Сенбі, 27 Сәуір 2024
Алашорда 3640 2 пікір 10 Қараша, 2023 сағат 13:59

Алаш арыстары. Марсековтарға қатысты аз сөз

Атамыз – Марсек Сасықбайұлы, Найман – Терістаңбалының Ақтанасынан тарайтын Қожагелдінің ұрпағы, ал, мен Ақтананың Тоқсанбай ұрпағының 6 – ұрпағымын. Атамыз Марсек жас кезінде мырза, сал – сері кейін келе Шығыс қазақстанда Төбе би болып, қажыға екі мәрте барған ауқатты кісі болыпты.17 болыс Мұрын елінің сол заманда атағын ат көтере алмайтын Тана мырзасының немере өызы Бейілманмен (бір тойда өлең айтып, танысып) тұрмыстанып, Райымжан, Босжігіт, Қалауи, Әип, Шерияздан атты бес ұл сүйген екен.

Марсек атамыз арнаулы оқымаса да, ел аралап салдық құрып жүрген кездерінде Орыстар қоныстанған ауыл – қыстақтарға барып келіп жүріп өздігінен құлшынып, Орыстардан дардай сауаттанған кісі екен.

(Шериаздан Марсеков)

Марсектің немересі Тұрдыхан Шериязданқызының айтуынша: «Бір жылдары орыстың сарала киім киген салдаттары тражмонке арбаларымен шығыс қазақстан сахарасына келіп, орыс тілін білетін адам іздеп жүргенде Марсек атама жолығып, бір жаз өздерімен бірге алып жүріп, қысқа қарай қайтып кетіпті. Қалың қар еріп, жаз жол ашылғанда, әлгі салдаттар тағы  келіп, атам Марсекті ақ патша алдына апаратынын айтады, ал, атам елімен, туыс – туғандарымен қоштасып «мен неден жазып, неден жаңылдым, мені бекерге шақырып жатқан жоқ, бір пәле барғой» деп салдаттар мен бірге Петрбургке кетеді. Барғанда ақ патша қабылдап: «Қазақ елінде орысша білетіндер өте аз. Сенің көмегіңмен орыс – қазақ арасындағы бітпей жатқан жер дауы шешілді, сенің осы еңбегіңді бағалап – силау үшін алдыма шақырдым, қандай талабың бар, байлық – мансап керек пе?» деп сұрайды, сонда атам: «біздің қазақ сахарасында оқыған адам өте аз, басымда жетерлік байлығым бар, маған мәнсап та керек емес, тек бір баламды Петрбурктен оқытып беріңіз» деп өтінеді, сонымен, Омбы қаласынан гемназия оқып бітірген Райымжан атамды Петрбургке заң универститутына оқуға аттандырыпты...» деп жазады (Тұрдыхан Шериязданқызының 2014 - жылы «Мерей» баспасынан басылып шаққан «Кешулер» атты кітабының 16-бетінен алынды)

Райымжан Марсеков 1903-жылы оқуын озат нәтижемен тауысып, Омбы қаласына адвакат болып орналасады да, 1914-жылы Семей қаласына көшіп келеді. Райымжан келуден ілгері Семей өңіріндегі заңға қатысты жұмыстарды орыстар шеңгелдеп, өз беттерінше шешім жасап, халықтың наразылығын қозғаған екен, Райымжан келген соң ел ішіндегі дау – шарлар тек Райымжанның бақылау – басқаруында болыпты. Тұрдыхан Шерияздан жоғарыдағы кітабында: «Қазақ баслымдар адвакат Райымжан келгеннен кейін, түрлі даулар дұрыс шешімін табатын болды» деп жазады депті (18-бет)

Райымжан атамыздың заңгерлігі жөнінде бір талай зерттеу мақалалары жаряланғанын білемін, әлі де жазылатын шығар? Десе де, ол кісінің 1919-жылғы ашаршылықта қалың халқының қолындағы тері – терсек, жүн – жорқасы секілді шикі заттарын Шығыстағы Влдивосток қаласына апарып, ол жердегі өзі әбден білетін «Мейір» фермасына тоқтамдасып өткізіп, олардан бір вагон азық – түлік, киім – кешек әкеліп, Семей халқын бір наубет ашаршылықтан құтқарып қалған ұлы еңбегін екінің бірі біле бермеуі мүмкін, Бұны да Тұрдыхан қарындасымыз жоғарыдағы кітабында жазыпты. Алашорда үкіметінің тапсыруымен 1918-жыл Семейде қазақ атты әскер полкын құрушылардың біреуі де Райымжан атамыз болыпты.

(Алдыңғы қатар оңнан екінші адам - Райымжан Марсеков)

Райымжан Марсеков 1922 – жылы Алаш ардагерлері Ахмет Байтұрсын, Мыржақып Дулатовтармен бірге Қытайдың Шаушек қаласына барып, ол жаққа босқын болып өтіп кеткен ел, жұрттың ахуалын иелейді, бұл деректеме кей жазбаларда Алашорда баслымдарына қаржы жинайды деп те айтылады. Алаш ардагерлері ұйымдастырған бас қосуларға Толының әлі отызға да іліне қоймаған жас Үкірдай Қызыр Мамырбекұлы да келіп қатынасады, Қызырдың жолсеріктерінің біреуі болып менің немере атам (Атамның туған ағасы) Жакубай Жүрімбайұлы да бірге барады.Райымжан Марсеков олармен сол жолы жақсы танысады, өзі шыққан Терістаңбалы ұлысының бір зәңгі елі Қызыр Ұкірдайдың қармағында екенін, олардың жазда жайлатын жайлаулары, қыста қыстайтын қыстаулары, көктеулік, күзеуліктері, егістік алқаптарына дейі әбден ұғысады. Бәлкім, сол кезде көңіліге бүккен құпя ойы болды ма екен?! Басына күн туғанда екінші мәрте тұрмыстанған жас әйелі мен жалғыз қызын ала кетуге де амалы болмай, тек өз қарақан басын құтылдырып, алғашында Терістаңбалы еліне (Жакубай ауылына) паналап барып, соңынан Қызыр Үкірдай қармағында Алаш идеясын үгіттеу мақсатымен ағартушылықпен шұғылданады. Жазда Үкірдайдың жайлауы – Қоңырабасазда бала оқытса, қыста сегіз зәңгі елге ортақтау қыстауларда мектеп ашып бала оқытады, ал, үйі қыс күндері Терістаңбалы елінің ішінде болады.

