Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Алашорда 4776 2 пікір 9 Қазан, 2023 сағат 12:29

Түпнұсқа: Алтынсариннің Григорьевке жазған хаты

ТҮПНҰСҚАДАҒЫ ҚОЛЖАЗБА: АҒАРТУШЫ АЛТЫНСАРИННЫҢ В.ГРИГОРЬЕВКЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ

Ыбырай Алтынсаринның білім саласындағы қызметтес кісілерге - Н.Ильминский, В. Катаринский, Ф. Соколов, А. Мазохинге т.б. жазған хаттары қазақ жұртына таныс. Ол хаттар біздің дәуірімізге Н.Ильминскийдің «Ы.Алтынсарин туралы естеліктер» (Қазан, 1891) деп аталатын көлемді тарихи құнды еңбегі арқылы жетті. Ағартушының эпистолярлық мұраларының көмбесінде оның шығыстанушы ғалым, Орынбор шекаралық комиссияның төрағасы, генерал шеніндегі ірі әскери шенеунік Василий Васильевич Григорьевке (1816—1881) жазған хат-хабарлары бар.

Атасы Балғожаны сыйлаған, өзіне ерте күннен қамқоршы, жанашыр кісі болған В.Григорьевке Ы.Алтынсарин тарапынан жазылған алғашқы хаттың мерзімдік белгісі - 1859 жылдың 25 шілдесі (Дагеротиптегі Балғожа би: Ыбырай Алтынсариннің атасы туралы тың деректер). Ал жаңа сөзге арқау болатын отырған қолжазба - 1879 жылдың 25 қарашасында Орынборда жазылған хат. Біздің қолымыздағы мұра – сол хаттың түпнұсқасы. Мұны шартты түрде «Ы.Алтынсаринның В.Григорьевке жазған екінші хаты» (әзірге ғылымға белгілісі) деп атауға болады. Хат жазылған уақытта В.Григорьев Петербург университеті Шығыстану факультетінің профессоры қызметінде еді. Екі хаттың арасы – 20 жыл. Бұл аралықта олардың арасында өзге де хаттардың орын алуы әбден мүмкін деп санаймыз. Өкінішке қарай, ол жағы бүгінгі күнге дейін беймәлім.

Хат ағартушының «Қырғыз (Қазақ) хрестоматиясы» атты оқу құралының жарық көруіне орай жазылған. Автор өзінің төл туындысын В.Григорьевке ыстық ықылас пен пейіл, құрмет сөздер жазылған хат арқылы ұсынады (1 сурет).

(1 сурет. Ы.Алтынсаринның В.Григорьевке жазған хаты)

Хаттың түпнүсқалық мазмұны мынадай:

Ваше Высокопревосходительство,

Василий Васильевич

Находясь под Вашими покровительством и пользуясь нравственными влияниями, мы, несколько киргизских офицеров, начали свою служебную деятельность. Добрые влияние Ваше глубоко вкоренилось в нас и, идя по указанному Вами направлению, мы стали, впоследствии, не безполезными, как полагают, людьми для родного нам народа.

Примите, Ваше Высокопревосходительство, настоящую первую книгу на киргизском языке, составленную одним из питомцев Вашего, как живой признак нашей вообще и моей в осебенности глубокой признательности и безпредельного уважения.

С глубокими уважением и искренного преданностию, имею честь быть, Вашего Высокопревосходительства, покорныйшим слугою. И. Алтынсарин.

25 ноябрь, 1879 г.

г. Оренбург.

Его Высокопревосходительству,

Василий Васильевичу Григорьеву.

Бұл тұста мынадай фактіні міндетті түрде атап өту парыз деп санаймыз: ағартушы қазақ тілінде жарияланған тұңғыш оқу құралын ертеден таныс, қолдаушы, жанашыр В.Григорьевке ұсына отырып, қазақ жұртының рухани арнасына оқымысты кісілердің бір-біріне кітап сыйлау мәдениетін енгізген алғашқы тұлға деп тануымызға болады. Бұл мәдениет өркениетті елдерде қадірлі, құрметті ізет, бағалы сыйлық және кітап мазмұнымен білімдар ортаны таныстырудың бір құралы ретінде қалыптасқан еді.

