Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қоғам 4924 6 пікір 27 Қазан, 2023 сағат 16:04

Патриотизм деген...

Патриотизм  дегенде ең алдымен Отанымызға, туған жеріміз бен елімізге деген сүйіспеншілік сезімі билейді. Патриотизм дегенді қалай түсінесіз? Өз елінің патриоты деген қандай адам? Әр сала мамандарының патриотизм жайлы пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДІ БАЛАБАҚШАДАҒЫ БАЛАЛАРДАН БАСТАУ КЕРЕК!

Марат Тақабаев, зейнеткер:

- Патриотизм дегенде менің көкірегіме елімізді, жерімізді қорғаған хас батырларымыздың ерлігі оралады. Бертін келе Отаны үшін жанын қиған батырларымыз, оның ішінде нәзік жанды қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың   ерлігін айтпай кетуге болмайды. Жас болса да, Отаны үшін жанын қиған  батырларымыздың ісі нағыз ерлік әрі нағыз патриотизм. Өйткені олар үшін ар мен намыс әрдайым алдыңғы орында тұрды. Сондықтан да ең бастысы- патриотизм туралы сөз қозғалғанда ерлікпен қаза тапқан батырларымыз жайлы көбірек насихатталуы керек. Біз өткеніміз арқылы, олардың өмірін үлгі етіп, болашақ жастарға олар жайлы көбірек айтып қана, патриоттық сезімді оята аламыз. Қазір еліміз қарыштап дамып келеді, Қазақстан дейітін шағын мемлекетті бүкіл әлем таниды. Аспанымыз ашық, бейбіт өмірді ту етіп татулықта өмір сүріп жатырмыз. Өз елі үшін жанын беруге дайын патриот жастарымыздың өсіп келе жатқанына сенемін. Патриот ретінде өз еліме не бердім деген ойдың да жетелейтіні рас. Ұзақ жыл ауылдық округтың әкімі болдым. Кейін ауылдық ақсақалдар алқасын басқардым. Қазір зейнеткермін. Бірақ күні бүгінге дейін ел қамы үшін жүрегіміз ауырып тұрады. Аядай ауыл болса да, тыныс-тіршілігін  бақылап, әлеуметтік жағдайды шешуге үлес қосып отырамыз. Бұл менің туған жеріме деген азаматтық парызым. Қазір көп нәрсе өзгерді. Көкірегі ашық, таным- түсінігі мол жастарымыз өсіп келеді. «Жұмыла көтерген жүк жақсы дегендей», мәселені шешуде бірігу бар. Үлкендермен ақылдасу бар. Патриоттық сезімді балабақшадағы балалардан бастау керек. Оларға Отанды сүюді, еліне қызмет етуді о бастан санасына сіңіру керек. Негізі ерте қаланса, өсе келе әр баланың бойында патриоттық сезімі ұлғая береді. Айтқым келгені патриоттық сезім ол адамның барлығына тән сезім. Қай елдің, қай жердің адамы болса да -  ең алдымен  өзінің туып өскен  жерін  ұмытпайды. Тіпті жырақта жүрсе де, өз еліне деген, туған жеріне деген ықыласы ерекше болады. Мысалы спорт жарыстарын қарайықшы. Боксшыларымыз көк байрағымызды  көкке көтеріп, ән ұранымызды әуелеткенде көзімізге жас келеді. Сонымен бірге мақтаныш сезімін сезінеміз. Еліміздің жеңісі, көк туымыздың желбірегені намысымызды оятады. Міне осындай көзге көрінбейтін, бірақ өзіңнің еркіңнен тыс сезімді түсінуге талпыныс беретін күшті-патриоттық сезім дейміз. Бұл бір ғана мысал. Мемлекет басшымыздың шетелдік сапарларға шығып, сыртқы саяси аренадан көрген сайын да намысымыз оянып, қуанып отырамыз. Елімізді  әлем таныса екен, экономикамызда оң өзгерістер болса екен деп әр ісін жіті бағамдап отырамыз. Осындай қарапайым  нәрселердің, патриоттық сезім екенін түсінеміз. Қазір шекарамыз шегенделген. Сыртқы жаудан қорғайтын әскерлеріміз бар. Сарбаздарамызға барлық мүмкіндік жасалған. Елін, жерін, Отанын қорғағысы келетін жас ұрпақ күннен күнге есейіп келеді. Білімді де  білікті жастарымыз шетелде білім алып, озық тәжірибелерімен еліне оралуда. Міне осылардың барлығы менің патриоттық сезімімді оятады. Адам жақсы нәрсені ойлап, жақсыға қарай ұмтылуы керек. Болашағы жарқын патриот жастарымздың саны арта берсін.

ӘР ОТБАСЫ ӨЗ ҮЙІНДЕ ТУҒАН ЖЕРДІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІН АРТТЫРЫП ОТЫРУЫ КЕРЕК!

