Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4059 0 пікір 2 Қыркүйек, 2013 сағат 05:39

Жансая Сыдықбай. Нағыз публицист

Бала кезімізде түрлі ертектер оқып өссек, сәл ес жия келе әдеби кітаптарға құлаш ұрасың. Сөйтіп прозадан поэзияға, поэзиядан публицистикаға ойысасың. Бәлкім жас шамасы я  ішкі ізденістің сұрауы болар, қиял-ғажайыпты балалық шаққа қалдырып, көркем әдебиетті уақытша кідіртіп, шынайы өмірдің өзі бейнеленген дүниелерге құныға бастайсың. Бұл тұрғыда Уақыт та өзінің ұсыныстарын ұсынудан толастамайды. Тек шаршап қалмасаң болды, оқи бер, іздене бер. Осындай ізденіске толы жандардың әйтеуір адам жанына ақпаратын да, тәлімін де қоса беретін мағыналы шығармаларын, жазбаларын көрсем сүйсіне оқитыным бар.
Осылайша ойда жоқта белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» атты кітабы қолыма түсті. Бұл кітап талғап оқитын оқырманның сын-таразысынан сүрінбей-ақ өтетін дүние. Әсіресе, қазақтың маңдайына біткен таланттарын тәптіштеп жазып, олардың тағдырына, өнеріне үңілтіп, бірауық өткеніміз бен кеткенімізді түгендеуге шақырады. Тірі талантты барында қадірлеп, құрметтеуге, ал дүниеден өткендерін ардақтауымызға не кедергі деген сауалды көлденең тастайды.

Бала кезімізде түрлі ертектер оқып өссек, сәл ес жия келе әдеби кітаптарға құлаш ұрасың. Сөйтіп прозадан поэзияға, поэзиядан публицистикаға ойысасың. Бәлкім жас шамасы я  ішкі ізденістің сұрауы болар, қиял-ғажайыпты балалық шаққа қалдырып, көркем әдебиетті уақытша кідіртіп, шынайы өмірдің өзі бейнеленген дүниелерге құныға бастайсың. Бұл тұрғыда Уақыт та өзінің ұсыныстарын ұсынудан толастамайды. Тек шаршап қалмасаң болды, оқи бер, іздене бер. Осындай ізденіске толы жандардың әйтеуір адам жанына ақпаратын да, тәлімін де қоса беретін мағыналы шығармаларын, жазбаларын көрсем сүйсіне оқитыным бар.
Осылайша ойда жоқта белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» атты кітабы қолыма түсті. Бұл кітап талғап оқитын оқырманның сын-таразысынан сүрінбей-ақ өтетін дүние. Әсіресе, қазақтың маңдайына біткен таланттарын тәптіштеп жазып, олардың тағдырына, өнеріне үңілтіп, бірауық өткеніміз бен кеткенімізді түгендеуге шақырады. Тірі талантты барында қадірлеп, құрметтеуге, ал дүниеден өткендерін ардақтауымызға не кедергі деген сауалды көлденең тастайды.
Кітапты оқып отырып, ұлтын осыншама сүйетін, риясыз жүрегімен жаны ашитын, ел таланттарының өзіне лайық бағасына ие болғанын қалайтын жанның барын көріп қайран қалдым. «Осы қазақта оның ішінде журналистика әлемінде таланты мен тарланын, жақсысы мен жайсаңын жанкештілікпен іздеген жан бар ма?» деп біреу алда-жалда сұрай қалса, мен ойланбастан Қали Сәрсенбай дер едім.
Жаңалығы сәт сайын жаңарып жатқан тұста қаламың мұқалмай, (бұл өнердің барлық түріне қатысты) өміршең туындылар әкеліп, уақыттың қай кезеңінде де ұлы өнермен мәңгі жасап қалуды рас, Жаратушы талантқа ғана бұйырады. Оның тапсырмасы да сол, іштегі өнерін өлтірмеу, сыртқа шығару. Ал, бағалау – зерделі жандардың ғана ісі болса керек. Себебі, өре, талғам, өлшем деген ұғымдар тұрғысынан келсек, қалың бұқараға «өнерді өбектеп, талантыңды аяламадың» деп өкпелеу артық сияқты.
«Өнер-өмір» маған несімен ұнады? Шынайылығымен. Мұнда ағаның әр жылдары жазған жазбалары журналистиканың талай-талай тарамдалған жолдарынан өткенін, ұлтымызда қандай қаймақтар болғанын, олардың таланты мен тағдыры қалай өткендігін баяндайды. Кітапты оқып отырып, қаншама ақпаратқа қанық болдым. Мен білмейтін таланттардың көптігімен қатар, олардың салған картиналары, жазған дүниелері, салған әндерін шынымен бір тыңдап, көріп шықсам екен деген ой келді. Олар кім? Расында олар неге еленбеген? Өз басым Илья Жақановты тек композитор ғана деп біліп келіппін. Сөйтсем ол кісінің «Еділ-Жайық», «Әсел», «Жайлаукөл кештері», «Салтанат», «Сағыныш» т.б. әндерінен басқа бірнеше повестері мен әңгімелері, «Ықылас» атты романы бар екен.
