Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3477 0 пікір 2 Қыркүйек, 2013 сағат 07:17

Қайырбай Зәкірұлы. Гумилев болған бір күн

Сағат таңғы бестің шамасы. Оянып кеткенім әлдеқашан. Көзімді қанша жұмсам да кірпіктерім бір айқаспай-ақ қойғаны… Ертеректен есімде жүрген бір ұмытылмас кездесу оңайлықпен қағаз бетіне түспей көптен мазалай беретін. Қолыма қалам алсам болды, кеш бата өрістен қайтқан енелеріне жамыраған қозыдай, негізгі айтпақ тақырыбымның төңірегіне төркіндес естеліктер ақ парақты аңсап «мені де, мені де» дегендей таласып, санада сығылысып қаларын қайтерсің… Менің ұйқымның қашуының да себебі осы… 

Жазу үстелінің үстіндегі шағын шамның кішкентай қызыл түймесін басып қойып, көз қарыған жарығы жанарыма жайласқаннан кейін, сол айтулы кездесудің елеске айналған сәттерін қансонардағы қоянның іздеріндей етіп ақ қағазға түсіре бастадым…

Сағат таңғы бестің шамасы. Оянып кеткенім әлдеқашан. Көзімді қанша жұмсам да кірпіктерім бір айқаспай-ақ қойғаны… Ертеректен есімде жүрген бір ұмытылмас кездесу оңайлықпен қағаз бетіне түспей көптен мазалай беретін. Қолыма қалам алсам болды, кеш бата өрістен қайтқан енелеріне жамыраған қозыдай, негізгі айтпақ тақырыбымның төңірегіне төркіндес естеліктер ақ парақты аңсап «мені де, мені де» дегендей таласып, санада сығылысып қаларын қайтерсің… Менің ұйқымның қашуының да себебі осы… 

Жазу үстелінің үстіндегі шағын шамның кішкентай қызыл түймесін басып қойып, көз қарыған жарығы жанарыма жайласқаннан кейін, сол айтулы кездесудің елеске айналған сәттерін қансонардағы қоянның іздеріндей етіп ақ қағазға түсіре бастадым…

1986 жылдың соңғы айлары болу керек. Сонау студенттік шақтан бері араласып жүрген досым Амандос Ақанаевтың шеберханасында Бақтияр Табиев, Кенжебай Дүйсенбаев, тағы да бірнеше суретшілер басымыз қосыла қалған. Кенет Бақтияр самайынан төбесіне дейін бозарып кеткен қою шаштарын салалы саусақтарымен артына қарай тарап қойып салтанатты түрде келесі жылдың жаз айларының бірінде Мәскеу қаласында қазақстандық тоғыз суретшінің есепті көрмесі өтетінін шағын дастарқан үстінде қуанышпен жеткізді. Сол топтың құрамында өзімнің бар екендігімді естіп, қуанышымды жасыра алмадым. Мәскеуде өтетін көрмелерге бұрын да жұмыстарымызды қойып жүргенімізбен, бұл жолғы көрме тіпті де басқаша болмақ. Әрбір автор өзінің еңбектерін Кеңес Одағы астанасының талғампаз көрермендеріне қалағанынша ұсына алады. Москва өзенінің бойындағы Қырым көпіріне жақын орналасқан Орталық көрме залы қай суретшіге болсын армандай әсер қалдыратындығы айтпаса да түсінікті. Сарапталған суретшілер тобына енгендерден есімде қалғаны: Абдрашит Садыханов, Бақтияр Табиев, Кенжебай Дүйсенбаев, Амандос Ақанаев, Василий Тимофеев…