(Тоқай Шериазданұлы Марсеков пен жұбайы Қанипа)

Қызыр Үкірдай 1893-жылы туылып,1917-жылы Үкірдай болған, хат сауатын ерте ашқан. Қолында Қытай ұстаз ұстап қытай тілін жақсы меңгерген, орысша ға жүйрік татарлармен араласып, орысшаны да дардай білетін, жаңалыққа жаны құштар. Дүние ағымына құлағы түрік, феодалдық салт – сананы жаратпайтын, реформашыл, алғабасар адам болыпты. Содан да болар, Қызыр Райымжанды бір жағы ағартушы ретінде пайдаланса, бір жағынан өзіне ақылман ұстаз тұтыпты. Райымжаннан жаңаша оқу үлгісін үйреніп, әлеуметтік – қоғамдық түзімдер мен өзгерістерден хабар тауып ол кісіні ерекше әтуарлап, құрметтейді екен. Бір ғана мисал; Жоғарыда аты аталған Жакубай атамыздың үлкен ұлы Ақбанбек былай деген еді:-Жиырма неше жастағы кезім, соғым сойып жатқан кезіміз еді, үйімізге Райымжан Марсаков келе қалды, бір жылқы, екі – үш ұсақ мал сойып жатқанымызды көрген. Соны олқысынды ма, әлде, біздің шаңырақтың түселі көптігін ойлады ма, тәңертеңгі шәй үстінде әкеме қарап:

- Жәке, менің де соғымым мәз емес, бір ғана ту бие сойдым, ұсақ малым жоқ, Үкірдай шақыртқан екен, сол ауылға кетіп барамын, мына ұлыңызды (мені иегіммен нұсқап) ерте кетейін, құр қайтпаспыз,- деді.

Біз барғанда Қызыр Үкірдай қыстаудың аяқ жағындағы жайылма мұз да саптама етігімен сырғанақ теуіп жүр екен. Бізді көре салып, үйіне қарай беттеді. Біз атағашқа қарай беттегенде, Үкірдай қолын бұлғап:

- Кім екен десем, Рекең екенсіз ғой, бері тартыңыз, бері қарай! – деп өз үйінің бұрышындағы атағашты нұсқады. Жетіп келген Рекеңді өзі қолтықтап аттан түсіріп, құшақтасып амандасты – мен аттарды байлап, айылдарын босатып үлгіргенше, Рекеңді қолтықтап үйіне кіріп кетті.

Бүкіл Майлы – Жайыр елін қабағымен жусатып өргізетін, ілуде біреу болмаса қамшысының ұшын бермейтін үлкен ұлық – Үкірдайдың Рекеңнің алдында балаша елпілдеп құрақ ұша құшақ жайғанына қайран қалдым... Былтыр күзде Рекеңнің ұйі біздің ауылға Қоңсы отырғанда, анда – санда ауыл сыртындағы төбеде түймелі гармон шалып, ыңылдап ән айтып отыратынын талай көрген едім, бірақ шешіліп көп сөйлемеуші еді, сүйтсем, ол кісінің сөйлейтін, сөлесетін кісілері бар екенін енді ұқтым, кеше түнде әкем Жакубаймен көп әңгімелескен еді. Ал, бүгін Қызыр Үкірдаймен түннің бір уағына дейін сөйлесті, екеуі негізінен орысша сөйлесті. Мен сөздерін ұға алмадым. Ертесі жайырақ тұрдық, аттанарда Үкірдайдың малайы менің алдыма он еркек қой салып берді.Рекеңнің айтуы бойынша мен жолшыбай алты қойды Рекеңнің үйіне апарып, қорасына қамап бердім де, төрт еркек қойды айдап қайттым. Үкірдайдың қалауымен Рекең сол үйде тағы бірнеше күн аялдайтын болып қалды...

(Райымжан Марсековтың жаз кезі)

Райымжан Марсеков Қызыр Үкірдай елінде бала оқытып жүргенде аймақтан, Дөрбілжін ауданынан (ол кезде Толы Дөрбілжінге қарайды екен) екі дүркін қуғындау бұйрығы түседі әрі анықтауға жансыздар жіберіледі. Бірақ, Қызыр Үкірдай күшке басып, бұйрықтарды атқармайды, жансыздарды тойтарып кері қайтарады... 1930 – жылы Қызыр Үкірдай 37 жасында тұйықсыз қайтыс болғаннан кейін ғана, Райымжан Марсаков Толыда тұру мүмкіндігі қалмағандықтан жалғыз өзі Құлжа жаққа жан сауғалап кетеді, Бала – шағалары Қызырдың ауылында қалады. Құлжаға барғаннан кейін бірнеше ай үйсіз – күйсіз, жұмыссыз тентіреп, бір ауқатты татар байдың қолында қара жұмыс істеп жүреді, сондай күндердің біреуінде бұрын Семейге сауда – саттықпен келіп кетіп жүретін тағы бір Татар азамат Райымжанды көріп, танып қояды да, оны үйіне апарып өз балалары мен маңайындағы туыс – туған, көрші – қолаңдарының балаларын жинап беріп, орысша оқытады. Іле – шала сол өңірдегі бір мектепке мұғалім болып орналасып, күй – жайы оңала бастайды. Әлгі Татардың көмегімен Толыда қалған семясын көшіріп апарып алады. Бірақ, Райымжанның тыныш тіршілігі ұзаққа бармайды. Совет үкіметінің қайта – қайта қудалауымен Чиншысай билігі астыртын тіл біріктіріп 1938 – жылы Райымжан Марсековты ұстап әкетеді де, Сол әкеткен бетінде көзін жояды. Біреулер оны Совет үкіметіне тапсырып беріпті десе, енді біреулер Үрімжіге апарып қамап, Үрімжінің Саяпыл деген жеріне дағарға салып апарып, жүз неше адаммен бірге тірідей көміпті деген деректі айтады. Қайсысы рас, бірдеме деуге келмейді.

