Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Анық 1676 2 пікір 20 Қараша, 2023 сағат 12:36

Ұлттық саясатсыз мемлекет болашағы күмәнді!

Коллаж әлеуметтік желіден алынды

Мен жастайымнан өзге ұлттардың ішінде жүріп, еңбек еттім. Тек, кейінгі жылдары ғана болмаса... Менімен қатар жұмыс жасағандардың кейбірі бөгде ұлт өкілдері болса да (қазаққа ұқсас), төл құжаттарын қазақ қылып өзгерткенін білемін. 

Әрине, мұнда тұрған ештеңе де жоқ. Дегенмен, бұлар жоғарғы билікке жетіп алса, ең қауіптісі сол, айналасына өздері сияқты жалған қазақтарды жинап алады. Мысалы, маған кезінде, қасымда жүрген ұйғыр журналисттері: «Сендерде, яғни, қазақтарда «Баттал» деген сөз бар, ал бізде «Батал» деген сөз бар. Тегі (фамилиясы) «Баталов» деп келгендердің қай-қайсысы болмасын, ұлты қазақ деп көрсетілгенімен, олардың түбі ұйғырлар болып келеді», - деген еді. «Анау, облыс әкімін білесің ғой (Алматы облысы), фамилиясы Баталов», - деп жымиятын, ішің сеземе дегендей.

Тағы бір айтарымыз, қосынды мектептердің санын қысқарту, ҚР Оқу-ағарту министірлігінің күн тәртібінде тұруы тиіс. Ол үшін, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі балабақшалардың тек қана мемлекеттік тілінде болуын қамтамасыз ету қалайда қажет. Сонда, өзге тілдегі мектепке баратын жеткіншектердің саны, күрт кемиді.

Осыдан біраз жыл бұрын Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласының әкімі болып жұмыс істеп жүргенде, бірде қала тұрғындарымен кездесуінде: «Биыл Елордада 50 балабақша ашылды, елуі де ана тіліміздегі балабақшалар», - деп айтқанын тыңдап едім. Міне, осылай жаңадан ашылатын бөбекжайларды қазақ  тілінде іске қосу, сонымен қатар, бұрыннан келе жатқан екі тілді тобы (қазақ, орыс ) жұмыс істейтін   балабақшаларды мүмкіндігінше мемлекеттік тілге айналдыру қажет. Бұл ана тіліміздің елімізде кеңінен қанат жайуына үлкен көмек болары еді.

Сондай-ақ, тіліміздің күшейуіне, Ата заңымызда мемлекеттік тіл - қазақ тілі болған соң, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданатын жастардың, осы тілде қалайда  емтихан тапсыруын немесе әңгімелесу тәртібін заңдастыру керек-ақ. Кейінгі кезде, еліміздің азаматтығын алу үшін, қазақ тілінен емтихан тапсыруды Үкіметіміз іске асырып жатыр. Сонда, билік дәлізінде мемлекеттік  тілдің  жағдайы жақсарып  және республика аумағында қаптаған қара орыстардың саны қысқарар еді.

Қазіргі айналамыздағы посткеңестік мемлекеттердің ешбірінде, тұтас елді екіге  жарған - қара орыстар қалған жоқ, тек бізде ғана. Бұл еліміздің билігінің әлсіздігін,  жалтақтығын көрсетеді.

Мемлекеттік тіл - қазақ тілі күшеймей, қанша инвестиция тартқаныңмен,  мемлекеттің бәрібір төрт құбыласы сай болмайды, сондай-ақ, айтарлықтай алға   дамымайды да. Біздің ел Оңтүстік Корея, Жапония тұрмақ, ағайын ел - Түркияның  да деңгейіне жете алмайды. Сондықтан, қалайда, елімізде Ұлттық саясатты  күшейту, алға бастыру қажет. Ұлтымыз тозып кетпей тұрғанда бізге кезіндегі  Л.Брежневтың жалпақ шешей саясатының керегі жоқ!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

2 пікір