Хат мазмұнындағы «бірнеше қазақ офицері», «сіз нұсқаған бағытпен жүріп» деген жолдар – қазақ даласындағы әскери бекіністерде мектеп ашу үшін аттанған Орынбор орыс-қазақ мектебінің бес түлегі - Ыбырай Алтынсарин, Шахмұрат Құлыбеков, Жолмұхаммед Байжанов, Халилула Құнанов, Нұрым Мұнсызбаевтар туралы екендігі сөзсіз. 1860 жылы Орынбор облыстық басқармасының басшысы (бұрынғы атауы - Орынбор шекаралық комиссиясы) В. Григорьев далалық Торғай, Ырғыз, №1 форт (Арал теңізі маңындағы Райым бекінісі), Перовск (қазіргі Қызылорда) бекіністерінде және шекара бойындағы Троицк қаласында мектеп ашу үшін Орынбор мектебінің 1857 жылғы алғашқы 5 түлегін мұғалімдік қызметке аттандырады. Торғайға - Ыбырай Алтынсарин, Ырғызға – Шахмұрат Құлыбеков, Троицкіге – Нұрым Мұнсызбаев, Райымға – Жолмұхаммед, Байжановты, Перовскіге Халилула Құнановты жібереді (Ағартушылықты Алтынсаринмен бірге бастаған бесеу кім?).

Шекаралық комиссия жанынан қазақ балалары үшін ашылған Орынбор орыс-қазақ мектебі – Қазақ даласына орнап жатқан орыс әкімшілік жүйесіне қажетті орыс тілін меңгерген тілмаш, ісжүргізуші мамандарды дайындау мақсатында ашылған оқу орны еді. Бұл тұста Орынбор шекаралық комиссия мекемесінің жұмысының да сыр-сипатын ашып кеткен жөн. Ресми түрде 1782 жылы құрылған мекеме Ресей империясы Сыртқы істер министрілігінің Азия департаменті мен Орынбор генерал-губернаторына бағынышты болды. Оның басты қызметі – Орынборға қарайтын Қазақ ордаларын басқару болды. Шекаралық комиссия Сыртқы істер министрлігіне бағынышты болғандықтан, оның басшылары мен қызметкерлері шығыс тілдерін білетін, арнайы білімі бар кісілерден жасақталатын. В.Григорьев басшылық еткен тұста Орынбор шекаралық комисссиясында  түрколог Н.Ильминский, шығыстанушы А. Боровниковтердің түрлі  қызмет атқаруының сырын Сыртқы істер министрлігінің ұстанымынан туындаған көрініс деп атауға болады. 1859 жылы Шекаралық комиссияның Сыртқы істер министрлігіне бағыныштылығы мүлдем жойылып, ол қазақ өлкесінің ісімен айналысатын облыстық басқармаға, яғни Ішкі істер министрлігінің қарамағына өтеді.

Орынбор мектебін бітірген түлектерге зауряд хоружний («хоружний» түркінің «қару» деген сөзінен шығуы мүмкін) әскери шен берілетін. Демек, оның түлектері әскери қызметке баруға міндетті болды. Сол себепті В.Григорьев жоғарыда аталған бес кісіні әскери бекіністерге «аудармашы және мұғалім» ретінде аттандырады және олар қызмет бабында бекіністің әскери комендантына бағынышты болды. Олардың әскери шені бар маман ретінде Орынбор арнайы корпусына бағынышты болғаны Торғай әскери бекінісінің қызметіне қатысты архив мұрағатары дәлел бола алады. 1862 жылдың шілде айында Ы.Алтынсарин отбасы жағдайына байланысты Торғайдағы қызметін доғарып, туған жері Тобылға оралады. Оның орнына облыстық басқарма алғашқыда Тоқтамыс Косбақовты (Туктамыш Кусваков), бірақ ол өз келісімінен бас тартқан соң Момын (Мумин) Байдосовты ұсынады. Осы аралықта, яғни бір жыл екі айдан соң, 1863 жылдың күз айында Ы. Алтынсарин шарушылығын, кәрі шешесі мен қарындасын алып Торғай бекінісіне қайта оралады. Комендант Я. П. Яковлев сол жылдың желтоқсан айында Орынбор әскери корпусының штабына рапорт жазып, зауряд хоружний шеніндегі Ы.Алтынсаринды әскери бекіністің «аудармашысы және мұғалім» ретінде қайта алуды сұрап, бекіністегі мектепті 1864 жылдың қаңтар айында ашуды жоспарлап отырғанын жазады. Бас штаб оның ұсынысын қанағаттандырады.