Райымжан Марсеков төрт рет некеленген кісі екен. 1 – әйелін әке – шешесі құдаласып алып беріпті, ол әйелінен Гүлжазира, Гүлғасыл атты екі қыз сүйіпті де, «оқымаған надан» деп менсінбей, шығарып жіберіпті, үлкен қызы Гүлғасылды үлкендер алып қалыпты да, кіші қызы Гүлжазира шешесімен бірге кетіпті. Гүлғасыл 1992 – жылы қайтыс болды. Оның Сара деген қызы 80 жастан асып кетті.

Екінші рет Омбыдағы бай татардың  оқыған Қажия атты қызына үйленіп, Жаһаншах атты ұлды болады, Қажия көп ұзамай өкпе ауруынан қайтыс болады. Жаһаншах ержетіп, Петрбурыктен оқу тауысып, соғысқа кетіп, сол беті хабар – ошарсыз кетіпті.

Үшінші рет Қарқарылының бай татар саудагерінің Бұлбұл-Гүлназ атты оқыған сұлу қызына үйленіп Гүлрауза атты қыз сүйеді. Дәл сол тұста басына күн туып, 22 жастағы әйелі мен қызын алып кетудің орайын таба алмай, амалсыздан босып қытайға өтіп кетеді. Гүлраузаның Рая, Сайда деген екі қызы бар.

Төртінші рет қытайға барғаннан кейін Қызыр Төренің ұйғарымымен үйленген әйелінің аты – Нұржамыш Байшалқызы, Нұржамыштен Гүлсипат, Гүлғасыл деген екі қыз, Жаһанша атты ұл сүйіпті. Олардың ұрпақтары екі елде қоныстанып, өмір сүріп жатыр.