Гүлбану Сарбасова, мұғалім:

- Менің ойымша патриоттық сезім әр адамның жүрегінде болу керек. Отанын, тілін, дінін сүйетін, оған аса құрметпен қарайтын жанды патриот адам деп айтар едім. “Отан - отбасынан басталады”,- демекші, тәрбиені тал бесіктен бастау керек.Үйде өзге тілде шүлдірлемей, өз ана тілімізде сөйлеп, балаларымызға бабамыздың тілінде тәрбие берсек, тілге деген құрмет те артары сөзсіз.Тазалықты үйіміздің ауласынан, айналасынан бастасақ, өз ұясын қорғауды үйретсек жерге деген құрмет артады. Үйдегі әр мүлікті бағалауды үйретсек, мемлекеттің де мүлкін қадірлейтіні сөзсіз. Осының бәрін жасай алған адам нағыз патриот. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғаннан кейін оқушыларымның өз ана тілін құрметтеуіне барынша үлес қосқым  келеді. Әр отбасы өз үйінде елі, жері жайлы айтып насихаттап, туған жердің қадыр-қасиетін арттырып отыруы керек. Ал мектеп қабырғасындағы әр оқушының бойына патриоттық сезімді ұялату біздің міндетіміз. Мемлекеттік мерекелерде барынша түсіндіріп, ұғындырып жас ұрпақты тәрбиелеу жолында барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Жақында ғана өткен Республика күні қарсаңында барлық білім ордаларында арнайы ашық сабақтар өтті. Қуантатыны оқушыларымыз бұл мерекеге  жоғары деңгейде атсалысты. Патриоттық әндер шырқалғанда барлығының көздерінде ұшқын пайда болды. Қазір қазақ тілінің деңгейі көтерілді. Тілін үйренгісі келетіндердің де қатары көп. Балаларын қазақ сыныбына бергісі келетін отбасылардың саны артты.  Осының барлығы еліміздің деңгейі көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Патриоттың сезім дегеніміз жоғарыда айтып өттім, тілімізге, туған жерімізге, мемлекетімізге деген сүйіспеншіліктен тұрады. Біз тарихы бай елміз. Рухани құндылықтар мен салт-дәстүрі ерекше елдердің біріміз. Осындай рухани бай қазақ елінің ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз керек. Тіпті ұлттық киімідеріміздің үлгісінің өзі  қандай. Ерекше орнаментпен тігілген киімдеріміздің өзі патриоттық сезімімізді оятады. Сондықтан да біз осы құндылықтарымыздың бағасын арттырып, жастарымызға, болашақ ұрпағымызға мұра ретінде көбірек насихаттауымыз керек. Патриотпыз деген жалған ұраннан гөрі, біз өз елімізге не бердік, әлі де не бере аламыз.  Осы жағын көбірек ойлауымыз керек. Сондықтан да ұстаз ретінде, өз оқушыларыма барынша патриоттық сезімнің не екенін ұғындыру жолында қызмет ете беремін. Бұл менің еліме деген патриоттық парызым.

ПАТРИОТ АДАМ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Марфуға Утепова, мейірбике:

- Патриоттық сезім дегенде, ең алдымен өзінің Отанын сүйетін адам  көз алдыма келеді. Одан кейін барып әрбір адам өз отбасын сүюі керек деп ойлаймын.  Өйткені Отан да, отбасы да адамға ең жақын нәрсе. Патриотизм дегенде ең алдымен отбасыңа қорған бола алуың керек. Айналасына қамқорлық танытқан адам, өзелерге де қамқорлық танытады. Менің ойымша әр саланың мамандары өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, өз жұмысын адалдықпен атқарып, ел игілігі жолында қызмет ететін болса соның өзі үлкен патриотизм. Бір жағынан мамандығыңа адалсың, екінші жағынан қоғамыңа пайдаңды тигізіп жатырсың. Патриот адам қандай болуы керек? Ең алдымен  патриот деген кім?. Осы сұрақтар қойылған кезде патриот адамда ең алдымен мынадай қасиеттер болу керек. Патриот адам қандай жағдай болса да Отанын қорғауға дайын болуы керек.  Одан кейін елі үшін жүрегін беретін патриоттық сезім әрбіріміздің бойымыздан табылса.  Қазір байқаймын көп адамдар шетелге көшкісі келеді. Табыс тапқысы келіп, жағдайын түзегісі келетіндер де бар. Мен ондай азаматтарды патриот деп айта алмас едім. Өйткені бақытты тек өз елімізден іздесек. Осы жерде де еңбек етіп, еңсесін көтеруге болады. Сондықтан да патриоттық сезім әр адамның бойында болу керек. Ол сенің туған жеріңе,  үйіңе, еліңе деген махаббат. Біз елімізбен бірге дамығымыз келсе, еліміздің дамуына титтей де болса өз күшімізді жұмсауымыз керек деп  ойлаймын. Патриоттық сезім әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Ал мен үшін патриоттық сезім- Отаныңды қастерлеу дегім келеді.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1290
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1167
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 906
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1032