Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 1824 4 пікір 18 Қазан, 2023 сағат 15:21

Ұлттық аудармашылар одағы құрылуы керек!

Мемлекет басшысы қазақ тілін одан әрі дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін үнемі айтып келеді.

Әлгінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдап, екеуара еліміздің мемлекеттік тілін өз тұғырына қалай қондырудың өзекті мәселелерін талқыға салды.

Мемлекет басшысының бірінші рет қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруда ең алдымен амаляттық (практикалық жұмыстарға) бағытттарға басымдық берген жөн дегені қуантып тастады. Тап осы амаляттық бағыт елімізде дамымай жатыр. Өйткені ол филологтардың қатысуынсыз жүзеге асады. Әрі қазақ тілді интернет пайдаланушылардың: интернет тұтынушы және интернет қолданушылар деп екі үлкен топқа бөлінгенін ескеретін кез келді.

Осы соңғы топтағылар білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеп, мемлекеттен көк тиын алмай, милетшілік рухпен жұртқа ұсынып келеді. Олардың кімдер екенін, қайда тұратын, немен айналасатынын «Қазақ тілі» қоғамы білген де емес, білгісі келмейтін шығар деген ойға қаласың. Міне, әр жерде тоз-тоз болып, мемлекет маңдайынан сыйпамаған медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлейтін аудармашылар қауымына айрықша мән беру қажет.

Сондай-ақ Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударды. Оған қоса ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті.

Бірақ біз осы бағытта «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы қазақ тілді аймақтар мен өңірлерде субтитрлік және жалғыз әм қосар дауысты дубльяждық фильмдерді көрсететін қазақ тілді кинотеатрлар мен кинопрокат жүйесін құруда батылдық таныта ала ма, жоқ деген ойға қалдық.

Ал, осы аудармалар жасалынуы үшін Ұлттық аудармашылар одағы құрылуы керек. Онсыз Мемлекет басшысы айтқан асыл ойлардың бәрі есебін табатын жемқорлардың жемсауына кетеді. Өйткені, амаляттық бағыттағы істерді өзінің дербес кәсіподағы бар Аудармашылар Одағы ғана атқарып шыға алады. Ал, басқалар ортадан киіліксе, ақша таран-талажға түсіп еш нәтиже болмайды.

Әр облыстағы білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеп, мемлекеттен көк тиын алмай милетшілік рухпен жұртқа ұсынып келе жатқандарға жеке қолдау көрсететін уақыт туды. Бірақ оларға осы қолдау көрсетуде «Қазақ тілі» қоғамы қолұшын соза ала ма, егер соза қалса қалай деген ой көкейді тырайды.

Президент әртүрлі әлеуметтік топтардың, оның ішінде жастардың арасында тіл тазалығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арттыруға арналған шаралардың қажеттілігіне ерекше тоқталғаны бізді қуантты.

Бірақ осы жолы қазақ тілді аудандарда жеке телеарналар ашып, оған жастарды тарту проблемасы сөз етілмегені өкінші болды...

Еді мемлекет басшысының асыл ойын аталған қоғам қалай ақтайды? Осы үмітті ақтауда аудармашылар қауымына жіліктің майлы басы тие ме? әлде тағы да бір мемлекет басшысының қолдауының атын жамылып, ақша асаудың марафоны басталып кете ме? Әзірше сауал көп... Жауап жоқ!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір