Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Аласапыран 2315 1 пікір 25 Қыркүйек, 2023 сағат 13:35

Неліктен Ресей Украинаны ешқашан жеңе алмайды?

Украина жерінде соғыстың басталуы бұл ел туралы көптеген қатып қалған көзқарастарды өзгертті. Соғысқа дейін Украинаның Қарулы күштері әлсіз, қару-жарағы нашар делінген.

Елді басқару ісі де кенде қалған, жемқорлық жайлаған мемлекет, тәртіп жоқ дейтін. Бірақ Ресейдің басқыншылығы басталғаннан кейін  украин армиясының, қоғамы мен мемлекеттік аппаратының ұйымдастырушылық деңгейін көргенде әлем елдері таңғала қарады.

Ал Ресей туралы қандай стереотипті пікірлер бар еді? Жылдар бойы Ресейдің қару-жарағы, оқ-дәрісі көп, әскери күші әлемдегі ең мықтының бірі, адам ресурсынан да, азық-түліктен де ешқашан тарықпайды дейтін.

Бірақ соғыс Ресейдің шын бейнесін жаһанға паш етті. Кремльдік жүйе орыстардың батыстық өмірге бейімделіп, бұрынғыдай соғысқа аттана бермейтінін ұмытты. Олардың жылы төсегін Бахмуттағы ызғарлы окопқа айырбастағысы келмейтінін есепке алмады.

Бұл логикаға сыяды да. Себебі өз еліне қауіп төнбесе, ешбір мемлекет өзі барып басқаға соқтықпайды.

Кез келген адам үшін соғыс табиғи құбылыс емес. Өйткені ол кез келген тіршілік иесінің негізгі қағидасын – өмір сүру үшін күресті бұзады.

Ресейліктердің Украинамен соғысқысы келмейді. Әрине, әлеуметтік желіде айту оңай. Бірақ шынтуайтына келгенде халықтың соғысуға да, билікке қарсы шығуға да ынтасы жоқ. Соғыстың қазіргі кейпі, Ресей тарапына өтуі азаматтардың көңіл-күйіне мүлдем әсер етпегені белгілі. Олардың жалған патриотизм туралы ұрандары басына қауіп төнген кезде-ақ сөнеді. Халық «қалай өмір сүрсем, басымды қайда алып қашсам» деген оймен жүреді.

Бұл аспаннан түсе салған енжарлық емес, бұл Путиннің неше жыл бойы жүргізген саясатының нәтижесі. Ресей қоғамы пассивті қоғамға айналған.

Бұл соғыста Украинаның басым түсер тұсы – халқының рухы, заманауи қару-жарағы және ресейліктердің енжарлығы.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

1 пікір