Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2809 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:42

Бiлiм ордаларын былықтырған бұрынғы министрдiң қателiктерiн дереу түзету керек

Бiлiм және ғылым министрi А.Саринжиповтың назарына!

Бiлiм және ғылым министрi А.Саринжиповтың назарына!

1 қыркүйек – Бiлiм күнi әдеттегiсiнше студенттер аудиторияға, оқушылар мектепке асыққанда Ақтөбедегi қағаз жүзiнде қосылған жоғары оқу орнының дәлiздерi бос тұрды. Себебi Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттiк университет пен Ақтөбе педагогикалық институты негiзiнде бiрiккен Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттiк өңiрлiк университетте, ректор қызметiн уақытша атқарушы Амантай Нұр­мағамбетовтiң тiкелей бұйрығымен, оқу 9 қыркүйекте басталды. Әлемдiк оқу орындарында қалыптасқан қағиданы осылайша бұзған ол оқу процесiн кешеуiлдеткенiмен қоймай, сабақты 8.00-ден емес, 9.00-дан бастауды бұйырды. Ендiгi жерде балабақша бүлдiршiндерi, 1-сынып оқушылары және өңiрлiк университет студенттерi ғана бiр мезгiлде басталатын сабаққа асығады. 
Айтпағымыз, студенттер мен балабақша тәр­биеленушiлерi үшiн сабақтың бiр уақытта бастал­ғаны емес, басты мәселе облыстағы қос жоғары оқу орнын бiрiктiру процесiнiң асығыс, жан-жақты ойластырылмай, ғылыми кеңессiз, оқытушылық құрамның қатысуынсыз, еңбек рыногын зерттеусiз жүр­гiзiлуiнде едi.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мем­лекеттiк университетi мен Ақтөбе педагогикалық институты осы жылдың 20 мамырында Үкiметтiң №529 қаулысымен бiрiктiрiлiп, Құдайберген Жұбанов атындағы өңiрлiк мемлекеттiк университет болып құрылды. Ректорлыққа уақытша профессор Аман­тай Алхайырұлы Нұрмағамбетов бекiтiлдi.
Мұның алдында 2012 жылдың шiлдесiнде пединститут ректоры, өте ұлтжанды әрi зиялы азамат Ғалымжан Нұрышев жұмбақ жағдайда қаза тапты. Министр Жұмағұловпен кездесуден соң бiрер сағаттан кейiн Астанадан шыға бере әйелi екеуi   көлiк апатына ұшырады. Интернеттегi ақпарат Ға­лымжан марқұмның министрден қатты күйзелiспен шыққанын хабарлады.
...Қосылу аяқталғанға дейiн университет ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаев өз орнында қалдырылып, пединститут ректоры мiн­де­тiн уақытша атқарушы болып осы оқу орнының тәрбие iсi жөнiндегi проректоры А.Усов тағайындалды. Ал биыл­ғы оқу жылы басталғанда, Амантай Нұрмағамбетов өзiнiң өңiрлiк ректорға айналуын күтiп отырды.
Экс-министр Б.Жұмағұловтың асығыс шешiмiнiң зардабын ендi мiне, студенттер тартып жатыр. Қыркүйектiң жаңбырлы күндерi басталды, ал жан-жақтан келген студенттер жатақханаға орналаса алмай, қаңғып жүр. Пединститут жатақханасы дайын емес, жөндеу жұмыстары жасалмаған, өңiр­лiк ректорат төңiрегi орын жетiспеген­дiктен, қайда барарын бiлмей әрi-сәрi күйде жүрген студенттерге толы. Бұлар тiптi қай оқу орындарында оқып жүргендерiн де жөндi бiлмейдi, өңiрлiк университетте ме, әлде Қ.Жұбанов университетiнде ме? Сонда жаз бойы А.Нұрмағамбетов немен айналысқан? Мәртебесi айқындалмағандықтан,    оқытушылық құрамның да басы қатып отыр. Себебi пединститут пен уни­вер­ситеттiң мамандық бағыттары әртүрлi, кафедралар бiрiктiрiлгенде басымдық берiлетiн жағы ашық талқыланбаған. Бұл жерде қос ректор – университет ректоры Кенжеғали Кенжебаев пен пединституттағы өңiрлiк ректор мiндетiн атқарушы Амантай Нұрмағамбетов бiрiктiру жайын бiр үстелдiң басында ақылдаса шешуi тиiс едi. Олай болмады. Ақтөбе университетiнiң қа­лып­тасуына ерекше еңбегi сiңген, бұрынғы пединституттың да iшкi-сыртқы шаруасын бүге-шiгесiне дейiн бiлетiн, әлi күнге дейiн ми­нистрдiң бұйрығымен ректорлық қызметте жүр­ген профессор Кенжеғали Кен­жебаев мәселенi салмақты шешудi ұсыныпты. К.