Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 2616 20 пікір 9 Қыркүйек, 2023 сағат 15:26

Бір жағынан Ермұрат ағамды аяп отырмын...

Естеріңізде болса, 5 қыркүйек күні «Abai.kz» ұлттық порталы арқылы «Депутат Ермұрат Бапиға хат» атты «Ашық хат» жазып, Халық қалаулысы Ермұрат Бапидан Құлыбаевтврдың құрған жемқорлық қақпанынан құтқаратын бірден-бір жол – ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте отырып, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңды жойып, ондағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын «Ауылдық кеңестің» құзаретіне беру екенін айтып, осы жобаның іске асауына Мәжіліс депутаты ретінде ықпал етуін өтінгенбіз.

Сондай-ақ, аталған «Ашық хатты» E-otinish арқылы 6 қыркүйек күні Мәжіліске де жолдаған болатынбыз.

Көп күттірген жоқ, араға екі-ақ күн салып, 8 қыркүйек күні депутат ағамыз сол хатымызға алғашқы жауабын беріп: «Құрметті Мұқибек Ауыт! Маған арнап жазған хатыңызды оқыдым. Хатта қозғалған тақырыптың көпшілікке арналған әлеуметтік-қоғамдық мәнін ескере отырып, Сізге жауапты «ДАТ» газеті арқылы беремін деп шештім», - депті.

Қуана-қуана қабылдадық бұл жауапты. Енді «Не дер екен?» деп, елеңдеп отырған жаймыз бар.

Бір қызығы, сол «Ашық хат» құрғырды жазуын жазып алып, кешеден бері есіме Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қанды қаңтар» көтерілісінен кейін – 2022 жылғы 16 наурызда жасаған «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты тарихи Жолдауындағы «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді...», - деген сөзі түсіп, Ермұрат ағамды қатты аяп отырмын.

Отыз жыл бойы десек артық болар, әрсіресе 2007 жылдан кейін Қазақстан ат төбеліндей топтың майшелпегіне айналды. Экономиякаға қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардың бәрі Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың ықпалымен жасалды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болып келген соң, бар болғаны сол жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздегендердің «бір бақайшығын» басып кетіп еді, сол-ақ екен, Президентіміздің өз сөзімен айтсақ, [аталған] қаскөйлер мұқият ойластырылған ауқымды операция ұйымдастырды. Олар халқымыздың және шетел қоғамдастығының алдында мемлекеттің жоғары басшылығының абыройын төгіп, биліктен тайдыруды көкседі. Кәсіби дайындықтан өткен содырларды өз мақсатына жету үшін еш тартынбастан пайдаланды. Оларға еліміздің ең ірі шаһары – Алматыны күл талқан етуді, жұртты әбден үрейлендіріп, дүниеден біржола түңілдіруді, елдегі ахуалдың быт-шытын шығарып, бей-берекет қылуды тапсырды...

Толық сеніммен айтайын, біз ұсынып отырған ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте отырып, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңды жойып, ондағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын «Ауылдық кеңестің» құзаретіне беру – Қазақстанды нағыз түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға алып баратын бірегей жоба!

Мен бұл жоба туралы аз тер төккем жоқ. Тағы қайталап айтайын, Президент Әкімшілігіне АЛПЫС ТӨРТ беттен тұратын хат жаздым. «Ендігі шешім Бектенов мырзаның дәргейінде қалды» (https://abai.kz/post/170138 ) деп, Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтың атына, «Тағы бір үмітім Ерлан Қаринде...» (https://abai.kz/post/170615 ) деген атпен Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің атына жеке-жеке «Ашық хат» жазып, оны аталған тұлғалардың өздеріне E-otinish арқылы жолдадым.

Екеуінің де қолына тиді.

Бірақ, өздері жауап берген жоқ, басқа министрліктерге бағыттады да отырды. Олжас Абайұлына бір емес, бірнеше мәрте хат жазып, қабылдауын сұрадым. Сол үшін ғой, «Сүйінші, бесінші хатым да Бектеновтің қолына тиді!» (https://abai.kz/post/171567 ) деп, алақайлап жүргенім.

Қабылдаған жоқ!

Осы қарсаңда, Олжас Бектеновтың атына жазған хатыма Ауыл шаруашылығы вице-министі Ербол Тасжүреков жауап беріп, «Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқалары дайындалды, олар жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды. Түбегейлі реформалаудың барлық ұсынылған нұсқаларын агробизнес өкілдері қолдамады, фермерлер қауымдастығы қолданыстағы субсидиялау жүйесін сақтауды талап етті», - деді.

Егер, ауылдық округ әкімінің құзыреті Мәжіліс қарауында жатқан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңының жобасындағыдан тыс, біз ұсынған үш бағыт бойынша кеңейтілсе, онда СУБСИДИЯЛАУ ЖҮЙЕСІ мұлде өзгереді.