Бұдан басқа, Ықылас күйші мен құнды жәдігер саналатын қобызды сақтап келген күйшінің келіні Рәзия туралы, көп жыл өзбектердің арасында болып, елге оралған суретші Орал Таңсықбаев, күйші Қали Жантілеуов, сахнагер Қапан Бадыровтың актерлік қырынан басқа қаламгерлік қарымы, «Үйлену оңай, үй болу қиын», «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген күнделікті ауызекі қолданысқа еніп кеткен сөздің иесі ақын Мұзафар Әлімбай екенін, өзінің де, талай журналист ағалардың ұстазы болған профессор Тауман Амандосов, «Қара кемпір» әніне арқау болған Қали апа, Қазақстандағы кәсіби скрипка мектебінің негізін салған скрипкашы Әйткеш Толғанбаев, суретші Молдахмет Кенбаев, «Беу, қыздар-айдағы» Серке рөлімен қазақ көрермендерінің мәңгі жадында қалған актер Есболған Жайсаңбаев, актер Әнуар Молдабеков, марқұм суретші Сәкен Ғұмаров, марқұм актер Мейірман Нұрекеев туралы, оның «Рольдің үлкен-кішісі жоқ қой. Кейбір әріптестерімнің бойында мынадай біржақты ұшқары пікір бар. Көбіне орта тұстағы, бас кейіпкерлерді ойнағысы келеді. Әрине, ондай рольдерді кім армандамайды дейсіз. Бірақ киімнің әркімге пішілуі әрқилы ғой. Мысалы, мен Ромео мен Қобыландыны ойнай алмас едім. Ойнармын-ау, бірақ дәл ойлағандай бола ма? Себебі менің жан-дүниеме бұл кейіпкерлер келіспейді» деп ағынан жарыла мойындауын ерлікпен парапар дер едім. Себебі, соңғы жылдары неше түрлі фильмдер түсіріліп кетті. Оның көркемдік деңгейін сөз етуден бұрын, сол картинаға режиссердің актер-актриса таңдаудағы көрегенділігі мен әртістердің де өзіне лайық рольде ойнауына келісім беріп жатуы өте сирек құбылысқа айналды. Арзанқол фильмнің ғұмыры да арзанға бағаланады. Және ол жыл өтпей жатып ұмытыла бастаса кімге өкпелейсіз? Бір қызығы, не нәрсе болса да жылт етіп көрініп қалуға құмар жандардың талпынысы, сол «жылт етпеден» асып кетпейтінін түсінгісі келмейтіні өкінішті. Қысқасы, көп өнер майталмандарының «мынау маған арналмаған» деп айта алатын батылдығы болса екен дейсің. Әрине, күнкөріс деген өзекті мәселе бар, бірақ өнерді биік бағалайтын парасатты жандар қашанда қарапайым, өз биігінде қалмақ. Сондай жанның бірін Қали аға опера әншісі, «сахнада сегіз жыл ғана «ғұмыр кешкен» Аманкелді Сембин» дейді. Әнші туралы оқып отырып расында оның сахнаға қайта оралғанын, «Қарғаш» атты әнін шырқағанын тыңдағың келіп кетеді.
Бұдан бөлек, «Кішкентай генералдар» атты кітаптың авторы, жазушы Пернебай Дүйсенбин, «Ақтабан шұбырынды» картинасының авторы суретші Мағауия Аманжолов, «Қолды болған үш туынды» атты мақаласында суретші Тоқтар Бейсенбинов туралы жазған мақалалары да оқырманын бейжай қалдырмайды. Тоқтардың ақын Мұқағалидың портретін берудегі өзгеше стилін былай жеткізеді: «Осынау психологиялық картинаның өн бойы күреске толы еді. Қоғамның бар дерті мен кеселін жүрегінен өткізген, әбден кісікиіктеніп, жалғыз қалған Мұқағали бар еді онда. Мұқағали арқылы ол барша таланттың тағдырын жазып еді. Әрине, суретші жеңгейге ренжіген жоқ... Ол кісі басқа Мұқағалиды көргісі келген шығар» деп топшылайды. Бұдан кейін суретші Тоқтар актер Кененбай Қожабековтің портретін салғысы келеді. Журналист Қали ағаның осы сәтті қалай жеткізетінін оқып көріңіз: «Аппақ әлем, Аспан мен жердің арасы. Мұқағали мен Кененбай. Екеуі көгілдір кеңістікте қалқып келе жатыр. Актер арбасында шалқая түсіп отыр. Арбаны ұлы ақын итеріп келеді. Ғажайып бір жарасым.
