Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әдебиет 4528 0 пікір 25 Қыркүйек, 2023 сағат 13:28

Қазақ мәдениетінің жоғалған жауһары

Нарынқолдың Қақпағында дәриядай толқыған Дәрия ақын бар

– Кел қарағым Дәрия, мына ел-жұртың құтты қадамыңды сағына қарсы алады, отырағой, – деген қариялардың талап-тілек, ыстық ықыласын қабыл алып отыра сала өлеңін былай бастап кетуші еді Дәрия ақын:

– Ендеше бисмиллә ашар, бисмиллә ашар,
Білмейді бисмилләні кейбір нашар.
Бисмиллә бір-екі ауыз біздер ашсақ,
Періште орын алып, сайтан қашар.
Әуен деген немене сала бермей,
Кең сарай, көкірегім дала-жердей.
Жер келсе адыр-күдір мүдірмеймін,
Бәйге алған апта сайын бала кердей.
Үйректің өрге жүзер қасқалдағы,
Шебердің жорғалайды басбармағы.
Қарлығып қалмаса екен қайран даусым,
Аққумен үн қосушы ем аспандағы.
Қазағымның қазынасы қара өлеңім,
Айтып жүрсін жалғастырып жастар жағы, – деп төгілтіп келіп:

– Алыстан келдім сабылып,
Бұлғын ішік жамылып.
Іздеген қалқа табылып, – деп қайырушы еді. Содан кейін:

– Ендеше, көгілдірік, көгілдірік,
Жарасар көк дөненге өмілдірік,
Сұрағаны елімнің өлең болса,
Жіберейін бұлақтай төгілдіріп.
Әріптесім кәнеки келсін бері,
Қабырғасын жіберейін сөгілдіріп – деп әріптесіне сөз маржанымен сес көрсетуші еді.

Ұядадан ұша өзінің өжет-өткірлігін, ақылды, зерек-зерделігімен ел көзіне түскен ару ақын Дәрия жас шағынан жанған оттай жалындап шыққан еді. 13-14 жасынан бастап-ақ өлең құрап айта бастаған ақын сол шақта ауылдасы, айтулы ақын ағалары Ақымет Шәрәпи, Алқанбайлардың да үлгі-өнегесін қабылдаған болуы керек.

Айтыс өлеңдерінің алғашқы қарлығаштарының бірі әрі бір егейі Дәрия Тұрысбекқызы Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысының Шапшал ауданында Іле дәриясының бойында 1924 жылы дүниеге келген. Дәрияның атының «Дәрия» деп қойылуы  да тегін емес. Әке-шешесі Іле дәриясындай ырысы мол, еліне елеулі,  халқына қалаулы қыз болып бой жетсін деп ырымдап қойған секілді. Олардың арманы құдайдың құлағына шалынған болса керек, атса айтқандай Дәрия еліне елулі, халқына қалаулы суырып салма айтыс ақыны болып шығады. Дәрия ақын Албан – Қожбанбет – Қосқұлақтың қызы. Қоңырбөрік – тамаға жиен.

Дәрия батауыштың 2-сыныбына дейін ғана оқыған. Әкесіне қол-қанат болып, үй шаруасымен айналысып оқуын жалғастыра алмайды. Бір жағынан ол заманда қыз баланы оқыту жалпыласа қоймаған кез ғой. Кейінгі кездері ауыл ақсақалдары мен көзі ашық, көкірегі ояу адамдар бұл туралы: «Шіркін-ай, Дәрия қызымызды оқытса, білім алса бүкіл Алты Алашқа атағы жайылған ақын, жүлде бермес жүйрік, ел басқарар көсем, сөз бастаған шешен болғандай екен», – деп үлкен өкініш білдіріп отыратын.

Дәрияның жүрген жері жыр-думан еді

Дәрияның келін болып келген жері – Албан елінің Сүйерқұлының Жарты деген баласы. Одан Таңатар, Тілеуберді, Қошқар ауылының келіні болып түсті. Нүсіпақын Сегізбайұлы деген ағамыздың келіншегі болды. Сегізбай әкеміз кедейлеу кісі екен. Дәрия жеңгеміз келін болып түскеннен кейін: «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегендейін шаруашылығы шалқып, қорасына қой, желісіне бие, өрісіне бұзаулы сиыр бітіп дүрілдеп тез көтеріліп кетеді. Бұған бүкіл ел риза болып ақ батасын береді.