Агробизнес өкілдері мен фермерлер қауымдастығының қарсы шығатын себебі - осы!

Қысқасы, аталған ұсыныс биылғы Президент Жолдауында ескерілетін шығар деген үмітіміз ақталмады.

«Енді келіп, сол бүкіл Президент Әкімшілігінің тісі батпаған ұсынысты депутат Ермұрат Бапиға заңдастырып бер дегенім қалай болады?!» - деген ой, шыны керек, мазамды қашыра бастады.

Ол аз болғандай, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңды жойып, ондағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын «Ауылдық кеңестің» құзаретіне беруді тағы қосып отырмын.

Ал, бұл ұсынысты Ермұрат ағама бермесем, Мәжілісте Ермурат Бапи мен Бақытжан Базарбектен өзге жілігі татитын депутат жоқ!

Ерағам бұл жобаны Мәжіліс төрінен ортаға қойса, заңдық жағына Бақытжан Жұмабекұлы көмектессе, ары қарай Ринат Зайтов пен Мақсат Толықбай бастаған жас бөрілер қиқулап берсе, іске асып кетер деген зор үмітпен жасалған ұсыныс – бұл.

Кәрім Мәсімов сотталып, Тимур Құлыбаев биліктен шеттетілгенімен, олар құрып кеткен схемадан пайдаланып, жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеген ықпалды топ баяғы күйінде әлі отыр.

Әне, бүгін «Жетісу өңірінде биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 29,9 млрд теңге бөлінді, оның 23,3 млрд теңгесі – субсидия. Жыл соңына қарай өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 544 млрд теңгеден асады деп күтілуде», – деп, Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазып шықты.

Бұл бір ғана облыстағы жағдай. Қазақстанда он сегіз облыс, үш мегаполис бар екенін ескерсек, олардың мемлекеттен қанша қаражат алатынын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болса, жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр; ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ; Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз; 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деу¬шілердің 10 пайызының ғана қолына тиген; Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны; Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр; Тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы; Тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр... () деп, қақсаумен келеді.

Әрине, біз ұсынған бұл жоба Президент Әкімшілігінің деңгейінде қаралып, алдын-ала шешім жасалып, осы жолғы Жолдауда ортаға қойылуы керек еді.

Ерлан Қарин мен Олжас Бектенов тағы бір «Қаңтар оқиғасы» туып кете ме деп қорықты ма, жоқ Агробизнес өкілдері мен Фермерлер қауымдастығынан қаймықты ма, әлде «Бізге бәрібір, тонаса тонай берсін!!!» - деді ме, жоқ мұндай реформа жасауға олардың деңгейлері жетпеді ме, – ол жағы бізге мүлде белгісіз!

Құдай алдындағы шындығым – бұл, мен депутат Ермұрат Бапидың жігерін жаниын, намысын қайрайын деп отырған жоқпын. Ол – онсызда ескі билікте ешкімнен сескенбеген көкжал! Махамбеттің бүгінгі егеулі найзасы!!

Бірақ, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңы секілді заңдарды пайдаланып ақшаға құныққан топтардың Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағын шайқалтып жібергенін ойласам, шынымен де ардақты ағамды аяп кетемін.

Аталған жоба іске аспай қалса, отыз жыл бойы әділетсіздік пен осы жемқорлықтың жолын кесу үшін кескен Арыстанды қайдағы бір құрбақалардың табасына қалдырам ба дегенді ойласам, одан бетер абыржып, ой түн ұйқым төрт бөліне бастағаны тағы бар.

Оның үстіне, бір-екі тілгім жерді мемлекет меншігіне қайтаруға ықпал еткен күрескер депутат Бақытжан Базарбекке біреулер қысым көрсете бастапты.

Тағы қайталап айтайын, біз ұсынып отырған ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейте отырып, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңды жойып, ондағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын «Ауылдық кеңестің» құзаретіне беру – Қазақстанды нағыз түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға алып баратын бірегей жоба!

Не де болса, болар іс болды. Жасалар ұсыныс жасалды. Ерағам «Құрметті Ауыт Мұқибек! Сіздің ҚР Парламенті Мәжілісіне жолдаған хатыңыздағы «14.04.2022ж. №ЖТ-М-322,5) көші-қонға байланысты маңызды мәселеңіз «Ақ жол» пратиясының фракция отырысында қарастырылатынын хабарлаймын», - деп қайтаратын Қазыбек Иса мен өзіне жазған хатты өзге министрлікке бағыттай салатын Руслан Қожасбаев емес, әрине!

Ерағамның енді сол «ДАТ» газеті арқылы беремін деген жауабын күтейік!

Сосын, ұсынысымызды қолға алып жатса, бүкіл ел болып, жұрт болып Ермұрат Бапиға қолдау көрсетейік!

Алла Ерағама күш-қуат берсін!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2164
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2565
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2432
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1667