Суретші сөйлеп отыр. Картинаның қарындашпен салынған нобайын Кенекеңнің алдына тастай берді. Ол ойланып қалды.
– Мұқағалимен бір суретке түссем деуші едім. Сол арманымды сен жүзеге асырдың, айналайын. Ұлы ақын менің арбамды итеріп келе жатса одан артық не керек. Мынау өзі бір құтты күн болды-ау, Мұқа, - деп алдында тұрған есік пен төрдей картинаға күлімсірей қарады.
...Өкінішке орай, оның біткенін Кенекең көре алмай кетті» деп жазады. Үшінші картинасына нысана етіп суретші актер Әнуар Молдабековты алған. Бір өкініштісі, бұл үш туынды да қолды болыпты. Одан басқа, «Жансебіл» фильмінің режиссері Аяған Шәжімбаев пен осы фильмде басты ролді сомдаған актер Қасым Жәкібаев, мамандығы химик бола тұра күй тыңдайтын ректор, бұрынғы Парламент депутаты Жұмағали Наурызбайды: «Әдетте үлкен интеллектуал, биік өре иесі туралы қалам тербеу қиындау іс. Оның үстіне ұстаз болса...
Қай қиырға салсаң да академиялық, энциклопедиялық білім өресін байқатып кетіп отыратын, көсіліп бір кеткенде алдына жүз ат салсаң да тоқтауы мүмкін емес күйге еніп, өзің туралы өзіңнен «артық» біліп отырса, ондай азамат жөнінде басқаның да біліп, ойлана жүруі үшін қалам ұстадым» дейді. Дұрыс ұстағансыз аға дедім оқып отырып. Содан кітап дүкеніне барған кезде кездейсоқ Жұмағали Наурызбайдың, ақын Олжас Сүлейменовтің Қадыр Мырза Әли аударған өлең кітабын, жазушы Тәкен Әлімқұловтың күй туралы жазған кітаптарын сатып алып оқуыма түрткі болды. Ағаның ізденгіш қасиеті оқырманын да еріксіз жетелетіп қоятын сиқыры бар екен. Сондай-ақ, өзімізге емес, шетке танымал Англияда тұратын ағайынды музыканттар Эльвира, Альфия, Эленора Нақыпбековалар, Ресейде тұратын опера және балет театрының бишісі Алтынай Асылмұратова т.б. тұлғалар туралы жазғандары жетерлік. Мен мұнда көзі тірісі бар, дүниеден өткендері бар, елге есімдері онша таныс емес, ағаның кітабын оқығаннан кейін ғана барып білгендерімді атап өтуге тырыстым.
Кітаптың соңғы бөлімі сұхбаттар мен елтануға арналыпты. Жақсы жинақтың ұтымдылығы сол, оқырманына бос әуезе, лепірме, көпірме әңгімелер ұсынбаған. Не нәрсе жазса да тиянақты, тұщымды жеткізе білген. Сөз саптауы, стилі өзі айтпақшы қоңыр күй шертіп тұрғандай. Ойладым, адам өз өмірін тек жақсы адамдарға арнап, солар туралы жақсы дүниелер жазып, ойын да, мақсатын да тек ақ ниетке бұрса, сол адам сол әдемі өмірді кешіп келгендігі болмақ. Біраз жылдар өткен соң артыңа қарайлаған кезде, өміріңнің көп бөлшегін кіл жайсаңдар мен жақсыларға арнағаның, олар туралы ізденген уақытыңа разы болатының қандай ғанибет. Жинаққа да, оның авторына да сүйсінген себебім осы.
Екінші бір сүйсінгенім, қай мақаласын алып қарасаң да жүрегіңе жақын, жылы жазады, көпке дейін есіңде қалады. Публицистикаға деген махаббатыңды арттыра түсіп, қалам иелеріне деген құрметіңді күшейте түседі. Әйтпесе, Қали ағаны былай өмірде көріп, жүздесіп сұхбаттасқан кісім емес. Білетінім, тек сырттай ғана. Оның үстіне, қайбір жылдары ағаның «Жас қазақ» газетіне (авторы А.Мантаева) берген сұхбатындағы мына сөзі де көкейіме дөп түсті. «Рухани тұрғыда жетілмеген адам ұлтына ешқандай пайда әкелмейді. Өзінің қарақан басының күйін күйттейтін адамнан не күтуге болады? Әрине, ештеңе. Мысалы, маған біреу өзбекәлішілсің, сәбитшілсің (Оразбаев), асанәлішілсің, ақселеушілсің десе, қуанар едім. Тарихты тұлғалар жасайды. Олар – қазақтың мәдениеті мен өнерін дамытқан дара тұлғалар, бар қазаққа ортақ тұлғалар.   