Дәрия ақ көңіл, ашық-жарқын, иман жүзді, жылы лебізді, биязы мінезді, жүзіне күлкі үйіріліп тұратын ай десе ай, күн десе күндей асқан сұлу адам болатын. Келіскен орта бойлы, терең ойлы, қара құлаң шашты, танадай жалтылдаған қара көзі, дидарынан нұр төгіліп тұрған ерекше әсем адам болатын. Мен бұл арада Дәрияны асыра мақтап, тым әсерлеп суреттеп отырғаным жоқ. Бүкіл ел-жұрт, іргелес, ауылдас, отырған әр ұлт халқы – қырғыз, қазақ, татар, өзбек, орыс, дүңген, сібе барлығы мақтайтын. Атын аузынан тастамайтын. Ақындық өнерімен үлкен-кішіні сыйлай білетін ізет-құрметпен, өзі де құрметтелген ерен тұлға. Ал сұлулығына сүрінбеген, тәнті болмаған азамат аз шығар.

Ол кісі Қытайдың Мұңғұлкүре ауданына келін болып түскен кезде ауылымыз Ақдала деген жерде отыратын. Бұл 1945 жылдан кейінгі кездер еді. Ел толқысып-толысып тұрған, бай-кедейі білінбейтін. Ойын-сауық үзілмейтін. Жазы-қысы бірдей той болып тұратын бір дәурен еді. Үлкенді-кішілі той-томалақ, шілдехана күзету, домалақ той, қыз ұзату, аужар айту, жар-жар айту, бастанғы жасау, той бастар, міне, мұның барлығы ақын Дәриясыз өтпейтін. Аяулы халқының көңілі көтеріліп, үлкен рухани ләззат алатын. Дәрияның жүрген-тұрған жері бәрі-бәрі де тамаша, думан болатын. Бұл жылдары мен бала едім, жаңадан мектеп табалдырығын аттаған шағым. Тойлар болады, Дәрияны арнайы ат жіберіп шақырады. Ауылдың кәрі-жасы қалмай барады, ел жиналады, біз де ілесіп барамыз. Ол кезде кино, телевизор, радио, концерт, т.б. дегендер жоқ еді. Той жасаған ауылдың ортасынан таза көгал жерге киіздер төселеді. Дәл ортаға Дәрия бастатқан екі жүйе әріптес көрпенің үстінен ойып тұрып орын алады.

Көрермен үлкен шоғыр топ қоралы қойдың көлеміндей орынға малдас құрып жайғасып,  айтыстың басталуын асыға күтіп отырады. Ал Дәрияға жақын орынға Дәрияның қайын сіңлілері, ауылдың бой жеткен қыздары, одан кейін Дәрияның әжелері, қайын енелері, қайын аталары, ауыл ақсақалдары, той жасған ауылдың қариялары, үлкен апалар, құрметті ағалар, жеңгелер, ауыл азаматтары рет-ретімен отырады. Бұлардың арасында бала-шаға деген болмайды. Өлең айтып отырғанда құшақтағы бала қыңқ етіп жыласа қариялар зекіп ұрсып тастайды. Сонда, қысқасы құлаққа ұрған танадай қыбыр-сыбырсыз тыныштық орнайды. Шіркін! Бұл неткен тәртіп, неткен ақылақ. Ал екінші жақтағы көрініске келейік: осы қыз ұзату тойында арнаулы екі-үш үй тігіледі де, оған туырлық жабылмайды. Міне, бұл үйлердің ішінде бойжеткен қыздар мен келіншектер, керегенің сыртында жас жігіттер, азаматтар қалаған әріптестерімен айтысып жатады. Сөйтіп бүкіл өр Текетің кеңестігінде қалықтаған өлең, Дәрияның дауысы ұлы Үйсін тауы мен Хантаңыр шыңына көтеріледі де  кете береді, кете береді...