Ы. Алтынсаринның, хатта өзі атап өтетіндей, В.Григорьевке зор ілтипат пен шексіз құрмет («глубокой признательности и безпредельного уважения») көрсетуінің өзіндік тарихи себептері болды. Мұның сыр-сипатын толық ашу үшін аталмыш тұлғаның ғұмырнамасына аз-мұз шолу жасап шығуға (шығыстанушы мәшһүр ғалым Н.И.Веселовскийдің мәліметі бойынша) тура келеді.

В. В. Григорьев – араб, түркі тілдерін білген белгілі шығыстанушы ғалым (2 сурет). Ол 1816 жылы, Н. Веселовский жазғандай, «орыс қалаларының ішінде ең орыс емес қала» (самом не русском городе из русских городов) Петебургте дүниеге келеді. Шығу тегі - дворян. Орта білімді үйден алады. 1831 жылы, яғни 15 жасында Петербург университеті филология факультетінің Шығыс тілдері бөліміне қабылданып, оны 1834 жылы тамамдайды.

(2 сурет. Шығыстанушы  В.В.Григорьев)

Студент-шәкірттік жылдары ол парсы тарихшысы Хондемирдің «Моңғол тарихы. Ежелгі дәуірден Темірланға дейін («История монголов. От древнейших времен до Тамерлана») деп аталатын туындысын орысшаға аударып, баспа бетінде жариялайды. Университтеттен соң ол дипломатиялық қызметті қалап, Сыртқы істер министрлігі жанындағы Шығыс тілдер институтына қабылданады. Бірақ одан ол 1836 жыл өз еркімен кетіп, Петербург университетінің Шығыс тілдері бөліміне парсы тілінің оқытушысы болып орналасады.

1838 жылы университеттің араб және түрік филологиясы кафедрасының профессоры О.С. Сенковский, орыс әдебиетінің профессоры П. А. Плетнёв, университет ректоры И. П. Шульгиндермен түсінісе алмай, Петербург университетінен Одессадағы Рашельев лицейінің шығыс тілдер кафедрасына ауысады. 1842 жылы Москва университетінде Алтын Орда хандарының жарлықтары туралы («О достоверности ярлыков, данных ханами Золотой Орды русскому духовенству») тақырыпта магистрлік диссертация қорғайды.

1844 жылдың қараша айында В.Григорьев ағартушылық саласындағы қызметін доғарып, Ішкі істер министрі Л.А.Перовскийдің қарамағына келеді. 1846 жылдан бастап сол министрліктің бөгде жұрттардың дін істері жөніндегі департаментінің 4-ші дәрежедегі шенеунігі қызметін атқарады. 1851 жылы Ішкі істер министрінің інісі В.А. Перовский екінші мәрте Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы болып бекітіледі. Ол өзіне таныс В.Григорьевті Орынборға қызметке шақырады. Осылайша 1852 жылдың 12 қаңтарында В.Григорьев алдымен Орынбор және Самара генерал-губернаторының арнайы тапсырмасын орындайтын шенеунік, кейінірек 1854 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы лауазымына бектіледі. Сол жылы ол «Областные великорусские слова восточного происхождения» атты мақаласы үшін ол Ресей Ғылым Академияның корресподент-мүшесі болып сайланады.

Орынбор шекаралық комиссиясындағы қызметі кезінде ол тікелей Бөкей ордасына, Сыр бойына қызметтік және әскери бағыттағы экспедицияларға қатысады. Қазақ тілін зерттеуге көңіл аударады. Шекаралық комиссияның іс қағаздарында қазақ Ордасына қатысты істерді татаршадан арашалап, қазақша жүргізуге әрекет жасайды. Орынборға қарайтын қазақ арасына жиі сапарға шығып, билеуші би-шонжарлармен жақсы қарым-қатынас орната біледі. 1861 жылы Троицкіге сапарлап келген кезінде ол Аманқарағай орманын көруге арнайы келеді.