Ал, Райымжан Марсековтың кенже інісі Шерияздан марсаков та Алашорда партиясының белді мүшесі болған, Алашорда қимылдарына белсене қатынасып, ағасы Райымжанға сенімді қолғанат болған кісі екен. Сол себепті де артына қуғын түсіп, басы кететін болған соң, ағасының артынан бала – шағасын алып қытайға өтіп кеткен екен. Шерияздан Марсаковтың екінші әйелі Оғазипа (кейін Оқа деп аталып кеткен) сол кездегі жағдайларды былай есіне алады; «Мен 1906 – жылы Семейдің Ұлан ауданының «Қарашаш» деген аулында туылыппын, әкем – Түсіпқажы менің 6 жасымда, шешем 9 жасымда қайтыс болып кетті, туыстарымның қолында ержеттім, бәрі ауқатты кісілер болғандықтан шеттерінен қызыл үкіметтің найзасына іліге бастады, содан жандарын сауғалау үшін мені қызылдардың бір кәдіріне бермек болды, 15 жасқа толған кезім еді, хат сауатым толық болатын, содан ұзатылып кеткен бірге туған әпекем Шәмшәбәну келіп; - мыналар күндері үшін күлік жеп сені қызылдардың бір кексе кәдіріне бергелі жатыр, соны ойласам болды, көз жасым құрғамайды, сен енді оқуыңды да қой, менен жақын жанашырың жоқ, мен саған жамандық ойламаймын, қашанда бақытты болыуыңды тілеп жүремін, сол үшін менің тілімді алып, өзіңе қырындап жүрген оқымысты, ауқатты, текті қажының ұлы Шериязданға бар! – деп көп ақылын айтты. Сонымен, мен Шериязданның етегінен ұстап кете бардым. Келген жерім әпекем айтқандай мыңғырған қоралы қойлары, неше жүздеген жылқысы бар бай әулет екен, енем өз қызындай көріп қарсы алды, сүйтіп, балдай батып, судай сіңіп, үйірлесіп кеттім. 1932 – жылы көктемнен бастап Шериязданның соңынан қуғын түсе бастады, «ағасы он жыл бұрын қытайға қашып кеткен, өзі де алаштың мұриті, феодал қажының Семей өңіріне танымал атақты байдың ұлы, жаныштау керек!» деген қауесеттер тарала бастады, сонымен, Шерияздан үйге тоқтай алмай, қашып – пысып жүретін. 1932 – жылы күз күндерінің біреуінде, үстіне Шериязданның өзім тігіп кигізген желеткесін киген біреу жетіп келіп, - мына желеткені танисыз ба? – деді. Шерияздан бірдеме болған екен деп шошып кетіп едім, әлгі адам «шошымаңыз, мына желеткені киіп барсаң, саған сенеді деп маған кидіріп, сіздерге хабарға жіберді, кешке қарай ауылдың сыртындағы қопа қамысқа келсін!» деді де кетіп қалды. Содан уәделі уақытта Шекеңнің бұрынғы әйелінен туған Шәдай, Сақандарды жетелеп, өз тұңғышым Арқалықты омырауыма басып, ауыл сыртындағы қопа қамысқа келсем, Шекең мен қайнағам Әйыптың ұлы Мұрат ат арбамен тосып тұр екен, содан суыт түнде жүріп, күндіз бекініп, Бақты шегарсына бірнеше сөткеде жеттік. Шекеңнің бұрынғы әйелінен қалған үлкен қызы Мағшер мен күйеуі ғана артымыздан қуып келіп, қош айтысып кері қайтты, басқа туыстарға қош айтсуға да үлгірмедік... Шаушекке барған соң, құдандалы туысымыз Есжан мен Нұрилалардың үйінде айға жуық паналап, одан Толыдағы қайнағам Райымжан Марсековты таптық. Қайнағамды мен «төраға» деуші едім. Біз барудан екі жыл бұрын сүйеніші, қолдаушы – қорғаушысы болып жүрген қызыр Үкірдай қайтыс болыпты да, «төраға» ның күй – жайы мәз емес екен. Семейде адвакаттар орнының бастығы болып жүргенде жылдық демалысын ауылға келіп өткізуші еді, онда неше трачмонка мен жатар үй, моншасын, бала тәрбиешілері мен аспаздарын ертіп салтанатты салауатымен келетін көрністерін есіме алып, еріксіз жылап алдым. Біз барған соң көп тұра алмадық, «төраға» құлжаға кетті де, біз Жың ауданындағы менің туыстарымды қара тартып кеттік. Барғаннан кейін көп ұзамай Шекең мектеп ашып, балаларды оқытты, Бөртала облысының орынбасар бастығы, Үрімжі қаласының орынбасар қала бастығы болған Базарбек, Жың ауданы оқу – ағарту мкекмесінің бастығы, аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы болған Қалибектер Шекеңнің алдын көрген алғашқы шәкірттері еді. Бірақ, біздің алаңсыз күндеріміз ұзаққа бармады, 1937 – жылы Шекеңді бала оқытып тұрған жерінен ұстап алып, айдап кетті. Жаратушым жар болып, айдауда кетіп бара жатқан Шекең Манас өзенінен өтіп бара жатқанда мұзы ойылып кетіп ат матымен өзенге түсіп кетіпті де, айдап келе жатқан шеріктер, мұздың қуысынан оқ жаудырып, Шекеңді өлдіге есептеп, өз жайларына кетіпті. Ал, Шекең мұздың астындағы қуыста аман қалып, Манастың Тасырқай ауылына барып паналапты. Мен бұл хабарды бірталай уақыттан кейін естідім... Тасырқайға келсем Шекең Әсыпахұн деген ұйғырдың сиыршысы болып жүр екен. Мен барып байға сауыншы болдым, сүйтіп бір мезгіл жан бақтық та, кейін таныс – білістер арқылы Үрімжіде ашылған «Моңғол – қазақ» білім жұртының шақыртуымен Шекең мұғалімдік жұмысқа орналасатын болып, Тасырқайдан кетіп қалдық. Әйгілі тарихшы ғалым, жазушы Ниғымет Мыңжани, әйгілі аудармашы Кәрім Әкірәми, этнограф ғалым Мәжит Әбузар, Қанапия, әйгілі жазушы Қаусылқан Қозыбай, Рахметолла Әпшелер сол заманда Шекеңнен сабақ тыңдаған оқушылары еді.  «Жарлының аузы аққа тисе, мұрны қанапты» дегендей, енді ес жярмыз – ау дегенде, Шекең «Алашорда көсемдерінің бірі Райымжан Марсаковтың туған інісі, өзі де Алашорда белсендісі болған, шынжырбалақ – шыбар түс шіріген байдың ұлы, октабр төңкерісіне қарсы болған» деген күналар тағылып тағы қолға алынып тұп-тура алты жыл түрмеде жатып, 3 аймақ төңкерістің үкіметінің өлкелік гоминдаң үкіметімен жасасқан «11 бітім» інен кейін ғана денсаулығынан айрылып, босап шықты, күнде кеште «атамын, шабамын, қырамын, жоямын!» деп айғайлап, үйді басына көтереді, алдап – сулап әрең тыныштандырамын. Үйдегі бәкі – пышақ, балта – шот сфяқты суық саймандарды тығып тастаймын. Бір түн тынышталса, бір түн елеуреп ұйықтатпайды. Сүйтіп, арада он ай өткенде кенже қызым – Тұрдыхан туылды. Соның  қуанышынан кейін ғана Шекеңнің жүйке ауруы әрең қалпына келді, бірақ, ары қарай ұзақ жасай алмады, 1949 – жылы қайтыс болып кетті. Шекең қайтыс болған кезде жалғыз ұлым Мұхаметтоқтар (кейін Тоқай аталып кетті) 15 жаста, Тұрдыханым 2 жаста еді. Өз өмірімде он құрсақ көтерсем де, үркін – қорқын, қуғын – сүргін, үрей – қорқыныш, таршылық – жоқшылықтардың кесірінен 8 балам шетінеп кеткен болатын...»

Қытайдағы осызаман қазақ әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың бірі – ақын, әйгілі жазушы, драмматорг Қаусылқан Қозыбайдың «Менің тырнақ алды өлеңдерімді өңдеп, газетке бастырып берген ұстазым – Шерияздан Марсаков еді, Шекең көрген – білгені, көңіліне түйгені көп, өте білімді кісі еді...» деп еске алғанын мен өз аузынан естіген едім.

Мен, Шерияздан атамызды көрмедім, бірақ, Шерияздан Марсековтың қара шаңырағындағылармен жақсы араласып өттім. Енді соларға азырақ аялдайын.

