Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 2051 17 пікір 8 Қараша, 2023 сағат 14:05

Қазақстанға Путин келе жатыр. Президент Тоқаев не дейді?

Путин жақында Астанаға келеді деген ақпарат жылт ете қалғаннан бастап, РФ президентінің бұл сапарын әлем саясаттанушылары мен БАҚ сан саққа жүгіртіп жазып жатыр. Әрине, сырт көз – сыншы. Бірақ оның біздің көршіміз екенін, шекарамыздың қаншалықты ұзын екенін, экономикалық қарым-қатынасымыздың қаншалықты деңгейде екенін айтпай кетуге болмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне сұхбат беріп, екіжақты байланысқа жан-жақты тоқталды.

Президент сұхбаттың басында: «Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан-Ресей диалогының негізгі ерекшелігі. Біз әрдайым ресейлік серіктестердің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, оларда біздің пікірімізді ескереді», – деді.

Яғни, бұл – қандай да бір келісім ортақ мүддені ескере, мемлекеттердің ерекшелігін, құндылықтарын басшылыққа ала отырып қана жасалады деген сөз.

Биыл, қараша айының 11-і күні ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Мемлекет басшысы сұхбатта мұны да тілге тиек етті.

«Елдеріміз арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын деп бағалаймын», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында екі ел арасындағы инвестиция туралы да сөз етті.

«Кейінгі 18 жылда Ресейден Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд. доллардан асты. Өз кезегінде, Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 млрд.долларға жуықтады», – деп мәлімдеді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі уақытта жалпы құны 33,5 млрд. доллар болатын 143 бірлескен жоба іске асырылып жатыр екен. Қазақстан экономикасы үшін машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі сияқты негізгі салаларда 16,6 млрд. доллар көлемінде 40 жоба жүзеге асып жатқан көрінеді.

Президент биыл қазан айынң 7-сі күні іске ресейлік газды Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасына қатысты айтуды да ұмытпады. Мемлекет басшысы бұл жобаның Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін және мұның барлық қатысушы тараптың мүдделеріне сәйкес келетінін жеткізді.

«Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалануға мүдделі және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қ. Тоқаев атом электр станциясын салудың орындылығына қатысты әртүрлі пікірлер бар екенін атап өтті. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында, Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады.

«Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылардың атом станцияларының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтары бар. Семей сынақ полигонының ауыр қасыретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Біз Ресей тарапының Қазақстан аумағында АЭС салуға жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтседе, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім референдум қорытындысы негізінде қабылданатын болады», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы сұхбатында Ресей мен Қазақстанның мәдени-гуманитарлық саладағы, оның ішінде ТМД аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын біріктіруші маңызды фактор болған әрі алдағы уақытта да солай қала береді. Бұл бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымыздың табысты болуына бірден-бір себеп – ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуы», – деді ол.

Қ. Тоқаев: «Орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасауға бағытталмағанын»,–  деп ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне берген сұхбатында бұдан өзге тақырыптарға да мән берді.

Қысқасы, Қазақстан түстіктегі көршісімен барыс-келіс, алыс-берістен қол үзбейді. Демек, түптің-түбінде олармен бір мәмілеге келеміз. Бірақ мәміле бір тараптың ғана мүддесін көздемеуге тиіс.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2062
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2491
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2092
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1605