жолға бастайтын басшы дат газет болғандықтан, ұлт пайдасын ойлап, адал ниет ақ жүректен шығатын жасөспірім жаңа талап «Жас Азамат» газетінің бауы берік болуына тілектеспіз.

                                        Мұхмедсәлім Кашимов,

Хасен Темірбеков.

 

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Зарқын Тайшыбай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 917
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 767
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 598
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 613