(Тұрдыхан Шериазданқызы Марсекова)

Шерияздан Марсековтың әйелі Оқа апамыз – бүкіл Үрімжі қазақтары ортақ құрметтейтін айтулы төрт кемпірдің біреуі болған, он саусағынан өнер тамған кісі еді марқұм. Кенже қызы Тұрдыхан Шериязданова аяулы анасын «кешулер» кітабында былай деп есіне алады: « Ес білгенде мен жесір шешем Оқаның тәрбиесінде екенмін. Сол күннен тартып орта мектеп оқудан, университет бітіріп қоғамдық өмірге араласқанға дейін, тіпті, тұрмысқа шығып 3 балалы болғаныма дейін 39 жыл бойы сол шешемнің ыстық құшағынан айрылғамын жоқ. Бізге құшағына жұт жүрмейтін, баспана болып көрінетін иманды болғыр анам мен ғана емес, жалғыз ағам – Тоқайдың алты баласын да бағып – қағып есейтті. Ойласам, мархұм анамның бар өмірі біздің ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңуымен өтіпті, сол кезде менің есімде қалғаны – төңіректің төрт бұрышындағы жетім – жесірлердің,күн көруің қиынға айналғандардың шешемді келіп табатыны, силасып берекелі тірлік кешетіні еді.

Шешем, он саусағынан өнер тамған кісі еді, қазақтың қыздары киетін қос етек көйлегі, үкілі тақясы, ноқалы камзол, көрікті сәукелесі, ерлердің оюлы кепеші, түлкі тымығы, қаптал ішігі секілді киімдерді келістіріп тіге білетін. Он саусағы он кісіге барабар дейтіндей сімер, ел таныған өнер иесі еді. Осы күндегі ой мен қырда ою – өрнек салынған ұлттық киімдердің негізін сол кісі салған еді...

Оқа апамыз жас кезінде «Алашорда белсендісі Шерияздан Марсаковтың әйелі, қайын атасы Марсактың алтын – күміс байлықтарын жасырып тыққан» деген жалалармен бір мезгіл Көкбөкті абақтысына қамалса, 1952 – жылы Шекеңнің аң аулайтын мылтығын (үйінде автомат ұстаған делініп) үшін үш ай қытай түрмесінде отырған екен.

Оқа апамыздың мейірімді қормалдығына екі мысал; 1940 – жылдардың бас кезінде Үрімжіде отырғандарында, жалғыз атымен таудан отын тасып күнелтетін Қазы деген көршінің әйелі Назархан ауырмай – сырқамай аяқ астынан қайтыс болып, іле – шала Қазы атай да қайтыс болады. Иен үйде шырылдап екі қыздары жетім қалады. Ана екі кісі де Оқа апамыздың қолымен аруланып жерленеді, нәзір – шырақтары беріледі. Ал, жетім қалған екі қызды (есімдері Тұрсынхан, Тұрдыгүл еді) өз бауырына басып, бағып – қағып, оқытып, бойжеткенде теңдеріне қосып ұзатады, сол қыздардың күйеулері Оқа апамызды енеміз деп құрметтесе, олардың ұл – қыздары күні бүгінге дейін әжелейді.

1958 – жылы Қытайда өрістетілген оңшылдыққа, ұлтшылдыққа қарсы тұру қимылында соққыға ұшыраған, бастарына қалпақтар киіліп, жұмыстарынан қуылған, күнкөріс – айлықтары тоқтатылған Мәжит Әбузар, Қажығұмар Шабдан, Рахметолла Әпше, Омарғазы Айтан, Нұрдолла Сыдық  секілді әйгілі тұлғаларға немерелерінің аузындағысын жырып беріп, пана болған Оқа апамыз екен. Мен оны аталған кісілердің өз ауыздарынан естіген едім, кейбіреулерін өз көзіммен көрген де едім.

Оқа апамыз құйма құлақ – шежіре кісі еді. Өткен 2022 – жылы менің бас алқа, бас редакторлығыммен жарық көрген «Найман – Терістаңбалы шежіресіндегі Қожакелді тармағынан таралатын Сатыбалды, Сати аталардың  атабұтари кезінде мен сол кісіден жазып алған болатынмын. Апамыз қазақтың қара өлеңдері мен бір қанша қиса – дастандарды мақамдап жақсы айтушы еді, фолклоршы біреулер жазып алып, жарялағаннан да хабарлы едім.

Апамыз совет үкіметінің зорлық – зомбылығын да, қытайдың көне қоғамын да, жаңа қоғамын да өз көзімен көріп, бір кісідей ауыр тауқымет тартса да, тектілігін жоғалтпай, қажымас қайсар рухын түсірмей, басына төнген сан – санақсыз зұлымдықтарды жеңіп, әбден оңалған Дың шяупиңның заманын да көріп, немерелерін түгел аяқтандырып, баяшат өмірдің қызығын енді – енді сезіне бастағанында, 81 жасында Үрімжіде қайтыс болды, барлық соңғы жұмыстарын мен өз қолыммен атқардым.

