Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Ақмылтық 3649 59 пікір 1 Қыркүйек, 2023 сағат 14:22

Билік мыңқ етпеді

– Қайдағы билік? – дейсіздер ғой:

– Біздегі, Қазақстандағы, билік.

– Қай билік? – дейсіздер ғой:

– Президенттік билік.

– Неге, қалайша? – дейсіздер ғой:

– Былайша. Қысқа айтайын. Өзімізге ғана емес, алыс-жақындағы өзгелерге де мәлім Семей атом-ядролық полигонын жабу күресін ресми ашық бастап, Кремльдегі «құдай» М.Горбачевқа талап хат жазып, ондағыларды қатты дүрбелеңге тап еткен Кешірім Бозтаев халықтың, атом-ядролық күшке қарсы халықаралық ұйымдардың  қолдауымен  ақырында мақсатына  жетті.

Кешірімді бірден қолдаған танымал қайраткерлердің алғы тобы: КСРО Ғылым академиясының вице-президенті Е.Велихов, СОКП Орталық комитетінің хатшысы Л.Зайков, Бейбітшілікті қорғау жөніндегі  советтік  комитеттің төрағасы жазушы-публицист Г.Боровик, КСРО Халық депутаты жазушы, дәрігер Ю.Щербак, КСРО Қарулы күштер штабының бастығы армия генералы М.Моисеев, Біріккен қарулы күштердің Варшава бас штабының бастығы армия генералы В.Лобов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің экология жайындағы комиссиясының бастығы ақын К.Салықов, Қазақстанның Мәскеудегі өкілі С.Әбділдин. Олар гәзеттерге батыл мақала жазып, теле-радио тілшілерімен сұхбаттасқандарында ашық сөйледі.

Е.Велихов Семей, Курчатов қалаларында екі мәрте болып, жағдайды көріп-біліп, К.Бозтаевтың полигонды жабу, басқа жаққа көшіру талабын қолдап, Горбачевқа хат тапсырған.

Кешіріммен Хиросима-Нагасакидегі халықаралық жиында танысқан шетелдік ғалым-қайраткерлер де айтқан оң пікірлер баршылық.

Өзіміздегі ең түйінді ақиқат сөз:

«...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия».

Президент Н.Назарбаев мырзаның Кешірімді жасы алпысқа толуымен құттықтаған жеделхатынан  (23.06.1993 ж.) үзінді. Алайда  ол кейін бұл ойынан айнып кетті. Кешірім қайтыс болып (1999 ж.): «Полигонды біз жаптық!.. Мен жаптым!..» дегендер табылып, марқұмның аруағына шабуыл жасай бастағанда: «Бұл неткен сұмдық?! Албаты сөйлеуді тоқтатыңдар!» демеді. Орыстар айтатындай: «Молчание – знак  согласия».

Ал атаққұмарларға шаншу болған сөз:

«...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды... Өкпек желдің қай жақтан соққанын білдім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін алғаш рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп  шыға берді...

Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі, делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ  жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты» (Кешірім Бозтаевтың «Семей полигоны» кітабынан. 1992 ж. Кітаптың  Назарбаевқа силанғанына шүбәм жоқ).

Кезінде Г.Колбин мен Н.Назарбаев жедел құрған «Невада-Семипалатинск» қозғалысы басшы-қосшыларының полигон туралы сөздерінде, мақалаларында «Кешірім Бозтаев» деген аты-жөн айтылмайтын, жазылмайтын болды. Ол солақайлыққа әрі таңданып, әрі наразы болып, 2009-жылы шілде айының 19-күні президент Н.Назарбаевқа «Кешірімнің кінәсі не?» деп ашық хат жазып, досыңыз Олжас Сүлейменовтің полигон тарихынан Кешірім Бозтаевтың атын өшіруге тырысуын тоқтатуға пәрменіңіз жетпей жүргені қалай деген сыңайда сұрақ қойдым. Әкімшілігіндегі бір шенеунігінен: Президент хатыңызбен танысты, айтқандарыңыз алай ғой, былай ғой, өткенді қайталай беріп қайтеміз, деп бұлғалақтатқан жауап келді. Сол көпе-көрінеу селқостық бүгін де  сақтаулы. Мысалы, әдебиетіміздің қадірлі екі ақсақалы – Мыңбай Рәш пен Уахап Қыдырханұлы биылғы мамыр айының 21-күні президент Қ.Тоқаевқа жолдаған «Жанпидалық жасаған Азамат еді!» деп атаған хаттарында Кешірімнің туғанына 90 жыл толатынын атап айтып: «...Зұлмат полигонды  жаптыру мақсаты іске асқан Кешірім БОЗТАЕВҚА «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағын беруді өтінеміз! Бұл – жастары 90-нан асқан біздің ғана емес, Кешірім марқұмның кім болғанын жақсы білетін мыңдаған қазақстандықтың тілегі, деп біліңіз» деген (хат «Жас алаш» гәзетінде жарияланды). Президентке мұндай ізгі ниетпен, игі тілекпен жазылған хат аз болмады, дей аламын.

Еліне, халқына мол еңбек сіңіріп өткен Тарихи тұлға марқұмдарды  марапаттау дәстүрі Совет Одағында да болған. Ал біздегі билік иелері оны ескермеді, жұртшылықтың тілегін елемеді. Ең болмаса Астанада  жиын  өткізбеді. Бұл өмірде, қазақ жерінде БОЗТАЙҰЛЫ Кешірім атты Адам, Азамат, Қаһарман болмағандай!..

Ғаббас Қабышұлы

(01. 09. 2023 ж.)

Abai.kz

59 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2166
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2569
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1669