Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 2635 15 пікір 6 Қыркүйек, 2023 сағат 13:50

АЭС: Референдумге қандай шешіммен келеміз?

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Президентіміз күні кеше Қазақстан халқына кезекті жолдауын жария етті. Жолдауда көп нәрсе айтылды. Оны бәріміз Президенттің өз аузынан естідік.

Көптен күткен және күтпеген, бірақ, іштей тілеп жүрген, бірталай мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын айтты. Солардың ішінде бәріміздің көңілімізде жүрген, біздің қоғам үшін аса маңызды бір мәселеге тоқталғым келіп отыр. Ол – елімізде атом электр станциясын салу мәселесі.

Президент бұл мәселені тек қана бүкіл халықтық референдум арқылы шешеміз деп кесіп айтты. Өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені бұл жоғарыда отырған бір топ шенеуніктердің өзара ақылдасып шешетін мәселесі емес. Тіпті ол аталған станция салынатын Үлкен ауылының тұрғындарының келісімімен де салынатын дүние емес. Бұл бүткіл Қазақстан халқына қатысты, халқымыздың болашағына әсер ететін мәселе.

Әрине, еліміздің экономикасының болашағы туралы ойласақ, егер мемлекетімізде өндірісті қарыштап дамытқымыз келсек, Атом электр станциясы бізге өте қажет. Экология тұрғысынан алғанда да АЭС басқа қуат көздерімен салыстырғанда әлдеқайда таза екені белгілі. Осы саланың мамандарының пікіріне сүйенсек қауіпсіздік жағынан алғанда да бүгінгі күні дүние жүзінде атом энергиясын өндіру технологиясы өте жоғары деңгейде. Тіпті станция ғимаратына тікелей бомба түскеннің өзінде де айтарлықтай залал келтірмейтінін алға тартады. Бұл жағынан алғанда АЭСты салудың негіздемесін жасап, біз үшін одан басқа альтернатива жоқ деп отырған энергетиктер қауымының пікірімен келісуге де болар. Дегенмен, осы мәселеде бір бірақ дегізетін нәрсе бар. Аталған мамандардың қорытындысында барлық мүмкін болатын факторлардың бәрі ескерілгеніне күмәніміз жоқ. Бірақ, бір фактор есепке алынған жоқ деп ойлаймын, ол - халқымыздың менталитеті, қоғам мүшелерінің басым бөлегінің АЭС секілді аса жоғары жауапкершілікті талап ететін нысанның жұмысын қажетті деңгейде жүргізуге, оның қауіпсіздігіне жауап беруге бүгінгі күні дайын еместігі. Ол станцияны салуда қай елдің технологиясын қолдансақ та, немесе оны кім салса да, ертең онда жұмыс істейтін негізінен өз адамдарымыз. Әрине ол контингенттің бәрі тиісті дайындықтан өтер, оқытылар, стажировкадан да өтер. Бірақ халқымыздың қанша уақыттан бері қанына сіңіп қалған сыбайлас жемқорлық, парақорлық, алаяқтық, көзбояушылық, жалқаулық сияқты жаман әдеттерінің нәтижесінде  АЭСтың ертеңгі тағдыры Екібастұз, Риддер жылу қазандықтарының, Ақтаудағы МАЭКтың, Аманқарағай мен Семей ормандарының кебін құшпасына кім кепіл. Біз бүгінгі күні атом электр станциясы түгілі өзіміздің тұрып жатқан үйлерімізді дұрыс деңгейде, тазалықта ұстай алмай отырмыз. Үйден шыққан қоқысты контейнерге апарып салуға ерініп, кіреберіске тастап кетіп жатамыз. Жаңа ғана тазалап кеткен тротуарға оңды-солды түкіріп, шемішке қабығын шашып кетеміз. Ертеректе, бүгінгі зейнеткер Нұрекеңнің айтқан бір сөзі бар еді, - «бұл шаруаларды өз деңгейінде іске асыру үшін маған он жеті миллион американдықтар  керек деп (ол кезде қазақстандықтардың саны осынша болатын)». Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғам өркениетке бір табан жақындамай атом электр станциясын салу туралы ойлау ертерек сияқты. Кезінде коммунизм идеясының негізін қалаушы Карл Маркс өзінің әйгілі еңбегі Капиталда «Коммунизм құрудың ең басты талабы, ол – жаңа адамды тәрбиелеу, оның коммунизм қоғамына сай жаңа сана-сезімін қалыптастыру», - деп айтып кеткен болатын. Осы қағида біздің қазіргі жағдайымызға дәл келетін секілді.

Және бір АЭСты салуға қарсы факторлардың бірі – ол Балхаштың ертеңгі тағдыры. Аралдан айрылып қалған кезде айтқанбыз, ой несін айтасын кеш қалдық қой деп. Енді Балхаш туралы да ертең кеш дабыл қағып жүрмейік.

Алдымызда Президент жария еткен атом электр станциясын салу немесе салмау туралы референдум тұр. Осыған бәріміз, қазақстан халқы, үлкен жауапкершілікпен келіп, өзіміздің ішіміздегі «за» мен «противті» әбден тиянақты таразыға салып, дұрыс дауыс берейік.

Байқоңыров Сәмет Ықыласұлы,

Ақтау қаласы

Abai.kz

15 пікір