Шерияздан Марсаковтың он баласынан жер басып, қатарға қосылғаны бір ұл, бір қыз ғана екен. Ұлының аты – Мұхамметтоқтар (Тоқай) ерлі – зайыпты екеуінің жетінші баласы екен, 1934 – жылы Бұрталаның Жың ауданында бір дүңгенге жалданып жүргендерінде туылып, есімін дүңген қожайын ырымдап «Мұхамметтоқтар» қойыпты әрі баланың жолдасын көмдірмей, кептіртіп сақтатыпты. Сонымен, бала аман – есен қатарға қосылыпты. Еркелете шақырып жүріп, Мұхамметтоқтардың аты кейін Тоқай болып қалыптасыпты. 1939 – жылы Шерияздан атамыз ұсталған кезде Тоқай бес жаста болған екен. Шерияздан Марсаков түрмеде ақын Таңжарық Жолды ұлы және Үрімжі қаласы құрлыс басқармасының бастығы болған Уаң фамилиялы қытаймен бір камерада жатқан екен, екеуі де түрмеден Шерияздан Марсаковтан бұрын босап шығыпты, Таңжарық ақын Оқа апамызға келіп Шәкеңнің жуық арада түрмеден шығатынын хабарлап, Тоқайды көріп « аумай әкесіне ұқсайды екен!» деп сүйінсе, Уаң фалялы түрмелес; «Шекең шыққан соң, мені іздесін, мен бұрынғы мекемеме қайта барып, бұрынғы лауазымыма қайта отыратын болдым» деп айтып кетіпті. Олар айтқанындай Шерияздан атамыз да көп ұзамай түрмеден шығыпты... Кейін, Уаң фамляның көмегімен Үрімжінің Дұңбянгуындағы (шығыс теректі сайындағы) совет мамандары салған айғыр заводына басқарушы болып орналасып, бірнеше жыл істеген екен, ұзақ жылдық қуғын – сүргін, түрме – зындан азабынан тапқан созылмалы ауруларының салдарынан 1949 – жылы қайтыс болыпты. Арада 6-7 жыл өткенде жалғыз ұлы Тоқай жазықсыз жазаланып, қолға алынып, екі жылға сотталып кетіпті, бар сүйеніші жалғыз ұлынан айрылып қалған Оқа апамыз өлкелік үкіметтің төрағасы – Бұрһан Шәһидінге арызданып жүріп, бір жылдан кейін Тоқайды түрмеден босаттырып алыпты, бірақ, Тоқайдың оқытушылық штаты қайта қалпына келтірілмей, сол кезден бастап Үрімжі қалалық ішпек – жемек серіктігіне жұмысшы болып орналасыпты.

Тоқай ағамыз екі иығына екі кісі мінгендей, бойшаң, сүйекті, кеуделі, бір беткей, айтқан сөзінен, алған бетінен қайтпайтын қарулы, жаужүрек кісі еді. Үйлері қалың ұйғырлар қоныстанған үлкен көшенің ішінде болушы еді, солардың жұдырықпен атағы шыққан не – не мықтылары Тоқаңа беттей алмаушы еді. Амал қанша? Атамасы «Мәдениет зор төңкерісі» аталғанымен, амалятта мәдениет атаулыны қидай сыпырған он жылдық былықпалық тұсында Тоқай ағамызға тағылмаған жаман ат, атан түйе көтере алмастай айып, қылмыстар тағылып, ұрда – жықтардың рақымсыз күрес, адам төзгісіз жазалауларына ұшырады. Шағантоғайға туысшылап барған жолында «Шетке қашпақшы болып барған» делініп, тапа тал түсте Толы ауданының қан көшесінде байлап – матап әкеткенде, әйгілі домбырашы – күйші Қизат екеуіміз Тоқаңның қасында едік. Қабай Жапар деген туысыміздікіне қыдырып бара жатқан едік... Сол жолы жендеттер Тоқаңды жер астына апарып қамап, күндіз – түні ұйықтатпай, йә дем алдырмай кезектесіп сұраққа тартып, итқорлықпен азаптапты. Адам баласы көргенді қойып, естуден, елестетуден қорқатын ауыр тән жазаларын қолданыпты. Нәтижесінде, Тоқай аға ол жерден үйіне салданып оралды. Үлкен – кіші дәреті астында, жүре алмай, белінен төмен жансызданып қалды.

Мархұм ағамыздың бүкіл арманы – ата мекеніне оралу, ата – бабасы өскен өңірді бір көру еді, ол арманына жете алмады. Текті аталар есіне түскенде «Құдайым сауысқанға бақ берген соң, самұрық қызмет етер саясында» дейтін жолдары бар «ой, дүние – ай» деген әнді шырқығында, көз жасы бұршақтай төгілуші еді. « Ебепке себеп » болып қалар деген дәмемен Тоқай ағаны Үрімжіден 600 километр қашықтықтағы Толы ауданының «Күп» ауылындағы әйгілі халық емкөсі Қали деген кісіге апарысқандардың біреуі мен едім, бірақ, Қалидың ем – домы да ес қатпады.

Тоқаң да өнерге жаны үйір кісі еді. Өзі де әйтіп – бүйтіп өлең жазатын, бір топ өлеңін өзім 38 жыл құлағын ұстаған өлкелік «Шұғыла» журналына жарялаған болатынмын.

Айқара дүние есігін ашқан ана,
Бөбегін бауырына басқан ана.
Аналық махаббаттың нәрін беріп,
Жүрегін жүргек қылып тосқан ана.
Бесіктің арқалығын төсек қылып,
Аялап, ақ сүт беріп баққан ана.
Тіл – көзден аман болсын құлыным деп,
Тілтұмар иығыма таққан ана.
Мен күліп езу тартып қарағанда,
Жадырап, рахаттанып құшқан ана.
Бал бөбек сәбиім деп қолына алып,
Қайғысын, қасыретін басқан ана.
Еңбектеп, қаз – қаз тұрып басқанымда,
Тәй – тәйлап бүкірейіп ерген ана.
Көтеріп күні – түні тыным таппай,
Азапқа міндет қылмай көнген ана...

20 шумақтай «Ана» толғауы осылай жалғасып кете береді. Ал, кенже қызы Ботакөзге арнаған өлеңі;

Әнімнің – күйімнің шабыты,
Өмірім жалғасы өзіңсің.
Желпітер әкелік жүректі,
Ойымның асқары өзіңсің.

Думанға бөлеген үй – ішін,
Еркелік қылығың артылсын.
Масайра бақытты заманда,
Әкеңнің көңілі шарқ ұрсын.

Бақытым, базарым деп сүйем,
Жанындай көреді анашың.
Әлдилеп күрестің отында,
Бақытты дәл содан табасың.

Жамандық жаныңа келмесін,
Мәз болма әр күні тойғанға.
Әзірден игеріп ғылымды,
Зымыра болашақ арманға!

Осылай еді, мен тек екі өлеңінен үзінді келтірдім.