Бәрі әліппеден басталады. Мұхтар Мағауинның «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабы бар. Осы кітапты мектеп бағдарламасына әлдеқашан енгізу керек еді. Біздің тарихшылар кітапты күрделі тілмен жазады. Оның өзіне бір түсіндірмеші керек. Ал Мағауинның кітабы баланың ұғымына сай тілмен жазылған. Баланың білімді, парасатты, ойлы адам болуы оқулыққа байланысты. Оқулық түзелмей, ұрпақ түзелмейді»- дейді. Дәл айтады. Осы жолдарды оқып отырып ағамен пікірлес екеніме қуанып қалдым. Өйткені, мектеп пен ЖОО-да оқып жүрген жылдары «өз тарихыңды оқи ғой» деп ұсынған оқулықтарға менің де қарным қатты ашатын.
Қазір көл-көсір ұзақ жазылған мақаланы көбісінің оқығысы келмейтіні рас. Әрине, егер жазғаны тапсырыстың аясында болса, кінәлінің кім екенін іздеп жату да, соншама қаражат кеткен басылымды да, оған кеткен бояу мен техникалық шығындарды айтып жатудың өзі артық. Оқылатын дүние жазу, журналистикадағы өлермендік, оқырманға деген адалдық көбімізге жетісе бермейді. Ал мұндай кемшіліктерді Қали ағаның жазғандарынан кездестіргем жоқ. Кездестіргім келмейді де. Онсыз да бүгінгінің оқырманы қысқа жазылған ақпаратпен сусындап, көрермендері сериалдар мен түрлі ток-шоуларды тамашалаудың жетегінде кетіп отыр. Ақпараттың бұл ағымынан қашан шығамыз деп күту қисынсыз. Өйткені, массмедиа жылдамдықты үйретумен қатар, құндылықтарды да сараптауға алып келді. «Ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмасаң өзіңнен көр. Оған жедел дамып бара жатқан ақпарат ағысы кінәлі емес» деген қағида санамызға күн сайын сіңіп келе жатқаны талассыз шындық.        
Нағыз журналист немесе нағыз публицист атану бір күннің еншісімен шешілмейді. Еншілеу үшін де еселі еңбек керек. Қали ағаны қанжығасына қазынаны толтыра алған,  ұлт  жауһарлары мен маржандарын талмай насихаттап келе жатқан дауылпаз журналист десем, маған ұрыспайтын шығар. Артық сөздерім болса, айтар сыныңызды көтеремін.
Хош, үшінші сүйсінісімді ағаның кітаптағы кейбір өз сөздерімен түйіндесем дұрыс болар. Мұны аға екеуміздің бірлесіп айтқан дуэті деп қабылдасаңыз да өзіңіз білесіз. Және мұным автордың сөздеріне жармасуым емес, ағалар осылай айтты деп мақтан көруім. Сонымен: «Талант – ұлт байлығы, мақтанышы». «Қоғамды кемелдендіретін де, мемлекет мәртебесін көтеретін де – дарынды адамдар». «Мақтау таудан құлаған тасқын секілді, оған төтеп беру де оңай емес». «Талант – көлеңкеде өскен гүл секілді. Оған бірде күн түседі, бірде түспейді. Гүлге бап керек». «Біздегі ең үлкен әбестік – басшылар талантты өзіне қызмет етуге пайдаланады». «Талант жас-кәрі талғамайды. Мәселенің бәрін атақпен шектеу – кері кетудің жолы. Атақ – бақтың ісі». «Ауырмаудың жолы ардақтыларымыздың асыл сөзге сараң болмауы. Бұл дертті бүгінгі, келер ұрпақ, сен қайталамауға тиіссің. Марат Омаровты, Секен Тұрысбековті білгенің де дұрыс, ал Шәмшілерді білу – міндетің». «Ақан Қамыскөлді паналаса, Шәмші де «кісікиіктеніп», діні де, ділі де бөлек өзге жұрттың арасына қашады. Бұл – таланттың кеудесін жаншып, жанын жұлынқұрттай жегідей жеп бара жатқан көзге көрінбейтін тоталитаризм тұзағынан қашуы, тірек таппауы. Сондықтан да пәленшекеңе арнап ән жазбады», «Қаскөй емес, дариға таланттар ғана бір-бірін түсіне алған». «Мінезсіз дарыннан өнер де тумайды», «Шын талант кейде асау, кейде аңғал, кейде ұрыншақ келеді».\

Abai.kz

0 пікір