Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Абай мұрасы 1786 17 пікір 10 Қараша, 2023 сағат 13:38

Абай ілімі және коммунизм

Биыл, яғни 2022 жылы қарашаның 7 жұлдызында  коммунистердің жер бетінде коммунизм орнату үшін жасаған төңкерісіне 105 жыл толады. Бүкіл адамзат үшін тағдырдың берген бұл үлкен сынағы еді. Елге, тіпті бүкіл адамзатқа көптеген қасірет әкелген бұл сәтсіз әрекеттің негізгі идеясы коммунизм орнату болды. Бірақ, коммунизм идеясы бұл әлемге сәйкес келмейтін утопия еді. Идеяның сәтсіз болу себебі де осы. Енді Абай ілімі арқылы осы тұжырымды дәлелдеп көрелік.

Коммунизмнің  қысқаша мәні – қоғамның әрбір мүшесі дүниеден өзіне қалауынша алады, сонымен бірге, оның өмірі қуанышқа толы бақытты болу керек. Мұндай өмір дінде айтылатын Жұмақпен ұқсас. Дін бойынша бұл өмірде дұрыс өмір сүрген адам  келесі өмірінде Жұмақта болады. Бірақ коммунистер Жұмағы мен дін Жұмағының үлкен айырмашылығы бар. Дін бойынша  адам Жұмаққа келесі өмірде ғана және зорлықсыз өз еркімен баруы керек. Ал коммунистер Жұмақты осы өмірде Құдайсыз жасап, сонымен бірге, адамды еріксіз, оның өзінен сұрамай, бүкіл халықты түгелдей жұмаққа әкелмек болды. Сондықтан, біріншісі адамның өз еркімен жүретін рухани жол болса, ал екіншісі адамның еркінсіз зорлықпен апаратын таза материалдық жол еді.

Бақыт сезімі жүректен шығатын болғандықтан, адам ешуақытта өз еркінсіз бақытты бола алмайды. Адамның өзі бақытқа ұмтылуы керек.

Сонымен, коммунистердің идеясының іске аспай қалуының үш себебі бар.

Біріншісі, адам қалауының шексіздігі. Қарапайым адам өзінің өскелең қалауын ешуақытта толық қанағаттандыруға болмайды. Абай көрсеткен адамның  тән құмары нәпсіге бағынады, сондықтан оның қалауы үздіксіз өсе береді. Мұндай адамды ешқандай қоғам толық қанағаттандыра алмайды. Иманыз адамның шексіз өскен қалауын толық қанағаттандыру мүмкін емес.

Тіпті, қоғамда адамның материалдық құмарын қанағаттандыратын материалдық жағдай бар дегеннің өзінде де, коммунизмді орнату мүмкін емес. Себебі, рухани жетілмеген адам алаңсыз тән құмарына берілгенде жан құмарын ұмытып, ақыры азып кетеді. Бұл туралы Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп нақтылап, айтып кеткен. Алаңсыз бейберекет өмір енжарлыққа, жалқаулыққа, нәпсіқұмарлыққа баулиды. Осылай имансыз адам өзі де байқамай, жүнжіп, әлсірей бастайды, ал қоғам құлдырау жолына түседі. Өткен заманда ондай қоғамдар болған. Рим империясы, Осман империясы тәрізді елдер басқа халықтарды жаулап, өздеріне шексіз қанағаттануға жағдай жасады. Римде архитектура, театр, поэзия дамып, кереметтей зәулім ғимараттар салынып, адамның ой-өрісін тәрбиелейтіндей жағдай болды. Бірақ олардың ой-өрісі уақыт өткен, сайын төмендеп, тән деңгейіне құлдырады. Империяның құлдырау дәуірінде адамдар мөлшерсіз тамақ, ұйқы, жыныс қатынасы тәрізді істермен айналысып, азып кетті. Мұндай жағдай аз ба, көп пе, бірақ барлық империяларға тән қасиеттер. Сондықтан Рим және Осман империялары қандай жойқын күшті болса да, әлсіреп, ақыры құлады.

Шексіз қанағаттанған адамның азып кету себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын Абай береді.

Оның себебі – жалығу. Өмірде жалығу деген бар. Материяға байланған жан өзінің құмарын тән арқылы алғысы келеді. Тән шектеулі болғандықтан, тән арқылы алынған құмарлық жанды жалықтырып жібереді Жалыққан адам  өмірдің қызығын көре алмайды. Ол қандай ойлы болса да, бақытты бола алмайды. Бұл туралы Абай жиырмасыншы сөзінде былай дейді:

Тағдырдың жарлығын білесіздер — өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол — тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.