…Сонымен, біз асыға күткен уақыт – көрме мезгілі де жетті-ау. Артынып-тартынып: «Мәс­­­кеу қайдасың?» деп тартып отырдық. ВДНХ жанындағы «Космос» қонақ үйіне көрме ашылу қарсаңынан екі жетi бұрын барып орналасып алдық. Өтетін шараның каталогы мен афишасы Мәскеуде дайындалған. Көздің жауын алады. Біз орналасқан қонақ үйге Мәскеуде тұратын тамыр-таныс, жора-жолдастар жиі келіп, қау-қау әңгіменің қызуы күнде басылмайды. Солардың ішінде мәскеулік архитектор, қалмақ жігіті Жангар Первюев бізге ерекше ықылас танытты. Егер сәті түссе, бір келгенде белгілі тарихшы, түркі тектес халықтардың білгірі – Лев Николаевич Гумилевпен аз уақытқа болса да жолықтыратындығын айтты. Өзін көрмек түгілі атын естігенде елең ете қалатын жастарға мынадай сәт, әрине, аспаннан күткеніміз жерден табылғандай әсер қалдырды. Сәл бұрынырақ, Мәскеу түбіндегі «Сенеж» шығармашылық үйінде Ленинград көркемөнер академиясын бітірген белгілі суретші Аман Бақтығалиевпен бір түн шер тарқата әңгімелескенімізде, ол Лев Николаевичтің лекцияларына әдейі іздеп барып, қатысатынын тебірене толғағаны сондай, оны жырдай етіп айтып бергені есімде.

1980 жылы Куликово шайқасының 600 жылдығына орай  «Огонек» журналының беттеріне Дмитрий Лихачевтың көлемді ма­­­қа­­­ласы шыққан болатын. Ол басынан ая­ғына дейін бізге бұрыннан белгілі сарынға құрылыпты. Далалықтарды ойсырата жеңу. Алтын Орда Куликово шайқасынан кейін шаруасы шайқалып келеге келместей болған… Журналдың осы санында Лев Николаевич Гумилевтің сол тарихи шайқасқа тың ракурспен қарап, Мамайдың сол майданда жеңілу себептеріне тоқталып, Алтын Орданың одақтасы – Литва королі  Ягайло дер кезінде келмей, опасыздық жасаған тұстарын сол жолғы жеңілістің басты себебі етіп көрсетіпті. Екі жылдан кейін Тоқтамыс хан бастаған Алтын Орда жасақтары Мәскеуді қайта басып алып, бұрынғыша билігін жүргізе бергендігін баян етеді.

Дмитрий Донской бастаған Русь жасақ­тарының одақтастары Қара теңізде қаһарын жүргізіп тұрған Қырым хандығы екендігі та­рихтан белгілі. Алтын Ордаға қарсы жорық­тарда Никита және Семен Беклемишовтер қолбасшылық етсе, әрине, Куликово шайқасының маңайындағы ғасырлар бойы құрастырған орыс тарихшыларының идеологиялық конструкциясы сыр беріп сықырлай бастайды…

Сәті келген күні Жангар досымыз Лев Николавичтің біздің жолығуға ықылас біл­­­­­діргенімізге қарсы болмайтындығынан ха­­­­бар жеткізіп үлгерді. Ұлты татар, ертеректе Қы­­­­тайдан көшіп келген белгілі суретші Бақ­­­ти­яр Табиев, тама Шора батырдың ұрпағы Кен­­­­­жебай Дүйсенбаев және мен – Жанқожа, Есет батырлардың ұрпағы жүздесуге жиналдық. Бұлай айтып отырғаным, Лев Николаевичтің алдына баратын делегацияның сәл де болса дәрежесін көтеру ғой. Көздеген жерімізді ны­са­наға ала отырып метроға түсіп, Новогиреево стансасынан бір-ақ шықтық. Ойымыз – Гумилевпен жо­­лыққаннан кейін Бақтиярдың Суриков инс­­­­титутындағы курстасы, суретші Валерий Светлицкийдің саяжайында бас қосу. Сөмкемізде сол жаққа алып бара жатқан Абдрашит ағамыздың бір бөтелке «Қазақстан» коньягі бар. Сонымен бірге, Лев Николаевичке Сырдың сары ала қазысы, қыздың бұрымындай мұқияттап өріліп, исі бұрқыраған шырын қауынқағы бар.