1862 жылы қазақтарға қатысты істерді басқаратын Облыстық басқарма төрағасы (бұрынғы Орынбор шекаралық комиссиясы) қызметінен босап, Санкт-Петебургк университетінің Шығыс тарихы кафедрасына профессорлық қызметіне орналасады. Профессорлық қызметте ол ғылыми зерттеу жұмыстарына ерекше ден қойып, шығыс тарихына қатысты бірнеше монография жариялайды. Бұдан соң ол бірнеше жыл «Үкімет хабаршысы» газетінің бас редакторы, Ресей патшалығының баспа ісінің Бас басқармасын басқарады. 1881 жылы дүниеден озып, Петербург қаласындағы Новодевичье қорымына жерленеді. Жерленген қабірі жоғалып кеткен.

В.Григорьев Ыбырайдың атасы Балғожа биді қатты қадірлеген, онымен жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан ол болашақ ағартушыға іштартқан, қамқорлық көрсеткен. Н.Ильминскийдің сөзімен айтсақ, «Григорьев высоко ценил бия Балгоджу и ради него любил Алтынсарина, который впрочем и своими личными качествами и дарованиями вполне заслуживал расположение Генерала».

Ы.Алтынсарин 1859-60 жылдары В. Григорьев басқарған Орынбор Шекаралық комиссиясының кіші тілмашы қызметін атқарады. Бұған дейін ол Орынбор мектебін бітіргенде алған мамандығына сәйкес, дистанция басшысы сотник шеніндегі Балғожа бидің іс қағаздарын жүргізуші қызметінде болады. Оның Орынборға ауысуы атасы Балғожаның қайтқанынан кейін жүзеге асады. 1859 жылдың 25 шілдесінде Ы.Алтынсарин В.Григорьевке хат жолдап, атасының қайтыс болғанын хабарлай келе, өзіне қызмет сұрайды: «По окончании курса наук в Киргизской школе в 1857 году я был отпущен в Орду, к деду моему, управляющему Узун-Кипчакским родом, войсковому старшине Балгоже Ямгурчину, у которого занимался письменными его делами; это обстоятельство не позволило мне просить начальство о допущении меня к какому-нибудь роду служебных занятии. По кончине же упомянутого деда, случившейся в феврале сего года, наследовав все его житье я должен был иметь личный надзор под оним» (Дагеротиптегі Балғожа би: Ыбырай Алтынсариннің атасы туралы тың деректер).

Сол жылдың тамыз айында, яғни хат жазылған мерзімнен бір ай өткен соң В.Григорьев Ы.Алтынсаринды Орынбор шекаралық комиссия мекемесіне алдырып, оны кеңседегі кіші тілмаштық қызметке орналастырады. Оның кеңсесінде екі тілмаш - аға тілмаш және кіші тілмаш қызмет атқаратын еді. Аға тілмашқа татар-орыс тілін білетін кісі, ал кіші тілмашқа қазақ-орыс тілін білетін қабылданатын. Себебі кеңсе Орынборға қарайтын татар-башқұрт, қазақ жұртының түрлі мәселелерін қарастырумен айналысатын. Тілмаштар Олар Шекралық комиссия төрағасының қабылдау бөлмесінде ауызша аударма жұмысын жасаумен қатар, ісқағаздарын да жүргізіп отырды. 1859 жылдың күз айында Маңғышылақ экспедициясынан оралған аудармашы Н. Ильминский Шекаралық комиссия төрағасының қабылдау бөлмесінде кіші тілмаштық қызмет атқарып жүрген Ы.Алтынсаринмен алғаш жүздеседі.