Тоқай аға 1991 – жылы 11 – айдың 10 – күні 57 жасында Үрімжіде өмірден өтті. Соңғы жұмыстарының басы қасында мен жүрдім...

Шерияздан Марсаковтың қызының аты – Тұрдыхан еді. Шекең қайтыс болғанда екі жасында жетім қалған екен, орта мектепті тауысқанға дейін Ұйғырша оқып, 1964 – жылы Шинжаң университетінің математика факултетіне қабылданған болатын. Мен сол жылы университетті бітірген едім. Тұрдыхан универституттың дайындық класында үздік нәтижемен көзге түсіп, факултет басшыларының нысаналы орналастыруы бойынша қытай сабақтастарының класына ауыстырылып оқыған еді, екі жылдан кейін аты шулы « мәдениет зор төңкерісі» басталып, оқулары тоқтады. Ол кезде қыбыр еткен қимылға, қыңқ еткен дыбысқа дейін таптық таңба басылып, ат төбеліндей азғантай «әбербақан – ұрда жық» шолақ белсенділерден басқа барлық адамдар «гүманды» саналатын – ды. Әкесі Алашшыл, шешесі түрмеге түскен, ағасы да түрмеленген Тұрдыхан қалай аман қалсын?! «а» дегенде – ақ төңкерістің қармағына ілінді. Үйіне қайтарылмай, «мырза қамаққа» алынды, сабақтастары коллектив «қайта тәрбие алып» шынығуға жіберілгенде, Тұрдыхан  мектепте бақылап басқаруда қалдырылды. Арада бір жыл өтіп «мәсәләсі» анықталғаннан кейін, сабақтастарының соңынан барып, қойшы болып қой бақты. Бір тәуірі, басқарушы орынның жауаптылары Тұрдыханның жапаға төзімді, қайсар, нені бұйырса да тындырып істейтін елеулі еңбегін әділ де, дұрыс бағалап, екі жылдан кейін Үрімжіге – қатынас меңгермесінің орталау мектебіне жұмысқа бөлді. Сүйтіп, Тұрдыханның әлеуметтік – қоғамдық жұмысы басталды. Ол жерде де апырып – жапырып жақсы істеп көзге көрінгендіктен, өзі бұрын оқыған Ұйғыр орта мектебінің қолқалап сұрауымен ( жоғары оқу орнында емтихан тапсырғанда математека пәнінен нәтижесі Үрімжі қаласындағы ұлттық оқушылардың бәрінен жоғары болған екен ) Үрімжі қалалық 14 – орта мектепке, кейін жаңадан ашылған 36 – қазақ орта мектебіне ауыстырылып мектептің ғылыми мүдірі болды. Осы барыста сан мәрте «үздік ағартушы»  болып марапатталды. Үрімжі қалалық халық құрылтайының уәкілі, Үрімжі қалалық саяси кеңестің мүшесі қатарлы қоғамдық міндеттерді де қосымша өтеді.

Тұрдыхан Шериязданқызының ерекше елеулі еңбегі деп аталары Райымжан Марсаковтың атақ – абыройын қалпына келтіріп, түбегейлі ақтатып, атасының атына Семей қаласынан көшенің, Ұлан ауданынан мектептің атын бергізгені деуге болады. Ол осы жұмысқа 2001 – жылдан бастап табаны күректей төрт жыл екі ел арасында шапқылады, мүгедек болып қалған ағасы Тоқайды он жыл бойы көтеріп баққан жалғыз жеңгесі Қанипаны ертіп Астанаға, Семей өңіріне 5 – 6 рет барды. Абай мұражайының директоры Төкен Ибраһимнен тартып, әйгілі тарих ғалымы Манаш Қозыбаев, сол тұстағы мемлекеттік көші – қон көмитетінің төрайымы Алтыншаш Жағанова, Астана мәдениет мекемесінің бастығы Бекболат, Райымжан Марсакв туралы кітап құрастырған қайраткер Света Смағұлова, әйгілі ғалым жазушы әрі Марсаковтарды зерттеуші Тұрсын Жұртбаев т.б лардың алдына кіріп атасы жайлы анықтамалар алды. Семейдің және Алматының телевизия мекемелерінде сұхбатта болды, радиоларында атасы туралы деректемелер сөйледі. Газеттерге мақалалар жазды. Бұлардың бәрін өзінің арабша және крлисша – екі жазумен шығарған «Кешулер» атты кітабында егжей – тегжейлі баяндап жазғандықтан мен оларды қайталамадым. Осы орайда  өзімнің Тұрдыхан қарындасымның 3 ұлының тойларына арнау өлең жазғанымды ескертіп, Тұрдыхан қарындасым Қазақстанға қоныс аударғанда жазған арнау өлеңімді қыстыра кетпекпін:

Өзгеден бөлек арманы менен қиялы,
Оқа апам еді – ау сұңқардың алтын қияғы.
Тоқаң да солай еді ғой, енді солардың,
Өзіңсің жалғыз артында қалған тұяғы

Қызғыштай қорғап ұжданы менен намысын,
Күресті олар жан үшін емес, ар үшін.
Болсаң да жалғыз, татисың мен – мен дегенге,
Өйткені, ұлы Марсаковтардың қанысың.

Өмірде осы жарасып өткен тұз – дәмі,
Бір ағаң менмін, ақ семсер сынды ұжданы.
Ұжмақ болып кетер ед қазақ әлемі,
Өзіңдей болса ұлтымның барлық қыздары.

