Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Ел іші... 2810 20 пікір 28 Қыркүйек, 2023 сағат 12:59

Самат Әбіш сотталады. Келесі кім?

Бас прокуратура жақында, нақтырақ айтсақ, қыркүйек айының 19-ы күні бұрынғы елбасының немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеген еді.

Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдалану әрекеті бойынша тергеліп жатыр.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев кеше аталмыш тергеудің неге кеш басталғаны турасындағы журналист қойған сұраққа жауап берді, дұрысы, жауап беруге тырысты.

«Самат Әбішке қатысты қылмыстық істің нақты қашан қозғалғанын білмеймін, бірақ тергеу жүргізіліп жатқанына біраз болды», – деп жауап берді ол.  Сондай-ақ ол Самат Әбіштің Назарбаевпен туыстығы тергеуге кедергі келтірмейтінін, оның Қаңтар оқиғасы кезінде қызмет бабын асыра пайдаланғанын айтты.

Естеріңізде болса, Самат Сатыбалдыұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылғанын қаңтардың 17-сі күні Ақорданың ресми сайты жазған еді.

Осыдан бір аптадай уақыт бұрын Атырау қаласында өткен «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров: «Баршамызға белгілі жақында РОП деп аталатын ұйым басшыларының бірқатары қылмыстық жауапқа тартылды. Сот барысында көптеген куәгерлер жемқорлыққа қаржының түпкі бенефициары Әлия Назарбаева деп көрсетті. Бірақ сот та, Бас прокуратура өкілдері де сот процесінде бұл азаматтардың уәжіне ешқандай назар аудармады. Егер Қазақстанда әділетті қоғам орнатамыз десек, әрбір азамат өзінің кінәсіздігін сотқа келіп дәлелдеуі қажет», – деген болатын.

Журналистер бүгін Әсет Шындалиевтен осы істің жай-жапсарын да сұрады.

«Менің қолымда Әлия Назарбаеваны қылмыстық қудалау немесе үстінен іс қозғау туралы мәлімет жоқ. Бізге ешқандай өтініш келіп түскен жоқ. Егер қылмыс құрамы анықталса, қандай да бір ақпарат болса, тиісті органдар қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдауы керек», – деп жауап берді ол.

Назарбаев әулетіне қатысы бар тағы кімдер қызметінен босатылды, кімннің үстінен тергеу жүріп жатыр, кімдер сотталды – шолу жасап көрелік.

Бұрынғы президенттің туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың баласы Қайрат Сатыбалды 13-наурыз күні Алматы әуежайында ұсталған. Ол лауазымын асыра пайдалану және елдегі ең ірі байланыс операторы — «Қазақтелекомнан» аса ірі көлемде қаржы ұрлау фактілері бойынша күдікке ілінген еді.  Ол Астана қаласы Байқоңыр аудандық №2 сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігінде, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында, ҚР ҚК-нің 195-бабының 28-бабының 3-бөлігінде, 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленеді. Ол енді мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік және мемлекеттің үлесін құрайтын ұйымдарда лауазымға орналасу құқығымен қоса, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталғаннан екі күннен кейін Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаевтың да ұсталғаны туралы хабар тарады. Оны Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚҚА) қызметкерлері құрықтапты.

Қ.Боранбаевқа қатысты сот үкімі биыл наурыз айында оқылды.

Сарыарқа аудандық №2 соты ҚР Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айырды.  Ол да енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оған қарасты ведомстволарда, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда қызмет атқара алмайды. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге де тыйым салынған. Сот үкіміне сәйкес, Боранбаевтың меншігіндегі Алматы қаласы әл-Фараби көшесінде орналасқан үй мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 196 мың теңге және «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның екі шотындағы 2 млрд 847 млн 877 теңге мемлекет кірісіне өтеді.

Былтыр, мамыр айында,  Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың «баласы» делінетін Ербол Назарбаевтың қызметтен босатылғаны жөнінде хабар тарады.  Ал Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұған қатысты «Желіде тараған видеоға байланысты жемқорлыққа қарсы қызмет былай деп хабарлайды: 2022 жылғы қаңтардың 26-күні агенттік төрағасының бұйрығымен Е.Назарбаев агенттіктің арнайы департаменті жетекшісінің орынбасары қызметінен босатылды» деп мәлімдеді.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1777
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1758
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1476
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1385