Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Аймақ 2266 9 пікір 21 Тамыз, 2023 сағат 11:49

Ақсақаловқа той керек! Ал халыққа ше?..

Сонымен, өткен аптаның соңында Қостанайда күні елімізде бұрын-соңды болмаған ұлан-асыр той өтті. Ол ресми түрде үш күнге, ал жексенбіні қосқанда аттай төрт күнге созылады.

Мұны енді, көрген де арманда, көрмеген де арманда. Осы үш күнде не болмады дейсің?.. Бұл дүркіреген тойда еліміздің және көршілес Ресейдің (бұл бізде қашаннан қалыптасқан әдет қой. Оларсыз тойдың қызығы болмайды) әртістері келіп, көңілімізді бір көтеріп тастады. Сосын ол КВН-шиктердің жапысына ұласты. Бұдан соң неше түрлі көрмелерді көріп, еркін күрестің жарысын тамашаладық. Одан қалды суретшілер мен кітапқұмарлардың «Open air art-2023» деген ерекше жәрмеңкесі өтті. Күндізді күндері мұнда жергілікті орыстардың айрықша жақсы көріп, басына көтеретін джаз музыкалық оркестрімен қатар «Карнавал» мен «Артист» ансамбльдері тыным таппаса, кешкілік «The Jigits», «Tanir&Tyomsa», «Jan Khalib» дегендердің құлақ есітіп, көз көрмеген тамаша концерті болды. Бұл салтанаттың аяғы бүкіл қаланы аяғынан тік тұрғызған, адам айтқысыз отшашумен аяқталды.

Жарайды, бұл не қылған елден ерекше оқиға дейсіз ғой? Ешбір ерекшесі жоқ, тек әншейін «Қостанай қаласының күні» деген кезекті дата ғана. Тіпті, мерейтойлық та мереке емес. Тек қана оның дүниеге келгеніне тұп-тура 144 жыл толыпты. Бұған енді не дерсің?!

Осынша шашылудың қандай қажеттігі бар еді? Күні кеше ғана ұлы Абай күнін дұрыстап атап өтуге жарамаған, тіпті, мұндай тұлғаның бар екендігін ескермеген қала басшылығының бұл ешбір негізсіз дарқандылығына таң қылдық?

Айтпақшы, осы үш күндік ырду-дырдуға бюджеттің, яғни, халықтың қанша ақшасы жұмсалды екен? Әрине, олар бұл туралы тіпті, жұмған аузын ашпайды.

Жарайды, халықтың ақшасын қайда жұмсарын білмесе, ойына келгендерін істесін! Алайда, қаладағы жаңадан салынған микроаудандардағы сапасы сын көтермейтін, жауын жауса төбесінен су кетіп, жұртты әбіргерге түсіретін жағдайларға кім жауапты? Ал қала орталығындағы баяғыда салынып, қазір құлауға айналған үйлердің тұрғындарының зарын кім естиді? Мен бұл жерде әбден айтыла-айтыла жыр болған қала мектептерінің жетіспеушілігі мен тарлығы жайлы тіпті, сөз қылып та отырған жоқпын.

Ал кеңес дәурінен мұра болып қалған, қазір әбден азып-тозып, адам емделуден қашатын қалалық ауруханы жайы айтыла-айтыла әбден жауыр болған тақырып. Мұндағы бір палатаға ең кемі алты адамнан жатады, дәліздері өте тар, қол жуғыштарына дейін бірде істесе, бірде істемейді. Қалған дүниелерін айтуға ауыз бармайды.

Тағы бір қызығы, осы тойдың өтетіндігін қуана хабарлаған Қостанай облыстық ақпараттық чат атты телеграмм арнасының осы хабарының астында облысымыздағы Меңдіқара, Ұзынкөл және Жітіқара аудандарының халқының міне, екі айдан бері газ тапшылығын көріп отырғандығы жайлы жанайқайы жазылып қалыпты. Осыншама ақшаларын қайда қоярын білмей, ешбір қажетсіз той-думанға шашқанша, мүмкін сондай жағдайы қиын жандарға қол ұшын созып, сауапқа қалар?

Ал бұл енді облыстың қожайыны Құмар Ақсақаловқа бағытталар сауал.

Жайберген Болатов

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 514
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 271
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 291
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 293