Ізбасар мен Дәрияның айтысы

Құлжадағы Ахметжан Қасыми атындағы білім жұртында (гемназияда) Сұраубай Қазыбеков, Тілеужан Сақалов, Естеу Нүсіпбеков, Ізбасар Қорабаев қатарлы Мұңғұлкүренің алғашқы түлектері оқу бітіріп қоғамдық қызметтерге қатынасқан еді. Ізбасар Қорабаев ерекше үздік нәтижемен оқуын бітіріп, туған жері Мұңғұлкүре ауданына бөлініп барып инспектор, орталау мектептің тұңғыш құрушылардың бірі болды. Көп ұзымай әр ұлт балалары оқитын осы мектептің меңгерушілігіне (директоры) тағайындалып, ұзақ жыл міндет атқарады. Мен де құрметті осы ұстаздарымның шәкірттерінің бірімін.

Ізбасардың бір аяғы ақсақ еді. Жүргенде бүктеліп, бейне шоттың қазақы қайқы сабына ұқсаса керек. Ізбасар тек аяғының аз ғана кемістігі болмаса, келбеті келіскен, кішіпейіл, аса мол білімді әрі ақын жігіт болатын. Дәриямен аудан орталығындағы бір тойда Серікбайдың серік болуымен айтысып қалады. Бұл тойда аудан әкімдері де толық бар екен. Сонда Дәрия:

– Айттардың жүрген жері Аттың тауы,
Ашылмас оқымаса жігіт бағы.
Құдайдың құдыреті қандай күшті,
Аяғы Ізбасардың шоттың басы.
Әсілі іштен туған ақсақ емес,
Азырақ сүтке күйген тақым жағы.
Асыңқырап артық айтсам егер,
Аяулы азаматтың сынар сағы.
Тағы талай айтысарсыз Дәрияның
Жолда түсіп қалмаса тіл мен жағы, – деп тап бермеде Ізбасарды қыспаққа алады. Сондағы Ізбасардың берген жауабы:

– Рас айтасың менің атым «инспектор»,
Аузыма айтайын деп бір іс кеп отыр,
Дәрия мына сөзің рас болса,
Үстінен ақ төсіңнің бір иіскеттір!

Сонда Дәрия:

– Мына сөзің рас болса,
Көңілге айтайын деп бір іс кеп тұр.
Оқыған балалардың тынышын алмай,
Ауылдан тыныш кетіп, тыныш кеп жүр! – деп жауап қайтарады.

Көшербай мен Дәрияның айтысы

Көшербай Алжанбайұлы – Мұңғұлкүре ауданы Ақдала ауылының адамы болып, өзі пысық, сөзге шешен, күлдіргі, тәп-тәуір өлең айта алатын, жүрген жерін дыр-думанға бөлеп отыратын сауықшыл сері, өзі мырза, келбетті жігіт болатын. Ат құмар, бәйге ат есігінен үзілмеген. Осындай ерекшеліктері арқылы Іле, Текес өңіріне танылып, ел аузына ілінген азамат. 1949 жылы Қытай Халық Республикасы билік құрғаннан кейін орынбасар ауыл әкімі болған.

Көшербайдың руы Албан елінің Бозымның Таз деген руынан. Сол кезде кедейліктің кесірінен болса керек, дәл осы ауылдан мал ұрылары көп шығып елді зар қақсатыпты. Дәрия Көшербаймен айтысқанда руының ұрлығын өлеңге қосып, Көшербайды жеңіп, жерге қаратқан екен. Сонымен сол ауылдың қарасақалдары мен ақсақалдары бас құрап әңгімелеседі: «Бұл іс бетімізге салық болды жігіттер, бұлай кете беретін болса бас көтеріп жүрудің өзі де қиынға түсер, тиылыңдар арамдықтан», – депті. Содан бастап ұрлық пышақпен кескендей шорт тиылыпты. Сондағы Көшербай мен Дәрияның айтысы былай болыпты.

Көшербай:

– Үкметтің қызметін істеп келем,
Жалқауларды жұмысқа нұсқап келем.
Дәрия, көрмегендей мақтанбағын,
Ежелден сенің сабаң піспек көрген.

