Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 2970 4 пікір 14 Қыркүйек, 2023 сағат 16:14

«Дикий Арманның» соты басталды...

Бүгін қоғамда «Дикий Арман» лақап атымен танылған қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев пен кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің соты басталды.

Аты аталған азаматтардың екеуі де 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған.

А.Жұмагелдиевке «Қаңтарда» адамдарды ұрлап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің нұсқауымен әрекет етіп, адамдарды қылмыстық әрекеттерге итермеледі деген айып тағылып отыр.

Ал Қ.Құдайберген жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, оған қатысты және «Дикий Арманмен» сөз байласуы мүмкін деген күдікке ілінді.

Арман Жұмагелдиев те, Қайрат Құдайберген де өздеріне тағылған барлық айыпты жоққа шығарды. Сондай-ақ күдіктілердің тарабы соттың жабық өтуін талап етті.

Естеріңізге сала кетейік, «Дикий Арман» 2022 жылдың қаңтар айының жетісі күні қылмыстық топтың 6 өкілімен бірге ұсталған. Ұстау барысында күдіктілерден маркалары мен калибрі әртүрлі 4 жартылай автоматты тапанша және оқ-дәрілер, суық қару мен брондалған автомобиль тәркіленген.

Ал кәсіпкер, сол кездегі Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген 21 сәуірде уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Алдын ала тергеудің нәтижесінде, оның «Дикий Арманмен» бірге «Қазақстан» қонақ үйінде адамдар жинауды ұйымдастырып, Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға және биліктің бірыңғай талаптарын ұсынуға шақырғаны, сондай-ақ адамдарды 10 адамнан «ұяшықтар» бойынша бөліп және олардың топтарының ерекшеліктерінің белгісі ретінде қолдарына ақ таңғыштарды таңуға нұсқау бергені анықталған болатын.

Abai.kz

4 пікір