Кенжебаев айтады: “Жаңа оқу жылы басталар алдында бiздiң университеттiң жұмыс кестесi сақадай-сай тұрды. Ендi ұйымдастыру шаруаларымен ақылдасу қа­жеттiгiн ескертiп, Нұрмағамбетовке сан мәрте телефон шалдым. Пединс­титуттың 3,5 мың студентi бар, уни­вер­ситеттiң 10 мың студентi бар. Мамандық таңдауы әртүрлi 3,5 мың студентке 10 мың сту­денттi қалай қосады? Қисын қайда? Шы­ны керек, бұлардың басын бiрiк­тiрiп, кафедраларды қайта ұйымдастыру оңай шаруа емес. Нұрмағамбетов менiң пiкiрiме құлақ аспады. Ең қауiптiсi – материалдық базасы мүл­дем нашар, ғылыми құрамы да аз, мешеу қалған пединституттың профессорлары ендi уни­вер­ситеттiң кафедра меңгерушiле­рi болып шыға келдi. Ғылыми кеңес қайда? Қ.Жұбанов университетiнiң оқытушылық құрамы – 436 қызметкер, оның 19-ы ғы­лым докторы, 2 PhD доктор, 166 ғылым кандидаттары мен доцент. Бұлардың бәрi – даладан келген адамдар емес, университет үшiн тер төгiп жүрген жандар. Сабақ жайын осы қызметкерлермен ақылдасуымыз керек емес пе?”
Ең басты кемшiлiк – сабақ басталғанда оқу кестесi дайын болған жоқ. Бүгiнде факультеттер ерекшелiгi еске­рiлмей, оқу корпустарын сапырылыстыру қызып жатыр.
Қағаз жүзiндегi өңiрлiк университет ректоратының студенттермен мүлдем шаруасы болмай тұр. Расында, қос жоғары оқу орны бiрiктi­рiл­ген университетке емес, керiсiнше, талас-тартыс алаңына айналған. Оқы­тушылық құрам екiге айырылған, студенттер қай оқу орнының студенттерi екенiн бiл­мейдi. Алаңдатарлық жағдай – бұрын­ғы Қ.Жұ­банов университетiнiң бiрне­ше оқу корпустары, заманауи технология түрлерiмен жабдықталған компьютер­лiк кабинеттерi, спорттық залдары, нанотехнологиялық жабдықтары талан-таражға түскен.
Мынандай сорақы жағдайды бiзге студенттер хабарлады: Тургенев кө­шесiндегi Қ.Жұбанов университетi   денешынықтыру факультетiнiң оқу корпусы жанында бiрнеше   спорттық базалары бар. Ендi осы факультеттi жалғ­ыз ғана спортзалы бар Гришин көшесiндегi өте тығыз орналасқан оқу корпусына көшiру басталыпты. Бұл жерде спортшылармен бiрге бас­қа 3 факультеттiң студенттерi де тығылыса оқуға көшкен. Оқуға, жаттығуға еш мүмкiндiк жоқ дейдi олар. Тағы да осы Гришин көшесiнде физика-математикалық бағыттағы зертханалық жұмыстар үшiн арнайы салынып жабдықталған жаңа оқу корпусы бар. Мұнда стационарлық түрде құрылған соңғы үлгiдегi 12 компьютерлiк сынып, ғылыми жобаларға арналған өте сезiм­тал нанотехнологиялық (бағасы өте қымбат) зертханалық құрылымдар орналасқан. Осы жаңа зертханалық жабдықтар пединституттың ешбiр жабдықтаусыз, ашық-тесiк ескi корпустарының бiрiне көшiрiлуде. Ол жақта уни­верситеттiң бағалы дүниесiнiң қолды болып кетуi әбден мүмкiн. Нанотехнологиялық бөлшектер жабдықтары ерекше күтiмдi, ерекше қорғауды қажет етедi деп шырылдайды физика-математика факультетiнiң оқытушылары. Ендi осы зертханалық оқу корпусының бағалы жабдықтардан босап қалған аудиторияларында педагогика-психология факультетiнiң студенттерi дәрiс алмақшы. Бұл жер­дiң парталары дәрiс жазуға емес, зертханалық жұмыстарға арналған. Осы жағдайды бiле тұра университет мүлкiн құртуға жол берген Нұрма­ғамбетовтi зиянды ректор демей, кiм деймiз? «Мұндай бей-берекетсiздiктi дереу тоқтату керек. Ректор болып бекiп келдiң бе, елдi шулатпа, жұрт­пен ақылдас, студенттердiң жағдайын ойла, қызметкерлер арасында кикiл­жiң туғызба. Бұрынғыны бүлдiрме. Бұл жерде университет үшiн тер төккен талай адал жанның қолтаңбасы бар» дейдi оқу орнындағы жанашырлар.