Дәрия:

– Базардан базар барып тай аласың,
Тайыңның артығына шай аласың.
Піспек көрген сабаның зияны жоқ.
Шешең өлді шелпектік май аласың.
Көшербай Алжанбаймен атың жұбай,
Келіпті екі шешең талқан сұрай.
Жалқаулық жаман деп жармасып-ап,
Астыққа ел жарыған келесің сен жарымай.
Биені жаз семірген күз қоймайсың,
Жазаңды ақыретте берсін құдай.
Жамандықтан тиылып тек жүрмесең,
Келістіріп төбеңнен ұрсын Құдай.

Екен мен Дәрияның айтысы

Екен Итжанұлы – Албан елінің Алмерек баласы, Құрман – Малыбай болады.

Мамандығы мұғалім. Атақты әнші, домбырашы, сері жігіттің бірі болған. Менің бастауыштағы алғашқы ұстазым еді. «Қалың мал» сияқты пиэсселарды ауылға, сахараға қойып, өзі бас рөлдерді алып сомдаған. Сол дәуірде елді оятып мәдениетке, білімге жетелеген ағартушы.

Екен алғаш Ақдаланың Қотырқай, Талдысай мектептерінде, кейін аудандық қазақ бастауыш мектебінде оқытушылық істейді. Ауданда құрылған ойын-сауық күржегіне қатысып сахнада Әсетттің, Ақан серінің әндерін тамылжыта шырқағанын етқұлағымызбен естігенбіз. Тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, риза етуші еді.

Ақдалада істеп жүрген кезінде ауданға келіп поштадан мұғалімдердің және

басқа да қызметкерлердің жалақысы мен жазылған газеттерін алып барып тарқатып береді екен. Сол барысында сұрамсақ темекішілерге аздап газет беріп тұрса керек (газетке орап темекі шегетіндерді айтып отыр –Ред). Газет саны кемейіп, қолдарына тимеген соң оқырмандардан пікір шығып, бұл іс аудандық пошта мекемесінің құлағына жетсе керек. Нәтиже де Екенді шақырып алып тексеріп, құйрығына қазыларға дүре соқтырса керек.

Екен:

– Заман жылдан жылға өзгеріп жүр,
Құлақпен естігенді көз көріп жүр.
Дәрия бір калош тауып бергін,
Калошым аяғыма кең келіп жүр.
Жабысып назымды айтам жөн біледі,
Дәрия тар калошын бергелі жүр.
Тамсанып талай жігіт Дәрияға,
Сыртынан дел-сал болып сенделіп жүр.
Дәрия көрмегендей мақтанбағын,
Ғашық боп Дәрия маған өлгелі жүр.

Дәрия:

– Әдемі ақ алмадан қызыл алма,
Алмаға қызығып көзің салма.
Бұл тойға үмітпенен келіп қапсың.
Үйіңе жігіт босаң босқа бар ма?
Бітеді су жағалай көкше жалбыз,
Баласы Итжанбайдың Екен жалғыз.
Калошың аяғыңа кең кеп жүрсе,
Қайппайың етікші, Танең ұста,
Бардағы әкелеріңе қырсау салғыз.
Баласы Итжанбайдың Екен деген,
Астында көк дөнені секеңдеген.
Газетін қазынаның ұрлап сатып,
Екенді дүре соғып ко...індеген.

Дәуітбек пен Дәрияның айтысы

Дәуітбек Өтебайұлы – Қызай елінің Жолболды, Қарамық руынан шыққан атақты әнші, домбырашы, шешен, сауықшыл, елге жағымды жақсы азамат болған. Мұңғұлкүре орта мектебі құрылған алғашқы жылдары таңдалып оқытушылыққа орналастырылған. Кейін аудандық Халық үкіметінің кеңсе меңгерушілігін істеген. Дәуітбектің іскерлігі мен қабылеттілігін байқай білген Іле облыстық ұйымдастыру-кадрлар мекемесі оны өсіріп 1950-ші жылдары  Іле облыстық Халық үкіметінің бас хатшылығына әкеліп істеткен-ді. Дәуітбек Мұңғұлкүреде істеп жүрген кезде айтысқанда, Дәрияның айтқаны:

– Қызай атам Жетісу, Жеменейден ауып кепті,
Қайыңды талшық етіп сауып кепті.
Жолболдының мырзасы, аты жұртқа мәлім.
Оқыған баласы Өтебайдың Дәуітбегі,
Шындықты жасырғанымен жөні болмас.
Дәуітбекке бір істен хауіп кетті.
Өтебай екі жаста қатын алып,
Ысқақты шаңыраққа мінгізіп тауып кетті.
Адаспай өзі жақсы білгіш кісі,
Бұл істі етегімен жауып кетті.