Лев Николаевичтің Мәскеудегі шағын пәте­рі осы жерден онша алыс болмай шықты. Күн соншалықты қапырық. Оған қарайтын біз жоқ. Кездесуге белгіленген уақытта келген пәтеріміздің қоңырауын бастық. Есікті сұңғақ бойлы, қою шашын кең маңдайынан жоғары ортасынан айырып, желкесіне мұқияттап түйген ашаң жүзді, ажарлы әйел ашты. Бес биенің сабасындай деуге келе қоймас. Олай десем тым толықтау көрінетін шығар.

Ең кереметі, бізді бұрыннан білетін адамша ақжарқын сөйлеп қарсы алды. Жангар досымыз өзі еркін меңгерген орыс тілімен бізді бұған дейін-ақ жеке-жеке суреттеп, таныстырып қойған болуы да ғажап емес. Бұл кісі өзін: «Лев Николаевичтің зайыбы Наталья Викторовна», деп таныстырды.

Лев Николаевич орта бойлыдан сәл жо­­­ға­­­­­­­­рырақ. Бұйралау бурыл шашы маңдайына құлап, анасы Анна Ахматоваға тартқандықтан, қыр арқасы көтеріңкілеу мұрны атжақты ақсары жүзіне үйлесіп-ақ тұрады екен. Кеудесінде түр­­­­лі-түсті суреттері ірілеу, ұзын жең жейдесі бар.

Лев Николаевичтің ұсынған жұмсақ ала­­­қанын жапатармағай алып, бөлме ортасындағы шағын үстелдің жанындағы орындықтарға жайғастық. Алғашқы кезде сәл қысылған түрі­­­мізді байқап қалған үй иелері, әп-сәтте әңгімеге үйіріп, Наталья жеңгейдің бұрқыраған бурыл шайы ми қайнатар ыстықта бойға сіңіп, уақыт жылжыған сайын сағына күткен басқосуымыз әдемі отырысқа айналып бара жатты.

Сәлден соң, Лев Николаевичке арнайы алып келген базарлықтарымызды дастарқанға шығардық. Біздің әлгі рәсімімізге үй иелерінің қуанышын көрсеңіз. Лев Николаевичтің аузы­нан шыққан: «Мы» – түркі синонимі болса, «Они» – славяндардың шартты атауы екенін түсініп-ақ отырмыз. Лев Николаевичтің әсерлі әңгімесінің төркінінде түркі, славян елдерінің айырмашылығы емес, керісінше, ұқсастық жақ­тарының, туысқандық байланыстарының, мүдделестік жақындықтарының баянды із­­­де­рі сайрап жатты… Тургенев, Карамзин, Дос­тоевский, басқа да көптеген орыс зиялыларының тегі түркілер екендігін Лев Николаевичтің өз аузынан естігенімізде бойымызды мақтаныш сезімі билеп, төбеміз көкке жетіп отырғандай әсер алдық. Дуалы ауыздан шығып, жан біте бастаған Ұлы Даланың  рухы Мәскеу аспа­­­­ны­­­­­ның астында тамырымызды қуалап, бойымызды шымырлата бастады…

