Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Қоғам 4192 0 пікір 2 Қараша, 2023 сағат 17:46

І Республикалық жастар театрлары фестивалінің ашылу салтанаты өтті

Қараша айының 1-і күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында І Республикалық жастар театрлары фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш ұжым бұл фестивальді театр әлеміндегі жас режиссерлердің жетістіктерін насихаттап, олардың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Салтанатты шараның шымылдығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Жақсылыққызы оқып берді.

«Баршаңызды талантты жастарды қолдау мақсатында биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған І Республикалық жастар театрлары фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Мәдениет пен руханият көшінің алға жылжу жолында талантымен талмай еңбектеніп, аянбай қызмет етіп жатқан ұжымдар мен жастарымыз жеткілікті. Оларды қолдау біздің басты міндеттеріміздің бірі екені белгілі. Бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынының қасиетті қарашаңырағында басталған бұл фестиваль – сондай игі шаралардың жалғасы. Асқақ Алатау баурайындағы Алматы жұртшылығы бір аптаға жуық әр жанрдағы сахналық көркем туындыларға, сондай-ақ, таңдаулы жас режиссерлердің ерекше суреткерлік қолтаңбасына куә боларына сенеміз. Сіздерді театр фестивалінің ашылуымен тағы да құттықтай отырып, қатысушы режиссерлер мен театр ұжымдарына шығармашылық табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін», – делінген құттықтау-сөзде.

Тұңғыш рет өткізіліп жатқан фестивальге қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпіріндегі 30-ға тарта театр өтінім жіберген екен. Іріктеу нәтижесінде 8 театрдың ең озық деп танылған 8 спектаклі сараптау сатысынан өтіп, фестивальге жолдама алған. Мәреден көрінген 8 спектакльдің режиссерлері:  М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының режиссері Әридаш Оспанбаева, «Маса» студенттік театрының актері, режиссері Әлібек Өмірбекұлы, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллин, Мәскеу қаласындағы Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театр мен Музыка және поэзия театрының режиссері Гүлназ Балпейісова, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, режиссер Шағуан Үмбетқалиев, «Тотальный театр» театрлық компаниясының режиссері Антон Зайцев, Республикалық мемлекеттік Корея академиясы музыкалық комедия театрының режиссері Анна Цой, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрының актері, режиссер Шыңғыс Жақыпбай.

Шара барысында театр өнерінің ардагерлері мен қайраткерлері фестивальге жолдама алған сегіз режиссерге алғыс хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 523
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 277
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 300
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 303