Кеңсеге, яғни Генералдың қабылдауына келетін қазақтар аз болатын. Сондықтан кіші тілмаштың жұмысында бос уақыттар көп болды. Ілім-білімге ынтазар Ыбырай бос уақытында В.Григорьевтің кабинетіндегі кітаптарды оқып жүреді. Жасөспірімнің бойындағы білімге деген құштарлықты байқаған В. Григорьев оған өзінің қызметтік кеңсесімен жапсарлас бөлмеге орналасқан жеке кабинетіндегі кітаптармен танысуға рұқсат беріп, оның ішінде ұшырасатын шетелдік түсініксіз сөздерді арнайы дәптерге теріп жазуға кеңес береді және сол түсініксіз сөздерге қысқа түсініктеме беріп, оған оның мағынасын ұғындырып отырады. Кейін бұл істі ол Н.Ильминскийге тапсырады. Аталмыш дәптер ақырында Н.Ильминский мен Ы.Алтынсарин, яғни ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың орнығуына дәнекер болады. Дәптерден басталған қарым-қатынас сыйластыққа ұласып, ол ағартушының өмірінің соңына дейін жалғасын табады. Сол сыйластық болмағанда, Н.Ильминскийдің Алтынсарин туралы естелік жинағы 1891 жылы (ағартушы қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң) Қазан қаласында жарық көрер ме еді, көрмес пе еді?!

В.Григорьев - Ресей империясының құрамына жаңа өлкелерді алу және игеру саясатына адал қызмет еткен империяшыл кісі. Бірақ ол оны қарудың күші, зорлық-зомбылықтың тегеуіріні арқылы емес, орыс мәдениетін, білімін тарату арқылы жүргізуді қалаған. Қазіргі ұғыммен айтсақ, ол – «жұмсақ күш» ықпалының жақтасы. Оның Есет Көтібаровтың көтерілісін қарудың күші, зорлық-зомбылықтың ызғарымен басқан патша үкіметінің әрекетін сынаған көлемді талдауы бар.

1860 жылы В. Григорьев Орынбор генерал-губернаторының алдына орыс-қазақ мектептер жүйесін даланың түпкіріндегі әскери бекіністер мен шекара бойындағы қалаларға қарай  кеңейту мәселесін ұсынады. Оның ұсынысы губернатор тарапынан қолдау табады. Осылайша Орынбор қаласынан басталған мектептің кішігірім үлгісі Торғай, Ырғыз, Райым, Перовск әскери бекіністері мен Троицк қаласына қарай қанат жаяды. 1861 жылы Троицк қаласында орыс-қазақ бастауыш мектебі ашылып, оның салтанатына В.Григорьев арнайы барып қатысады және іле-шала жаңа мектеп туралы Санкт-Петербургте шығатын «Северная пчела» газетінің 28 қазандағы №241 санына «Открытие киргизской школы в Троицке» деген атаумен мақала жариялайды (Троицк мектебі және «Троицк тұрғыны»).

Орынбор өлкесіне қарайтын қазақ даласында оқу жүйесін қалыптастыруға еңбек сіңірген, түркі жұртының тарихы туралы толымды зерттеулер жүргізген, қазақ тілін татар тілінің ықпалынан арашалауға ұмтылған шығыстанушы ғалым В.Григорьевтің қызметі ағартушы ұстаз Ы.Алтынсаринның риясыз құрметіне ие болады. 1876 жылы Петербургке барған сапарында ол өзінің бұрынғы басшысына арнайы соғып, сыйлы қонақ болады. Қазақ ағартушысы В. Григорьевтің достығы мен жасаған жақсылығын ешқашан естен шығармай, оны құрметтеп өтеді. Сол құрметтің бір көрінісі біздің тарапымыздан бұқаралық ақпарат бетінде алғаш рет жариялап отырған аталмыш хаттың мазмұнында орын алған.

Сөз соңында (оқырман құлағына «алтын сырға» ретінде) Ы.Алтынсаринның ғұмырнамасы мен шығармашылығы туралы оқырмандар тарапынан тың, кең мағлұмат алу қызығушылығы туындап жатса, 2022 жылы біздің авторлығымызбен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен баспа бетінен жарияланған «Абай және Ыбырай» атты ғылыми-танымдық еңбекпен танысуға кеңес береміз.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай универсиетінің профессоры

Abai.kz

2 пікір