Үй иелерінің Шыңғыс ханға деген ықыласы өте ерекше екендігін байқадық. Осы тұсқа келгенде қалтамыздың түбінде жатқан Әбді­рашиттің аманатын қолы құрғыр еріксіз сипай бастады… Арагідік Наталья Викторовна ас үйге шығып кеткенде жұқалап тураған қазыдан, балдай қауынқақтан Лев Николаевич аздап болса да дәмін алып отырды. Жеңгейдің әлгіндей жоқ кезін пайдаланып алқызыл түсіне терезеден түскен күн сәулесі алаулай шомылған коньяктің шынашақтай бір-екі рюмкасын біздің ықыласымыз үшін анда-санда құтты қонысына қондырып қойып отырды. Үйге кіргеннен байқағаным, Лев Николаевичтің өзіне тән әдемі юморы бар екендігі. Біздің Бақтияр да әзілдің королі десе болғандай. Жеңгеміз келе қалғанда біз де ым-жымды білдірмеуге тырысамыз. Дегенмен, Наталья Викторовна сезіп қалса керек, сөз арасында жымиып қана Лев Николаевичтің «қант диабетін» ескертіп қойды. Міне қызық! Жеңгеміздің мамандығы суретші екен. Ұмытпасам, Суриков институтын, әлде Ленинградтағы көркемсурет академиясын тәмамдаса керек. Лев Николаевичтің жиі-жиі Наталья Викторовнаға «хатун» деп отыруы қандай керемет! Алғашқы тосты өзі көтеріп, саусағының ұшын рюмкаға сәл батырып, еденге сілкіп алғанын: «көшпенділер шараптың дәмін әуелі Жер-Анаға татқызады» деп түсіндірді. «Орта Азия халықтарының бір-бірінен ерекшеліктері бар ма?» деген Бақ­тияр Табиевтің сұрағы­на: «Қырғыздарға әзіл айтқанда, байқап айту ке­рек, қа­зақ­тардың намысына тимеген жөн» деп жа­уап бер­ді де, бір сәтке ойланып қалды. Әрине, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы Лев Николаевичке де, Наталья Викторовнаға да осал тимегені байқалып отырды…

Жалғандыққа, әділетсіздікке жаны қас, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі орыс поэ­­­зиясының көш басында жүрген Николай Гу­милев адами табиғаты да ерекше қалыптасқан, қайсарлығы басым жан екен. Аяғынан жаңа тұрған Кеңес өкіметіне «қастандық жасамақшы» деген жаланы жамылып қамауға алыныпты. Максим Горькийдің ара түсуінің арқасында абақтыдан босануға мүмкіндік туып: «Есть среди вас поэт Гумилев?!» дегенде:  «Есть офицер Гумилев!» – деп тұтқындардың ортасынан бөлініп шықпай, солармен бірге атылып кете барған көрінеді. Аса сезімтал Бақтияр, Кенжебай екеумізге бір қарап қойып, қоңыр әуезді дауысымен төмендеу алып, татардың әсем де мұңды халық әні  «Ой бұлбұлымды» бастап кеткені.

Ой был-былым, Вай был-былым

Ақ Еділне таң ата,

Таңлар ата, узелә ұзақ,

Жырлата да елата…

Ән әсерімен бал-бұл жанған үй иелерінің жүзін көрсең, шіркін! Алтын Орданың соңғы хандарының бірі, Куликово шайқасынан тура бір ғасыр өткенде, 1480 жылы ежелгі одақтасы Лит­­­­­вамен бірлесіп Мәскеудің батысында ше­шу­ші шабуылға бел байлап ұлы князь Иван III-нің басына бұлт үйірген Ахмет ханның ұр­пағы – ақын Анна Ахматованың анасының қолында балалық шағы өткен Лев Николаевичке бұдан артық сый болмақ па?! Татардың керемет әншісі Ильхам Шакировтың орындауында бұл әнді талай естіген едім. Аздап мен де қосылып отырдым.

Ән аяқтала бергенде Бәкең маған иек қақты. Онысы, Сыр бойының Қармақшы жағында домбыраға қосылып айтылатын Тоғжанның гөй-гөйін домбырасыз-ақ айтып жібер дегені еді. Бұл әуен қобыз сарындас келеді де, сол тұр­ғыда асықпай орындағанды ұнатады. Бар ықыласымды салып екі шумағын айтып шық­тым. Алла абырой бергенде сазды әуен, отыр­ған ортамызда өзінің тиесілі орнын таба кетті. Тап осы араға келгенде, сүрініп кете жаздап, бойымды әрең тіктеп алдым. Осы мұңды әуеннің әсерінен шықпай тұрып рюмканы қо­­­лыма алып, кәдуілгі дәстүрлі тосты бастап ала жөнелдім! «Дорогой Лев Николаевич, я хочу поднять тост за ваших детей, чтобы»… дей бергенімде, кенет бірнеше секунд болғанымен, ұзақ минуттарға бергісіз үнсіздікке еніп, семіп бара жаттық… Алғашқы көргеннен де ажарлана түскен Наталья Викторовна сәл жымиып: «Когда можно было делать детей, Лев Николаевич находился»… Соңғы жағы шыңылдаған құлағыма еміс-еміс келіп жатты… Иә, әлгі аты суық ГУЛАГ… Лев Николаевичтің маған қадала қараған мейірге толы көздері де мені демеп жібергендей әсер қалдырды. Кейінірек, Кенжекең – Кенжебай Дүйсенбаев екеуміз Алматыда аяқтары бура­­ның санындай буын-буын кең үстелдің бетіне тартылған көк сукноның үстінде шарды шарға соғып шайқасып жатқанымызда:

– Кенжеке, Лев Николаевичтің үйіндегі кездесуден есіңізде не қалды?! – дегенімде бір шармен екіншісін көздеп жатып:

– Очень выразительные глаза у Льва Николаевича! – деп айтып үлгермей-ақ, әлгі шарлардың алдыңғысын ортаңғы лузаның тор қалтасына сылқ еткізді.

… Отырыстың соңын ала Лев Николае­вич­тің кішкентай балконына бес адам еркін сыйып, менің «Зенит» фотоаппаратыммен позитивті слайд пленкасына суретке түстік. Өкініштісі, аса мұқияттап сақтап жүрген пленкаларды кейін қанша іздесем де таппай қойдым. Кейінірек, 2008 жылдың соңғы айларында әлгі жоғалған слайд пленкалары табылғандағы қуанышымды көрсеңіз!

Мәскеуде жарық көрген түрлі-түсті «Ху­дожники Казахстана» деген өзіміз жайлы көлемді каталогты Лев Николаевич және На­талья Викторовнаға сыйға тартып, әр суретші өз тұсымызға бір ауыз тілек жазып қолымызды қойып жатырмыз. «Дорогой Лев Николаевич! Дорогая Наталья Викторовна! Тепло ваших рук через мою ладонь передается моим внукам», – деп жаны жайсаң асыл жандарға мен де ыстық ықыласымды жазып қалдырғаным күні кешегідей есімде…

1988 жылы Алматыда суретші Салихидин Айтбаевқа жолыққанымда алматылық бірнеше суретші өздерінің бір-бір жұмыстарын жәшікке салып Лев Николаевичтің Ленинградтағы адресіне жібергендерін естідім. Жоғарыда айтылған кездесуден кейін көп ұзамай бірегей тарихшы, Еуразия идеясының негізін қалаушы  Лев Николаевичтің дүниеден озғанын естідік. Ғасырлап бодандықтың азабында болған еліміз азаттық алған тұста, Астанадағы университетке оның ерен есімі берілгендігінің куәсі болдық. Шығыс тарихына терең бойлап, кейінгі ұрпаққа асқақ рух беретін ғажайып сырлы дүниелерді аршып, жалған болжамдардан арашалап, қайта жаңғыртқан асыл азамат-ай!

…Белгілі-белгісіз себептермен бірнеше ға­­­сыр бойы көмескілене бастаған түркі ха­­­лық­тарының шынайы тарихын таразылап, әлем алдындағы тиесілі орнына көтерген тау тұлға Лев Гумилевтің қарапайым болмысын сонау бір жылдары Мәскеуде, тарихшы шаңырағындағы сол бір кездесудің үстінде бойымызға сіңірген бақытты сәтіміздің маңызын уақыт шіркін алға жылжыған сайын салмақтай түскендеймін…

Қайырбай ЗӘКІРҰЛЫ,

суретші-график.

ҚЫЗЫЛОРДА

Abai.kz

 

0 пікір