Дәрияның Ақыметке айтқанынан бір ауыз

Ақымет Шәрәпи әйгілі айтыс ақыны ғой, жас кезінде Дәриямен бір-ақ рет айтысса керек. Ақымет: «Дәрия екеуіміз жерлеспіз, Шапшалдықпыз, аға-қарындас болып жүрейік, – деп айтысты доғарған екен. Дәрияның Ақыметке айтқанынан мына бір ауыз:

– Ақымет жауап айттың қарсы маған,
Бастаудың көзі бітер аршылмаған.
Бұрынғы нелер асыл бұғып жатыр.
Көңілің жақсы екен жаншылмаған.
Сәбеттің* жас ұйымы секілденіп,
Мінезің әлде қалай тарсылдаған.
Далаға шығып едің қайтып келдің,
Олжаңнан тауып келген салшы маған?
Барынша бар өлеңді мен айтайын,
Бұймың осы болса бар сұраған.
Баласы Шәрәпидің Ақыметім,
Мінезің қызық сияқты тақылетім.
Жасыңнан орақ ауыз тілді болдың,
Білмейсің не боларын ақыреттің?!
Өлең қуып өрлі-қырлы шапқыладың,
Сірі болып тозған шығар тақым етің.
Сәбет» деп Кеңес Одағын айтып отыр

Дәрия мен Асылбектің айтысынан 

Асылбек:

– Сұрасаң менің атым Асылбекпін,
Базардан сатып алған асыл текпін.
Жеңуге сені айтысып дайын тұрмын,
Өзіңе қолым жетпей әрең жеттім.

Дәрия:

– Рас айтасың сен асылбексің,
Көшеден сатып алған асыл тексің.
Тек болсаң қатындардың дамбалысың,
Көрінген көзге шұқып көтке тепсін.

Жарты елінің келіндерінен Дәрия, Бөбек, Ұлша, Нұрыш, Күлжекен, Күләй қатарлы ақындар мен Нұржамал, Бәдижамал (Бәдер), Ғанижамал, Жаңылқан сынды сұлу қыздар шыққан екен. Сонымен сал серілер, сылқым жігіттер бұла ауылға келуге әуес болыпты. Сондағы аузының суы құрып, таңдай қағып тамсанғандағы шыққан ел аузындағы өлең екен:

– Жарты атаның ақын келіндері-ай,
Бұралған тал шыбықтай, қыздары, керімдері-ай.
Іле – Текес, Көкқабырға Көлденең су,
Жігіттері Шапшал, Сүйдің көріңдер-ай.
Еліне келіп миман болып,
Салт бойынша көрімдігін беріңдер-ай.
Қазыналы қарттарына сәлем беріп,
Айтысып-алысып келіндерін жеңіңдер-ай,– деп жырлаған екен.

Зұлқарнайын мен Дәрияның айтысы

Сол кездегі Іле қазақ автономиялы облысының әкімі, ақын Құрманәлі Оспанов, қасында аудандық орта мектептің оқытушысы ақын Зұлқарнайын мен Мәлік Әжиін бар 1961 жылы жазда қызмет бабымен Ақдала ауылына барғанда Дәрия мен Зұлқарнайды арнайы айтыстырып өлеңін тыңдап, Дәрияға жоғары баға берген екен. Ал, Дәрияны аяғына ақ шоқай тартып, бау байлап, соқа айдап жүрген жерінен алдырып: «Ауыл асханасында уақытша істеп тұрсын, кейін келген штаттың біреуін алсын, – деп ауыл әкімдеріне тапсырып кетіпті.

Зұлқарнайын:

– Құдағи жылататын, жұбататын,
Өзіңнің керемет қой құдыретің.
Көгіңде көлбеңдесе көгала үйрек,
Менің де қаршығам бар ілдіретін.