Жалығу ойлы адамнан шығады екен. Ал ойсыз адам тән құмарына беріліп, өмірін өткізеді. Оларды Абай малмен теңейді, не болмаса «жарым адам» деп атайды. Ондайлар коммунизм құрып, бақытты бола алмайтыны белгілі. Бүгінгі күндері ойын-сауық, той-домалақтың көбейіп, бірақ осының бәрі кейбіреулерді жалықтыра бастағаны бұның бір көрінісі болып табылады.

Сонымен, фәни әлемде ойлы адам да, ойсыз адам да бақытты бола алмайды екен. Яғни, коммунизм мүмкін емес.

Екінші себеп – Жер бетіндегі түрлі қиыншылықтар. Бұл қиыншылықтар фәни өмірде Абай көрсеткен тән құмары мен жан құмарының күресінен туатынын білеміз. Қиыншылық – фәни әлем қасиеті. Ол қиыншылықтар: адам болмысынан шығады – дене кемшілігі, ауырады, кәрілік келеді; қоршаған ортаның әсері – адамдардың өзара қарым-қатынас қиыншылықтары; табиғат қиыншылықтары – құрғақшылық, су тасқыны, жер сілкінісі тәрізді табиғи апаттар. Сондықтан адамның өзінің кінәрәттығынан және табиғат құбылыстары әсерінен жер бетінде қиыншылықсыз өмірді, яғни коммунизмді орнату мүмкін емес.

Үшінші себеп – атеизм. Кеңес дәуірінде атеистік идеология рухани болмысты жоққа шығарғандықтан, жан құмарын жетілдіруге мүмкіндік болмады. Жан құмарын жоққа шығарған мұндай идеология болмыстың ішкі сырына мән бермей, тек қана оның сыртқы көрінісіне көңіл бөлып, өмірді мәнсіз қуыршақ ойынына айналдырып жіберді. Ал жұмақ, яғни коммунизм дегеніміз қуыршақ емес, адам өмірінің негізгі мақсаты. Бұл мақсатқа бүкіл қоғам болып, тобырмен емес, жеке адам ғана жете алады. Ол үшін өзінің қалауы бойынша Абай көрсеткен рухани жолға толық түсу керек. Мұндай адамды Абайдың өзі «толық адам» деп атап, «Бірақ бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол» деп бұл жол көпшілік үшін емес екенін ескертеді. Осы себептерден негізгі қуат көзінен айырылған коммунизм идеясы утопия еді деп еркін айтуға болады. Тарихтың өзі де осыны дәлелдеді.

Сонымен, Кеңес Үкіметі адамды бақытты өмірге өзінің еркінсіз, қатаң тәртіп арқылы жеткізбек болды. Тіршілікте адам баласы жарқын болашаққа сенсе де, күнделікті өмірде оны ұмытып, қазір өмір сүргісі келеді. Сондықтан оның сенімін бір қалыпты жоғары деңгейде ұстау мүмкін емес. Кеңес Одағының коммунизм туралы адамды қызықтыратын үгіт-насихатына сеніп, халық әуелде жан дүниесімен жақсы қабылдағанымен, уақыт өте келе ол сенім азайып, ақыры жоғалып кетті деуге болады. Коммунистер жарқын болашаққа сенімнің жоғалмауы үшін барлық жағдайды жасап, көп күш жұмсады. Бірақ утопияның аты – утопия. Ол болмыс үйлесімділігіне келмейтін қиял. Ал қиял ешуақытта орындалмайды.  Бұл қиялға халықты сендіріп, қоғамның рухани жағын бір қалыпқа келтіру үшін қатаң тәртіпке жүгіну керек болды. Осылай революцияның алғашқы кезінен бастап қатаң тәртіпке көңіл бөлінді. Тоталитарлық пролетарият диктатурасы осылай орнады. Абайдың рухани мұрасын толық қабылдамай, оны тек қана ұлы ақын ретінде қабылдаудың себебі де осы еді. Диктатура жанды күйзеліске түсіріп, қоғам іріп—шіріп, ақыры жойылып кетті.

Утопиялық идеяны іске асыру жолында халық не көрмеді! Адамзат тарихында мұндай көп қиыншылықты көрген елді табу қиын шығар! Тарихтың мұндай зобалаң кезеңі адамзат үшін үлгі және адам жанын тазартуға арналған үлкен сабақ болуға тиісті. Сондықтан бұл өткен таихымыздың мән-мәнісін дұрыс түсініп, одан ғибрат алу кімге болса да өте керек.

Осылай, Абай ілімі арқылы адамзат қоғамында коммунизм орнатудың мүмкін емес екенін көреміз.

Досым Омаров,

филосов-ғалым

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 552
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 286
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 309
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 317