Б.Жұмағұлов жауап беруге тиiс   басты сұрақ мынау едi: Ақтөбедегi өз бағыттарын айқындап, тәп-тәуiр жұ­мыс iстеп жатқан пединститут пен уни­верситеттi бiрiктiру қандай қажет­тi­лiктен туды? Қаржылық шығыны жоғары болды ма, әлде студенттерi оқу орнының жаман атағын шығарды ма, түлектерi жұмысқа орналаспады ма, не материалдық-техникалық базасы әлсiз болып, оқытушылық құрам талап­қа сай келмедi ме? Сарапқа салын­ғанда осы жағы талдануы қажет емес пе едi? Жоқ. Бұлай етпеген. Б.Жұма­ғұлов ойына келгенiн жасапты. Еш­кiммен ақылдаспастан оқу орындарын бiрiктiру деген желеумен Ақтөбе педагогикалық институты мен Қ.Жұ­ба­нов атындағы университеттi қағаз жүзiнде қосып, өңiрлiк университет мәрте­бесiн   бере салған. Астана жақтан аттандырылған   ректор мiнде­тiн атқарушы Амантай Нұрмағамбетов деген кiм, оның қазақ ғылымына қандай еңбегi сiң­дi, ол кiсiнiң басқарушылық тәжiри­бесi қандай? Бел­гiсiз. Ол – мамандығы физик болғанымен, саясаттану ғылымынан докторлық диссертация қорғаған әмбебап ректор. Саясаттанушы болғанымен де, жұртпен ашық сөйлес­пейтiн ректор. Оқытушылық құраммен, студенттермен ақылдаспайтын ректор.
Бақытжан Жұмағұловтың тағайындаған ректорларының ыңғайсыз оқи­ғаларға тап болып жатқаны құпия емес. Атырау мемлекеттiк универси­тетiнiң ректоры Киiкбай Жаулиндi қар­жы полицейлерi пара алу үстiнде құрықтады. Ректор тiптi параға ноутбуктар да талап еткен екен. Сол сияқты интернеттегi ақпарат көздерi Киiк­бай Жаулиннiң ректорлыққа тағайындалуына сол кездегi Атырау облыстық сотын басқарған министрдiң ағасы –Бауыржан Тұрсынұлы Жұмағұловтың ерекше ықпалы болғанын жазады. Әл-Фараби атындағы Ұлттық универси­тетiнiң проректоры Евгений Ан да парамен ұсталды. Барлық ұлттық университеттерде Жұмағұловтың бастамасымен құрылған қор кеңесi басшылығына вице-министрлер отырды, олардың ақша ағымын қадағалағанын анықтаумен қазiр құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Университет өз еншiсiнде, пединс­титут өз еншiсiнде қалсын. Студент­тер­дiң де талабы осы екен. Өңiрлiк уни­верситет деген аты да, заты да жоқ, мәртебесi айқындалмаған оқу орны бұл. Ресми түрде өңiрлiк университет мәртебесi берiлсе, бiр облыс шеңберiнде шектелiп қалмай, басқа аймақтардың да еңбек рыногына мамандар даярлайтын оқу орны болуы керек емес пе? Өңiрлiк дегенде облыстардың бiрiгуiнен туған оқу орны болуы керек қой. Бұл бiрақ мүмкiн емес! Болмайтын жағдай.