Күндіз де, түн де аруақтар менен біргемін,
Соларға мәнсұп қалқайып тірі жүргенім.
Аман бол қарғам, дін аман болсын үш тауың,
Сырым мен Айбек, ақылды кенжең Нұрбегің!
12.06.2011 ж

(Арнау өлеңдер де Тұрдыханның «Кешулер» кітабының 136 -137-138-139-140-беттерінде берілген екен)

Тұрдыхан Шериязданұызының құдай қосқан қосағы – Хакім Әкімжанов бүкіл Қытай қазақтарына танымал аудармашы, әйгілі баспагер, қара сөздің майын тамызатын шешен, бірнеше ғылми кітаптар жазған ғалым азамат еді. Хакімнің « Ғылымның ұлы жүлгесі » атты кітабын оқыған әйгілі этнограв жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбеков: « Жаратылыс ғылым туралы қазақтан тек сіз ғана кітап жаздыңыз... ғылми ой өрісіміз үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін мейлінше пайдалы еңбек, мұндай еңбектің жазылуы жан – жақты білімді, табандылықты және ұлтжандылықты қажет етеді » деп аңыс білдірген еді. ( Ақселеудің өз қолымен арабша жазған хаты Тұрдыханның «Кешулер» кітабының 79 – 80 – беттерінде қаз – қалпында беріліпті), аталған кітап жөнінде кезінде « Жалын » баспасында істеген қарт редактор, ақын, жазушы, сыншы – зерттермен Нұрқасым Қазыбеков « Түркістан » газетінде мақала жарялап: « Кітаптың біздің қызықтырған жағы да, міне, осы тақырыптың сонылығы, көтерген мәселенің өмірге жақындығы, күн бе күнге тіршілігімізге қажеттілігі болды, өз басым бүкіл ғылымды тарихи даму жүйесі бойынша бір ізге салып, қайсысынан қайсысы шыққанын, қалай дамығанын бүгінге дейін алып кеп тиянақтататын еңбекті оқи қойған жоқпын» деп жазған еді (Бұл да жоғарыдағы кітаптың 77 – 78 – беттерінен алынды)

Хакім Әкімжановтың қайн атасы Райымжан Марсаков пен Шерияздан Марсаковты ақтау – ағарту жолында сіңірген еңбегі де ауызға алуға әбден татиды, ол туралы да Тұрдыхан Шериязданның « Кешулер » інде жақсы баяндалыпты.

Тұрдыхан Шерияздан қызы 2021 – жылы Қыркүйектің 14 – жұлдызы 74 жасында коронавирустан қайтыс болды. Ал, Хакім Әкімжанов 2003 жылы мамырдың бесінші жұлдызы миына тұйықсыз қан құйылып, 58 жасында қайтыс боған еді.

Тоқай ағамыз өзінің тұңғыш қызына ырмдап Райымжан әкесінің 3 – әйелі Бұлбұл – Гүлназ атын қойған еді, кейін келе Бұлбұл атанып кетті. Қытайдағы танымал ақын, жазушы, ақпаратшы Жүнісбек Нүсіпұлымен үйленген болатын. Бес қыз, бір ұлы бар, қазір Алматыда тұрады. Ұзақ жыл Гәзетханада істеген болатын.

Тоқай ағамыздың екінші қызының аты – Рая, Қытайдың Гансу өлкесіне қарасты Ақсай қазақ автономиялы ауданында ұзақ жыл кәсіби әнші болып істеді, Қазір Алматыда тұрады. Екі ұлы бар, жолдасы – Жамбыл Мұқайұлы танымал композитор еді. 2021 – жылы 12 – айдың 12 – күні Алматыда коронавирустан қайтыс болды.

Тоқай ағамыздың үшінші қызы – Айгүл, жеке кәсіпкер, жолдасы –Ұйғыр,кәсіпкер,екі қыз бір ұлы бар,бәрі өздерін қазақпыз дейді, қазір Алматыда тұрады.

Тоқаңның төртінші қызы Бахаргүл 1981 – жылы маусымның 18 күні 15 жасында қайтыс болып кеткен болатын.

Үлкен ұлы Серікхан да 1985 – жылы мамырдың 14 жұлдызы 28 жасында тұйықсыз қайтыс болған еді. Артында бір ұл, бір қызы қалған. Екеуі де қазір Алматыда тұрады. Серікханның ұлы Нұрмұхаметтің бес ұлы бар.Алматыда тұрады,кәсіпкер.

Тоқай ағамыздың екінші ұлының аты – Ермұхаммет, кейін келе Ерік атанып кетті. Қытайда жоғары оқу орнынан оқу тауысып, үкімет мекемесіне жұмысқа орналасқан еді. Әкесінің орындай алмаған арманын орындау үшін мол жалақылы жұмыс орнын тарык етіп, 2001 – жылы ата мекеніне көшіп келген болатын, қазір жеке кәсіпкер, Алматыда тұрады. Келіншегі Гүлнұр да жеке кәсіпкер, екі қыз бір ұлдары бар.

Тоқай ағамыздың сүт кенжесі – Ботагөз, Қытай қазақтарынан шыққан тұңғыш циркші қыз. Цирк үйірмесінде жүрген кезінде дүниенің көп елдеріне барып, цирк ойынын көрсетіп, сансыз мадақтар мен марапаттарға кенелген қыз болатын. Ботагөз туралы мен «Қазақтың циркші қызы – Ботагөз» деген мақала жазып  жарялағанмын. Ол да әжесінің, әкесінің арманын жалғап, атақ – даңқты да, мол жалақыны да артына тастап, 2019 жылы ата мекенге қоныс аударды,бір қызы бар қазір Алматыда тұрады, жеке кәсіпкерлікпен айналысады, жолдасы да кәсіпкер.

Жиып айтқанда, Марсаковтардың немере – шөберелері де, жиен – жиеншарлары да түп – түгел ата мекендері – Қазақстанға келіп қоныстанып, өсіп – өніп жатыр. Илаһим, ұлы аруақтар разы болғай !

Сәли Садуақас,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Бүкіл Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының мүшесі

Abai.kz

2 пікір