Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 2222 24 пікір 17 Қараша, 2023 сағат 15:33

АҚШ пен Қытай: Екі ел басшысы қандай мәміле жасасты?!

Кеше әлемдік БАҚ назары Американың Сан-Франциско қаласына ауды. Мұнда Азия-Тынық мұхит экономика ұйымына мүше елдер басшыларының 30-кезекті бейресми басқосуына қатысуға келген Қытай елінің басшысы Си Жинпин Ақ үй қожайыны Байденмен жеке кездесу өткізді.

Кездесу басталғанда бұдан бір жыл бұрын Индонезияның Бали аралында екеуара кездескенін Қытай басшысының есіне салған Байден мырза қысқаша сөз сөйлеп: «Екі алып елдің өзара бәсекелес екенін, бәсекенің шектен шықса, кері салдарға ұрындыратынын» атап өтті.

Қытай басшысы да беташар сөзінде: «Жер шарының үлкен екенін, екі алыпты да сыйдыра алатынын, екі елдің осы деңгейге жетуі – өз тәлейлері екенін» тілге тиек етті. Жол ортадан қосылған тілшінің «Байденге сенесіз бе?!» деген сұрағына жауап берген жоқ. Төрт сағатқа созылған екеуара әңгімеден кейін қос тарап ортақ мәлімдеме жасаған жоқ.

Ақ үйдің артынан таратқан мәлімдемесіне қарағанда қос тарап үш түрлі келісімге келген.

Біріншісі: Қытай тарабы химиялық есірткінің жолын кесуге келісімін берген. Америка тарабы жастардың жаналғышына айналған синтетикалық есірткінің басым бөлігі Қытайда өндіріледі деп санайды екен.

Екіншісі: Екі тарап төтенше жағдай кезінде әскери салада диалогты қайта келтірмек екен. Былтыр тамыз айында АҚШ өкілдер палатасының экс-төреайымы Нанси ханым Қытай билігінің қарсылығын елемей, Тайуанға сапарлай барған соң, Бейжің тарабы Америка әскери тарабының қоңырауын алудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Үшіншісі: Жасанды интелектуалдың жалпыласуынан туындайтын қатерлерді бірге зерттеуге келіскен. Қытай тарабы АҚШ-тан Тайуанға әскери техника бермеуді өтінсе, АҚШ тарабы Қытай жерінде қудалауға ұшырап, істі болған америкалықтарды тезірек босатуды талап еткен.

Кешкісін Американың ең атақты компания басшыларымен бірге қонағасыға қатысқан Қытай басшысы: «Қытай Американың ішкі ісіне араласпайды, бәсекеде жеңілуіне де бәс тікпейді» деген.

Ресейдің де APEC-ке мүше екені белгілі. Бұл жолғы басқосуға әдеттегідей Ресей басшысы Путин келмеді. Премьер-министрдің орынбасары Алексей Оверчук барды. Ол әдеттегідей Еуразияның бір тұлғалануын дәріптеп, Қытайдың «Бір жол - Бір белдеуіне» мадақ айтты.

Мәскеуден Лавров та қалыспай, Бірінші телеарнаға: «Доллар билеген экономикалық жүйенің арты белгіл болды. Әлемде көп салалы экономикалық жүйе қалыптасты. Бұрынғы жүйенің орынын басуы – уақыт мәселесі ғана», - деген.

Abai.kz

24 пікір