Дәрия:

– Мен сені жылатпасам жуатпаймын,
Өлеңге таудан аққан бұлақтаймын.
Өлеңнен жаза тайым құлап қалсаң,
Мен сені жас бала деп уатпаймын, – дегенде Зұлқарнайын: «Балық өлең білесің бе?» деп бұлтарып қашқалақтап тұрып кеткенмін», – деуші еді.

Міне, ақынға, айтыс өнеріне құрмет деген осы ғой.  1950-жылдары Халық әкім, Қайсар, Ізбасар әкімдер де талай рет Дәрияның өлеңін тыңдаған екен.

Атағы Алты Алашқа шарлаған, тәңір таңдайына сыйлаған табиғи дарыны бар, әйелдің қара тілі, халықтық тілге бай, тарихқа жеттік, шешендік тілдің семсері, ақпа-төкпе ақын Дәрия, кестелі тіл, кемел ой, шеберлігімен сол замана саханасында салтанат құрды.

«Дәрия айтысады, тойға келеді екен» деген сыбысты естіген сол төңіректегі қазақ біткен ішкен асын жереге қойып жұмыла аттанып барады. Құмартып тыңдап құлақ-құрышын  қандырмай тынбайды. Дәрияның өлеңінде бауырағыш тілсім күш бар. Ол алдын ала жоспарлап-жобалап, қаттап-жаттап айтып көрген емес.

Айтыстың ақтан-гері Дәрияның суырып салма тап-бермедегі тапқырлығы, жол-жүйеден өтіп, басым орынға көтеріліп отыратын білімділігі, сайп-қырандығы тыңдарман көпшілікті сілтідей тындырып ұйытып тастайтын.

Халық мұрасын қадыр тұтатын Мұңғұлкүренің Ұзынбұлақ ауылында тұратын көне көз – Омар,  Әбіжан, Метербай сынды ардақты ақсақалдар мен аудан орталығындағы Абай, Қанап, Әтен, Қайым қатарлы ел ағалары мұндаға дейін Дәрияның өлеңдерін жатқа айтып келді. Олар: «Біз Дәрияны мақтап емес, Дәриямен мақтансақ болады», – дейді.

Айтса айтқандай-ақ, Дәрия өлеңдері дәнді де, мәнді, нәрлі де әрлі еді. Қорыта келгенде, Дәрия жақсы мінез, жарасымды қылық, керемет дауыс, келісті келбетімен халқымыздың көңіл төрінен сыйлы орын алды. Бірақ қазақ әдебиеті тарихынан орын ала алмай қалғаны өкінішті-ақ?! Сөзіміздің соңында:

Ұлы үйсін тауының құшағында ер жеткен,
Зор дауысымен өр Текесті тербеткен.
Тамыры терең ата мұра, асыл қазына,
Қазақтың қара өлеңін селдеткен,
Жеңіліп көрмеген ешкімнен,
Дәрияда сөз жоқ кем кеткен,
Құрбы қайтса обал болар деп,
Әріптестеріне асыл өлең теңдеткен, – деп доғарғымыз келеді.

Ескерте кететін бір жәйіт мынау:

Өткен ғасырдың 1950-жылдарының орта шенінен тілден ерік кетіп, мойынсерік, кооператцияласу сияқты ұжымдық фермалары құрылып күндіз-түні бітпейтін ауыр өндірістік еңбек науқаны жүріліп, той азайып, өлең жоғалды. Осының зардабынан ақын Дәрия да бұл өнерден қағыс қалды. Сондағы Дәрияның айтыс өнерімен айналысқаны не бәрі 10-неше жылға жетпейтін уақыт қана. 1961 жылдың соңында ақын Дәрия отбасымен Қазақстанға қоныс аударып кеткен. Қазір ақынның көзі әлі тірі. Алматы облысы, Райымбек ауданының «Қақпақ» ауылында тұрады. Биыл ақын Дәрия Тұрысбекқызы 90 жасқа толады.

Әнуар ҚАСЫМҰЛЫ,

Құлжада шығатын «Іле газетінен» дайындаған Әлімжан ӘШІМҰЛЫ. 

Ескерту: Бұл мақала 2014 жылы жазылған, ақын Дәрия Тұрысбекқызы 2020 жылы 95 жасынды Райымбек ауданының Қаппақ ауылында қайтыс болады.

Abai.kz

0 пікір