Оқу-материалдық базасы жасақталмай тұрып, сабақ өткiзiлмейдi. Қ.Жұбанов атындағы университет ректоры, профессор Кенжеғали Кенжебаевтың жұмыс тәсiлi осылай. Ол әуелi оқу орнының материалдық базасын жасақтады, жатақхана салды, сту­дент­тердiң жағдайын жасады, парақор оқытушыларды аластады. Былайғы жұрт профессор Кенжебаевты құрылысшы ректор деп те атайды. Олай деуге негiз бар. Себебi 2004 жылға дейiн Ақтөбеде мемлекеттiк университет жалғыз едi. Жалғыз бола тұра осы өңiрдiң барлық жұмыс орындарын жас мамандармен қамтамасыз ететiн, сұранысын қанағаттандыратын оқу орны едi. Ақтөбеде индустрияландыру картасымен жаңа жұмыс орындары ашылып, әсiресе, хром кәсiпорын­дары мен мұнай-газ өндiрiсiне жас мамандар талап етiлгенде, университет базасында оқу-өндiрiстiк корпустар салына бастады. Мақсат – жас маман өндiрiске барар алдында осы жерден үйренуi шарт. Қазiргi универси­теттер­дiң денi аймақтарда ғылыми-шығармашылық орта қалыптастырып, инженер мамандар даярлаушы орта­лық­тар­ға айналуды мақсат еткен. Жақсы болсын, жаман болсын, солай қалыптасып келедi. Себебi Астана мен Алматыдағы iрi жоғары оқу орындарына түсуге көпшiлiк студенттердiң қаражат жағдайы келмегендiктен, көбi өз облыстарындағы оқу орындарын таңдайды. Осы себептен де бұлар ин­дус­трияландыру картасы бойынша мамандар даярлауға көштi. Ендеше, университеттер өңiрдiң өндiрiстiк-шығармашылық әлеуетiн қалыптастырушы оқу орындарына айналып, өз араларында ашық бәсекелестiк орнауы тиiс. Бiлiм сапасы, оқытушылық құрам деңгейi, жұмысқа орналасу көрсеткi­шi, оқу және материалдық-техникалық базасы талдап-таразылануы тиiс. Осы көрсеткiштер арқылы оқу орындарының рейтингiсi анықталмай ма? Қосып-жабу үшiн де дәлелдi негiз керек.
 2004 жылы жаңадан педагогикалық институт құрылады деген сылтаумен университет ғимараттарын тартып алды да, Кенжебаевты студент­терiмен далада қалдырды. Профессор Кенжебаев дағдарған жоқ. Ол өзiне берiлген алақандай аумақты игеруге кiрiстi. Бiрнеше оқу корпустарын салды, ғимараттар тұрғызды, Жастар сарайын тiкейттi,   заманауи жаңа спорттық залдар салып жабдықтады. Жалпы, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында бюджеттен бiр тиын да алмай, өз қаражатына 14-тен астам ғимарат салған осы Қ.Жұбанов уни­вер­ситетi, оның ректоры К.Кенжебаев. Бұл ғимараттар заманауи талаптарға сайма-сай.
Ақыры Жұбанов университетiне оқы­­ғысы келген студенттер көбейдi. Салыстыра кетсек: Қ.Жұбанов атындағы университетте 10 мыңға жуық, Ақтөбе пединститутында 3,5 мың студент бар. Осыдан шығатын түйiн – 2004 жылы министрлiктiң мақсаты Кенжебаевты студенттерiмен далада қалдыру болса, 2013 жылы экс-министрдiң мақсаты университеттi мүлдем жоқ қылу, ректор Кенжебаевтан құтылу болған ба? 
Зиялылық пен зияндылық жөнiнде. Ақтөбе өңiрi талай ректорды шығарып салды, талайын күтiп алды. Солардың iшiнде облыс жұрты Мұхтар Арынды әлi күнге дейiн ерекше құрметпен атайды. Нағыз зиялы, ұлтжанды азамат сөзiмен де, iсiмен де жұртқа, студенттерге үлгi болды. Жақсылыққа құмартты, жаңаны қабылдады, ескiнi қиратпай-ақ түзеп беретiн азамат. Оның кезiнде университет нағыз зиялылардың ордасына айналды. Ол өзiнен бұрынғыға балтасын ала жүгiрген жоқ. Елмен есептестi, жұртпен санасты, оның есiгi әрдайым жұртқа ашық едi. Ректор десе, ректор! Ғалымжан Нұрышев та Мұхтар Арынның үлгiсiмен жол салып келе жатыр едi.
...Озық жұртта бiлiм консервативтi, университеттiң қалыптасқан дәстүрiн бұзуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Озық жұртта университеттер Бiлiм ми­нистрiнiң қас-қабағына қарамайды, әрi министр ғасырлармен қаланған бiлiм iргетасына балтасын ала жүгiр­мейдi. Бiлiм бәсекесiнде сұрыпталады: озығы алда, тозығы артта жүредi.. Тозықтың есiгiн ешкiмнiң ашқысы кел­ме­гендiктен, уақыт өте келе жоғалады.
Бiздегi жағдай керiсiнше. Университеттер министрдiң ойыншығына айналып бiттi. Ректорлардың салмағы жоқ. Шындығында, қазiргi аумалы-төкпелi уақытта, идеологиялық қазық босаңсыған сәтте жоғары оқу орындарын тегеурiндi ректорлар басқаруы тиiс. Шаруаға мығым, iскер, елжанды, мемлекетшiл ректорлар керек. Бiлiм саласы әркiмнiң жетегiнде ауа жайылып кетпеуi үшiн.
 
Баян Сәрсембин
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1710
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1675
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1403
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1331